Жасырын қауіп: газ жарылысынан қалай сақтанамыз?

Ақтоты Жапатова 30 окт. 2025 11:33

28 қазан күні таңертең Ақтаудағы «Әсия» тұрғын үй кешенінің жертөлесінде газ баллоны жарылды. Мамандардың айтуынша, жарылыстың себебі – тұрмыстық газ баллонын қолдану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу болуы мүмкін.Тұрмыстық газ балоны неліктен жарылады және қалай оның алдын аламыз? Толығырақ Dalanews.kz материалында.

Төтенше жағдайлар министрлігінің түсіндіруінше, тұрмыстық газ жарылысы техногендік сипаттағы төтенше жағдайға жатады. Мұндай жағдай кезінде адам өмірі мен денсаулығына қатер төнеді, тұрғын үйлер мен мүлік зақымданады.

ҚР ТЖМ өкілдері газ жарылыстарының көпшілігі бір себепке – қауіпсіздік талаптарының сақталмауына байланысты орын алатынын айтады. Әсіресе, жертөле мен балконда газ баллондарын сақтау, жөндеу жұмыстарын өз бетінше жүргізу, жарамсыз шлангілер мен ескі плиталарды пайдалану – жиі кездесетін қателіктер.

Мамандар ескертеді: газбен абай болыңыз!

ҚР ТЖМ тұрғындарға келесі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ұсынады:

  1. Газ баллондарын үй ішінде, әсіресе жертөле мен балконда сақтауға болмайды. Баллонды тек арнайы желдетілетін бөлмеде немесе сырттағы қоймада ұстау қажет.

  2. Газ жабдықтарын өз бетіңізше орнатпаңыз және жөндемеңіз. Бұл жұмысты тек арнайы рұқсаты бар мамандар орындауы тиіс.

  3. Вентиляция мен түтін шығару жүйесін үнемі тексеріп отырыңыз. Газ иісі шыққан жағдайда ақауды жасыруға тырыспаңыз — салдары өте ауыр болуы мүмкін.

  4. Газ плитасын жылыту үшін пайдалануға болмайды. Ашық от оттегіні жұтып, бөлмеде көмірқышқыл газының жиналуына себеп болады.

  5. Балалар мен қарт адамдарға түсіндіру маңызды. Көптеген төтенше жағдай немқұрайлық пен тұрмыстық әдеттерден туындайды.

Газдың иісін сезсеңіз,не істеу керек?

  • бірден терезе мен есікті ашып, бөлмені желдету;

  • газдың шығу көзін табу және кранды жабу;

  • электр құралдарын қоспау, ұялы телефон қолданбау;

  • көршілерге ескерту және тұрғындарды қауіпсіз жерге шығару;

  • 112 нөміріне қоңырау шалу;

  • егер ақау баллоннан шықса, мокрая шүберекпен жауып, абайлап сыртқа шығару.

Қауіпсіздіктің басты кепілі – газ қызметі мамандарының пәтерлерге кіруіне мүмкіндік беру

Қалалық газ қызметі мамандары жоспарлы түрде пәтерлерге кіріп, жабдықтарды тексеріп тұрады. Бұл қауіпсіздіктің басты шарты. Егер тұрғындар оларды үйге кіргізбесе, олар өз өмірін ғана емес, бүкіл үй тұрғындарының өмірін қатерге тігеді.

Алайда кей адамдар тексерушілерді үйге кіргізуге қорқып жатады, себебі мамандардың орнына алаяқтар келіп қалуы мүмкін деген қауіп бар. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін төмендегі кеңестерге назар аударыңыз:

  1. Алдымен қызмет көрсетуші ұйымға қоңырау шалыңыз. Оның байланыс нөмірлері коммуналдық түбіртекте көрсетіледі.

  2. Есікті ашпас бұрын тексерушінің қызметтік куәлігін тексеріңіз.

  3. Тұрғындар тізімімен (аты-жөні, мекенжайы) танысыңыз. Жоспарлы тексеріс кезінде коммуналдық қызмет өкілдері әдетте бүкіл үйді немесе көшені аралайды.

  4. Үйге бір ғана тексерушіні кіргізіңіз.

  5. Маманның әрекеттерін бақылаңыз, оны бөлмеде жалғыз қалдырмаңыз.

  6. Бұзушылық анықталса, міндетті түрде акт толтыруды талап етіңіз.

  7. Ешқашан алдын ала ақша бермеңіз және түбіртексіз төлем жасамаңыз.

Тұрмыстық газ жарылған жағдайда не істеу керек?

  1. Мүмкіндік болса, электр энергиясын, суды және газды өшіріп, терезелерді ашыңыз.

  2. Дереу далаға шығыңыз.

  3. Газ қызметіне, өрт сөндіру және құтқару қызметтеріне хабарласыңыз. Ең оңайы — біріңғай құтқару нөмірі «112»-ге қоңырау шалу.

  4. Айналаңызға қараңыз: мүмкін, көмекке мұқтаж адамдар бар шығар.

  5. Далаға шыққан соң, жарылыс болған ғимараттан алысқа кетіп, құрылыстың бүлінген бөліктерінен абай болыңыз. Үйдің тіреуіш құрылымдары зақымданған болса, қасында тұру қауіпті.

  6. Егер сыртқа шығу мүмкін болмаса, ең қауіпсіз жерді тауып, құтқарушылар келгенше күтіңіз.

Ақтаудағы оқиға — барлығымызға ескерту. Әдемі интерьер немесе ыңғайлылық үшін қауіпсіздік ережелерін елемеу қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Газға салғырт қарамаңыз — ол тек қана қызмет етуі тиіс, қауіп төндірмеуі керек.

Еске салайық, Ақтаудағы оқиға орнына 11 құтқарушы мен төрт техника жұмылдырылды. Жарылыс салдарынан бес адам зардап шекті, оның екеуі — 2010 және 2015 жылы туған балалар. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. 


Рекомендовать
Последние новости