"Ортақ әңгімелері де бар шығар": Тоқаев Путин мен Назарбаевтың кездесуі туралы

Көркем Алдабергенова 03 янв. 2025 10:54 1037

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Путин мен Назарбаевтың кездесуі туралы не ойлайтынын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz. 

– Жақында тұңғыш президенттің Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездесуін жұртшылық сан-саққа жүгіртті. Би­ліктен кеткеннен кейін бес жыл­дан соң бұлай жүздесудің ақылға сыймайтыны айтылды. Қазақстанда алдағы уақытта Президент сайлауы өтеді-міс деген болжамдар да пайда болды. Мұндай кездесу кімге және не үшін қажет, бұған кім бастамашы болды? Сіздің пікіріңізді білсек.

– Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің желтоқсандағы кездесуі өткен жылдағы екінші жүздесуі ғой деймін. Күз басындағы бірінші кездесу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған жоқ. Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек, ортақ әңгімелері де бар шығар. Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтеді. Ол үшін мұның маңызы зор. Бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, партия басшысы және егемен Қазақстанның президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының Кремльмен тығыз моральдық және саяси байланысы барын естен шығармаған жөн. Оның талай уақыты Мәскеуде өтті, сан мәрте іссапарға барды, съезд және пленум отырыстарына қатысты, жұмыс бабымен және ресми сапарлармен де болды. 

Айта кетейік, 14 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин өзінің Ново-Огарёво резиденциясында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қабылдады. Алайда кездесу туралы ешқандай толық ақпарат жоқ.

Осыған қатысты бірнеше депутат Назарбаев пен Путиннің кездесуіне қатысты пікір білдірген болатын. Мәжілісмен Ермұрат Бапи бұл оқиғаны жақсылықтың белгісі емес деп санайды. Бұл кездесуге қатысты өз ойын оның әріптесі Айдос Сарым да айтты.

Ермұрат Бапидің пікірінше, бұл кездесудің саяси астары бар.

"Мен ол жерде болған жоқпын. Бірақ меніңше, ол (Назарбаев - ред.) қандай да бір кепілдікке мұқтаж болды. Назарбаев отставкаға кетер алдында бірінші кезекте Ресей президентімен кеңескен деп ойлаймын. Ол кепілдік алды, онсыз мұндай шешім қабылдамас еді. Ал қазір, мүмкін сол кепілдікті "жаңарту" үшін барды. Ол әлі де қоғамда өз маңыздылығын жоғалтпадым деп ойлайды", - деді депутат мәжіліс кулуарында.

Кейбір саясаттанушылар Путин бұл кездесу арқылы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қандай да бір белгі беріп, ескерту жасауда деп санайды. Ермұрат Бапи бұл нұсқаны қисынды деп есептейді.

"Сіздер байқадыңыздар ма, Тәуелсіздік күнімен ТМД елдерінің көбі, көптеген шет елдер құттықтады. Ақорда сайтына кіріңіздер, Путиннің құттықтауы жоқ. Бұл нені білдіреді? Мысалы, мен қатты алаңдаймын. Ол біздің тәуелсіздігімізді мойындағысы келмей ме? Өткен аптада ғана Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Медведев тағы қандай да бір елдерді одаққа қосу мүмкіндігі туралы айтқан болатын. Осы тұрғыда ол белгі бергендей. Ал бір аптадан кейін Қазақстан үшін ұлы күн - Тәуелсіздік күні өтті, бірақ Путиннен құттықтау жоқ. Мұндай жағдайлардан әртүрлі қорытынды шығаруға болады", - деп болжайды ол.

Сонымен қатар, Ермұрат Бапи бұл кездесу екінші Қаңтардың белгісі болуы мүмкін деген пікірмен келіспейді.


Рекомендовать
Последние новости