"Органдардың тісі батпай отыр". Депутат Базарбек Бауыржан Байбек пен Ескі Қазақстан өкілдеріне шүйлікті

Сағыныш Сардарова 21 февр. 2024 13:00 2735

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек заңсыз берілген жерлердің мәселесін көтеріп, бұған Ескі Қазақстанның өкілдерінің қандай қатысы бар екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, Алматыдағы Бостандық ауданында Ескі Қазақстан өкілдеріне тиесілі Халық банк, Құса-халық иелігінде болған өзеннің су қорғау аумағына кіретін көлемі 52 гектар жер учаскесі соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша мемлекеттік меншікке қайтарылған. Алайда бұл тек құжат жүзінде қайтарылыпты.

"Іс жүзінде жер қайтарылса да құрылыс жұмыстарды ешкім тоқтата алмай жатыр. Бұрынғы иелері су қорғау аймағын өзен арнасымен бірге топырақпен тегістеп, көп қабатты тұрғын үйді көтеруге жан жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Оны мен Алматы қаласы Жер инспекторларымен бірге өз көзіммен көрдім", - дейді депутат.

Сондай-ақ, ол атақты Рахат базарына қатысты мәселені көтерді.

"200-ге жуық  саудагерлерінің жер дауын алыңыз, 2022 жылы Алматы қалалық соты кезінде Бауыржан Байбектің 3 жылдан кейін заңсыз қаулысын бұзып жеңіске жетсе дағы, саудагерлер базар жерін әлі де даулап ала алмай жүр", - дейді депутат.

Бақытжан Базарбек Шымкентте заңсыз СПК "Шымкент"-ке берілген аумағы 77 гектар болатын 46 жер телімін жергілікті Жер инспекторлары сотқа беріп, заңсыз шығарылған әкімдердің қаулылары мен жалға алу шарттарын бұзғанын айтады. Алайда әкімдік бұл істе саябырсып отыр екен.

"Енді соттың шешімін орындау аясында мемлекеттік меншікке қайтаруға келгенде Шымкент қаласының әкімдігі аталған жерлерді мемлекеттік балансқа әлі қабылдамады?! Инспекторлар жерді мемлекеттік меншікке қабылдау бойынша және соттың шешімін орындау қажеттігі туралы бірнеше ресми ескертті. Бірақ Шымкент қаласының әкімдігі әрекетсіздік танытып отыр! Мұны қалай түсінуге болады?" - дейді ол.

Депутат "Шығыс Монтаж Строй" мекемесіне тиесілі жер мемлекеттік меншікке соттың шешімімен қайтса да, дәл сол жерде жаңа "Ұлы дала" тұрғын-үй кешені құрылысы басталып кеткенін мәлімдеді.

"Бұл тұрғын-үй кешенін соғуды тоқтатыңдар деген соттың шешімі шықты, заңды күшіне енді, бірақ та соттың шешімін орындатуға мемлекеттік органдардың тісі батпай отыр", - дейді Базарбек.

Мұндай жағдай Астанада да байқалған. Депутаттың айтуынша, "Дублин", "Сенсата билд" және "Вашингтон" тұрғын үй кешендері құрылыс жүргізу рұқсат құжаттарынсыз ғана емес, тіпті жерге тиісті құқықты алмай заңсыз құрылысын бастап кеткен.

"Сонда еліміздің 3 ірі негізгі қалалардың ГАСК саласындағы уәкілетті органдары, қала прокуратуралары, әділет департаменттері мен КДС-і бар, шығарылған сот шешімдерін орындатуға, міндеттеуге қауқарсыз болғаны ма, шамалары жетпеді ме? Президент айтқандай, заң талаптары қалай орындаймыз?!

Соттың шешімін орындамау - Ескі Қазақстанның шынайы көрінісі, қоғамдағы әділдік пен құқықтық ақиқатқа балта шабу деп есептеймін", - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости