"Ол Путиннің шапқыншылығын қолдайды". Ресейлік медиа маман Қазақстанда лауазымды қызметке тағайындалды...

Dalanews 17 июн. 2023 02:55 967

Белгілі PR маман, әріптесіміз Назым Жанғазы ресейлік МузТВ арнасының экс-директоры Арман Дәулетияровтың қазақстандық теленарыққа кіруіне қарсы шықты. Дәулетияров күні кеше Президент телерадиокешені төрағасының кеңесшісі боп тағайындалған.

– Бұл өте-мөте қауіпті үрдіс! Ол Ресей азаматы. Президент ТРК-сы Тоқаевтың қызметін ел-жұртқа жеткізетін негізгі құрал. Мұндай ортада өз азаматтарымыз тер төгуі тиіс. Телеарна контентін төңірегіне қазақстандық көзқараспен қарайтын азаматтар әзірлеуі қажет.

Дәулетияров? Ол шоу-бизнес өкілі. Елдегі саяси әлеуметтік-ахуалдан мақұрым. Өмірбақи ырду-дырдудың ортасында жүрген адамның мемдеңгейдегі жоба әзірлеуге өресі жете ме?! Президент қызметін насихаттау, Ақорданың ақпаратын таратуды Арман секілді адамдарға табыстауға болмайды… – дейді ол.

Жанғазының пікірінше телеарна басшылығы өрескел қателік жіберген, кадр саясатына мұншалықты салдыр-cалақ қарауға болмайды.

– Ең сорақысы, Дәулетияров "орыс әлемінің" белсенді өкілі. Ол Путиннің шапқыншылығын жақтап, Украинаны басып жаныштауға қолдау білдірген. Оның бір жылғы бұрынғы сұхбатын шолып шыққан болсаңыз, осы айтқаныма көзіңіз жетеді.


Киевті үш күнде жаулап алуды көксеген Кремльдің ойы іске аспай, санкциялар буындыра бастаған тұста Арман бастаған "путинистер" Қазақстанға безді. Осы арада: "егер Ресей Украинаны жаулап алса, Дәулетияров Қазақстанға қайтып келер ма еді?" деген орынды сауал туындайды. Әй, қайдам! Аттап баспас еді. Сондықтан да оның қазіргі образына алданып қалмаңыздар… – дейді Назым Жанғазы.

Оның пайымдауынша, Арман Дәулетияров МузТВ-ны басқарған тұста көрші елдерге Ресей саясатын ұлықтайтын пропагандамен айналысқан.

Рекомендовать
Последние новости