Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүргізу барысында шетелдік компаниялардың Павлодар кәсіпорындары алдындағы 1 млн 665 мың АҚШ долларынан астам сомаға орындалмаған міндеттемелерінің фактілерін анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Павлодарда ауылшаруашылығы өнімдерін (астық, картоп, күнбағыс тұқымдары және т.б.) сыртқа экспорттаған бірқатар кәсіпорындар одан түскен ұлттық және (немесе) шетел валютасындағы түсімдерді банктік шоттарға салмаған. Резидент "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" Заңның 9-бабына сәйкес ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шартта көзделген мерзімдерде репатриациялауды қамтамасыз етуге міндетті", делінген департамент хабарламасында.
Павлодар қалалық және облыстық соттарының қаулыларымен резидент-кәсіпорындар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 251-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 215 млн теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Соттардың қаулылары заңды күшіне енді.