Қазақстандық сарапшы Россотрудничество басшысын кездесуге шақырды

Қаракөз Амантай 19 февр. 2024 11:37 2551

Белгілі қаржы сарапшысы Айбар Олжай Россотрудничество басшысы Евгений Александрұлын наурызда Алматыға кездесуге шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшы бұл туралы Facebook парақшасында жазған. Ол мұндай шешімге келуін Ресейдің соңғы уақытта көрші мемлекеттерге деген өкпесімен байланыстырады.

«Ташкенттегі Журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің ректоры және Өзбекстан Ұлттық БАҚ қауымдастығының төрағасы Шерзодхон Кудратқожаның ютубта Кирилл Альтманға берген сұхбатымен мұқият танысып шықтым. Сұхбат біраз мәселенің басын ашады. Бір қызығы, осы сұхбат, дәлірек айтсақ оған Ресейдің тым өкпешіл, немесе шантаждық реакциясы Көксарай мен Кремль арасын суытуы ғажап емес. Россотрудничество Кудратқожаның мына пікіріне шүйлікті, одан кейін тіпті өзбек елшісі наразылық нотасын алды:

«Олар біздің тілді 40-60 жыл бойы үйренбеді (Өзбекстанда тұратын, өзбекше сөйлемейтін адамдар туралы – пост авторы). Карл Маркс айтқандай, екі түрлі адам ғана өзі тұратын елдің тілін білмейді. Біріншісі – оккупант. Екіншісі – идиот. Сондықтан өздері оккупант па, идиот па, кім екенін шешсін. Олар ренжімесін».

Соңғы кездері Ресейдің балалық травмасы ма, болмай қалған империялық комплексі ме, қызық құбылыс байқалады. Бұрын кеңестік кеңістікте болған кез-келген елдің өзінің ұлттық тілін дамытудағы қадамы Ресей тарапынан «русофобтық, жау ниетті» деп танылатын болған. Мысалы Шерзодхон өз сұхбатында орыс тіліне, орыс ұлты өкілдеріне қатысты ештеңе айтпады. Тіпті ол «мен русофоб емеспін. Орыс тілін жақсы меңгергенмін» деді, әңгіме арасында. Оның "Өзбекстанда атам заманнан бері тұратын отандастары неге бір ауыз өзбекше үйренбеген?" деп сұрақ қоюы әбден қисынды ғой. Бірақ оған Россотрудничествоның ренжитіндей қандай жөні бар, ол жағы мүлде түсініксіз. Адекваттықтың барлық ережелері қоқысқа тасталғанын көре аламыз», - дейді Айбар Олжай.

Осы тұста ол Қазақстан мен Өзбекстанда мемлекеттік тілге байланысты қойылатын талаптарды Ресей елі орыс тіліне қарсы жасалған қадам ретінде қабылдайтынын жеткізді.

«Өте қауіптісі – ұғымдардың ауысып кетуі. Қазақстанда, не Өзбекстанда қазақ, өзбек тілін дамытайық, мемлекеттік тілді қолдануға қатысты талап қояйық деген пікірлердің барлығы Ресей тарапынан автоматты түрде орыс тіліне қарсы жасалған қадам ретінде қабылданады. Бұл қазақ, өзбек тілін дамытуларыңызға қарсымыз деген анық сигнал. Ал егер сәл ғана экономикалық тәуелділік пайда болса, ол бірден тілге қарсы жұмыс істей бастайды. Қазір Россотрудничество осы алғашқы триггерді қозғап жіберуге арналған мекеме рөлін ойнап отыр», - дейді ол.

Сонымен қатар сарапшы «Өзбектер Ресейсіз өмір сүре ала ма?» деген сұраққа да тоқталып өтеді.

«Картинаны үстінен қарасақ, өзбек тілін толық дамытып, Ресейдің контрқадамдарына мән бермеу үшін Өзбекстанға экономикалық жағынан Ресейден тәуелсіз болуы керек. Және соңғы жылдары Ташкент осы бағытта Астана сияқты сырт көзге байқатпай астыртын қимылдай бастады. Бір сөзбен айтсақ, Ресейді Қытаймен алмастыру процесі орын алуда. 2022 жылдан бастап Қытай Ресейді ығыстырып, Өзбекстанның сыртқы саудадағы ең ірі серіктесі атанды. 

Ал Ташкенттің Ресеймен қазіргі байланысы қандай? 2023 жылы Өзбекстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 10 миллиард доллардан асты. Бұл көлем жыл сайын өсіп келеді. Бірақ Өзбекстан Ресейге қатысты нетто экспортер емес. Яғни оның Ресейге экспорты импортынан аспайды. Түсінікті тілмен айтсақ, өзбектер тауарды Ресейге сатқаннан көрі керісінше көбірек сатып алады. 2022 жылдың структурасына қарасақ, Өзбекстан Ресейден 6,2 миллиард доллардың тауарын импорттаған. Ал өздері жіберген экспорт 3,1 миллиард доллар болған. Негізінен Ресейден алатыны өндірістік тауарлар (метал, электрожабдықтар, қазандықтар, құбырлар, тб), мұнай өнімдері (бензин, дизель, мазут), азық-түлік, сусын, табак өнімдері. Ресейге сататыны жеміс-жидек, текстиль. Онымен бірге, Өзбекстанда біріккен кәсіпорындар аясында Ресейдің 10 миллиард доллар инвестициясы қордаланған», - деп атап өтті Айбар мырза.

Осылайша сарапшы экономикалық жағдайға талдау жүргізе отырып, Өзбекстан Ресейге тәуелді екенін алға тартты.

«Қазақстан өз мұнайынан бір жылда 13,9 миллиард доллар табыс алды. Дәл осы кезде, Ресейде жұмыс істеп жүрген 1 миллионнан астам өзбек азаматы өз еліне 2022 жылы 14,5 миллиард доллар ақша аударған. Өзбекстанның қазіргі ішкі жалпы өнімі 105 миллиард доллар деп шамаласақ, онда Ресейдегі жұмыс Өзбекстан экономикасының 13,8 пайызын беріп отыр. 2023 жылдан бастап Ресейдегі өзбек жұмысшыларының саны 25-30 пайызға қысқарған. Бірақ бәрібір, экономиканың 10 пайызы ол үлкен тәуелділік. Ал егер АЭС сынды ауқымды ортақ жобалар басталса, онда бұл тәуелділік тіптен арта түседі. Сондықтан дәл қазір Өзбекстан Ресейге тәуелді болып отыр деп толық сеніммен айта аламыз.

Дәл осы кезде Өзбекстанға Қазақстанның логистикалық қолдауы өте керек болып тұр. Бізге Ташкентті әлемдік нарыққа жақындату үшін барынша көмектесу қажет. Өзбекстанның Ресейге арзанға кетіп жатқан экспорттық тауарларын транскаспий арқылы Еуропаға шығарып жіберсек, сол арқылы жаңа логистикалық тізбек құрсақ оңды болар еді», - дейді Айбар Олжай.

Осы тұста сарапшы Россотрудничество басшысы Евгений Александрұлына үндеу жасап, оны Алматыға кездесуге шақырды.

«Қазақстанда да мәселенің байыбына бара алатын, жағдайға түрлі позициядан қарай алатын жандар аз емес. Атаңыз, Евгений Максимұлы Ресейдің дамуы мен тұрақтылығына үлкен үлес қосты. Бірақ ол елінің көршілерімен араздасып, әркіммен бір жаға жыртысқанын қаламаған саясаткер. Сол текті әулеттің өкілі ретінде сізге Россотрудничествоны әркімге өкпелеп, тонын отқа жағатын жауластырушы органнан нағыз Пушкин, Достоевский мәдениетін паш ететін елдестіретін органға айналдыруды сұраймын. Наурызда Алматыға шақырамын. Түсте Сандық ресторанына барып ас ішіп, кешке караокеге барып ән айтамыз. Орысшам сіздің деңгейде, өте жүйрікпін. Талқылайтын, пікір алмасатын ортақ тақырыптар бар. Келіңіз. Жалпы комплекс, балалық травма психотерапия сеанстарында емделеді. Ресейге жақсы психотерапевт керек болып тұрғаны жасырын емес. Қазақстан осы рөлге келетін мемлекет. Тек Ресей өзінде дерт бар екенін мойындауы керек. Мойындалса ғана ауруды емдеуге болатынын медколледждің әр курсантына дейін біледі», - деп сөзін түйіндеді ол.


Рекомендовать
Последние новости