Онлайн оқытудың артықшылықтары мен қиындықтары

Dalanews 14 апр. 2021 03:14 1815

Өткен жылдан бастап әлемді жайлаған коронавирус індетіне байланысты барлық оқу жүйесі онлайн тәртібінде қашықтықтан оқыту жүйесіне көшкені мәлім. Алғашында бұл жүйемен оқыту қиын болғаны шын. Бірақ бірте-бірте бұл жағдайға дағдылануға тура келді. Біздің Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық уни­вер­ситетінде қашықтан оқуға көшу көп қиындық туғызбады. Себебі біз­де көп жылдан бері Univer және Moodle ақпараттық жүйеле­рі жұмыс істеп келеді және бі­­­лім беруді ұйымдастыру­­­ды осы арқылы қам­тамасыз етеміз. Со­ны­­мен бірге за­манауи ком­му­ни­кациялық Sкype, Zoom жүйелерін пайда­ланып, көптеген онлайн са­бақ­тар өткіздік.

Дегенмен жа­сы егделеу, компьютерді те­рең меңгермеген ұстаздарымызға қиындықтар туғызды. Біз олармен арнайы сабақтар өткіздік. Уни­верситет студенттерінің 70 пайыз­дан астамы ауылдық жер­лер­де тұрады. Олар біздің жүйеге кіру кезінде, кей­бір ауылдарда интернет өте нашар болғандықтан, бршама қиындықтармен бетпе-бет келді. Студенттер от­ба­­­сылары компьютермен не ноу­т­­­­букпен толық қамтамасыз етіл­­меген. Дегенмен біздің жүйе­лерге гаджеттермен мо­биль­ді байланыс арқылы кіру үшін арнайы бағдарлама жаса­ғаны­мыздың арқасында бұл жерде де тығырықтан шығудың жолын таптық. Бұл кездегі біздің ең негізгі мақсаты­мыз - студенттерді толық­қанды білім беру жүйесімен қамтамасыз ету және білімнің сапа­­­­сын төмендетіп алмау болатын. Бірден қашық­тан оқу жүйесіне көшу білім сапасына кері әсер етпеді деу қиын. Өйткені аяқастынан болған жағдайда бетпе-бет білім беруді жалғастыру қиын болды. Ұстаз­дарымыз тіпті уақытпен са­на­спай күні-түні жұмыс істеді. Өйткені студенттердің сұрақтары кез келген уақытта пайда болып, тапсырма орын­­­дауда қиындық­тар туындап жатты. Деген­­мен біз сту­денттердің өздеріне қойылған талап­тардың бәрін орындауын қамтамасыз еттік.

 

Қазіргі таңда «Пандемиядан кейін қалай болады? Студенттер аудиторияға қайта келе ме? Әлде, қашықтан оқу жүйесінде қала ма?» деген басты сұрақ туындап отыр. Әрине, алдағы уақытта қа­шықтан оқытудың орны да, мәр­тебесі де артады. Дегенмен университеттер мен мектептер білім ордасы ретінде сақталып қа­лады. Өйткені студенттердің не­гізгі білімді алатын, азамат ретінде қалыптасатын, әлеу­мет­тік жағынан дамитын жері - осы оқу орындары. Университеттің мәдениеті, білім беру ортасының мәдени немесе психологиялық жағынан әсерін қашықтан оқы­ту бере алмайды. Төтенше жағдай кезінде сту­денттермен бірнеше рет онлайн кездесу өткіздім. Олар­дың ең басты сұрағы: «Ағай, универ­ситет­ке қашан қайтамыз?» болды. Олар ұстаздарымен тікелей жұ­мыс істегеннің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінді.

 

Қашықтан оқытудың да өзін­дік оңтайлы тұстары бар. Сту­денттерді аудиторияда са­бақ­тармен отырғызбай, көптеген нәр­селерді қашықтан беруге, сөй­тіп жаңа идея ретінде айтылып жүрген blended learning - аралас оқытуды енгізуге мүмкіндік туып жатыр. Бұл жағдайда практикалық оқытуды көбейтуімізге болады. Мысалы, университетте IV курс студенттерін жыл бойы төрт күн мектептерге практикаға жіберіп, екі күн университетте теориялық білім алатын жүйе енгізгенбіз. Енді студенттер практика кезін­де университетке келмей-ақ, қа­шықтан тапсырмаларын орын­дайтын жүйеге көшті. Сонда студенттер университетке жыл басында, сосын ортасында бір аптадан келіп, сол уақытта тапсырмалар мен аралық ба­қылауларды орындайды және се­местрдің соңында сессия тап­сыруға келеді. Басқа уақытта тек практикада жүреді.

 

Алдағы уақытта білім беру­де дәстүрлі әдіске қосымша қа­шықтан оқытуды да пай­да­ланғымыз келеді. Бұл әдіс студенттердің өзіндік жұмыс­та­рының маңызын, жауап­кер­шілігін арттырды. Бұрын­ғы­дай топпен бірге жүріп тап­­сыр­­­маларын орындайтын жағ­­дай жоқ, әркім өзі үшін жауап береді. Студенттер өз бе­тінше білім алуға, өзін-өзі да­мы­туға бейімделеді. Қашықтан оқы­тудың көп мүмкін­­діктері бар. Бұл әлемдік үздік тәжірибелерді алудың жақсы жолы екен. Өткен жылы 6-7 елдің ғалымдары бі­рі­гіп, конференция өткіздік. Олар өз ой-пікірлері мен ғылыми жетістіктерін ор­таға салды. Бұрын мұндай конференцияларды өткізу үшін бір елде жиналып, бірі келіп, екіншісі жеке жағдайына бай­ланысты қатыса алмай қалып жататын. Қазір белгілі бір тақыр­ыпты белгілеп, бірер сағаттың ішінде әлемдік деңгейдегі кез­десулер өткізіп жатырмыз. Бей­неконференциялардың мүмкін­дігі зор екеніне көзіміз жетіп отыр, оны алдағы уақытта кеңінен пай­дала­натын боламыз.

Такир Балықбаев, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор.

Рекомендовать
Последние новости