Орыстілді отбасының беташар тойы бөлек болады екен - Тоқтар Серіков

Dalanews 06 февр. 2024 11:31 3143

Танымал әнші Тоқтар Серіков алғаш рет беташар рәсімін атқарған кезін есіне алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"ХабарLike" бағдарламасына сұхбат берген өнер иесі бозбала шағында тойларда бет ашып, нәпақа тапқанын атап өткен. Сонымен қатар ол елге танымал жандардың ішінде Айнұр Тұрсынбаеваның бетін ашқанын айтады.

"Мен көп беташар рәсімін өткердім. Мейрамбек екеуміз қосылып, дуэт болып та аштық. Беташар нан табудың ең жақсы жолы еді ғой. Ол кезде той иелері беташардың банкісіне түскен ақшаны өзіне алмайтын. Бірде орыстілді отбасының беташар тойына бардым. 12 адамның тізімін берді. Мен шыр-пыр болдым, аз ақша түсетін болды деп. Бірақ той соңында өте көп доллармен уыстап ақша ұстатты. Ол кезде студентпін. Бір бума ақшаны қайда жаратамын деп ойланып келгенім бар",– деп күлді әнші.

Сонымен қатар әнші паспортына айналып, өзін елге танытқан “Көршінің қызы” әнінің шығу тарихы туралы да баяндады.

“Көршінің қызы” – дуэтке жатпайды, негізі менің жеке орындауымдағы ән. Бұл әннің оқиғасы қызық. Ол әнді мен орындамауым керек болған. Автор Бекжан Әшірбеков: ”Тоқтар, осы әнді орындашы” деп ең алғаш маған алып келген кезде ән ұнамады. Содан Ұлықпан маған “Сен әннің сөзін жаз, әншілерге көрсетейік, біреу айтатын шығар” деді. Мен келістім. Содан соң студияның ішінде айтып жатқан кезде Бейбіт кіріп келді де, “ла-ла-ла” деп қосылды. Мен оны “Кел, екеуміз бірге айтайықшы” деп шақырып алдым. Осылай аяқ асты болған дүние. Ертеңгісін таң атпай Ұлықпан аға қайтадан телефон соғып, “Студияға, тез кел” деді. Бірдеңе болған екен деп, студияға жүгіріп келдім. “Мына әнді сен айтпасаң, болмайды” деді. Тыңдасам, әнді өңдеген кезде әдемі болып шығыпты. Содан айтсам, айтайыншы деп, бірден Бекжанға хабарластық, сол күні радиоға бердік. Ертеңгісі сол ән хит болды. Бейбіт “көршінің қызы” аталып кетті. Бірде Шымкенттен қайтып келе жатқанда жолдан тамақ ішейін деп тоқтадық. Кішкентай балалар мені танып қалып, Бейбітті нұсқап, “Көршінің қызы отыр қасында" дейді", – деп еске алды Тоқтар Серіков.


Рекомендовать
Последние новости