Оқырман: «Теледидарды «бүгін не сұмдықтар болды екен» деп қарайтын болдық»

Dalanews 30 мая 2018 12:19 884

Телеарналардағы бағдарламалардың жүргізушілері «әу» деген әрбір сөзінің тәрбиелік мәні болуы керек. 



Бұл біз ашып отырған жаңалық емес. Қай заманда болмасын телеарналарға қойылатын талап осы тұрғыдан болуы шарт.

Қазақ тілін қойыртпақ жасаған бағдарламалар


Өкінішке орай, үлкеніміз бар, кішіміз бар, бәріміз бірігіп Еуразия-1 арнасынан берілетін «Қалаулым» бағдарламасын қаламайтынымызды айтып, жаптыра алмадық. «Баяғы жартас – сол жартастың» әніне салып, әлі жалғасып келеді.

Ана тілінде екі сөздің басын қоса алмай, тұсалған аттай кібіртіктейтін жүргізушісі Кентал осы арнадағы «Сөз сізде» хабары жайында әңгіме айтып сөзімді шығындағым жоқ! Тек қана «Шоқпарды әліне қарай көтерсе етті» дегім келеді.
Ол аз десеңіз, «Әндіжанда бір апам бар, мұнан өткен сорақының» кері келіп, КТК арнасынан «Кел келінім» бағдарламасының шыға бастағаны да біраз уақыттың жүзі  болды. Қараңызшы, айналдырған екі сөзден құралып, бір сөйлемнен тұратын бағдарламаның тақырыбында тыныс белгісінен жіберілген екі қате тұр.



Қазақ тілінің грамматикасында тақырып жазылғанда тыныс белгілерін қоймауға болады деген ережені оқыған да, естіген де емеспін. Ал бағдарламаның ішкі мазмұнына көңіл аударсаңыз, ене атаулы өз ұлына дүйім қыздың ішінен келін іздейді. «Мен келін болуға лайықпын» деп білек сыбанып, түкпір-түкпірден үміткер қыздар ағылып келіп жатады.

Көпке топырақ шашудан аулақпын, небір ибалы, иманжүзді бойжеткендер үміткерлер қатарына ілікпей, кері қайтты. Сол топқа ілігіп, бүгінгі күні эфирде бақ сынап жүрген қыздардың ішінде де Аида, Айсәуле, Гүлбаршын сынды санаулы ғана ибалы, тәрбиелі қыздардың жүргенін көрмендер жақсылы білетіні анық.
Ал сөйлесе, ауыздыға сөз, жүрсе, аттыға жол бермейтін – Әсем, Зарина, Сана эфирге шыққанда далаға шығып кеткің келеді. Тіпті, отырған отырысының өзі жиіркеніш тудыратын Лаура сияқты қыздардың эфирде тайраңдауына жол болсын!

Түсінген кісіге эфир, сахна – киелі орын. Қаншама миллион қазақтың алдына шығып алып, әдепті белінен басып, аузына келгенін сөйлеп, әбестік іс-әрекеттер көрсетуге оларға кім құқық берді? Өз тілінен қойыртпақ жасаған өзге ұлт өкілдерін көргеніңіз бар ма? Олай болса, қазағымның қасиетті тілін шұбарлап, қорлауға рұқсат беріп отырған кімдер?

Теледидар көптің ақпараттық-танымдық құралы болғандықтан, түскі демалыс уақытында арнаны қоссаң, у да шу, айра-жайра болып жатқан осы бағдарламалардан көзің сүрінеді. Аз да емес, көп те емес – үш сағаттық бағдарлама!

 

Бетімен кеткен қыз, ұсақталған жігіттер


Соңғы уақытта «қандай тамаша дүние бар екен» деп емес, «бүгін не сұмдықтары бар екен» деп еріксіз теледидарды қарайтын болдым.
Өзіне келін таңдап келген төрт ене де сипай қамшылап, киіз қазықтай былқылдайды. Ашық пікір, өткір сын айтып, болашақ келіндер, ертеңгі аналарды дер кезінде тезге салу жоқ.

Қыздардың жосықсыз іс-әрекеттеріне көз жұма қарап, ақыл айтқансып бүлкілдейді. Әбестік іс-әрекеттерімен бүкіл эфирдің мәнін кетіріп жүрген қыздарды бірден жобадан шығарып жіберсе, келесілері аяқтарын аңдап басып келер еді.

Әр бағдарламаның тізгіні жүргізушінің қолында десек, осы хабар барысында қыздардың алдына отырып алып, олар не айтса да, не істесе де «тәйт» деуге шамасы келмей, жымия қарап отыра беретін жүргізуші бойжеткеннің шарасыз әрекетіне не жорық?!

Жарты ғасырдан асқан ұстаздық еңбегімде оқып-түйгенім бойынша, алты алаштың жігіттері бекзаттықтарын, азаматтықтарын танытып, қызға өздері сөз салушы еді.

Жаңарған жаңа қоғамның жастары ғой деп түсіністікпен қарайын десең де, «ана жігітті қалап келдім, мына жігітті қалап келдім» деп, көз жасын көлдетіп тұрған қыздарды көргенде, кірерге тесік таба алмай қалады екенсің. Құнан мен дөненді, қошқар мен текені ажырата алмай, бос сөзге ұрынып, ұсақтанып отырған жігіттерді көргенде, тіпті қарының ашады.
«Адамға тәрбие ата-анадан, ұстаздан, ортадан беріледі» деген ғибратты да ұлы Абай айтып кеткен. Олай болса, ел ішінде жүрген болашақ әрбір келін осы хабарды қарайтын болса, «осындай келін болу керек» деп емес, «осындай келін болмау керек» деп сабақ алуы тиіс. Әйтпесе, осы бағдарламаны қарамағандары тіпті жақсы болар еді.

Қысқасы, эфир – ермек емес, тәрбиенің басты құралы болғандықтан, осындай тәрбиелік мәні төмен сапасыз бағдарламалардан тазарту қажет. Ел тілегіне құлақ аса білу – үлкен білімділік пен мәдениеттің, өркениеттің белгісі. Сын көтермейтін бағдарламаларды эфирге шығаруға мұрындық болып, рұқсат етіп отырған редакция алқасы, арна басшылықтары әр хабарды сүзгіден өткізіп, елеп-екшеп, дәнін ғана ұсынулары керек қой. Көрерменнің көзімен, көптің көңілімен ойнау – қиянат. Эфирден сән кетсе, тәрбиеден мән кетерін әрқашан есте сақтаған абзал. Себебі эфир – тәрбие!

 

Гүлбану ТӨЛЕНОВА,


 Өскемен қаласы, ардагер-ұстаз.


 

 

https://dalanews.kz/25192

Рекомендовать
Последние новости