Намысым тағы да тапталатын болды

Dalanews 14 мар. 2018 12:01 849

Маған бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен ұсыныс түсті. Оларға Моңғолиядан үкіметтік делегация келе жатыр екен. Соған ауызша, жазбаша аударма бойынша қызмет көрсетуіміді өтінді.


Жиынның жұмыс тілі – орыс және моңғол тілі екен.

Мен бұған таңқалған жоқпын. Моңғолиядан ресми делегация келген сайын олар «ортақ тіліміз ағылшынша болсын» деген талап қояса, біздікілер үнемі орыс тілін алға тартады. Министрліктерде ағылшын тілін білетін мамандар көп екенін жиі айтамыз. Содна әлгі қаптаған «Болашақ» түлектері қайда жүр?!

Бұдан бұрын да туризм, табиғат қорғау секілді органдардың кездесулері 2-3 рет орысша-моңғолша өткені есімде. Оған ілеспе аударма жасап, ақысын төлеп, разы-қош болып тарасқанбыз.

Бірақ сол кезде Моңғолиядан келген қонақтар
«мемлекеттік тіл болуға қазақ тілі жарамай ма, неге бәрі орысша» деп таң қалған еді.

Сол кезде не дерімді білмей, ыңғайсыз жағдайға қалғаным бар. Намысым тапталып, ұяттан бетіммен жер басқандай болғанмын. Осы жолы да соның кебін кигелі тұрмын.

Министрліктен хабарласқан жігітке осы жайды айтып: «Жұмыс тілі тек қазақша-моңғолша ғана болсын. Егер орыс тілі қолданылса, мен тілмаштыққа (синхронный перевод) бармаймын» деп талап қойдым. Мұным ана жолғы Елбасының «үкімет пен парламенттің жұмысы тек мемлекеттік тілде өтсін» деген тапсырмасын бұлжытпай орындайын деген ниетім ғой.

«Бұл менің орыс тілін білмейтіндігімнен емес, елімізге келе жатқан делегациясының, яғни, менің бұрынғы отандастарымның алдында ұятқа қалмауым үшін керек» – деп тағы қосып қойдым.

Министрлік өкілі менің талабымды басшыларына жеткізетінін айтып қоштасты. Не болар екен?

 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, журналист.

Рекомендовать
Последние новости