Шымкентте бала шұңқырға құлап көз жұмды: аудан әкімі қызметінен қуылды

Сағыныш Сардарова 17 апр. 2025 11:35 689

Шымкенттегі қайғылы жағдайдан кейін бірнеше шенеунікке тәртіптік жаза қолданылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

12 сәуірде Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты Тұран шағынауданында алты жасар бала суға толы шұңқырға құлап, көз жұмды. Қайғылы жағдай №10 көшеде болған.

Осыған байланысты қала әкімдігі бірқатар лауазымды тұлғаға тәртіптік шаралар қабылдады. Шымкент әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен инфрақұрылым саласына жетекшілік ететін орынбасарына сөгіс жарияланды. Ал энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысына қатаң сөгіс берілді. Қаратау ауданының әкімі Рахманбек Мүлкеманов қызметінен босатылды.

Әкімдік мәліметінше, Мүлкемановтың қызметінен кетуіне бұған дейінгі жұмыста кеткен кемшіліктер мен осы қайғылы оқиға себеп болған. Бұл жағдай кадрлық шешім қабылдаудағы соңғы түрткі болды деп көрсетілген.

Абаттандыру мен аумақты күтіп-ұстауға жауапты мердігер ұйымдардың басшыларына қатысты тергеу жүріп жатыр. Тергеу аяқталған соң іс материалдары сотқа жолданады.

Айта кетейік, 12 сәуірде Тұран-1 шағынауданында бірінші сынып оқушысы кешкі сағат 17:00 шамасында серуенге шығып, үйіне оралмаған. Ата-анасы дереу іздеу жұмыстарын бастап, баланың денесі сол күні сағат 22:00 шамасында тереңдігі шамамен екі метр болатын суға толған шұңқырдан табылған.

Қазіргі таңда сот-медициналық сараптама мен тексеріс жүргізіліп жатыр.


Рекомендовать
Последние новости