Нұрқаділов ісі қайта көтерілсе, онда Сәрсенбаевтың ісі де қайта тергеледі – Болат Әбілов

Dalanews 17 янв. 2024 06:16 1700

Қайрат Нұрқаділов былтырғы наурыз айында Бас прокуратураға әкесі Заманбекке қатысты істі қайта қарауды сұрап, арыз жазғанын мәлімдеген. Алайда, артынша бақылаушы орган істі қайта қараудан бас тартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ал, күні кешегі Алматыда өткен, Тоқаевтың хаты оқылған астан кейін «Заманбектің ісі қайта көтерілуі мүмкін» деген сыбыс тарады.

Саясаткер Болат Әбіловтің «Гиперборей» арнасына берген сұқбатында (№390) осы ахуал жайында былай дейді:

«Меніңше, Тоқаев осы іске қатысты тапсырма береді. Мен Заманбектің ұлы Қайратпен тығыз байланыстамын, жақсы араласамын. Оның бұл шаруаны қайтадан қолға алғанына қолдау білдірдім. Егер біздің тарапымыздан қандай да бір көмек керек болса, әркез дайын екенімізді айттым. Екі жыл бұрын оның бетін қайтарып тастады. Бұл уақытша ғана. Оның өз-өзін өлтірді деген нұсқа бұрынғы билікке қажет болды.

Суицид дегенге сол кезде ешкім сенбесе де, ресми мәлімдемеде солай айтылды. Заманбек Қалабайұлымен көзі тірісінде де оқиға болған бөлмеде талай сұқбаттасқанбыз. Әлі көз алдымда, бильярд үстелі бар ол бөлмеде. Тіпті ол «Терминатор» болса да, өзін екі жерден атып, кейін басына оқ ату еш мүмкін емес.


Ол бөлмеде Заманбектің отыратын креслосы болды. Ол өзіне келген қонақтарды сол орында отырып қабылдайтын».

Спикер Заманбектің өз-өзіне қол салғаны туралы тергеу нұсқасы еш ақылға сыймайтынын да атап өтеді.

«Мұның түптің-түбінде қайта қозғалатынына біз сендік. Оған тек уақыт қажет. Міне, сол уақыт жеткен сияқты», - деген оппозициялық «Ақжол» партиясының бұрынғы тең төрағасы, белгілі кәсіпкер.


Ол белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтың кісі қолынан қаза табуы әлі күнге дейін шынайы тергелді деуге келмейтінін де айтады. 2006 жылдың 11 ақпанында Сәрсенбаев кісі қолынан қаза тапты. Заманбек Нұрқаділов қазасының ақ-қарасын анықтатпай қоймаймын деп бекінген саясаткердің не үшін өлтірілгені анық.

«Әрине, тергеу толық жүргізілген жоқ. Оның қорытындысы алдын ала дайындалып қойды. Кісі өлтіргендердің біреуін ғана тапты, Багимов деген біреуді. Тапсырыс берушіні де анықтады - Ержан Өтембаев деген. Оны мен де танитын едім. Ол өзімен-өзі жүрген, ешкімнен алты аласы, бес бересі жоқ, араққа салынған адам.

Оның Алтынбекті «сабасына түсіргім келді» деген жауабының өзі күлкілі. Мұны арнайы қызмет жоғарыдан келген тапсырма бойынша ұйымдастырғаны сөзсіз. Шын тапсырыс берушінің аты аталмағаны, іс әділ жүргізілмегені алты жасар балаға да түсінікті», - деді Болат Әбілов.

Әңгіме барысында спикер сотта сөз болған деректерді де еске салды.

«Мұндай ақпарат қайдан сотқа жеткенін білмеймін, біз де таң қалдық. Тапсырысты орындаған Ибрагимов (қылмыс әлеміне кеткен бұрынғы полиция қызметкері) оқиға болатын 11 ақпаннан біраз күн бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің подполковнигі Болатпен ұялы телефон арқылы күніне 15-18 рет сөйлесіп отырған.

ҰҚК подполковнигі! Бірі киллер, екіншісі ұлттық қауіпсіздік, екеуіне ортақ қандай әңгіме болуы мүмкін? Яғни, подполковник киллермен байланыста отырған, оған оқиға болатын күні А.Сәрсенбаевтың бүкіл маршрутын айтып, хабарлаған: «Алтынбек офистен шықты, Медеуге 5 шақырым жетпей (сол маңда Алтынбек шағын үй жалдап тұратын) «күтіп» аласың деп. Меніңше, бұл бір ғана адамға керек болды. Команданы берген сол кісі. Себебі одан басқа бұл іс ешкімге керек емес.

Біреулер мұны істеген Рахат (Әлиев), тағы басқа нұсқаларды айтады. Менің ойымша, бұл Рахаттың деңгейі емес.


Иә, Рахат оңбаған адам, түрлі қитұрқылықтарға барды. Нұрбанк менеджерлерінің көзін құртты, т.б. Бірақ, қайталап айтамын, Алтынбек пен Заманбекті өлтіруге оның тәуекелі жетпейді. Екі азамат та оның ойнайтын адамдары емес. Нұрқаділов ісі қайта тергелетін болса, онда Алтынбек Сәрсенбаевтың ісі де қайта көтеріледі деп ойлаймын», - дейді БолатӘбілов.

Рекомендовать
Последние новости