Наурызым қорығы

Dalanews 26 авг. 2017 08:05 2437

Осыдан біршама жыл бұрын Канаданың Квебек қаласында Бүкіләлемдік мұра бойынша ЮНЕСКО комитетінің 32-ші сессиясында Наурызым және Қорғалжын табиғи қорықтары "Сарыарқа – солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері" деген бір атаумен ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енгізілді.

 

Құстар мекені

 

«Қорғалжын» және «Наурызым» мемлекеттік табиғи қорықтары – Қазақстанның далалы аумағында орналасқан екі кластерлік аумақ. Екі аумақ та жыл сайын Афро-еуразиялық ұшу жолымен миллиондаған жыл құстары тоқтайтын маңызды орын болып табылады. Сонымен қатар құстардың саны күн өткен сайын азайып бара жатқан құстарының балапан басып, көбеюіне қолайлы аймақ.



ЮНЕСКО-ның Қазақстанға қатысты шешімінен кейін екі қорықтың да осы мақсаттағы жүгінің ауырлай түсуі анық. Екі қорықта бұдан былай табиғат ананың кейпін кетірмей, аң, құстарын, қорғауға міндетті. Аталған міндеттемелерді Наурызым мемлекеттік табиғи қоры қазіргі таңда абыроймен атқарып келеді.

Қостанайдың көрікті жерлері көп. Бірақ мұндай сұлулықты кітап бетінен ғана көргенім бар (әсілі, ол да Наурызымның бір кейпі болған-ау деймін). Табиғат ана – бүкіл тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, алтын ұя бесігі. Сұлу табиғатты көзбен көріп, жаныңмен сезіп, сол қалпында сүйе білу – адамзатқа Құдайдың сыйлаған тамаша қасиеті десек, артық айтқандық болмас еді.

Иә, Наурызым қорығына кірген уақытта дәл осындай сезімді бастан кештім. Жалпы қорықтың аумағы бір-бірімен оқшау жатқан төрт бөліктен тұрады. Тірсек – Қарағай, Сыпсын – Ағаш, Наурызым – Қарағай, көлді жүйелерден Сарымойын, Ақсуат көлдері және жеке жатқан Жаркөл көлі бар. Қорық аумағы 191 381 гектар жерді алып жатыр.

 

«Наурызымда» 687 түрлі өсімдік бар

 

Наурызым – мемлекеттік табиғи қорығы өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің биологиялық алуан түрлілігі мен генетикалық қорын табиғи жағдайда сақтап, дамуын зерттеуге арналған ерекше қорғалатын аумақ. Қорық аумағын ғылыми-зерттеу жұмыстарын өткізу үшін, яғни, экожүйелердің даму динамикасын, өсімдіктермен жануарлардың алуан түрлілігін, олардың өсіп-өнуін, тарамдалуын зерттеуде мониторингтік бақылауларды «Табиғат жылнамасы» бағдарламасы бойынша, сонымен қатар басқа да қорықта жоспарланған ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқару үшін пайдаланылады.

Қорық басшылығының айтуына қарағанда, Наурызым қорығы шетелдің мықты биолог, орнитолог мамандарын қатты қызықтырады екен. Өйткені, қорық түрлі жануарлар мен өсімдіктер әлеміне өте бай.

Жаз айларында шетел ғалымдары келіп, ғылыми жұмыстар жүргізеді. Біз барғанда неміс фотогрофы айналаны фотоға түсіріп, табиғаттың тамаша сұлулығына таңдай қағып жүр екен. Жер сұлулығына сүйсінген болуы керек, таяғының орнына таспасын ұстаған фотогроф алдағы жылы тағы келмекші екен.

Шетелдіктерді өзіне магниттей тартқан «Наурызым» қорығының құпиясы неде?! «Наурызым» мемлекеттік табиғи қорығы директоры Бақытжан Жәкіжанұлының айтуына қарағанда, қорықта қотыр қайын, ақ қайың, бозшағыл, кәдімгі қарағай, терек, итмұрын, тобылғы, каспей талы іспетті 687 түрлі өсімдік өседі екен. Солардың ең танымалы – «Наурызым қарағайы».



Аталған ағаш тек, «Наурызым» аумағында ғана өседі. Ағаштың дініне екі адамның құшағына сыймайды. Биіктігі үш метрден төмен болмайды.

Қорық қызметкерлерінің сөзіне сенер болсақ, «Наурызым» қарағайы өте майлы. Ұлы отан соғысы жылдары аталған ағашты жағар май істеу үшін қолданыпты. Ал одан қалғаны арба майлауға пайдаланған екен. Тізсіз жау өрт те осы ағаштың жиі маңайлайтын болып шықты. Көбінде көктен найзағай түскенде от тұтанып, біраз ағаш отқа оранатынын қорықшылар қынжылыспен айтты.

Бүгінде арнайы жасақталған топ күн күркіресе,  биік мұнараның басына шығып, айналаны кірпік қақпай бақылауға алады. «Биыл жаз орман арасында бұрқ еткен алты ағашты өз күшімізбен сөндіріп алдық. Арнайы көлік құралдары ағаш арасына кіре алмайды. Кіргенмен, құм арасына кептеліп, өзге түгіл, өзін құтқаруы мұңға айналады. Сондықтан да, құм шашатын трактормен және өз күшімізбен отты ауыздықтауға тырысамыз», – дейді арнайы жасақ өкілі.

Жалпы, «Наурызым» қорығының негізі осыдан жетпіс жеті жыл бұрын қаланған. Сол кезде оның жалпы аумағы 320 мың гектар жерді құрапты. Кеңес өкіметі кезінде қорықтың кейбір бөліктері егін егу үшін пайдаланылса, енді бір бөлік ағашы-отын мен май шығарған. Бұған орманды жайлаған өртті қосыңыз. Соның салдарынан қорықтық көлемі 70 мың гектарға дейін кеміген. Қысылтаяң кездері қорық жабылып та қалған көрінеді. Наурызым қорығы – еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана жандана бастаған сыңайлы.

 

Қорықта 6 экологиялық соқпақ бар

 

«Наурызым» қорығында жыртқыш аңдар өте көп.  Әсіресе, бұл өлкеде қасқыр көп кездеседі. Көктем, күз айларында қорықшылар олардың мекенін анықтап, үйірлерінің қаншаға жеткенін бақылау жасайды. Әзірге, жыртқыштар адамға шаппапты.

– Бізге тәжірибе, зерттеу жұмыстарын жүргізуге келген жандар айналадан көріп, үркіп жатады. Ал шетелдіктер болса, қызықтап фотосуретке түсіруге ұмтылады. Біздің өлкеге ғылыми жұмыс барысында шетелдіктер жиі келіп тұрады. Олардан өз ғалымдарымыз да қалыспайды. Өзіміздің облыстық оқу орындарынан бөлек Алматы, Астанадағы студенттер де біздің жаққа жиі ат басын бұрады, – дейді қорықшылар.

Ғалымдардың көбі шөптес өсімдіктерді зерттейді екен. Әсіресе қау бетеге боз, қызғылт қау, таспа қау, кәдімгі бетеге, құм бетеге, кермек, сор бұйырған, құм салаубас, жанагүл, құс сүттігені, көкшағыр жусаны, лессинг жусаны, ақшыл жусан, омбы қияқ өлең, бұзаубас сораң, сарсазан, ақсора, шобер ақтікені, алабұта, жауқазын, қосгүлді қызғалдақ, жатаған қызғалдақ, шренг қызғалдағы, ашық, құндыз шөптері туристердің назарын өздеріне қатты аударатынын білдік.

Сонымен қатар «Наурызым» қорығы құстарымен де көрікті. Мұнда аққулар, қаз-үйректер (қызыл жемсау қараша қаз, шиқылдақ-қаз, ақмаңдайлы қаз, тарғақ, жалбағай, бұйра бірқазан, безгелдек, сұрт тырна, ақ бас тырна, дала қыраны, ителгі, қас-қалдақ т.б.) мекендейді.

Дәл қазіргі уақытта келушілердің көңілін аударатын биологиялық және ландшафттық соқпақ өңделген. Соқпақтар бағыты бойынша туристік- экскурсиялық және ғылыми-танымдық жұмыстарын жүргізуде қолданылады. Сапар желісін авто-көлікпен және жаяу сәуір айынан бастап қазан айына дейін тамашалауға болады. Әр соқпақ 3-4 аялдамадан құралған.

Бірінші сапар желісі «Бұлақ» деп аталады. Мұнда Бет ағаш орманы, қорық көрінісі және бұлақты бақ кордон аумағы автокөлік аялдамасы және демалыс орыны жабдықталған.

Екінші сапар желісі «Наурызым қылқанды орманы» деген атқа ие. Жергілікті мамандар бұл сапар желісін қорықтың жүрегі деседі. Себебі, мұнда қылқан жапырақты орманның алуан түрлі жыртқыш құстар және аңдар, (ителгі, құр, бүркіт, киік, ақбөкен, қабан, түлкі, қасқыр, борсық) мекен етеді. Ақсуат көлінен қызыл кітапқа енген қаншама су құстарын кездестіруге болады (қызыл бас сүңгуір, сүр үйрек, ақбас үйрек, аққұтан, қарабай, қызғылт бірқазан, т.б.). Қалған сапар желілері «Дөңгелек сор», «Саз қалдығы», «Аққулы» болып кете барады.

Рекомендовать
Последние новости