Қоғам қайраткері Уәлихан Қайсаров “Не может быть/Мүмкін емес” YouTube арнасына берген сұхбатында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Михаил Горбачевтан Алматыға әскер жіберуді өзі сұрағанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қайсаров өз мәлімдемесімен экс-президенттің Алматыға одақтық республикалардан әскерлер келгенге қарсы болдым деген сөзін жоққа шығарады.
“Барып тұрған өтірік. Марқұм Горбачев бұл жағдайды басқаша баяндап берді: “Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті маған Алматыда жастар алаңға жиналатыны туралы хабар берді. Әзірге жағдай түсініксіз деді”.
Назарбаев Горбачевке қоңырау шалып: “Михаил Сергеевич, жағдай ушығуы мүмкін, әскерлерді әкеліңіз” депті. Бұл Горбачевтің сөздері, бұл менің сөздерім емес”, - деді Уәлихан Қайсаров.
Оның айтуынша, Назарбаев Мәскеуге бірнеше рет қоңырау шалды.
“Назарбаев оған екінші рет хабарласты: “Михаил Сергеевич, мұнда дүкендерді өртеп, көліктерді аударып жатыр. Алматының бәрі отқа оранып тұр”. Горбачев - Назарбаевқа: “Нұрсұлтан, сенде бәрі тыныш. Бүлік шығарудың қажеті жоқ” депті. Уақыт өте келе Назарбаев үшінші рет қоңырау шалды: "Резиденциямызға, орталық партия ғимаратына басып кірді. Біз қазір шам бағаналарына ілінетін боламыз". Горбачев МҚК-не хабарласып, жағдайды сұрағанда, әскер керек емес деген жауап алады. Бірақ Назарбаев: "Әскерилер келмесе, жауапкершіліктен бас тартамын" депті. Содан кейін Горбачев: "Алматылық жолдастар барлық жауапкершілікті өз мойнындарына алады. Әскерді жіберіндер" деп бұйрық берді»” - дейді Қайсаров.
Алайда, Нұрсұлтан Назарбаев өзінің естеліктер кітабында 86 желтоқсанда болған оқиғаны басқаша сипаттайды. Оның айтуынша, ол одақтас елдерден келген десантты Қазақстанға қондыру туралы алаңдап, оған қарсы шықты.
“Мен Назарбаевқа ешқашан сенбедім де қазір сенбеймін. Алланың алдында өзі жауап берсін”, - деп сөзін қорытындылады Уәлихан Қайсаров.