ШҚО полицейлері жастарға театр арқылы үн қатты

Ақтоты Жапатова 15 апр. 2025 10:50 286

Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастамасымен қойылған «Таңдау» атты әлеуметтік спектакльдің премьерасы өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл қойылым республикалық «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өскелең ұрпақпен жүргізілетін ауқымды алдын алу жұмысының бір бөлігіне айналды.

Қойылымды алғашқылардың бірі болып 700-ден астам мектеп оқушылары мен колледж студенттері тамашалады. Қойылымда дұрыс жолдан жаңылудың қаншалықты оңай екені, саналы таңдау жасаудың қиындығы мен қателіктің құны туралы өткір мәселелер қозғалды.

— Біз жастардың жүрегіне жететін диалог түрлерін іздестірудеміз. Театр — бұл жастармен шынайы, эмоциялық және өнеге оқымай сөйлесудің мүмкіндігі. Бұл — өнер арқылы тікелей профилактика, — деп атап өтті ШҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Алмаз Төкенов.

Жантай Тұрысбеков жазған және сахналаған «Таңдау» спектаклі спорт пен қылмыстың, үміт пен күйреудің арасында тұрған бозбаланың тағдырын баяндайды. Қойылымның басты идеясы — әрбір таңдаудың артында жеке, ата-аналық және қоғамдық тағдыр тұратынын көрсету.

Қойылым «Заң және тәртіп» қағидатын насихаттап, жастарды саналы әрі батыл өмірлік шешімдер қабылдауға үндейді. ШҚО полицейлері жас жүректерге дұрыс жол таңдауға көмектесу мақсатында профилактикалық жұмысты шығармашылық тәсілмен жалғастыруға ниетті.


Рекомендовать
Последние новости