Мұхтар Мағауин. Әбіш екеуміз

Dalanews 04 янв. 2017 04:50 2871

Естелік жазбалар


Әбіш – бүткіл саналы ғұмырды бірге өткерген, жастық шақтағы ежеттес дос, қаламгерлік ғұмырдағы қанаттас Әбіш Кекілбайұлының фәниден бақиға озғанын мен үш күннен соң естідім. Жер-әлемнің арғы беті – субтропикалық Флорида, Майиамиде теңізге шомылып, дем алып жатыр едім. Дем алып емес, тыныс тауып, ес жиып. Осыдан оншақты күн бұрын, Шыңғыс хан эпопеясының соңғы, төртінші кітабын тәмамдағам. Тура жеті жылға созылған, ұзақ, ауыр марафонның ақыры, қатты соғылып, әбден қалжаураған екем. Енді асса төрт-бес беттік алғысөз ғана қалған. Бұрнада айтар едім, аламан асырда қырық шақырым шауып келген бәйге ат кейде қарақшыдан өте бере жығылады, ұлы қағанымыз туралы өмірлік еңбегім қажетті мәресіне жеткен кезде маған абай болыңдар деп. Сол сөздің ықпалы ма, анығы – менің еңсем көтерілсе де, қарығуға жақын жағдайымды көріп тұрғаннан соң ба, қысқа болса да өтімді демалысқа ала жөнелген. Ұлым мен келінім және бәйбішем. Қамсыз барақат, мерейлі тыным. Әлемдік классик Хемингуэй негізгі бір шығармаларын жазған, ендігі мемориалдық музей. Өзіңнің барыңа масат болмаса да, қанағат, тәуба. Өткеніңді үстірт байыптаған мұңды естелік. Едіге балам Әбіштің аяқ астынан, шұғыл өткені туралы интернеттен сол күні білген екен. Бірақ менен жасырыпты. Межелі мезеті, кешқұрым үйге жетіп, ұйықтап тұрғаннан соң, немерелер – оқуға, балалар – жұмыстарына кеткен, таңғы шай үстінде бәйбішем жайлап отырып естіртті. Әлбетте, көңіл бұзылды, дүниенің баянсызын ғана емес, бұрнағы қимас күндердің де тылсымға батып, жоқ болғанын көрдің, өткен адам қашан да сенің өміріңнің де үлкен бір бөлігін өзімен бірге әкетпек, осы орайда Әбіштің жөні бөлек еді. Көркем шығармаларының жайы көпке белгілі, сенің өзің туралы да, алпыс жылдық кезінде көтермелеп, арнайы жазып еді, енді жұрт алдында да, қағаз бетінде де қатарлас ғұмыр, өзара адамдық қатынасың туралы ешқашан айта алмайды. Ендеше, тіршілік өлшемің ұзағырақ кесілген сенің үнсіз қалар жөнің жоқ. Оның ішінде Әбіштің жастық шағы, қаламгер ретінде қалыптасу кезеңі, сол замандағы мінез-құлқы, кісілік кейпі туралы сен ғана білетін қаншама хикая бар. Түгендемесең де, негізгі бір тұрғыларын таңбалап кету қажет екен.


Бұрнағы бір кезең, қырық, әлде елу жасымда айтар едім, алпысқа жетіп өлген жазушының  арманы жоқ деп. Жазарын түгеспесе де, негізгі шығармаларын тәмамдап үлгерсе керек. Алайда, біз жасаған заманның сыр-сыпаты, зорлығы мен зобалаңы басқаша  болды, ойдағы көп дүние өзіңмен бірге кетуі де мүмкін екен, сол арман болған алпыстан соң болмыс-бітісі, ой тұрғысы мен тақырыбы өзгеше тағы қаншама әңгіме, хикаят, романдар жаздық. Әбіш негізгі шығармаларын алпысқа дейін, тіпті, елуге жетпей тұрып жарыққа шығарып үлгерген екен, алайда, жетпісінде де жазары таусылмаған, көкіректе тағы қандай толғамдар жатты, бәрін жиып қойғанда, жарық дүниенің мехнатымен қатар, қызығы да мол, әлі де жасай тұрса керек-ті. Бірақ жазмыштан озған пенде жоқ. Десе де, кез келген жанның артындағы алыс-жақын ағайынға, ал қандай да елеулі тұлғаның туған халқына тастап кеткен айғақты аманаты болады. Соның бір парасы – алаштың азаматын кейінгі ұрпаққа таныта түсетін, естелік кейіпті шығармалар. Осы тұрғыдан алғанда, менің Әбіш туралы жазуым – қажетті лебіз ғана емес, міндетті парыз сияқты.


Әбіштің  қаламгерлік  қызметі туралы көп айтылған, әлі де айтыла бермек. Әлбетте, қалыпты ұғымға үйлескенімен, менің де өзіндік толғамым бар. Көптеген, әсіресе бастапқы және жалғас кезеңдегі әңгіме, повестеріне сүйсінгенім, сүйінгенім анық, одан соңғы романдарын, қадір, қасиетін тани тұра, сын көзімен оқығаным есімде, ал енді бір дүниелерін, мәселен, Шыңғыс ханға қатысты хикаятын қабылдай алмадым. Әбіштің аса мол көсемсөз үлгілерінің бағамы да күрделі. Бұл арада бар кілтипан көркемдік танымнан гөрі, әлеуметтік, қоғами, тарихи көзқарасқа байланысты. Жалпы, мен прозаға бойлап енген «Тазының өлімінен» соң, әдеби сыннан біржола дерлік кеттім. Қатарлас қаламгерді мадақтасаң, бағасын белгілей, жағымды сөйлесең жақсы, алайда, барды-жоқты кемшілігін мінеп, ашыла айтсаң, өзіңді көтергендей көрінесің. Тұстастарың ғана емес, өзің үшін де қолапайсыз жағдай. Сондықтан бұл жолы да негізгі сөз – жазушы Әбіш туралы емес, адами Әбіш туралы болмақ.


Әбішті алғаш рет мінберде, мағналы сөз үстінде көрдім. 1957 жыл. Мен орта мектепті медальмен, үздік бітірген оқушы ретінде, Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне емтихансыз түскем. Июнь айының соңғы күндері. Арада апта өтпей, бүткіл университет бойынша қабылданған медалистер қатарында іргелес Жамбыл ауданы һәм Отар стансасында астық дайындау науқанына жегілдік. Қызыл қырмандағы, элеватордағы ертеден кешке дейін созылатын ауыр жұмыстан шаршасам да, жаңа өмірдің бастауы, шамасы сексен-тоқсан күндік бейнеттен соң, Алматыға көтеріңкі көңілмен оралған едім. Бір аптадан кейін, 14 октябрьде оқуымыз басталмақ. Сабақтан үш күн бұрын, жұма, әлде сенбі, Пушкин атындағы Орталық  кітапханаға  бардым. Бәлкім  алдынала естідім, анығы – көлденең сәйкестік, сол замандағы қазақтың ең атақты жазушысы Сәбит Мұқановпен кездесу болады екен. Үлкен оқу залы, жапырлаған жастар. Бәрі де студент қауымы. Мен алдыңғы бір қатардан орын таптым. Әуелі Сәбеңнің өзі сөйледі. Өте тартымды, әсерлі, қызғылықты. Содан соң қол көтеріп тіленген оқырман жұртқа сөз берілген. Әуелгі бір балалардың лепесі мадақты, тамсанысты, бірақ мәнсіздеу шыққан. Мен сөйлесем бе, сөйлемесем бе деп, дүдәмал көңілде отыр едім. Екі, әлде үш жігіттен соң, жазушы және кітапхана басшылығы жайғасқан столмен қатарлас жұпыны мінберге шашы жалбыраған, көзі ойлы, қара-торы бала шықты. Міне, нағыз шешен. Бар лепесі мағналы. «Өмір мектебінен» бастап, «Ботагөзге» түсті. Шын мәнісіндегі халық жазушысының өзіндік ерекшелігі, тіл байлығы, шынайы суреткерлігі туралы төгіліп бір сөйледі дейсің. Бұдан соң кезек тиген оншақты жастың ішінде жақсы пікірлер болды, бірақ қара баланың әуезі бәрінен мазмұнды, бәрінен астам шықты. Иә, қара балаға жете-қабыл, бірақ артық әсіресіз, салмақты бір сөз болды, жасы бізден үлкенірек, ақсұр жігіт екен, жоғарғы курс студенті деп шамаладым. Енді мен Сәбең туралы сөйлеуден айныдым. Мына екеуінен асырып айта алмайсың, оның үстіне, қанша бағаласам да, табынбайтын жазушым және бірталай кемшін пікірім бар, мәселен, «Ботагөздің» соңғы тарауларындағы шартты жасандылық, дәп осы арада бықсытып жату орынсыз, ол замандағы менің ең үлгілі жазушым – Мұхтар Әуезов болатын, Сәбит Мұқановтан өлшеусіз жоғары санаймын (қазір екеуін теңгермесем де, «Өмір мектебінің» ақырғы беттерсіз Бірінші кітабын «Абай жолының» алғашқы томымен қатарлас классика ретінде танимын). Сонымен, көзі тірі, әрі даңқты жазушымен алғашқы кездесу – мереке іспетті үлкен оқиға болды.


Арада екі-үш күн өткенде университеттегі дәрістеріміз басталған. Әуелгі сабақ – тіл-әдебиет және журналистика бөлімдерінің жетпіс бес студенті жинақталған үлкен аудиторияда өткерілді. КПСС тарихы. Мен мұндағы балалардың ілкіде қатарлас түсіп, бірге жұмыстаған екі-үшеуінен басқасын танымаймын. Бірақ бәрі дерлік өзім қатарлас, өрімдей жас. Төрт-бес қыз ғана көрінді, қалғаны әрқилы, көбіне тым жұпыны киінген жігіттер. КПСС тарихының маманы – мәнерлеп, нығыз сөйлейтін, белгілі кісі екен, бірақ сабағына қарай, дәрісі де қызғылықсыз шықты. Қырық бес минуттан соң үзіліс. Міне, осы кезде көрдім, әуелгі бір қатардан алдыңғы күнгі қара бала көтерілді, сол заманда «вельветка» аталатын, қоңыр барқыт кеудешесі бар. Мен ортадан шыққанша, қарсы, бетпе-бет келіп қалыппыз. Бірден-ақ қол ұсынып амандастым. «Алдыңғы күні Сәбит Мұқановпен кездесуде болдыңыз ғой деймін?..» Мойыл көзін төңкере, маған байыптай қарады. «Иә болдым»,  – деді сүлесоқ кейіпте. «Өте жақсы сөйледіңіз», – дедім. Ризашылықпен, бейқам жымиды. «Сіз?..» «Мен... бұрынырақ қабылданып, жұмыста басқа жақта болып едім.» «А-а.. медалист...» – деді жадырай күліп, иығымнан қақты. Әбіш – Мұхтар. Мағауин – Кекілбаев... Соңынан байқадым, орта мектепті алтын, күміс медальмен бітіріп, «еңбексіз» оқуға түскен балаларды кейінгі, қатаң сынақтан өтіп қабылданған студенттер тым ұнатпайды екен, сын көзімен қарап, өздерінен ешқандай артықшылығы жоғын, тіпті, кемшін түспегін әйгілегісі келіп тұрады екен. Әбіш мені бірден-ақ іш тартып, риясыз пейіл танытты. Бір топта екенбіз, бұдан былай көбіне қатар отырып, еркін әңгімелесіп жүрдік. Айтпақшы, кешегі кездесуде жақсы сөйлеген құбақан жігіт те сол күні біздің аудиториядан табылған. Сәл кейінірек таныстық, журналистика бөлімінің студенті, есімі – Нұрмахан Оразбеков; орыс басқан Рудный қаласы, металлургия заводында екі жыл жұмыс жасап келген екен, бізден небәрі үш жас қана үлкен, алайда, өмірді таныған, сақа жігіт болып көрінді.


Көп ұзамай, осы үшеуімізді және курстас басқа да балаларды біржола жақындастырған төтенше оқиға болды. Факультет комсомолының жылдық, есеп беру – сайлау жиналысы өткізілмек. Филология және журналистика бөлімдерінің орысы мен қазағы шамалас жеті жүз елу студентінің басым көпшілігі үлкен акт залына шоғырланған. Жиналыс орысша басталды, есепті баяндама орыс тілінде жасалды, жарыссөз тағы да орысқа кетіп барады. Мен ыза, ренішім ішіме сыймай, сөз сұрадым. Үш-төрт кісіден кейін тиді. Қазақша сөйлеймін, деп бастадым. Орысшам жетіп тұрса да ана тілімде айтар едім. Осында отырған студенттердің басым көпшілігі – қазақ бөлімінен. Біздің оқу орнымыз – Қазақ университеті аталады. Еліміз – Қазақстан, Қазақ республикасы. Ал манадан бері бір ауыз қазақша сөз естімедік. Егер қазақ тілі соншама қажетсіз болса, біз неге қазақ бөлімдері аталып, қазақша оқып жатырмыз? Комсомол секретары – орыс филологиясы, екінші курсқа жаңа шыққан Әділбек деген аққұба, көрікті жігіт екен. Жаңылмасам, сойы – Сауытбеков. «Ол былай ғой», деп, таза қазақша сөз қыстырып еді, «Сөзімді бөлмеңіз, – дедім. – Берілген бес минуттан аспаймын. Және менің бар айтқанымды орысшаға аудармаңыз. Өзімізді өзіміз түсініп алсақ та жетеді». Бұл Әділбек, кейін аңдадым, өте бір дарынды, жасына жетпей ақылы толысқан, байыпты, салауатты жігіт еді, университеттен соң орыс әдебиеті кафедрасында қалдырылған, арада екі-үш жыл өткенде, КГБ-ның қатысымен, шовинист әріптестері ұйымдастырған көлденең жалаға ұшырап, сегіз жылға сотталып, содан біржола жоғалды. Осы Әділбек енді маған ишара жасады да, орыс жағына бір ауыз түсінік берді, біздің қатарымызға жаңа қосылған студент өзінің ана тілінде сөйлейді және орысшаға аударуды қаламады, деп. Мен бұдан әрі, біз қазақ болғандығымыз үшін, осы университет қабырғасының өзінде көптеген кемшілік жағдайда жүріп жатқанымызды айттым. Ең басты кесел – орыс бөлімі студенттерінің астамдығы. Әуелде, анау күнгі ауыл шаруашылық жұмыстарында байқадым. Мен үздік оқушы ретінде университетке емтихансыз түскен едім. Қатарлас қазақ балалары да солай. Ешкімнен кем емеспіз. Алайда, орыс тілді жігіттер мен қыздардың бізге әлдебір мұхит аралындағы жабайылар сияқты, тым жоғарыдан қарағанын көрдім. Әрнеден сылтау тауып, кеміткісі, қорлағысы келіп тұрады. Ұлттық намысқа тиген жағдайлар да ұшырасты. Ол – далада, еркін өмірде болса, университет аумағында да дәп осылай. Орыс бөлімінің жігіттері кеуделеп жүреді, дәлізде қарсы келсең, жол беруің қажет сияқты, қағып, соғып өтеді, қыздары қашанда мазаққа бейім, көбіне кекетіп, мұқатуға әуес. Түйіндеп айтқанда, біз Совет Одағының тең құқұқты азаматы болмай отырмыз, бүгінгі, бастан-аяқ орыс тілді жиналысымыз соның нақты айғағы, дедім. Осыдан соң ию-қию басталып кетті. Залда емес, мінбеде. Біздің курстас жігіттер қатар-қатарымен, бірінен соң бірі сөйлеген. Кейінде орта жолға жетпей, тұрмыс жағдайымен, әлде басқа бір себеппен оқудан кеткен, бойы ортадан биік, иықты, аққұба жігіт бар еді, атын ұмытыппын, Ақберген сияқты, алдымен сол шықты. Менің сөзімді одан әрмен, біраз жерге апарып тастады. Одан кейін Сейтжанов Бақыт – қазбалай сөйлеген. Үш, әлде төрт кісіден соң Әбіш. Бар сөзі кейіс, түңіліске құрылды, мұндай ахуал заң, тәртіп аясы тұрыпты, адамгершілік моральға сыйыспайтынын айтқан. Тағы екі-үш жігітіміз. Ақыры Нұрмахан Оразбеков. Қазақша бастап, орысшаға көшті. Жеткізіп айтқан. Адам баласы, оның ішінде әлемнің алдында тұрған совет азаматтарының құқықтық тең жағдайда болуы шарт екені, бұл мәселе ССРО Конституциясының өзінде бекітілгені, Лениннің ұлы орыстық шовинизмді айыптаған сөздері. Нұрмахан аяқтаған кезде жиынның әр тұсынан әрқилы дауыстар шығып жатты, енді орайсыз әңгімеге жоғарғы курс студенттері де араласатын сияқты. Жиналыстың биік сахнадағы, факультет басшылары һәм университет партия ұйымының өкілдері отырған төралқасында үлкен абыржу байқалған. Нұрмаханның сөзіне жалғас сыбыр-күбір, азғана тыныстан соң Әділбек жалпы жұртты тыныштыққа шақырды да: «Біздің факультеттің  биылғы жаңа толқыны – аса жауынгер екен, сөздері орынсыз емес, бірақ сабыр керек!» – деп қазақша бастап, орысшаға көшті де, журналистика бөлімінің аға оқытушысы, факультет партия ұйымының бюро мүшесі деп таныстырған қартамыш, мыржиған қазаққа сөз берді, есімі – Зейнолла Тұрарбеков екен. Партия қайраткері езіп-мыжып, ұзақ сөйледі. Әлбетте, қазақбайский акцентпен, орысша. Дауыс көтерген жоқ, ұрысқан, зекіген жоқ, бірақ алдыңғы сөйлеген балалардың бәрінің де өмірлік тәжірибесі жоқ, көкөрім жастығын, интернационалдық сана-сезімдерінің әлі де жетіспей жатқанын ашып көрсетті. Осы тұрғыда, партия тарихы, марксизм классиктерінен дәйектеме ала отырып, қаншама үлгілі насихат, ғибратты кеңес айтқан. Тыңдаған ешкім жоқ, мынау нағыз сұмырай, сатқын екен деп отырмыз. Ақыры, сөйлеп бітті. Бұл кезде сағат түнгі он екіге тақап қалған. Комсомолдың есеп беру – сайлау жиналысы адыра қалды. Есебі – жартылай, сайлауы бастаусыз. Бұдан әрі созса, таңға кетпек. Әділбек қасындағы үлкендермен азғана кеңесті де, бұрын болмаған жағдай екен, жиналыстың екінші бөлігін келесі кешке көшірді. Ертеңіне таңертең сабақ үстінде, біздің курсқа бірнеше оқытушы келген. Бәрі дерлік таныс мұғалімдер. Өткен жиналыста сөйлеген жеті-сегіз бала, әрқайсымызды лекциядан алып шығып, жеке бұрыштарда арнайы әңгіме өткерілді. Әуезі белгілі. Кінәламайды. Бірақ мақұл да емес. Бөтен сөздің қажеті не. Интернационализм – игі құбылыс, артықша күш. Бүлініп жатқан ештеңе жоқ. Әлденендей кінәрат болса, дабырасыз жөнделуге тиіс. Комсомол жиналысының бүгінгі жалғасы ың-шыңсыз, тыныш өтуі керек. Ақылды болыңдар. Сонымен, бар әңгіме тәмамдалды. Кешкі жиынымыз ұйымдасқан түрде, тезінен атқарылды. Өткендегі дау-дамайдың елесі де жоқ. Ең үлкен жаңалық – біздің ішіміздегі басбұзар жігіттердің бірі Нұрмахан факультет комсомол комитетінің мүшесі болып сайланды. Сонымен қатар, еңбек майданынан өткен сақа жігіт есебінде ерекше санатқа алынса керек, тиесілі мекеме әлденеше рет тәрбиелік кеңеске де шақырған сияқты, жай-жапсарын анық білмеймін. Әбіш те, мен де жалғас күндерде ешқандай қысасқа ұшырағамыз жоқ. Бірақ есептен шықпасақ керек, сырттай, алыстан бақылау жасалуы әбден ықтимал. Ол заманда, советтер ауқымында бағымсыз, бейсауат кісі жоқ.


1957 жыл, 14 октябрь – біздің таныстық, достығымыздың басы болғанымен, менің Әбішті алғаш көруім емес екен. Кейінірек айқындалды, әуелгі білісім – біршама бұрнаға кетеді екен. 1950 жыл, біздің отбасы Семей, Шұбартау ауданы, орталықтан елу шақырым жердегі Алғабас колхозында тұрамыз. Жаз ортасында ауылға көшпелі автоклуб келді. Ашық аспан астында, колхоз кеңсесінің қабырғасына ілінген аппақ экранда «Жамбыл» деген жаңа фильм көрсетілген. Кино басталған бетте «Сары-Арқа» мен «Саржайлау» күңірене шалқыды. Содан соңғы көрініс, дабыралы жиында мағналы, мәнді жыр айтқан орталық кейіпкерді екпіндей толғаған жас ақын бет қаратпаған. «Әй, анау байдың ақыны Жамбылды жеңіп кетті!» – деді мені алдына алып отырған үлкен әкем Мағауия дауыстап. Басқа жұрт та дабырласып жатыр. Байшыл ақын – ол кезде жап-жас, аруақты Ғарифолла Құрманғалиев екенін кейінде байыптадым. Мен үшін бұдан гөрі мәндірек жағдаят – фильм алдында көрсетілген киножурнал болып шықты. Маңғыстау деген алыс аймақтағы ескілікті зираттар. Жапырлаған, тозған мола емес, құбыла түрленіп, қатар-қатарымен бой түзеген әсем күмбездер, әрқилы ғажайып ою, өрнектер бедерленген еңселі құлпытастар. Өзгеше суреттердің бір тұсында алдыңғы қатарға мен құралпас жас бала шықты. Әлде тақпақ, әлде жыр, бәлкім, қара сөз, төгіліп тұр. Арыда айдынды күмбез, қасында өзінен әлдеқайда биік, әсем өрнекті, мығым құлпытас. Бала өте еркін, бар сөзді өз жанынан шығарып тұрғандай өжет кейіпте. «Әй, мына бала біздің Мұхтар сияқты екен, ғұмыр-жасы ұзақ болсын!» – деді менің атаммен дос-жар Ахметжан деген ақсақал. Қасиетті Бабаң – Байғотан бидің ұрпағы. Ол заманда қазақтың бір-біріне тілеулестігі, әсіресе, мектепте жақсы оқитын балаларға сүйініші ерекше болатын. Міне, менің есімде қалған, суретте емес, жылжымалы, тірі кейіпте жүзін көрген он жасар қара бала – кейінгі Әбіш Кекілбаев екен. Маңғыстау мұраларын зерттеуге келген әлдебір экспедиция киноға түсіріп әкеткенін біледі, соңында жұрттан естіген, бірақ өзі көрмепті. Қазақ даласының екінші қиырындағы, ақыры қаламдас, қанаттас болуға тиіс Мұхтар Мағауин көріпті. Бұл кино-кадр, өкінішке қарай, сол беті жоғалған екен, кейінде Қазақфильмде бас редактор болып жүрген кезінде архивтен қаншама іздестірсе де табылмапты. Өзінің жазған, жазбағанын білмеймін, Әбіштің болашақ ғұмырының жұртшылық алдына шыққан әуелгі бір жария көрінісі туралы ақиқат куәлік бере кету менің үлесіме тигендей.


Сол алғашқы күннен бастап-ақ Әбіш екеуіміз жарастық таптық. Жұбымыз жазылмайды. Сабақ үстінде. Бірақ тұрағымыз бөлек. Ол Виноградов көшесіндегі жатақханада, мен – 1-линия аталатын (қазірде Байзақовтан кейінгі) көшеде, ауылшаруашылық жұмыстарында бірге болған, экономфакта оқитын Әйтімбек деген жігіт, және тағы бір бала – дүмдей орыс кемпірінің есігі бөлек, тапалтақ бөлмесін жалдағамыз. Әбіш екеуіміз кейде сабақтан соң үйге қайтпай, көшеде жүріп қаламыз. Мен әуелгі апталардан бастап, Пушкин атындағы Орталық кітапханадан берік орын тепкем. Отызыншы жылдардағы «Қазақ әдебиеті» мен «Әдебиет майданы» журналын тексерістеп жатырмын. Көп ұзамай, осы қатардағы ескілікті кітаптарға, орыстың тосын әдеби журналдарына түстім. Ал қазақы басылымдарды сүзе қарағанда, басқа бір әуен. Шығармалардың сапасы өте төмен, бала кезімнен менің жүрегімде дық болып келген 32-33-жылғы ашаршылықтың елесі жоқ, оның есесіне 37-38-жылдардағы жаппай қаралау науқаны айрықша көрініс тапқан екен. Пәлелі-жалалы былғаныш мақалалар. 30-жылдар әдебиетіндегі бар жаңалық – осы өткен жылда ғана ақталған, енді айрықша насихаттала бастаған Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет пен Жансүгіровтың әзірше баспаға үлгермей жатқан шығармалары да бар. Бір күні Әбішке айттым: Сейфуллиннің «Қызыл аты» – ашаршылық туралы жазылыпты деген дақпырт бекер екен, мүлде басқа деп, тұспал да емес, бөстекі сөз деп, мазмұндап бергенім есімде. Тағы да басқа хикметтер. Адам жас кезінде азғана білімінің өзін көпке жария еткісі келіп тұрады ғой. Оның ішінде біздікі – әдебиеттің өткені мен бүгіні туралы кеңес. Әбіш мен ашқан «жаңалықтарды» қызыға тыңдайды, өзінің кітапханашылдығы жоқ. Жаңадан жазған өлеңдерін оқиды. Бұл әдемі, сол кездің өзінде кемел жырлары әзірше баспа бетіне жол ашпаған, оның есесіне «Лениншіл жас» газетінің бетінде әрқилы тұрмыстық мақалалары басылып тұрады. Оның ішінде Маңғыстаудан қатарлас келіп, институтқа түскен бір ауылдасының оқу есебіне сейіл-серуенге бой ұрып, ақыры елге қайтқаны туралы, ғибратты мақаласы болып еді. Әзірше көркем прозаға қадам салмаған. Мен бала кезімнен өлеңмен әуестенбедім, оның есесіне үлкен жазушы болам деген сенім бар, тек дайындық жетпей жатқандай; бұл кезде әрқилы сын мақалалар жазам, Абай текстологиясы туралы біршама дәйекті зерттеу жасадым, ешқайсын ешбір газет қабыл көрмеген. Осыған орай біздің курста Әбіш танымал қаламгер есебінде, мен – жазу атаулыдан тыс, білімдар студент санатындамын. Екеуіміздің де жасымыз он жетіден жаңа асқан, көп ұзамай он сегізге аяқ бастық, бірақ өзімізді тым ересек санаймыз, ең бастысы – сенім мол, бүгініміз – келісті, болашағымыз – ғажайып көрінеді. Әбіш өз ортамыздағы дәрібіне қарамастан, тым биязы, бейбіт, сүлесоқ, ал мен көкіректеп тұратын болсам керек. Мінезіміз үйлеспейді, бірақ соншама түсіністі татулық бар. Екеуіміз қысқы салқын  күндерде тоңазып та қалады екенбіз, мұндайда әлдебір асханада бой жылытамыз, содан соң Әбіштің жатағына бас сұғамыз, бізбен курстас Бақыт Сейтжанов, Тұрғанбай Ділдәбеков, Дидарбек Рамаданов, Марат Нұрғалиев деген, кейінде әрқилы тағдыр, әрқилы жағдайда ғұмыр кешкен жақсы жігіттер болды. Әлбетте, бар әңгімеміз – әдебиет төңірегінде. Қол бос күндерде мен Әбішті көбіне киноға сүйреймін. ҚазПИ-де Алтын дейтін, нағашы әпкем болды, әкеден ерте айрылған, бар жағдайы біздің шаңырақтан, Әбішті айрықша жақсы көретін, қашан барсақ та, азды-көпті мәзірі дайын, бір жолы манағы жігіттердің ішінде Тұрғанбаймен қоса, арнайы қонаққа шақырғаны бар.


Алғашқы жыл, қайткенде ауылды сағынамыз. Көктем туар-тумаста мен аңқам кеуіп, Сары-Арқаның қымызын іздей бастадым. Базарға түседі-міс, бірақ көк су болады екен, ең дұрысы – Панфилов паркіндегі жазғы ресторан деп естідік. Шіркін, қымыз-ай, деймін мен. Қымыз деген не, шұбатты айтсаңшы, дейді Әбіш. Шұбат деген – түйенің ашытылған сүті, біздің ауылда сирек те болса ұшырасатын, түйе-қымыз дейді, дәп осыған жуық, сұйқылтым сыйыр-қымыз деген де бар, амалсыздан шыққан, нағыз қымыздың жөні бөлек қой, деймін мен. Шұбатпен салыстыруға келмейді, дейді Әбіш. Әдетте ешқашан дауласып көрген емеспіз, бұл жолы да әркім өз пікірінде. Екеуіміз де оң екенбіз. Сары-Арқаның қымызы айрықша, ал Маңғыстаудағы қымыз, әлбетте, жердің шөбіне байланысты сұйқылдау келеді екен, осыған керісінше, Сары–Арқаның шұбаты – көпіршігі мол, ашқылтым тәрізді; ал кейінде нәсіп болды, Маңғыстаудың шұбаты көрер көзге ғажайып, аппақ бал сияқты үйіріліп тұрады, денге – саулық, тәнге – қуат. Әлбетте, қазақтың қымызы да, шұбаты да әлемде теңдесі жоқ сусын, әрі тамақ. Ақыры бір күні парктегі жаздық ресторанға қымыз түсіпті деген хабар жетті. Жексенбі болса керек, Әбіш, Бақыт, Тұрғанбай төртеуіміз тура аттандық. Рас екен. Ас алғамыз жоқ, қалауымызша қымыз келтірдік. Қырда өсіп, қымызға үйренген кісінің дәм-түйсігі кірпияз, қатесіз болса керек, мен бар мұратым орнына келгендей, рақаттана, сыздықтай сораптап отырмын, Әбіш маған сынай, жымия қарап қояды, келер мезетте: «Жақсы қымыз екен», – деді, әрине, шұбатына жетпейді, менің көңілім үшін айтқаны. «Сары-Арқаның қымызынан төмен, – дедім. – Әйткенмен, тәп-тәуір, алданышқа жарайды». Төртеуімізге төрт графин құйғызған едім, соза тартып, тауыса алмай, бірталай отырдық. Шындығында, төрт шишаның екеуін мен ішсем керек, ақыры масаймасақ та, тым көңілді жағдайда стол басынан көтерілдік. Ол кезде арнайы эстрадасынан сенбі, жексенбі күндері әрқилы концерт, тіпті, атаулы опералардың тұтас бір бөлімдері қойылатын парк ішінде тыныстадық, әлде шетелдік кинофильмдерге бардық, бәлкім, әдебиет төңірегіндегі таусылмас әңгімемен саяда отырдық – нақты есімде жоқ.


Тым ұзақ көрінген алғашқы курс та өткерілді. Әбіш екеуіміз жазғы сессияны деканның рұқсаты бойынша, мезгілінен бұрын тапсырып, май айының соңына таман өз ауылдарымызға қайттық. Екі қиырдан екі-үш рет хат алмастық. Жаздық демалыс өткеріліп бітпей-ақ, кейінгі жылдарда, тіпті, оқу біте салысымен айдайтын, міндетті ауыл шаруашылық жұмыстары бар. Әдетте «Тың өлкесіне» жібереді. Бармай, бой тасалап қалған студент жатақханадан немесе стипендиядан айрылады, екеуінен бірдей қағылуы да мүмкін. Ауылға кетерде деканаттан сұрағанбыз, мезгілді меже – июль айының соңына қарай, екеуіміз екі жақтан келіп жеттік. Сөйтсек, емтиханның ақырғы күндерінде әуелгі мерзім қысқарып, осы айдың он бесінде бүткіл университет студенттері Ақмола облысына арнайы тауар эшелонымен, екі-үш лек болып аттанып кетіпті. Деканат бізге кешіктіңдер деп кінә қоя алмады. Факультеттің барған жері нақты белгілі, артынан өздерің қуып жетіңдер деген. Мынаусы тіпті қиын болды. Сөйтіп, әрі-сәрі, абдырап тұрғанда, Ыбырайым ағай Маманов кездесе кеткені. Баяғы Жетісудан әйгілі, 1899 жылы жаңа үлгідегі «Мамания» мектебін ашқан, 1914 жылы романға бәйге жариялаған атақты алпауыт Маман – Тұрысбек, Есенғұл ұрпағы. Еңсегей бойлы, толықша келген, салмақты, сабырлы кісі еді. Өткен екі семестр бойы «Қазіргі қазақ тілі» пәнінен дәріс берген. «Сендер қайдан жүрсіңдер?» – деді бізді көргенде қуанып кетіп. Солай да солай. «Тіпті жақсы болыпты...» Сөйтсек, филология факультетінің  оқу программасы бойынша, осы жазда университет студенттерінің бір тобы фольклор-тіл тану экспедициясына баруға тиіс екен. Деканаттың салақтығы ма, басқадай жауапсыздық па, бұл шараға міндетті Ыбырайым ағай уақтылы хабарланбаған, енді иен қалған университеттен кездейсоқ студенттер табу үшін келген беті екен.


Сонымен, Әбіш екеуіміз, ойламаған жерде, өз тұрғымыздан қарағанда, аса маңызды ғылыми экспедицияның мүшелері болдық та шықтық. Ыбырайым ағай сол күні ме, әлде бұрын, немесе кейін бе, тағы үш студент тапқан екен. Екі қыз және бізден жоғары курста оқитын, кейінде белгілі ақын Есләм Зікібаев. Бұлар Жамбыл облысына бөлінді. Әбіш екеуіміз – Оңтүстік Қазақстанға. Сөйтіп, арада күн озбай, аттанып кеттік. Жетекшіміз бірер аптадан соң Сары-Ағаш курортына барып жатпақ, кейінірек, соңғы бір күндері арнайы бұрылып, әуелгі есебімізді тапсыру керек.


Ең әуелі Түркстанға келіп түстік. Бағзы бір заманда Қазақ астанасы болған қасиетті Түркстан. Ол кезде біздің тарихи білігіміз тапшы, ең негізгі нысанамыз – Әзірет-Сұлтан – Хожа-Ахмет Ясауи күмбезі. Кешкілікте қала орталығындағы мейманханаға келіп орналастық. Шатырлы, жалғызқабат, ұзыншақ үй екен. Оншақты ғана номері болса керек. Бізге екі кісілік, жайлы, кең бөлме тиді. Қызмет көрсетушілер – өзбек, қазағы аралас әйел, еркек, түр тұлғасы жұпыны, жүріс-тұрысы да сыпайы. Бәрінің де тілі қазақша. Шай алғызып іштік қой деймін. Бірден байқалғаны – радио өзбекше сайрап тұр. Соңғы хабарлар және құлағымызға тосаң естілген әрқилы, шуылдақ ән. Ол кездегі Түркстанның өзгеше жағдайын ертеңіне, көшеге шыққанда аңдадық. Халқы аралас екен, бірақ ала тақиялар көбірек. Базар қайда деп сұрастық. Тым тақау, бірер орамнан кейін. Бізге базардың өзі емес, онда ұшырасуға тиіс үлкен кісілер керек. Алайда, бұл арада қазақ аз, өзбек шалдары басым екен. Көбіне сөресіз, тықыр жерге үйілген ала қарбыз бен сап-сары, көгілжім, торлама кейіпті, сопақша, үлкен қауындарын саудалап отыр. Көзіміз тартқанымен, әуелі өзіміздің бірлі-жар ақсақал, қарасақал кісілерімізбен тілдестік. Жартымды әңгіме шықпады, оның есесіне жасамыс бір кісі тура жол сілтеген. Іргедегі Шорнақ дейтін ауылда Әбдірейім деген қария бар, ақын, білімдар кісі, сөз қуып жүрсеңдер, түгелін содан табасыңдар, деген. Ақын болса, ақсақал болса, одан артық не керек. Жөн-жобасын айқындаған соң, ертең шықпақ болдық. Тақау бір тұста Әзірет-Сұлтанның көк күмбезі күңіреніп тұр. Бұл кезде күн қақ төбеге көтерілген, қапырық ыстық, әрі шөлдеп барамыз. Мейманханаға қайтуға тура келген. Әбіш үлкен бір сары қауын таңдап алды. Мұнда жеміс атаулы Алматымен салыстырғанда, тым арзан екен. Ат басындай қауынымыз небәрі үш сомға түсті. Саудаласпадық. Бәлкім, екі сомға берер еді. Көп ұзамай он есе ұсақтаған, анығы – қымбаттаған ақша ғой, үш сомымыз отыз тиынға тең. Шын нарқын содан біліңіз. Мейманханаға оралып, рақаттана отырып қауынымызды жеп, шөл қанып, әрі тоғайып алғаннан соң бөгелмей, Көк күмбезге тарттық.


Алған әсер, толқыған көңіл жайын тәптіштемей-ақ қояйын. Өткен даңқты, салтанатты тарихымыздың бүгінге жеткен бір көлеңкесі. Әзірет-Сұлтанның тақау төңірегі, тізеден деп айтпайын, тобықтан асатын, майлақы, ұсақ, сары топырақ, аяқ басқан сайын күрп етіп, көтеріледі, дәл іргеде, оқ шалым жерде омырая құлаған шағын күмбез, одан беріде – мұжылған, тозған, әрқилы тоқал қабырғалар жұрнағы, кеудесі биік аспани Әзірет-Сұлтанның өзі жат жұрт, елсіз иенде жетім қалғандай, мұңды, зарлы көрінді. Әсем өрнекті, көгілдір қабырғаларды жағалап, оңды-солды айналып, бірталай жүрдік. Кейінде Әбіштің әлдеқалай жазғаны бар. Біз төтелей келген тараптан басқа, қарама-қарсы тұс біршама тазартылып, соқпақ аршылған екен. Шаң қауып, топырақ жалдап жеткен жолымыз еңселі, елбір болса, қайтардағы ашық жолымыз басқаша, ұнжырғамыз түсіп, мұң арқалап шықтық.


Ертеңіне Шорнаққа жеттік. Сұрастырып, іздеген үйімізді оңай таптық. Үш бөлмелі тоқал там, ескіріп мүжілген аласа дуал, ішкі іргеде суармалы, қуаң жерде шағын қауындық. Әбдірейім ақсақал – жасы алпыстан асқан, шоқша сақал, сарғыш өң, иман жүзді қарт екен. Арнайы іздеп келген балаларды құрметпен қабыл алды. Әуелгі шай үстінде-ақ көл көсір әңгіменің тиегі ағытылған. Ақсақалдың үйінде үш күн жаттық. Қаншама хикая, өлең-жыр, қисса дастандар. Біраз сөзімді Академияға тапсырдым, деді ақсақал. Тапсырмаған нұсқалардың ішінен Ақтабан-Шұбырынды заманға қатысты әйгілі «Қаратаудың басынан көш келеді» толғауын жазып алдық. Біршама ұзақ жыр. Тобықты Топыш ақынның сөзі деп еді. Мен кейінірек, үшінші, әлде төртінші курста жаңадан көшіріп, Әбіш екеуіміздің атымыздан Ғылым Академиясына өткізген едім. Арнайы зерттеген емеспін. Сонымен қатар, Әбдірейім Байтұрсынұлы «Алпамыс» жырының жаңа бір нұсқасын араб жазуымен қағазға түсіріп, Әдебиет институтына тапсырған екен. Бізге кейбір шумақтарын жатқа айтып отырды. Бірақ бұл – Алпамыстың ақыры емес, деді. Келесі хикаялар батырдың ұрпақтарымен жалғасады. Мен бұдан қырық жыл бұрын, Кіші жүз Әкімгерей ақынның әлдебір жиын-тойда екі күн қатарынан жырлағанын естіп, кейін алдына барып, қайыра пысықтап, үйренген едім, енді көп жері жадымнан шығып кетіпті, осы қысқа қарай, алаңсыз, қаптал отырсам, бес-алты айда түгендеп шығар едім, деген. Арасында бірер шумақ үзігі, жекелеген көріністері бар, бастан-аяқ қара сөзбен баяндап берді. Бұл дастанда Алпамыс ұрпақтары ағайындас өзбектермен одақтасып, піл мінген моғол әскеріне қарсы соғысады, жауын жеңіп, өзбектерді бар пәледен аман алып қалады. Кейінде мен бұл өзгеше майдан – Ұлы Моғұл империясының дәуірлеген заманы, Шах-Жахан падишахтың тұсында мұрагер патшазада Әуренгзаб пен Бұхар хандығының арасындағы алмағайып соғыс, ағайындас жұртқа көмекке жүз мың әскер аттандырған Салқам Жәңгірдің Балх жорығы екенін айқындаған едім. Ол кезде, әрине, өзгеше жырдың тереңнен тартқан тарихи негіздері туралы байлам жоқ, бірақ өзгеше эпос туралы дерек бере кету парыз сияқты көрінген. Түркстанға қайтып оралғаннан соң Әбіш екеуіміз екі бұрышта жазуға отырдық. Әбіш кеңінен толғанып, Түркстан, Әзірет-Сұлтаннан бастап жазуға кіріскенде, мен небәрі үш беттік, хабарлама сыпатты мақаланы тәмамдап қойған едім. Соңына Әбіштің аты-жөнін, содан соң өзімді тіркеп, алдына тарттым. Әбіш жұмысын тежеді де, жедел шолып шықты. Содан соң ризашылықпен күліп, тамаша жазыпсың, деген. Мен тым арыға кетіп қалыппын, осылай болғаны жөн, деді де, өзінің атын сызды. Жалғыз шапқаның жөн, деген. Әдебиет тарихымен айналысып жүрсің, сенің қолайың, деген. Мен айттым, бұл – мен ашқан жаңалық емес, жырдың жаңа нұсқасын екеуіміз бірге таптық, егер мақаланы сен жазсаң, менің атым қалып қою керек пе, кім таңбаласа да, екеуімізге ортақ жағдаят, дедім. Әйтпесе жіберіп қажеті жоқ, дедім. Әбіш маған қадала қарап азғана отырды да, өзінің есім-сойын менен кейін тіркеп жазды. Мен сол арада мақаланы қайыра, тазалай көшіріп шықтым. Сол күні поштаға барып, «Қазақ әдебиеті» газетіне жолдадық. Бұл мақала жаз өтіп, күз өтіп, қыс түскен соң, өзіміз де ұмытуға жақындаған шақта, «Қазақ әдебиеті» газетінің жаңа жылдық, алғашқы санында жарияға жеткен еді. Сол беті, аяқ асты қалуы да мүмкін екен, кейінде білгеніміздей, газеттің белді қызметкері, зерделі әдебиетші, ол да түркстандық Рахманқұл Бердібаевтың қолына түсіпті. Мұндай мақала Әбіш үшін үйреншікті жағдай, ал менің есімім баспасөзге шыққан ең алғашқы көрініс, он сегіз жаста жазылған, жұрт алдына жеткен алғашқы еңбегім болды; кең жолды, ұзыншақ блокноттың үш бетін көлденеңдей толтырған, қаралай, шын мәнісінде ізінше, тазалай көшіргенде ешқандай өзгеріске түспеген қолжазба нұсқасы менің Алматыдағы архивімде, алғашқы әңгімелер, алғашқы әдеби мақалалар қатарында сақталып тұр. Ең соңғы орамында Әбіштің қолы, қара қарындашпен жазылған, бұл жағдаятқа Ғылым Академиясы назар аударуға тиіс деген сөйлем бар.


Әбдірейім ақсақалмен үш күн, үш түндік келелі кеңестен соң бар ісіміз байсал тартқан. Осындай жаңалық аштық деген балалық масат, Әзірет-Сұлтанды, Түркстанды көрдік, жаңа жер, еліміздің бір пұшпағын таныдық деген мерейлі көңіл. Топырағы киелі Түркстанда тағы бөгелдік. Қимаймыз. Әуелгі кезекте Сыр-Дарияның жағасына шықтық. Мен үшін ес білгеннен аңыз еді. Біздің жұртта мейлінше таза, мөлдір суды «Сырдың суындай» деп әспеттер еді. Сәбит Мұқановтың бір кітабында әлденендей сырқатқа ұшыраған сұлудың ауыр халде Сырдың суын ішіп өлсем деген тілегі болады, ақыры, түстіктегі төркініне жеткеріліп, Сырдың суын ішкеннен соң құлан-таза айығып кететіні бар. Сырдың бойы нешеме ғасыр бойы қазақ халқының ұстын-тірегі, құтты мекені болды. Жазда Арқаға жайлауға шықса, қыста көбіне-көп ұйықты, тізбе тоғай, қалың қамысты Сыр бойына жетіп паналайтын. Арқадағы, Батыс пен Шығыстағы қалың қазақтың Сыр бойынан алыстап кетуі – ХVІІ ғасырдың басынан, алайда, ұлы дарияның ертегілік арман бітімі көкейден кетпеген. Шіркін Сыр-Дария!.. Сырдың суындай мөлдір, таза... Сол Сырдың жағасында тұрмыз. Үйіріліп аққан, айдынды, мол судың түсі – лайсаң сарғыш екен. Ол кезде кейінгі қажетті, қажетсіз бөгендер салынбаған. Сырдың суы – бұдан мың жыл бұрынғы табиғи қалпында. Сап-сары. Және былғанбаған, тап-таза. Мен халқымның жадына қайран қалдым. Әбішке айттым. Осы өткен қыста ғана фольклордың толық курсын тәмамдадық қой. Ескілікті қаншама әдебиетті үңіле зерттегем. Бәрі де табиғи, бәрі де тамаша. Сұлу Сырдың жағасында тұрып, зәмзәм суын алақанға толтыра іштік. Қайран Сырдың суы!..


Біз Түркстанда және үш күн болдық. Базарды торуылдадық, көше кездік, бірақ айтарлықтай шежіре қарт ұшыраспады. Алайда, барақат тыным тапқан едік. Ақыры, жұмысымыз өнбегеннен емес, межелі уақытымыз жеткеннен соң, қасиетті Түркстанмен қоштасуға тура келді. Пойызға отырып, Шәуілдірге тарттық – бүгінде Отырар ауданы. Тиесілі, Темір дейтін стансаға түстік. Біз жер жағдайын білмегендіктен, уақытымызды теріс есептеппіз. Кеш батуға тақаған, алакөлеңке, аудан орталығы Шәуілдір біршама жер. Амал жоқ, қазақ жөнімен қоналқа іздедік. Шеткері бір үйдің алдында қартаң әйел отыр екен. Біздің жағдайымызды естіген соң, іркілмей, ішке шақырды. Тұрмысы тым жадау. Он екі-он үш жастардағы, жете-қабыл ұлы мен қызы бар. Шай қайнатып, дастарқан жайды. Мәзірі жоққа жақын. Бірнеше үзік, қатқан таба нан. Қысалаң жағдайын айтып, жік-жапар болып отыр. Бізге тамақ емес, бір күндік түнеме баспана керек. Мүмкіндігінше ризалығымызды білдірдік. Әйткенмен, менің көңіл-күйім тым жабырқау еді. Жесір кемпірдің жалбағай тұрмысына ғана емес. Түркістандағы, тіршілігі тәуір саналатын ақсақалдың үйін көрдік. Көңілі көл екен, бізге тым құрса тоқты сойып бере алмағанына әжептәуір қорғалақтаған. Қауын жедік, көже іштік, қарнымыз ашқан жоқ. Бұл да тәубалық. Шорнақ ауылы, оның тақау төңірегін аралап жүргенде жалпы жұрттың тым ауыр ахуал, кембағал тұрмыс-жайын аңдадық. Тіпті, әлдебір тақыр төбешік басында «Әулиенің моласын» күзетіп отырған, етектегі жеркепеде тұратын жетім шалдың жағдайын көргенде жүрек шымырлап, көңіл бұзылған. Енді мынау сорлы кемпір. Бізге тым құрса быламық жасап бере алмағанына қысылып отыр. Жалғыз бұл емес, жарым қазақ осылай, қорлық, кемдікте ғұмыр кешіп жатыр. Ойға берілдім бе, қажет таппадым ба, сөзге араласқам жоқ. Оның есесіне Әбіш кемпір байғұспен кәдімгідей әңгімелесе бастады. Кемпір өзінің өткен өмірі, отбасының әрқилы қиындыққа ұшыраған кебі, шалының қалай өлгені, әлдебір қайырсыз ағайындар туралы айтып жатыр. Қиын тағдыр. Жетімді тұрмыс, әдепкі тіршілік жолындағы мехнат. Әйтсе де, мен онша көңіл қоймаған хикая Әбішке айрықша әсер етіпті. Күз өтіп, қысқа қарай, сол оқиғалар негізінде әңгіме жаза бастап, арты көлемді повеске айналды. Біршама ұзақ отырып еді, ақыры бітпей қалды, кейін қайыра оралмаса керек. Әйткенмен, бұл – ақын Әбіштің көркем проза саласындағы алғашқы талпынысы болатын.


Ертесіне Шәуілдірге жеттік. Кейінде Отырар атанған аудан орталығы мен оқыған Баршатас ауылынан да шағын, жадағай, тоқал тамды, жұпыны қыстақ екен. Тек үйлері біздің жұрттағыдай үйме-жүйме, ұбақ-шұбақ емес, алаң-далаң, кең көшелер бойына салынған. Шағын мейманханасы бар екен, жақсы орналастық. Тағы бір тұстағы асханадан тамақ ішеміз. Алғашқы күні аудандық орта мектепке бардық, мұғалімдерімен әңгімелестік. Аңғалдығымыз соншама, балалардың әдепкі сөйлеу тілін байыптау үшін әдебиет сабақтарына сұранған едік. Директордан рұқсат алу керек екен. Әрине, сыпайы түрде кері қайырды. Бұдан соң ауыл-үй аралауға кіріскен едік. Ескілікті сөзге жетік қариялар жөнін сұрастырамыз. «Айтбай ақсақал бар, – деді біреу. – Өмірзақ дейтін баласы университетте оқиды, мүмкін, білетін де шығарсыңдар». Біледі екенбіз. Бізден шамасы екі-үш курс жоғары, сұлу, сері жігіт. Факультеттің әлдебір жиынында домбырамен ән салғаны бар. Келістіріп, кербез айтады екен. Кейінде белгілі тіл маманы, академик. Айтбай ақсақал бақуатты тұрады екен, ауласы кеңінен қоршалған, үй-жай, қора-қопсысы да жарасымды. Арсалаң қағып жетіп бардық. Ақсақал ескі қазақ жөнімен ақ дабы көйлек, ауы түсіңкі кең дамбал киген екен, сақалды, көрікті, аппақ шал. Байыппен, бірақ хош көріп қарсы алды. Ақ кимешекті шешей бірден дастарқан жайған, сүтті, қою шай, шырайлы қызыл бауырсақ. Біз өз жөнімізді айтып отырмыз. Өмірзақты білеміз, жоғарғы курста, етене таныстығымыз жоқ, бірақ университеттегі көрнекті жігіт, әдемі дауысы бар, қыздарға да өтімді деп қалжыңдап қойдық. Ақсақал кеңкілдеп күлді. Шешей ризашылықпен жымиды. Айтекең бізге барлай қарап, әрқайсымыздың аты-жөн, ауыл-аймағымыз туралы мағлұмат алды. Суыртпақтап, ескілікті сөз жөнін сұрап едік. «Е-е, көп қой, қайсы бірін түгесерсің...» – деді тәкаппар кейіпте. Мен жақсы білетін едім, осы анада ғана, ауылға барғанда өткенге жетік екі-үш шалмен сөйлескем. Бұрынғы бір әңгімелерін, белгілі, белгісіз ақындар өлеңдерін жазып алмақ болғам. Кешкілікте, қонақта талай рет толғанған жырлар. Енді арнап барып, еміне сұрап тұрғанда, бірден секем алып, ауыз ашпай қойды. Ал Ынтық деген ақсақал: «Ол пәлені қайтесің!..» –- деп, тоңторыс қалып танытқан. Айтбай ақсақалдың тартыншақтауын да осы орайда бағаладым. Қажетті сөздері болса, көзі ашық баласы жазып алар деп ойлаған едім. Енді қолқалап сұрамадық. Қайткенде де бізбен ашыла сөйлеспеген ақсақалға реніш жоқ еді. Шайға қанып, бауырсаққа тойып, риза, хош айтыстық. Кейінде білдік, Айтбай ақсақал – жариясы жетпесе де, ақындығы бар, ескілікке қанық кісі екен. Тәрізі, тілін таба алмадық. Бізге қажетті біраз сөз ішінде қалғанын біліп тұрмыз. Қайыра барсақ, тағы да шай дәметкендей боламыз деп, сол беті кеттік. Шәуілдір халқы меймандас, ертеңіне, әлде арғы күні әлдебір тойға шақырылып, ең құрметті қонақтармен бірге төргі үйде отырдық. Ілгерінді-кейінді төрт-бес күн ішінде үлкен-кіші біраз жұртпен әңгімелескен едік, Түркстан-Шорнақтағы жаңа бір қазынаға ұшыраса қоймадық. Ол кезде Арыстан-бабты білмейміз, әйгілі Отырар қамалы туралы да түсінігіміз жоқ екен, жергілікті кісілер арнап айтпады, екеуіне де, әсіресе Отырар-төбеге шаң кешіп, жаяулап болса да баратын едік, дәп сол жолы нәсіп болмады.


Біздің өзімізше фольклорлық-тілтану экспедициясы атаған ұланғайыр жорығымыздың соңғы нысана және түйінді шегі – Сары-Ағаш  ауданы болатын. Мұнда, атаулы курортта жатқан жетекшіміз Ыбырайым ағай Алматыдағы қалпынан өңейіп, жақсы тынығып қалған екен. Жадырай қуанды. Үстіне мол пішілген, әдемі көк-ала халат киген, дәлізде ұшырасып едік, бізді сыртқа, көлеңкеге алып шығып, азғана әңгімелестік. Сапар есебін кейін, күзде бересіңдер ғой, енді осы аудандағы жұмыстарыңды ыңғайлаған соң, Алматыға кете беріңдер, университет студенттері тыңнан оралып, оқу басталғанша кемі бір жарым ай демалыс бар, ауылдарыңа барып қайтсаңдар да болады, деген. Байсалды кісі еді, ата нәсілінен жұққан дарқандығы бар, айрықша мәдениетті, бір жыл бойғы дәріс үстінде мейірбан, кеңшілік қалпынан таймаған; қазір ойлап тұрсам, ескінің көзі екен.


Бойымыз босап, сыртқа шыққан соң, Сары-Ағаштың курорт аймағын қарап шықпақ болдық. Орталық санаторий – жалғызқабат, шатырлы, ұзыншақ құрылым, асса жиырма шақты ғана бөлмесі бар. Іргеде шағын көлемді және бір жай тұр – емхана, лабороториялар сияқты. Әпсі сол ғана. Тақау бір тұста – сырты тікелей тігілген жымдас тақтаймен қоршалған, сыртқы есігі жоқ, яғни, мүлде ашық, үлкен шомылғы далаң бар екен. Ашық төбеде тынымсыз су аққан қаншама душ. Жай су емес, Сары-Ағаштың дәрулі, ыстық арасаны. Аузыңды тосып, ішуге болады, сабын апарып, кір-қоңысыңнан тазаруға болады, немесе, қажетті процедура есебінде, басыңнан төмен сорғалаған арасан астында рақаттанып тұрасың. Біреу кіріп, біреу шығып жатыр. Кемі он бес, жиырма кісімен бірге түстік. Сырттан сыңғыраған күлкі, әлдебір дауыстар естіледі. Тақтай кергінің екінші қапталы – әйелдерге арналған екен. Міне, осылай, ем іздеп келген дертті, дертсіз қаншама жұрт арасан суына еркін, күніне неше мәрте шомылмақ. Тоқтау, тежеу де, ретті жүйе де жоқ. Сөйтсек, арасан басындағы жалпылама, жабайы ем орны осы ашық душ қана емес. Киініп, сыртқа шыққаннан соң ғана аңдадық, әудем жердегі жатаған беткей бойы бұрқыраған бу, ыстық сулы аспан, шұқанақтар екен. Бесеу, алтау, одан да көбірек, әлденеше. Соның әрқайсында екіден-үштен шомылып, жайласып жатқан кісілер көрінеді. Осындай шипа бар деп естіп, әр тарап, қаншама жерден келген адамдар. Ешқандай жолдама, бағдарлама жоқ. Алайда, бұдан жүз жыл, мың жыл бұрынғыдай, жабайы жағдайда емделіп, дәру, дәт тауып жатқан жұрттың саны бірталай сияқты. Кейін Сары-Ағаш арасаны оңалды, қызметі де тәуір, ал суы ғажайып деседі, мен өзім орайы түсіп, барған емеспін, әуелгі – 1958 жылғы көрген қалыбым осындай еді.


Біз аудан орталығында, комсомолдың бірінші хатшысының үйінде жаттық. Жаңа үйленген жас жігіт екен. Келіншегі – бізбен экспедицияға қатарлас шыққан қыздардың әлде ауылдасы, әлде жақын туысы. Қолдағы адресіміз емес, ұйым мекемесі және комсомол басшысының аты-жөні бойынша, алғашқы күні тапқанбыз. Мейманханаға жібермей, бірден-ақ, даңғыраған, төрт бөлмелі үйіне алып келді. Бізден бес-алты жас қана үлкендігі бар, кеңқолтық, мейірбан жігіт екен. Өкінішке қарай, аты-жөні есімде қалмапты. Келіншегі біз құралпас. Биязы, бірақ ашық. Кешкілікте мол дастарқан жайылады, әрқилы әңгіме айтысып, мәз болып отырамыз. Қызмет орайымен басқа бір аудан, бәлкім іргелес облыстан келген, әзірше мұнда тамыр-таныстары жоқ, ең бастысы – жаңа қосылған жас жұбайларға тұрғылас, мәжілістес серіктер керек екен. Жалпы қазақтан бір айырма – кешкілікте дастарқанға шарап қойылады. Әр жолы артық, кем емес, бір шиша. Қызылкүрең, үйірілген бал шарап. Қызуы жақсы, онсыз да көтеріңкі көңілді шалқытып жібереді. Әбіш екеуіміз үшін, бұрын дәмін татып көрсек те,  әдепкі жағдайдағы ішімдік – мүлде тосын жағдай. Кейін, қатарлас достар жазғы демалыс пен науқанды қалай өткізгені жайында әзіл өлең жазған Әбіштің маған қатысты: «Сары-Ағашта көп ішті, – Қалпанбектің шарабын», – деген сөздері бар еді. «Әу, Қалпанбегің не?» – деп сұрадым. Сондағы әйгілі шарап заводының аты екен. «Апта бойы, әр кеште бір бөтелкеден сораптап ішкенде, осыншама сапалы шараптың қайда жасалғанын да сұрап білмегенсің бе?» – деп күлді. Шындығында, қайталап айтайын, күніге бір шиша, төрт кісіге ортақ. Сонымен, жадырай жазылып, түннің бір уағына дейін отырамыз. Таңертеңіне хатшы досымыз үш аяқты мотоциклімен бізді не мақталы алапқа, не шалғай ауылдардың біріне апарып тастайды. Мақталы атыздағы жұмыс айрықша ауыр екен. Термешілер қатарында үлкендерден гөрі мектеп балалары көбірек. Бәрі де белдеріне қапшық байлап, ертеден кешке дейін, шақырайған күн астында тінтінектеп жүрмек. Бұл жерде қандай ескілікті әңгіме болсын. Бірақ қажетті шара – мақтаға байланысты кәсіптік сөздерді айқындауымыз керек. Терімдегі ала-құла жұрттан емес, өзгеше қырманда жинастырылып жатқан, тау-тау болып үйілген мақта төңірегінде жүрген кісілерден сұрастырып, бар қажетімізді түгендедік. Арасында бір жолы қызыл матаға, сүтке езілген ақ бормен еңбек ұранын жазуға көмектескеніміз бар. Көбірек көңілге түйгеніміз – Батыспен, Шығыспен, тіпті, бар тараптағы астық науқанымен салыстырғанда, Түстік өңірдегі мақта жинау жұмыстарының айрықша ауырлығы, мұндағы кәрі мен жастың құлдық жағдай, аптап пен азап астындағы өлесі мехнаты. Бірер рет барған шеткі ауылдардан да көңіл жұбатарлық ештеңе көрмедік. Бәрін де өз басымыздан өткеріп, өз желкемізбен көтеріп жатқандай, шарасыз ахуал. Әйтеуір, мұнда да, ақыр түбінде оңға бұрылуы мүмкін өмір бар демесек. Әлбетте, қарнымыз ашқан жоқ, шөл қысқан жоқ. Түстік несібеміз – ортақ асханадан, немесе барған үйімізден. Екеуіміз де қатты күйзелген едік. Кешіне бәрі де көмескі тартпақ. Қайтадан қоңыржай бөлме, кең дастарқан басында табысамыз. Қамсыз, қызық сағаттар. Күндізгі жүрісіміздің өзі төтенше хикая болып көрінеді. Бізді соншама құрметпен қарсылаған, меймандос көңілмен, бар қажетімізді көтеріп алған мәрт жігітіміздің аты-жөнін, бәлкім, Әбіш есінде сақтаған шығар, кейінде кездесуі де ықтимал, өзіміз де өткенде, әрқилы жағдайда ұшырасып, түсініскен біраз кісімен жаңадан көрісіп жүрдік, алайда, Сары-Ағашта меймандос көңіліне мейлінше риза болған абзал азаматпен жолым түйіспеді.


Кетуге бір күн қалғанда, дәп іргедегі Ташкент шаһарына барып қайттық. Байтақ астана. Біздің орыс басқан, қазағы селкеу Алматы сияқты емес, әлемнің екінші бір қиырындағы шет жұрт кейіпті, өзбек рухы, шығыстық, ұлттық сыпаты андағайлап тұр. Арлы-берлі қаптаған ала тақия ғана емес, қаланың қатынас көліктеріндегі хабарламалар, дүкендер мен мекемелер маңдайшасындағы жарнама, кез келген көшенің қалтарыс бұқпасы мен ашық аспан астында қазан көтеріп, палау басып жатқан асханалар, ең аяғы, көшедегі адамдарының қадамдарын нық басқан, еркін жүріс-тұрысы мен сенімді лепес-даусына дейін. Әрине, сүйінесің, бірақ көкірекке тағы бір қайғы қонақтамақ.


Сонымен, фольклорлық-тілтану экспедициямыз аяқталды. Алматыға жеткеннен соң, әлденеге ұстап қалар деген қауіппен, деканатқа кірмедік. Университет студенттері Тың өлкесінен әлі оралмаған, ал біздің бар шаруамыз тәмам. Кейінірек әлдеқалай сұрау түссе, жетекшіміздің нақты рұқсаты бар. Әбіш екеуіміз екі тараптағы ауылдарымызға қайттық. Ғажайып саяхаттан соңғы ғаламат тыныс.



Мен ел танып, жер танып, ең бастысы – Екінші Меке атанған Әзірет-Сұлтанды көргем, үлкен әкем Мағауияға қаншама әңгіме айтам ғой. Ақыры, Түстік қазақтарының әрқилы тосын сөздері. Біздің экспедицияның негізгі мақсатының бірі – осы өңірдегі жергілікті жұрттың тіл ерекшеліктерін айқындайтын әрқилы мысалдар табу еді ғой. Атам мұртынан жымиып отырып, мен диалект, әдебиетте жоқ деген сөздердің бәрін біліп шыққан. Тек мақта шаруашылығына қатысты атау сөздер ғана беймәлім. Түсінікті жағдай, бұл жақта мақта өспейді. Ал қалғаны – мен білмесем де, атама, яғни, Шыңғыстау, Арқаға, есебі – бар қазаққа белгілі сөздер болып шықты. Рас, кейбірін осы өңір адамдарының өзі біле бермеуі мүмкін, алайда, жоқ емес, бар, актив лексикадан түссе де, қатардан қалмаған, үлкендердің есінде тұр – бұрнада ғана жалпы қолданыста жүрген. Қазақ тілінің байлығы соншама. Мен атам Мағауияның осы жолғы төтенше дәрісінен соң, ана тілімнің бар қазынасын игеруге, біздің аймақта кеңінен қолданылмаса да, тіпті, ұмыт, көлеңкеде қалса да, басқа бір өңірде әдепкі саналатын сөздердің ешқайсын жатырқамайтын болдым. Сәл кейінірек, бірер жылдан соң «Мынауың диалекті ғой...» деген сықақты әңгіме жазған едім, ұзаңқырап барып, жұлмаланып жарияланды, кейінгі, кітап басылымында қалпына келтірдім.


Университет дәрістері әдетінше, тағы да октябрь айының ортасынан аса басталды. Бұл жолы маған да жатақхана тиген. Трамбай жолды Пастерден төменірек, Чайковский көшесіндегі тапалтақ, ескі жатақханадан. Біздің факультет балаларының біразы сонда бөлініпті. Әбіш курстас алты-жеті баламен, еңсесі көтеріңкілеу, негізгі корпуста. Маған төмендегі, ұзына созылған, әрқайсына жиырма бала жататын, жапсарлас екі бөлменің бірі, күн жақ, орта тұстан орын тиді. Аса жайсыз. Тек түнде ұйықтап тұратын жатын есепті. Асты торлы темір төсек, жұқа әдиал, бір уыс, шүйке жастық, бас жағында биіктеу, кішкентай текше. Күнделікті, түс ауғанша созылатын, алты сағат, сегіз сағаттық дәрістерден соң бірден Орталық, Пушкин кітапханасына кетем. Орысшам жетіліп, оқу қалыпты арнаға түскен. Күніне кемі жүз бет (келесі және арғы жылдары – жүз елу, екі жүз беттен) классикалық проза оқуға тиіспін. Кешкілікте Әбіштердің бөлмесінде бас қосамыз. Жоғарыда кейбірі аталған курстас Бақыт Сейтжанов, Тұрғанбай Ділдәбеков, Дидарбек Рамаданов, Оразбек Сәрсенбаев, Базарғали Қуатов, Марат Нұрғалиев дейтін жігіттер.


Өзара өте татумыз. Әзіл-қалжыңда шек жоқ. Қайсымыз туралы болса да бір емес, әлденеше күлкілі анекдоттар бар. Және лақап ныспы. Мен – Бұзау. Тұрғанбай – Лақ. Әбіш – Ешкі. Базарғали – Даукес. Марат – Робеспьер. Дидар – Әтеш. Оразбек – Бозбүйрек. Бақыт – Академик, толық нұсқасы – Қыртология ғылымдарының академигі. Әрбір жанама есімнің өзіндік негізі бар. Бақыт өте көп біледі және өзара отырыста тоқтамсыз көп сөйлейді, Академик – Тұрғанбай берген есім. Ал Тұрғанбайдың өзін Лақ атаған осы Бақыт болса керек, бұл досымыз бірінші курстағы балалардың ішіндегі ең нәзігі, әрі бойы кішкентай, шашын маңдайға түсіріп қоятын; екінші курстағы жазғы жұмыстан соң күрт өсіп, бойы ортадан жоғары, аса сымбатты жігіт болып шықты, бірақ Лақ атауы берік орныққан. Маған ат қойған – Нұрмахан, әлдебір туған күнге барғанда, бұл бала арақ ішпейді деп, сүт алғызған, содан бастап Бұзау болдық. Ешкі – Әбіштің алғашқы жылы ауыл шаруашылық жұмыстарына барғандағы епетейсіз қимылына орай берілген мәртебе, Бақыт қойыпты. Марат – советтер тұсындағы ең көп тараған, революциялық есім, бізге Робеспьер артығырақ көрінсе керек. Әтеш – Дидарбектің шашы аса қайратты, әрі қалың, сүйем өскенде әтештің айдарындай, тікірейе ұйысып тұратын және бұл жігітіміз қашанда тіке, тура сөйлейді. Бозбүйрек – Оразбектің бүйрегі үнемі ауырып жүреді, өз бүйрегі өзіне бөтен екен. Даукестің жайы түсінікті. Бізге осы лақап аттардың бәрі де өте тауып, дәлме-дәл қойылғандай көрінетін. Үйреншігі сондай, өзара отырғанда айтыла қалса, «Әу», «Иә» деп жауап қайырған жағдайлар да ұшырасатын. Тек Бақыт қана Академик мәртебесін мойындамай жүрді, тұпа-тура аталса, арсалаңдап алыса кететін. Жас кезде, уайым-қайғы, қамсыз күндерде бәрі қызық.


Ал өзара анекдотымыз – болған оқиғалардың бұрмаланған қалыбы, болмаған жағдаяттардың мінезге сай түрленіп қалыптанған өзгеше көрінісі. Көбіне ақымақ емес – аңқау, батыл емес – қорқақ шығатын, немесе аяқ астынан күлкілі кепке ұшырайтын, төтенше оқиғалар. Әбішке қатысты анекдоттар оның шаруаға қырсыздығы, қол жұмысына шорқақтығы, өлең жазып отырып, тамақ ішуді ұмытып кететіні, немесе, шыға бере қайта айналып, қатарынан екі рет асханаға баруы турасында. Мен туралы хикаялар әдетте қыз-қырқынға қатысты. Мәселен, көшеде, көлденеңнен көрген бойжеткеннің соңынан еріп кетем. Бірде осындай сұлумен таныса алмай, трамбайда Тастаққа дейін барыппын. Қай жағынан қарасам да, қыз шырай бермейді. Ақыры, соңғы, тұйық аялдамада түскен кезде: «Қарындас, мына қолыңыз ауырлау екен, көтерісіп жіберейін», – деп іліге кетем. Сөйлестік, таныстық. Тура үйінің ауласына жеткенде кішкентай екі бала «мамалап», алдан жүгіріп шығады, қызым – тұрмыстағы келіншек екен. Мен аңырып, басым айналып тұрып қалам. Сол кезде әлгі «қыз» келіншек: «Қайным, үйге кір, енді ағаңмен таныс», – депті. Ха-ха-ха... Қанша рет айтылса, жігіттер соншама рет мәз болады. Әрине, авторы да, дикторы да Әбіш. Және бұл – қыз төңірегіндегі жалғыз хикая емес. Өз кезегімде мен де қармалансам керек. Алайда, дәп әлгіндей өтімді шықпады. Осы және басқа да әрқилы сыпаттағы өзара қалжың, қисынды-қисынсыз анекдоттар біздің бүткіл өмірімізге созылды. Кейінгі бір нұсқалары баспасөзге де өтіп кетіпті, сірә, нақтылап, әуелгі қалпында таңбалап қою керек сияқты. Сондай-ақ, Әбіш екеуіміздің Оразбектің ауру бүйрегіне қатысты әңгімелеріміз тұтас цикл болып шыққан. Кіші-гірім кітап. Сырқаты жанына батып дәрігерге баратыны, ауырған – жүрек емес, бүйрек болып шығып, таң азаннан не түрлі былғаныш анализ тапсыратыны, қазына толтырылған әрқилы графин, горшок, шылапшын, бөтелкелер сыртына «Оразбек Сәрсенбаев», «Оразбек Сәрсенбаев», «Оразбек Сәрсенбаев» деген жазуы бар қағаздар жапсырылатыны, бұдан соң осы пәленің бәрі шикі нанның кеселі екені анықталуы, бұдан әрі ішім тазарсын, бүйрегім жазылсын деп, неше күн бойы аш жүретіні, сол аш қалпында анализге барып, тиесілі нәрсесін тапсыра алмай, пұшайман болғаны... Ақыры, бізге ойын болған сырқат себебі анықталып, ауыр операция жасалған еді. Бүйрегі бүтін, басқа жігіттердің де жетісіп жатқаны шамалы. Бақыттың төбесіндегі сарғыш түсті бір шоқ шаштың түп-тарихы, әрқилы, мағнасыз, пәруайсыз әңгімесі, Тұрғанбайдың би кешінде танысқан қыздан адасып қалып, шығаберіс алакөлеңкеде еден сыпырып жүрген уборщица кемпірдің қолынан ұстай алғаны... Осы екінші курста бұрынғының үстіне, сарқылып бітпес жаңа тақырып табылған. Жазда астық науқанына барған жігіттеріміз Тың өлкесіне келген орыстармен төбелесіпті. Алғашқы күні қиратып жеңген, бұдан соң жаңа десант түсіріліп, саны еселеген бұзықтардан тым-тырақай қашқан, әйтеуір ешкім жапа шекпейді. Енді осы екі жағдаят қаншама анекдотқа азық болыпты. Әуелде кімнің қалай төбелескені, немесе жалтарғаны, кейінде қалай шырқырап қашқаны... түгел күлкі.



Әлбетте, негізгі әңгіме – әдебиет төңірегінде. Біз бұл кезде Жазушылар одағы тарабынан өткізілетін, жалпыға жария қандай да әдеби шараларға іздеп жүріп қатынасамыз. Тіпті, 1958 жылы күзде Саяси-ағарту сарайы аталатын ғимаратта өткерілген кезекті Құрылтайды да бастан-аяқ тыңдадық. Өткен бірінші курсымызда Одақ үйінің шағын клубында, жаладан ақталып, қайтара көтеріліп жатқан Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің әрқайсына арналған әдеби кештер болды. Өмірі мен шығармашылық жолы байыпталды, өлең, поэма, әңгімелер оқылды, көзкөрген үлкендер естелік айтты. Енді қатар-қатарынан кітаптары шығып жатыр. Бұрын да, кейін де біздің өз талқымыз бар. Жігіттер тамсана мадақтап, осыншама қазынаның қаншама заман көзден таса қалғанына өкініш білдірмек. Мен көбіне тартынып қалушы едім. Ара-тұра ғана ашық пікірімді айтам. Мәселен, Сәкеннің «Көкшетауының» екінші бөлімі – халтура дегенім бар, бірінші бөлімі де, жекелеген сәтті суреттерін айтпасақ, шындықтан аулақ, олпы-солпы. Бейімбеттің әңгімелері тым қарабайыр, негізінен советтік құрылымды насихаттау, колхоздасу науқанын мадақтау. Ал Ілиястың ғажайып басталған «Күй» толғауының ақыры өткеннің бәрін теріске шығарып тәмамдалады. Жігіттер қисынын мойындай тұра, кейде дау айтып жатады, ал мұндай әңгімелерге бой салып араласа бермейтін Әбіш қашанда қолдайды. Әдебиет өлкесіндегі соңғы жаңалықтарды да қалт жібермейміз. Осы кездегі үлкен бір оқиға – Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романы болды. Манағы арыстардан соңғы науқанда халық жауы ретінде айдалып, нешеме жылғы қапас, қуғыннан соң аман шыққан кісі екен. Әлбетте, ғұмыр кешуі бір басқа, жазылмақ шығарманың мән-мағнасы өз алдына. Қолымызға жеткені – әлде дилогия, әлде трилогияның бірінші кітабы. Баспасөзде, оның ішінде әдеби газет пен журналда жаппай мадақталды. Тым көтеріңкі бағаланған. Революция кезеңінің шынайы суретін жасаған, кең ауқымды эпопея көрінеді. Біздің жігіттердің бағасы да жоғары. Мен бір отырыста бақайшағына дейін талдап бердім. Тәуір басталған. Алайда, үлкен биікке жете алмаған. Жасандылық мол. Композициясы босаң. Қосалқы, қажетсіз кейіпкерлер толып жүр. Тілі де ойқы-шойқы. Мен бар сөзімді айтып болар-болмаста Базарғали жарылып кетті. «Осы саған ұнайтын жазушы бар ма?! – деген. – Өткенде дәп осындай айдаудан келген Шашкиннің повесін де түкке алғысыз қылдың. Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романы да шамалы дүние екен, орыс жазушыларының ізімен жазылыпты, одан да төмен, соғыстың қатаң шындығы көрінбеген. Мен Хамза ақсақалды Жұбан ағаның үйінде көрдім. Қарапайым, кемеңгер адам. Осындай керемет шығарма жаза тұрып, менмендігі жоқ. Қонақта айрықша құрмет жасалды. Барлық қазақ баспасөзінің бетінде белгілі жазушы, атақты сыншылар түгел жоғары бағасын беріп жатыр. Сонда, қателеспейтін, ақ, әділін танып отырған ең білгір сыншы сен ғана болдың ғой?!» «Мен ғана, – дедім. – Ақыры осы мен айтқандай болып шығады. Ал «Ақ Жайықты» әзірше басқалар танымаса, батылы бармаса, мен арнап жазам. Екінші кітабы шықсын...» бұл әңгіме осымен тоқтады. Алайда, біржола тынбапты. Тым көп ұзамай, романның келесі кітабы басылды. Бұл кезде мен төртінші курстамын. Өзімді жарияға шықпаған, бірақ қалыптасқан сыншы санаймын. Үлкен мақала жаздым. «Жұлдызға» ұсындым. Бөлім мақұл көргенімен, бас редактор Жұбан Молдағалиев өткізбеді. Ақыры, арада тағы төрт-бес жыл озып, Үшінші кітабы жеткен кезде сыншылар қауымы «Абай жолына» теңестіріп қойған. Мен амалсыздан өткенге үстеме, жинақты мақала жазып, өзім қызмет атқарып отырған «Қазақ әдебиетіне» үлкен машақатпен, әрең бастырып едім. Көріспеген, біліспеген әлдекімнің соңына шырақ алып түсу емес, ағымдағы ақиқат сынның әдепкі бір көрінісі. Әлбетте, бұл кезде трилогияның советшіл, жасанды тұрғысын әшкерелей алмайсың, алайда, бүкіл көркемдеу жүйесін қарастырғанда, барлық кемшін, кейде тіпті сорақы жағдаяты көрініп тұрған.


Өзімізді болашақ жазушы, ақын, сыншы, қайткенде де білгір әдебиетші санайтын ерекше тобымызда айдары жаңа шыққан бала қораз сияқты, бірақ зілсіз дау-дамай күннен күнге жалғасып жатады. Ағымдағы әдебиет пен баспасөз, үлкен, танымал жазушылардан соң біршама төмен түсіп, жаңа бастаған жас талаптарды саралаймыз. Ең әуелі ауызға ілінетіні – Сайын. Өткен жылы журналистика бөліміне түскен, қатарлас оқығанбыз, енді екінші жыл басында үйленіп, сыртқа ауысып, ауылына кеткен. Алғашқы әңгімелері жарияланып жатыр. Кейінгі жастардың мықтысы осы Сайын Мұратбеков. Жоқ, Маршал. Осы өткен жазда бітіріп кеткен Маршал Әбдіхалықов. Әдемі әңгімесі шықты, «Жұлдызда». Маршалыңды қой, дейді жігіттердің бірі. Старшина, сержант қана. Ең мықтысы – Совхозбек. Әңгімесін оқыдыңдар ма? Тоғысбаев. «Өзі болып-толмай тұрып-ақ бұйракрат екен, – дейді Оразбек. – Анада «Лениншіл жасқа» өлеңдерімді апарып едім, кекірейіп, әрең сөйлесті, басылмайтынын көре тұрып, тастамай кеттім». Ол сыншы емес пе еді, дейді екінші біреуіміз. «Осы сыншылығы тәуір», – дейді келесі жігіт. «Совхозбек...» – аты қызық екен. «Меліс, Емліс дегендер де бар ғой, соған қарағанда тәубалық...» Бұл кісіміз ақыры сыннан кетіп, жап-жақсы прозашы болып шықты. Бек Тоғысбаев. «Осыларыңның бәрінен Тобық Жармағамбетов артық...» «Рас, журналда тамаша әңгімесі жарияланды. Екі рет, екі әңгіме. Біз түскен жылы бітіріп, Ақтөбеге кетіпті». «Ақсақал ше, Елемес? Оның да әңгімелері шығып жүр». «Әй, ол кәрі ғой, биыл отызға келіпті». «Мәселе жаста емес, әдебиет тарихында одан да кеш бастағандар болған, тақырыбы келіспей жүрген сияқты», – дейді екінші жігітіміз. Бізбен курстас, өз арамызда Ақсақал атанған Елемес Салихов – журналистика бөлімінде оқиды, кейінде осы саламен кетті. «Хош. Сонда ең мықтымыз кім болды? Тобық па, Сайын ба?» «Ау, Бұзау, көп білесің ғой, анықтап бере қойшы?» – дейді Даукес Базарғали. «Жарайды, айтайын, – деймін мен, – Және талассыз ақиқат түйін. Сендер алыстан іздеп жатырсыңдар. Қазіргі ең мықты жас жазушы, болашақ классик – дәп осы жерде отыр!» «Сен бе?» – дейді Даукес маған күле қарап. «Бұзауымыз Бұқа болып кетпесін», – дейді Академик. Мен де үнсіз күліп алам. «Анау...» – деймін, оңға қарай иек қағам. – Ешкі емес, Серке...» Яғни Әбіш. Бүгін әңгімеге мүлде араласпай, өткенде Темір стансасында ұшырасқан өзгеше тағдыр туралы повесімен отыр. Кіреберістен қалтарыс, оң жақ бұрышта, төсек шетінде, бас жағындағы текшеге төне түсіп, жазып жатыр. Енді бәріміз қосыла, мәз болып күлеміз. Күмән емес, қалжың емес, сенім мен ризашылық. «Дәл таптың. Ешқандай талас жоқ», – дейді Әтеш пен Робеспьер – Дидарбек пен Марат.


Өзімізді түгендедік. Алдағыны бағамдадық. Бүкіл қазақ әдебиеті, барлық жазушы алақанымызда тұрғандай. Енді дәп осы арада шешімін табуға тиіс ең мәнді сауал – қазақтағы ең күшті жазушы кім, яғни қазіргі көзі тірі қаламгер атаулыда кімді үлгі тұтуымыз керек деген мәселе. Біздің жігіттер ең күшті жазушы – Сәбит Мұқанов деседі. Мен Мұхтар Әуезов деймін. Тағы да дау. Әр тараптың өзіндік қаншама дәлелі бар. Әбіш әуелде екеуі шамалас деп еді, бірте-бірте менің жағыма шықты. Енді Мұқановшыларды бет қаратпай барамыз. Ақыры мойындасты. Алайда, ең соңғы ілгішек: «Мұқанов совет өкіметін әуелден жақтады ғой, ал Әуезов кейін оң жолын тапқанымен, бірталай адасты». Біздің жігіттеріміздің дайындығы күшті, санасы жоғары, бірақ өз тұсындағы балшабектік идеологияның шеңберінен шыға алмай тұр. Тағы бір салалы, әрі мәндірек әңгіме – аса кіді. Ұлт азаттығы, тәуелсіздік мәселесі. Бұл кезде күні кешегі отарлық Африка халықтары қатар-қатарымен еркіндік алып, ұлттық мемлекеттерін жариялап жатыр. Советтік идеология азат, жаңа елдердің бәрін қатты қолдайды, баспасөз бетінде мейлінше дәріптеп, насихаттап келеді. Ал отарлық ахуал жайлы бізге жақсы мағлұм. Өткен және арғы жылы жазда жігіттердің бәрі Тың өлкесі аталатын аймақта екі-үш ай қатарынан, астық жинау науқанында болып қайтқан. Өзіміз оқып, тұрып жатқан Алматыны айтпағанда, Ақмола, Көкшетау, бүткіл солтүстік облыстарды орыс басыпты. Және тым өктем, айрықша дөкір. Әрқилы сорақы, намысқа тиер жағдаяттарды айтысады. Әсіресе, сол өңірден шыққан, «тың игеру» науқанын әуелгі кезеңінен бастап көзімен көрген Марат Нұрғалиевтің қыжылы мол. Бүткіл аймақтағы қазақтардың ұлттық тұрғыда ғана емес, күнделікті тұрмыста да жаппай жанышталған шарасыз ахуалын, өз ауылындағы жұрттың қорлық пен мазақ тұрыпты, көпе-көрнеу боқтық пен зорлыққа қарсы тым құрса ауыз аша алмаған, тіпті, әлдебір, комбайнға тіркемеші жігіттің «қазақ болғаным үшін кешіріңдер, есесіне жан-жүйем нағыз советтік» деп жалбақтаған кембағал, құлдық кейпін айтқанда, қалай түңілгені, жыларман, ренішті қалыбы көз алдымда. Осы тұрғылас басқа да әңгіме, мысал көп. Шіркін, Африкадағы қаралар сияқты, бізге де тәуелсіздік келетін күн туа ма деседі. Ондай күнге жетуге болады екен. Қарудың күшімен емес, саяси, ұтымды әрекет арқылы. Бақыт Сейтжанов айтады: біз ерте ме, кеш пе, қайткенде ООН – Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуымыз керек. Ана Украина мен Белоруссия сияқты. Сонда, ССРО конституциясының өзінде бар, одақтас республикалар бөлініп кетуге хақылы деген, БҰҰ-ның алдына Қазақстан тәуелсіздігі туралы мәселе қоямыз. Ешкім ұстап тұра алмайды. Болашақта жүзеге асуға тиіс, он бес, жиырма жылдан кейін. Ол үшін Қазақстан басшылығында ақылы кемел, саясаты зор, білімді, мықты қазақ отыруы керек екен... Міне, осындай әңгімелер. Бір кеш емес, күннен күнге, айдан айға жалғасқан арман. Шіркін, күні кеше ғана отаршылдық түнегінде жатқан, енді аяқ астынан дербес ел болып шыққан зәңгілердің не арманы бар екен!.. Жүрек шымырлатар, мұңнан басталып, уайым, қайғыға ұласар өзгеше кеңес. Әбіштің бұл, бәрімізге ортақ әңгімелерге қаншалық атсалысқаны нақты есімде жоқ, әйткенмен, ең белсенді білгір емес, ал менің өзім дәйекті деректер болмаса, түйінді тұжырым жағынан тартынам. Біздің әулет совет заманында аяусыз репрессияға ұшыраған, атылғаны бар, айдалғаны бар, әрқилы жағдайда көлденең ажалға ұшырағаны бар, көз ашқаннан қаншама сұмдық әңгімеге қаныққам, абақты мен лагерь тозағынан әлдеқалай аман шыққан ауылдас кісілердің ғаламат хикаяларын естігем, өзімнің әкем немістің аш-арық концлагерінен соң, одан әлдеқайда сойқанды, жан шырқыраған азап пен ауыр бейнетке толы советтік концлагерьден өткен, менің он бір жасымда ұсталып, тоғызыншы класымда әрең оралған; соншама мол тәжірибеден алдымен түйгенім – үш кісінің басы қосылған жерде бейсауат сөйлеуге болмайтыны, иә, мен советтік сұмдықты толайымен болмаса да, біршама танып өскен едім, оның үстіне, университетке түскеннен беріде жаппай террор кезеңіндегі газет, журналдарды мұқият ақтарғам, тұрғылас балалармен салыстырғанда, бұл тарапта да менің таным, білігім көбірек еді. Сондықтан, қандай жағдайда да көлденең, кіді әңгімелерден бойымды аулақ салам. Санасыздық емес, арамдық емес, әдепкі сақтық. Және курстас балалардың ақ ниетімен қатар, аңғал танымын да кәміл көріп отырмын. Бой салып араласу – мәнсіз еді. Мен ұлт мәселесі және басқадай кеселді жағдаяттар туралы тек Әбішпен ғана пікірлесер едім. Көлденең куәсіз, екеуара оңашада ғана. Ал бейсауат жұртпен қашанда тұйықпын. Тек әуелгі, балалық кезеңде ғана емес, ел таныған азамат болған заманда, тәуелсіздік дәуіріне дейін. Тіпті, мектепте бірге оқып, бірге өскен, әдебиетке қатарлас келген достарымның өзімен ұлттық мәселе, советтік құрылым төңірегінде пікір алмасқан емеспін. Бұлардың бірінің адалдығына күмәнім бар, екіншісінің адамдығын біле тұра, ашыла сөйлесуді артық көрем, менікі – арам, бөтен пиғыл атаулыға сезік қана емес, өзімнің әуелден берік қалыптасқан, пенделік қорғанышым. Ал Әбішпен арада ешқашан да тыйым тақырып жоқ. Әдетте, озғындап, мен сөйлесем керек. Дәйектеп, дәлелдеп. Көп ұзамай-ақ екеуіміздің бар ойымыз бір арнаға тоғысты. Ұлт мәселесі, саясат тақырыбы ғана емес, әдеби таным, дүниеге көзқарас. Міне осы, екеуіміз бар жағынан жарастық тапқан, бірге жүрген алғашқы кезең – 1958 жылдың екінші жарымында Әбіш мәнді, мазмұнды, әрі көркем бірталай өлең жазды. Нұрмахан түсірген, ойлы, мұңды қалыптағы әдемі бір суретінің сыртына:


«Жыр шабытын төлдеген


Өзіммен бірге тербеген,


Өрен ойлы досыма –


Өлеңқұмар пендеден», –


деген бір шумақ жырымен маған сыйлаған еді. Біздің екінші курсымыз, 1958 жылдың қара күзі; айы, күні есімде жоқ. Бұл сурет Әбіш екеуіміз бірге түскен басқа да суреттермен қатар, Алматыда қалды, орайы келсе, кейінде жарыққа шыға жатар.


Сол жылы күзде Әбіш аса өнімді еңбек етті. Әлі он тоғыз жасқа да толмаған бала жігіттің өлеңдері сол замандағы қазақ поэзиясының жоғарғы деңгейіне жеткен. Және өлеңдермен қатар, аудармаға да ден қойып еді. Түпнұсқамен деңгейлес, мәнді, мағналы шықты. Мәселен, Рудакиден, төрттаған:


«Қартайғанда сақалды бояғаным қараға,


Келгені емес жасарғым, батайын деп күнәға,


Қара киіп жоқтаса аттанғанды молаға,


Сақал бояп жастықты жоқтамасқа бола ма!?..»


Бұл кезде Әбіштің айрықша назар аударып, үңіле, зерттей оқыған ақындары – Пушкин мен Лермонтов еді. Лермонтовтан тәржіманың менің есімде қалған бір үзігі:


«Көк бұлттары, мәңгілік жылжып көшкен,


Торғын көкке меруерт шынжыр салып,


Ұқсайсыңдар сүйкімді Солтүстіктен


Кеткен маған түстікке қуғындалып...»


Сол сияқты, тәуелсіз Африка тақырыбына қатысты әрқилы көңіл әуені, мақұл, сүйінішті бірнеше өлеңі болып еді. Осы және басқа да аудармалары мен өлеңдер сақталды ма, сақталса сол қалпында кейінгі жинақтарға шықты ма – нақты айта алмаймын.


Бұрын тұрмыстық мақала, әрқилы очерктер жазып, бұлары көбіне-көп ағымдағы баспасөзде жарияланып жүрген Әбіш осы кезде алғаш рет көркем прозаға ден қойды. Алғашқы бір әңгімесі – «Ит тиген сүт» аталатын. Жасамыс, атақты профессордың, аңғалақ, жақсы күйеуі бар, көршілес сұлу келіншекті тұрмыстан аздыруы турасында. Кейін жаратпай тастады ғой деймін. Аю-адам туралы «Жүнді барақ» дейтін өзгеше мазмұнды әңгіме жазуға дайындалып жүрді. Ақыры, жазған сияқты. Бірақ студенттік жылдарда емес, көп кейін – бірге тұрған, тығыз араласқан кездерімізде көрмедім, білмедім. Сондай-ақ, біз Темірлан бекетінде ұшырасып, үйіне қонған бейбақ әйелдің әңгімесінен өріс алатын повесть. Қызу кіріскенімен, аяқталмай қалды ғой деймін. Шындығында бұл – прозадағы алғашқы қадам болатын, аталмыш әңгімелерден бұрын басталған.



Әбіш мен сияқты емес, жазуда ешқандай күй талғамайды. Төсегі тұйық, төргі бұрышта тұратын. Алдында шағын текше. Әбіш, үстінде қолтығы салбыраған кең майка, төсегінің бір жақ шетіне отырып, осы текше үстінде қағазына үңіледі. Кейде маңдайын сүйеп, ойлана бөгеліп, көбіне тоқтаусыз жазып жатады. Кірген, шыққан, арлы-берлі жүрген балалармен тіл қатыса береді, тіпті, бөлменің екінші қапталында өтіп жатқан дау-кеңеске үн қосып қоятыны бар. Жазуы күн жарықта басталса, кешкі тамағын ұмытып кететін реттері де ұшырасатын. Мен кітапханадан келген бетімде тамағыңды іштің бе деп сұрар едім. Әлі ішпеген болса, қалаға барамыз, бір жағы қажетті серуен. Көбіне асханалар жабық, тақау маңдағы гастрономнан жемдік бірдеңе аламыз, әдетте, көлемі сіріңке қорабынан жуантық, фольгаға оралған, «плавленый сыр» – «балқытылған» аталатын сыр бар, он бір тиындық және он төрт тиындық, соның қымбатырақ, тәуірін аламыз, біреуі болмаса, екеуі кешкі асқа жарап жатыр, қыдырып әңгімелесе жүріп, көшеде жейсің. Әбіш жазуға көбірек көңіл бөлгенімен, кітап оқудан да шеттемеді. Сол жылы Пушкин, Лермонтов дедім. Басқасы жадымда жоқ. Тек Томас Манның Гөте турасындағы «Лотта Веймарда» романын оқып, айрықша әсерленгені есімде. Кейін өзі де жазу стилінде осы сорапты үлгі тұтқанын аңдадым.


Курстас балалармен бірге тұрғанның пайдасымен қатар, зияны да бар. Ең бастысы – оңашалық, еркіндік жоқ. Оның үстіне, жапырлаған жатақхана қай жағынан да қолайсыз шықты. Кезекті стипендияға үш-төрт күн қалғанда қарнымыз ашады. Ақшамыздың тапшылығынан емес, амалсыз таралып кетуінен. Әбіш екеуіміз де бай студенттер саналамыз. Мен оқуға түскен жылы көкем Шұбартау ауданының қиыр шалғайы – Жезқазғанмен шектес алыс отарлы отгонға мұғалімдікке сұранған, жоғары жалақының үстіне үлкен көтермесі бар. Орталықпен қатынас орайында, әрбір тоқсанда молынан жібереді. Бұл екі аралықта үлкен әкем пенсиясынан салып тұрады. Көкесі соғыста өлген Әбіштің жағдайы менен кем емес. Мұқыр деген, әлде әкенің інісі, әлде немере туыс, әб-ағасы бар, ай құрғатпайды, оның үстіне тұрмыстағы екі әпкесі ақша салып жатады. Екеуіміз де көтеріңкі стипендия аламыз. Соған қарамастан қарнымыз ашуы – ол кездегі студенттердің көбінің арттан көмегі жоқ, стипендияға жалғас оншақты күнде тәуір жүреді, содан соң тарықпаса да, өлшеулі мәзір, ал келесі стипендияға төрт-бес күн қалғанда көпшілігі тамаққа жарымайды, жағдайы бар балалардан қарыз сұрай бастайды, ескі ақшаның кезі, бес, он сом, асса жиырма сом. Әрине, Әбіш екеуімізден. Стипендия ала салысымен қайырмақ. Қалтаңда тұр, қалай тартынасың. Әйткенмен, дәп осы ретте керегірек ақша, қарызың қайтардан бірер, екі-үш күн бұрын сарқылмақ. Әбіш барын іркілмей береді, кейде тап-тақыр қалады. Менің де таусылатын кездерім бар. Оның үстіне, жатақханадағы орным тіпті жайсыз. Орыс, қазақ аралас жиырма шақты жігіт. Әрқилы мінез, дабыр-дұбыр әңгіме. Көбіне орыс бөлімінің жігіттерімен дауласып жатамыз. Сендер надан болдыңдар, сауатсыз болдыңдар, тұрмыстарың төмен болды деседі. Менің бір жолы айтқаным бар, Тургеневті, Толстойды оқыдыңдар ма, Орел мен Курск губернияларындағы мұжықтардың, мәселен, Ермолай мен Сучоктың сауаты қаншалық болды, деп. Сауаты тұрыпты, тұрмысы қандай еді, атаулы қайыршыларды айтпағанда; қазақта бай да, кедей де болды, бірақ қайыршы болған жоқ, деп. Оған тоқтамады. «Сендер артта қалған феодализм дәуірінде ғұмыр кештіңдер, енді капитализмнен аттап, социализмге жетіп, бізбен бірге коммунизмге өткелі жатырсыңдар», – деген. Мен: «Ал сендер 1861 жылға дейін құлдық қоғамда өмір сүрдіңдер, енді бір емес, екі формациядан аттап отырсыңдар!» – дедім. Сонымен, қарымта жауап таба алмай, бір жолғы әңгіме біздің пайдаға шыққан. Алайда, дау-дамай тоқталмады. Көбіне-көп әңгіме қазақтың кемдігі, орыстың және басқалардың артық болмыс, тұрмысы төңірегінде. Шыдамның да шегі бар ғой, бір жолы кешкілік, Әбіштерден келіп едім, төсек арасы, тар жерде төбелес болып жатыр екен. Сол сәтінде, ентелей алға ұмсынған Тоқтасын Беркімбаев деген сұңғақ бойлы боксер жігітіміз, сары шаш, төртпақ, мығым денелі орыс жігітін ұрып жықты. Орыстың бір өзгешелігі, жасқана берсең, басына түседі, ал елеулі қарсылық туса, әуелде қанша арындап тұрғанымен, беті тез қайтады. Ең зор, қайратты жігіттері омырыла жығылған соң, басқалары жуасып қалды. Сонымен, екі жақты азғана кінәластан кейін бар шаруа дабырасыз тынған. Бұл Тоқтасын – журналистика бөлімінде, бізден жоғарырақ курста оқитын, ұрып жыққан жігіт те қатарлас топта екен, ол кезде журналистиканың орыс, қазақ бөлімдері көп ретте сабақтарын бірлес оқитын, бұрыннан таныс, біліс балалар болса керек. Қайткенде де, осы оқиғадан соң, біздің қой қораға тақау жатын бөлмемізде тыныштық орнады. Анығы – орыс жігіті кінәлі, дау-дамай өрши келе, ұлттық намысқа тиіпті. Қолма-қол сазайын тартты. Кейін, 60-жылдардың ақыры, «Жазушы» баспасында жетекші қызметте отырған кезімде, осы Тоқтасын Беркімбаевтың шытырман оқиғаға құрылған көлемді хикаятын кітап қылып шығарып бердім, ол кезде жоспар мәселесі қиын, әрі беймәлім, жас автор, сырттай тани тұра алдыма келген жоқ, бірақ сол бір намысты қайраты үшін алқаған едім. Бұл Тоқтасын өз тұсында белгілі журналист болды, жолымыз түйіскен емес, бүгінде дүниеден өтіп кетсе керек. Хош. Әбіш екеуіміз ғұмыр кешкен орта туралы айғақты, көп деректің бірі деп біліңіз. Иә. Десе де, жатақханадан жеруімнің заңды жағдаяттарымен қатар, нақты бір себебі болды. Жаңа жылдан соң, менің басымда тұрған текшеден аса құнды екі кітап жоғалған. Кітап ұрлау – ұрлық емес деген ұғым бар. Ұрлықтың ең үлкені. Қылмыс деп айтар едім. Ақша жоғалса, орнына келеді, дүние жоғалса, басқасы табылады. Менің екі кітабым да ғажайып еді. Бұл кезде біршама жинақталып қалған қазынам – аэропорт аумағына көшіп келген, немерелес атамның үйінде тұратын, шайтан түртіп, азғана бұрын жатақханаға әкеле қалыппын. Мұның бірі – 1948 жылы Мұхтар Әуезовтың басшылығымен шығып, тиым салынған Әдебиет тарихының бірінші томы болатын, фольклористика, жап-жаңа, кетпектей кітап, ауылдағы үйден арқалап әкелгем. Екіншісі – Плано Карпини мен Гильом Рубруктың Шыңғыс хан ордасына саяхат жазбалары, тақауда ғана, 1958 жылы басылған; бұл да орны толмас қазына. Кейін, арада елу жыл өткенде, «Шыңғыс хан» эпопеясына кірістім, тарихи деректерді топтап, жаза бастағанда еске түсіп, ішім ашып отырған едім, және ескі тауарихты төңкерген жеті жыл бойы  жетпіс мәрте еске алған шығармын; әлбетте, кейінгі бір басылымын тауып алып, пайдаға жараттым, алайда, он сегіз жасымда серік болып, көкжиегімді кеңейткен ғажайып нұсқа көз алдымда тұрған да қойған. Бұл ұрлықтың біздің курстан тыс, алайда филфакта оқитын сұғанақ студентке қаншама пайда келтіргенін, немесе сор болып жабысқанын білмеймін. Бәлкім, қазақ емес, ілкіде дауласып, алдын тосқан орыс жігіттерінің бірі қасақана алған шығар. Қайткенде де ұмытылмас олқылық.


Ақыры, Әбіш екеуіміз жатақхананы тастап, пәтерге кетпек болдық. Үй іздеудің мен өткен жылы тәжірибе алған өзгеше тәсілі бар. Жалғыз қабатты, жекеменшік үйлер тізілген шеткері бір көшеге шығасың да, қатарласа есік қағып, жөн сұрайсың. Әбіш екеуіміз бірге қыдырып, әңгімелесе жүріп, үйден үй ақтадық. Істің сәті, бірер сағаттан соң табыла кеткені. 2-линия, 142-А. Қазірде нақты айта алмаймын, ол кезде 5-линия атанған Әуезов даңғылы мен Строительная атанған Мұратбаев көшесінің аралығы. Қатарлас он сегіз «линия» болатын. Біздің үйіміз – Киров, қазіргі Бөгенбай көшесінен сәл-пәл жоғарыда, сол жақ қаптал. Трамбай жүретін Комсомол, қазірде Төле би көшесіне тақау, қатынасқа қолайлы. Балалары жоқ, бәлкім бөлек тұратын кемпір-шал екен. Орыс. Ақсақал – ағаш шебері, ол заманда дүкендерге түсе бермейтін, әрқилы мүкәмал – шкаф, текше, орындық, стол жасайды. Сөзі жоқ, кемпірі де тыныш, біртоға кісілер. Шатырлы, шаршы бітімді үйі – ауызғы ұзыншақ дәліз және жинақы, кеңіс үш бөлме; біршама көлемді ауласында – алма бағы. Бізге түстік-батыс бұрыштағы тап-тұйнақтай, ауасы кең, таза бөлме тиді. Екі қабырғада екі төсек, ортада үш орындықты жадағай стол. Біз сол заманның есебінде аса көп ақша – екі жүз сом, бірер жылдан соң, ақша ауысқан есеп бойынша жиырма сом төлейтін болдық. Рақат өмір басталған. Рақаты – мазалы, байсал жағдай ғана емес. Осы оқу жылының аяғы және келесі курс – ең елеулі бір кезеңде тыныш, оңаша тұрған бір жарым жыл Әбіш екеуіміздің де қаламгер және азамат есебінде қалыптасу жолымыздағы өзгеше асу, таңбалы белес болып шықты.


Енді университеттегі лекцияларға қатынауды мүлде дерлік доғардық. Онсыз да уақыт жетпейді. Жазу және оқу. Мен аэропорт жақта тұратын әб-ағамның үйіндегі кітаптарымның біразын алып келдім. Стендальдың он бес томдық толық жинағы, Гейненің он томдық әдемі басылымы, Хемингуэйдің өткен күзде ғана сатымға түскен айдынды екі томдығы, және «ХХ ғасырдағы шет ел романы» аталатын сериямен шыққан бірталай кітап, иә, Шиллердің қалың екі томға жинақталған толымды басылымы, тағы басқа да классика үлгілері. Әлбетте, бәрі де орыс тілінде. Оншақты күнде бір рет кітап дүкендерін аралап, ол кезде Карл Маркс – бүгінгі Қонаев пен Горький көшелерінің қиылысындағы букинистке соғып, жаңа, сирек кітаптар іздейміз. Мен Драйзердің қоңыр мұқабалы он екі томдығын түсірдім. Әбіш өлең кітаптарын алады. Пушкин, Лермонтовтан соң Роберт Бернс жинағы есімде. Және мен айрықша әспеттеген Мицкевич пен Пөтефи. С.Маршак аударған Бернстің кейбір өлең үлгісі Әбіштің кейінгі «Махамбет» поэмасының құрылымына елеулі әсер етті; Мицкевичтің азаттық жырлары екеуімізді де қатты толқытатын, ал Пөтефидің ең соңғы, қазалы ұрыс қарсаңындағы «Алапат заман» толғауын неше қайыра оқып, көзімізге жас алғанымыз бар. «Ел-жұртымыз апат алдында, бәлкім, Көктің жарлығы осылай шығар, жарым әлем үстімізден жаныштап, біржола құртқалы келе жатыр!..» – дейді ғой, қазіргі қазақтың жағдайы. Әлбетте, үйде тұрған барлық кітап екеуімізге ортақ пайдада. Әбіш көбіне-көп жазу үстінде, менің негізгі жұмысым – оқу, енді күніге жүз елу бет, әйтпесе екі жүз бет классикалық проза үлгілерін оқып шығып, жиырма жасыма дейін әлем әдебиетінің ең озық нұсқаларын түгелдей зерделеп бітіру – парыз сияқты. Комсомол – Төле би көшесінің Дзержинский – бүгінде Наурызбай көшесімен қиылысындағы әлдебір кітапханадан соң, Панфилов паркінің ішкері, шығыс қапталындағы, Чехов атындағы қалалық кітапханаға ден қойдым. Кісісі аз, әрі қажет әдебиетіңді қағаз толтырмай, тезінен сұрап аласың. Бірден-ақ Мопассанның он екі томдығына түскен едім. Келер жылы букинистен тауып алдым. Менің қаламгерлік жолымдағы ең сүйікті жазушыларымның бірі. Ал Орталық, Пушкин кітапханасынан жаңа бір қазыналардың бетін аштым. Геродот, Плутарх пен Светоний бастаған әлемдік шежіремен қоса, ресми танымнан тысқары қалған Ресей және Орталық Азия тарихы: Карамзин, Соловьев, Ключевский, ақыры Бартольд, Веселовский, Бахрушин. Және Батыс әдебиетінің советте тыйым салынған өзгеше үлгілері: кейде жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы басылымдар, көбіне-көп соғысқа дейінгі кезеңде жүйелі түрде жарияланған «Интернациональная литература» журналы арқылы – Джойс, Пруст, Андре Жид, Дос Пассос және басқалар. Қадарынша кеңінен қамтуға тырысам. Сонымен қатар, бұл кезде университеттегі арнайы пән нәтижесінде, араб жазуын танығам, осыған орай, қазақ тілді, ескілікті газет, журналдар мен жекелеген басылымдар. Әдетте, үйдегі Әбіштің де оқуы тиянақты. Драйзердің «Американ трагедиясынан» бастады. Содан соң «Дженни Герхардт», «Сіңілі Керри». Ол кезде бар жағынан жаңалықты Хэмингуэйге ден қойыстық. Кімнің не оқып жатқанын түгендемейміз және әдеби шығармаларды талқылап, пікірлесу де әдетімізде жоқ, онсыз да ойымыз бір жерден шығатын сияқты. Әйткенмен, Әбіштің негізгі уақыты жазуға кететін. Үшінші курс – 1959 жылдың ақырына қарай, ақын ретінде зор биікке жетті. Әзірше жариядан, атақтан тыс. Тек жекелеген шығармалары ғана «Лениншіл жас» пен «Қазақ әдебиетінде» көрініс тауып жүр. Әдеби газетте өзін алғашқы курстан бастап қанатының астына алған Қабдолов отыр. Жастар басылымындағы беделі де зор, тіпті штаттан тыс қызметкері сияқты. Бірде газеттің студенттер қауымына арналған тұтас бір номерін дайындап берді. Алайда, ақыр соңына Әбіштің есім-сойы ысырылып, азғана қатысы бар, есесіне басшыларға жақын жүрген жоғарғы курс студенті Файзолла Оразаевтың атымен шықты. Екеулеп кейідік. Әйткенмен, мәнсіз пенделік деп таныған едік. Сондай-ақ, Әбіш әр барған сайын бір дорба хат-хабар, әңгіме, өлең әкеледі. Жарамай қалған дүниелер екен, редакция есебінен жауап жазуы керек. Ондағылар үстінен қарап, бланкті қағазға мәшіңкемен бастырып, тиесілі авторға өз аттарынан жолдамақ. Әбіш кейде жарамсыз дейтін дүниелерді жарамды, тіпті, жақсы деп тауып, қайыра апаратын, бұдан қанша рет, қандай нәтиже шыққанын білмеймін. Енді бірде қатты шамырқанып еді. Әлдебір облыс орталығында тұратын дипломды дәрігер, есімі Шай... бірдеңе, редакцияға тұтас бір хаттама жолдапты. Сөз мәнісі – ендігі, социализмнен озып, коммунизмге аяқ басқан өзгеше заманда қазақ тілінің мүлде керегі жоқ, бар қазақ жаппай орыс тіліне көшуі қажет. Жай ғана жандайшаптық емес, өзінше ұлт болашағын ойлаған толғам. Тілі жоғалғаннан қазақ құрып кетпейді, дейді. Әлемде әуелгі, тума тілінен айрылып, басқа тілге көшкен, бірақ өзінше тіршілік кешіп жатқан қаншама жұрт бар. Біз де қазақ қалпымызда қаламыз, бірақ озық заман орайындағы орыс тілді қазақ болып шығамыз, депті. Бұл сандырақты оқып, мен де күйіндім. Білімді, өзінше ақылды бола тұра, мұншама сатқындық қайран қалдырған. Әбіш сол ашуланған қалпы жауап жаза бастады. Тұтас төрт-бес бет. Оқып берді. Бәрі дұрыс. Өткір, өтімді, дәлелді. Қазақ өзінің тілімен бірге жасайды. Бөтен тілге көшсе, өткендегі барлық рухани қазынасынан айрылып, ұлттық сыпатын жойып, басқа бір халық болып шықпақ. Адамның ұлттық кейпі – ана тілінде. Түгел және дәлме-дәл жадымда жоқ, шамасы осындай. Өз тарабымнан бір сөйлем қостырып едім. «Құдіретті комедиядан» соң Дантемен елігіп, қалған шығармаларын да парықтай бастағам, «Пир» деген философиялық трактатынан мақал кейіпті толғам, ана тілі – адамның кісілік қасиетінің айғағы деген мағнада, бүгінде нақты есімде жоқ. Ақыры, екеуіміздің де ренішіміз басылды. Қожа-Насырдың есегіне насихат айтқандай болдық деп күліскен едік. Сол беті, басқа да жауаптармен қатар, редакцияға апарып берді. Осындай, алыс, әр шалғайдағы әрқилы жұртпен хабар алмасатын қара жұмысты Әбіштің өзі де қызық көрсе керек. Соншама қызмет жасап жүрсе де, жастар газетінің мұндай дарынды ақын, білгір сыншыны насихаттап көтергенін байқамаппын. Анда-санда бірді-екілі дүниесі жарыққа шығады. «Қазақ әдебиеті» де айрықша жарылқамады. Қалай десек те, Әбіш үлкен баспасөзге жол ашқан еді.


Ал менің азғана жазуымның бар жол тұйық шықты. Қазақ жазушыларының жаңа кітаптары туралы сын мақалаларым ешқайда өтпейді, «Абай текстологиясы» «Қазақ әдебиетінен» үлкен айқаймен қайтарылды, он сегіз-он тоғыз жасар бала, шырқау биікте қол созған, дәмесі зор, отырысы мығым – дәп солай ойлапты, мен парықсыз пікірлерін мойындамай, дауласа бастағанда, әдеби-сын бөлімінің қызметкері: «Абайда не ақың бар, Шәкәрімді қайдан білесің!» – деп ақырғаны күні бүгінде құлағымда тұр. (Кейін, 80-жылдарда Ғылым Академиясында қызметтес болдық, менімен ауылдас есепті, Шыңғыстаудан шыққан, осы жасында берекелі жұмыс тындырмаған, кіші қызметкер; біртоға момын, тыныш кісі екен, хроникалық алқаш; әлбетте, ара-тұра тілдесіп жүрдік, өткенді өзі де ұмытқан, жаңғыртып көргем жоқ, мәнсіз еді; ақыры, екі көзі бірдей су қараңғы тартып, қорлықта өлді.) Келер жылы, дәп осындай ашу-ызамен: «Мұндай жазу болмайды, сөйлем бұлай құрылмайды!» – деген өшпенді ызамен, әуелгі әңгімелерім де барлық газет, журнал редакцияларынан тойтарыс алған. Осы реттегі ең үлкен өкініш пен реніш – он тоғыз жасымда жазылған, ол заман үшін соны пікір, жаңалықты деректері мол «Абай және Шығыс әдебиеті» дейтін, біршама көлемді зерттеу еңбегімнің жолы кесілуі болды. Ұлы ұстазым Бейсекең – профессор Бейсембай Кенжебаев, мен екінші курстамын, 1959 жылы көктемде, өзінің ежелгі досы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының бас редакторы Төлеутай Ақшолақовқа телефондап, арнайы пікірмен, жарияға ұсынып еді, Төкең мені ертіп апарып, бөлімге тапсырған. Алайда, мұндағы Б. дейтін ғылым кандидаты, әдебиетші жігіт, менің төтенше толғамдарым басына сыймай, созбалақтап жүріп, оншақты ай ұстап, ақыры құрдымға жіберді және көп ұзамай, өзі де дүниеден өтіпті. Бұл «Абай және Шығыс әдебиеті» менің болашағымды біржола айқындамаса да, әуелгі шырғалаңдар қарсаңында жолымды ашып, жас зерттеуші ретінде әжептәуір атаққа жеткізетін еді. Кейін, әрине, жарыққа шығару қолда тұрды, алайда, уақыты өтіп кеткен және ендігі қалыбымнан төмен, әрі осының өзінде жаңадан жазылып, бұрнағы мақала ретінде ұсынылған дегендей күмән тууы мүмкін. Әлі күнге сол қалпында, жеке архивімде жатыр, әр кездегі басқадай шимайлармен бірге жыртып жіберуге қолым бармады.



Әбіштің жолы басынан-ақ оң еді. Жиырмаға толар-толмаста тақау төңірегімізде үлкен атаққа жетті. Өзінен гөрі мен көбірек сүйінсем керек. Жалғыз мен ғана емес, аралас достарымыздың бәрі де құрмет тұтады, осы ретте екі-үш жас үлкендер, мәселен оқуы қатарлас, кейінде танымал журналист, аудармашы, баспагер Нұрмахан Оразбеков айрықша іш тартады, туған інісіндей көреді, екеуімізді бөле-жармай, «балақан» деп еркелетіп жүретін. Бұл Нұрмаханның ол заманда қолға түспес «Фэд» дейтін қымбат фотоаппараты бар, әуесқойдан өткен, нағыз профессионал, қаншама суретке түсірді. Бірінші курстағы жаңа жыл кешінде, екінші курстағы жатақхана кезінде, кейінірек, пәтерде жекелей және бірге түскен әлденеше суретімізді шығарды, солардың үшеу-төртеуі бүгінге сақталып, Алматыдағы үйде тұр. Межелі бір уақытта жарыққа жетуге тиіс.


Айтқанымдай, пәтерге шыққан соң, екінші курстың соңына қарай, университеттегі лекцияларға сирек баратын болдық. Онда да бой көрсету үшін. Апта аралатып, айға тақау көрінбесек керек. Ақыры бір күні старостамыз, кейінде философия докторы, профессор Сонарбай Таңқаев арнайы іздеп келді. Білеміз, группа журналында бізді қашанда бар, қатынасты деп белгілеп жатқан. Бірақ шектен шығып кеттік, әбден запы болған сияқты. Қашанғы жалған көрсетем, келмеді, жоқ деп белгілеймін, стипендиядан қағыласыңдар, бәлкім, университеттің өзі қауіп деп, доңайбат жасай бастаған. Әрине, жорта, бізді қайткенде сабаққа келтіру. Расы, оған да оңай емес, үнемі жасырып отыру, өтірігі шығып, сөгіс естуі әбден ықтимал. Мен айттым: «Бәрі жөн, сөзіңнің қатесі жоқ, бірақ алдымен біздің жағдайымызды, дәлелді себебін, сабаққа қатысуға мүмкіндік жоғын анықтамайсың ба, міне, Әбіш қаншама классикалық өлең жазды, мен нешеме том кітап оқыдым, әуелі шай ішіп алайық, содан соң ақылдасамыз», – дедім. Екі кескен колбаса, жарты бөлке нанымыз бар, шай іштік, мен қоймаған соң Әбіш бірер өлеңін оқыды. Ақыры, Сонарбай досымыз кетерде айттым: «Қол тиген кезде баруға тырысамыз, бара алмаған күндері жоқ деп белгілей бер, стипендиядан алып тастаса, бірі ғажайып ақын, екіншісі ғаламат оқырман екі классиктің обалы сенің мойныңда», – деп. «Туу, сендерге дауа жоқ екен...» – деді ешқашан күлмейтін, сол кездің өзінде артықша салмақты Сонарбай мүлде түңіліп. «Енді барамыз», – деген Әбіш, жаймашуақтап. Осыдан кейін, досымыздың көңілін аулап бірер күн, жарым күн бой көрсеттік те, қайтадан өз әдетімізге көштік. Әлдеқалай жазғаным бар, үшінші курстың ақыры, философия пәнінен міндетті емтиханды тапсыруға барғанда, оқытушымыз мені мүлде танымады. Мен есіктен еркін кіргенде үдірейе қараған. Зачет кітапшасын алдына қойып, билет алғанда, қолындағы ведомостіге бір, сынақ кітапшасына бір, менің бетіме бір, қайта-қайта қарап, айран-асыр болып отырып еді. Мен бөгелместен, жауапқа әзірлігімді айттым. Алдындағы баладан кейін шақырды. Бірінші сұрақты жарым-жартылай тыңдады, екінші сұрақты кіріспесінен үзді, үшінші сұрақты бастар-бастамаста «бес» қойып беріп еді. Алмабай Сұрапбергенов деген ағай. Менің лекция атаулыға қатынаспағанымды аңдады, бірақ жауабыма мейлінше риза болған. Міне, сол заманда біздің университет мұғалімдері осындай кең, мейірбан, төтенше тілектес ағалар екен. Әбіш те әрбір емтиханда осыған жақын жағдаятты бастан өткерсе керек. Қазір ойлап отырсам, Батыс университеттеріндегі тек білім ғана сұрайтын оқудың біз өз бетімізше барған  төтенше үлгісі.


Әйткенмен, Әбіш екеуіміздің қалмай, міндетті түрде қатынасатын бір сабағымыз болды. Сабақ емес, салмақ. Әскер ісі аталады. Советтік соғыс империясының қалыпты заңы бойынша, он сегізге толған әрбір ер азамат әскери міндетті. Оның ішінде жоғарғы мектеп түлектері атаулы маман ретіндегі дипломмен қатар, әскери офицер оқуын да тәмамдауы шарт. Онсыз бейбіт мамандық дипломы да берілмейді. Әрбір институт, университетте әскери кафедра, арнайы оқу корпусы бар. Ұстаздары – отставкадағы кадрлық офицерлер, көбіне полковник шенінде, түгелге жуық кешегі соғыс-майданнан өткен, одан кейінде шет елдерде, Одақ көлеміндегі әскери құрамаларда қызмет атқарған, қатал кісілер. Біздің әскери оқуымыз жыл ұзағынан емес, әр курста бір семестр, міндетті түрде бір күн, сегіз-он сағаттан атқарылады. Бір күндік болса да, тұтас аптаға татитын ауыр оқу, азапты тәжірибе. Жаяу әскердің қолға шақ қару-құралдарының жөні, әскери стратегия мен тактика. Әбіш Калашников автоматын бөлшектеп бұза алмай, бұзса қайтадан құрай алмай отырар еді. Полковнигіміз ашуланады, біз Академик деп ат қойған Бақыт Сейтжанов пен сөзі шұғыл Даукес Базарғали Қуатов, тағы бір балалар полковникті қостап, көмекке сұранып, мазақтап күледі. Жігіттер табиғатына жат, жеккөрінішті сабақтың өзін ойынға айналдырып, жалпы жағдайды жеңілдетуге тырысар еді. Бір күні «Наступление» – «Шабуыл» дейтін маңызды тақырыпты талдап жатқанбыз. Совет армиясының соғыстарындағы шешуші тәсіл деп. Жаңылмасам, полковник Серегин, сыптай тығыз денелі, қырық бес-елу жастардағы, қазымыр, аса қатал кісі еді. Сонда, қалт еткен бір сәтте, Базарғали болса керек, төтенше сұрақ қойған: «Товарищ полковник, анау жарақатты осындай шабуыл кезінде алған боларсыз?» – деп. Орысша ғой. «Иә, – деді полковник. Жарақат емес, қысқа қайырлған шаш астындағы төбел таз, тура қарақұсында. – Ұлы Отан соғысы кезінде, жеңісті шабуылдардың бірінде». «Ә-ә, нет, – деді Базарғали. – Шабуыл болса, қақ маңдайдан тиетін еді, ал мынау – басқаша жағдай...» Қыран-топан болдық. Полковник айтқан сөзіне емес, мына қиқар студенттің қағытпасына қып-қызыл ыза болып, жер тепкіледі. Бірақ тезінен басылған. «Тыныш! Шуламаңдар! Қане, кезекті сұрақ. Пәленбай, сен жауап берші...» Осы оқиға бүткіл университетке жайылып, қаншама күн мәз болып едік, кейінде әркімге бір таңылып, кеңінен тарады. Базарғалиға ешқандай қысас болмады. Оның есесіне басқа бір күні Әбіш екеуіміз пұшайман жағдайға түстік. Серегин емес, келесі бір полковниктің қаһарына ілінген едік. Попов деген. Әдетте, әскер сабағы болатын күні ертерек қамданамыз. Сол күні әлде ұйықтап қалдық, әлде трамбай кешікті, Шевченко–Масаншыдағы оқу корпусына әрең жеттік. Біз аптыға басып, екінші қабатқа көтерілгенде, біздің балалар кең дәліздегі таңертеңгі сапқа жаңа тұрып жатыр екен. Асса бес-алты секунд қана кешігіппіз. Бәрібір қатарға қоспады. Кураторымыз саналатын полковник Попов бізді қарсы қабырғада сілейтіп қойып, түзем рәсімі аяқталған соң кафедраға айдап апарды да, «Декан Амандосов жолдасқа. Мына Кекильбаев пен Магаулин үнемі кешігіп жүреді, сабаққа сүлесоқ, тәртіптері нашар» деген тұрғыда жазылған бір жапырақ қағаз ұстатып, қоя берді. Декан Тауман Амандосов ағамыз әлденеге қырысып отыр екен, сөзге келместен, басқа сабақ бір бөлек, әскер ісі ойыншық емес, бұл қалыпта оқудан шығып қалу оп-оңай, әзірше стипендиядан аламын, солай айтып барыңдар!» – деп кері қайырды. Ұнжырғамыз түсіп, кезекті сабағын атқарып тұрған полковник Поповтың алдына келдік. Бойы ортадан жоғары, бет аузында тілім еті жоқ, тіп-тік, арық, қатқыл кісі еді. Жас шамасы елудің үстінде. Ешқашан жымиып күлмейді, өңі жылымайды. «Сендер, бос сөз қуған филологтарға әскер ісін оқыту мәнсіз, – дейтін. – Соғыс жағдайында мен сендерді тылға, танкке қарсы ор қазуға жіберер едім, бірақ онда да жарытпассыңдар». Қашанда талабы қатты. Бірақ артық сөзі жоқ, бар ісі нақты болатын. Бізге кекете қарап: «Ал, не болды?» – деп сұраған. Әбіш сұлық тұра берді, мен мейлінше салтанатты түрде: «Полковник жолдас, баяндауға рұқсат етіңіз. Сіздің әділ талабыңыз бойынша, декан бізді стипендиядан алып тастады!» – деп хабарладым. Полковник, тәрізі, мүлде күтпеген жағдай, дағдарып қалды. Сол сәтінде біздің балалар гуілдесіп кетті. Көбіне жорта: «Ой-ой-ой!..» «Ай-йай-яй!..» «Как жалко!..» – Обал емес пе!.. «Почему так жестоко!..» – Неткен қаталдық!.. Полковник қып-қызыл болып кетті. Жаппай жоқтау сәл-пәл саябырлағанда Базарғали: «Кекілбаевтың әкесі Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан!» – деп жариялады. «Артынан көмек беретін ешкім жоқ!» – деп бекітті Марат Нұрғалиев. «Кәрі шешесі ғана бар, басқадай туған-туыстан ада!» – деп түйіндеді Бақыт Сейтжанов. Полковник қызылдан бозарып, мүлде қаусап, шөгіп кетті. «А ты Магаулин?! – деді сасқанынан маған қарата, менің фамилияма тілі келмейтін. Әдетімше, «Магауин», – деп, кезекті түзету жасадым – «Менің әкем контузия алып, аман-есен оралған. Оның үстіне дедушкам бар. Әйтіп-бүйтіп күнімді өткерем». Әрине, жыл аяғына дейінгі үш-төрт айлық стипендия – үлкен шығын, алайда, айттым, мен ғана емес, Әбіштің де жағдайы көтереді. Біздің балалардың гуілі мен дуылы – төтенше оқу, қатал полковникке деген қырыс көзқарастың орайымен сыртқа шыққан бір көрінісі ғана болатын. Полковниктің бақытына қарай, қоңырау соғылып, кезекті сабағымыз бітті. Үзілісте жігіттер полковник Поповтың абыржып қысылған жағддайына бір жағынан қанағаттанып, екінші жағынан мынаның да сезімі, ар-ұяты бар екен деп таңырқап, қайтадан дабырласып кетіп еді. Артынан мағлұм болғандай, бізді бір айлық қана стипендиядан түсірген екен. Полковник араласты ма, әлде деканның әуелгі шешімі де солай ма, білмедік. Реніш емес, қызғылықты оқиға ретінде есте қалып еді.


Тағы бір жағдай. Біздің әскери оқуымыз ғана емес, Алматының болашақ құрылымына қатысты. Сабақ үнемі төрт қабырғада жүрмейді. Кейде кең далаға алып шығатын. Енді бір жолы, «Қала ішіндегі ұрыс» тақырыбын талдау үшін, сол кездегі 13-линия, – қазіргі Гагарин және, бұрынғы атын ұмыттым, Жандосов көшелерінің қиылысы, кең аллеяға алып келді. Көрікті, ұзына бойына төрт қатар ағаш егілген 13-линияның тау беті бітеліп, жер қазылып, асты-үстіне түсіп жатыр екен. «Міне, – деді әскери тактикадан беретін полковник Якушев. – Көшені бітеп жатыр. Неге?» «Ақымақшылық! – дестік жамырап. – Тамаша проспектіні қақ ортасынан қиып, біржола бүлдірді ғой!.. » «Жоқ, – деді, ерні майлақы, бұлағы түсіңкі, толықша полковник. – Мәжбүрлі қажеттік». Сөйтсек, Алматының ежелден қалыптасқан көше құрылымы – бүгінгі заманға сәйкес келмейді екен. Барлық көшелер тақта кейіпті, шығыстан батысқа, терістіктен түстікке қарай, түпе-түзу созылып жатыр. Бір шетінен кірген танктер, оған жалғас жаяу әскер, ешқандай бөгетсіз, екінші шетінен бір-ақ шықпақ. Сондықтан да, негізгі көшелердің бәрі әр тұстан бөлініп, жаңа үй, жаңа құрылыстар салынуы шарт. Соның әуелгі бір көрінісі – алдарыңда тұр. «Сонда қандай соғыс, қандай жау?» – деп сұрайды балалардың бірі қасақана. «Қытай! Алматыдан небәрі төрт жүз шақырым жерде тұр. Ал біздің қаламыз стратегиялық жағынан өте әлсіз, қорғанысқа қолайсыз. Қытайлар бір шетінен кірсе, оп-оңай екінші шетінен шығады». Міне, керемет! «Сонда қалай, – дейді жігіттер. – Нарынқолдан шекараны бұзып өткен қытай Алматының түбіне ешқандай бөгеліссіз жетіп келе ме? Біздің айбынды әскеріміз қайда?» «Әрине, – дейді полковник, – Шекараның арғы, бергі бетінде талқандаймыз. Алайда, бәріне дайын болу керек. Қытайдың әскері ондаған миллион, қазірде техникасы да жетілген. Қажетті қорғаныс шараларын естен шығармау керек!» Міне, біздің Академиктің жазыла бір сөйлейтін жері. «Дұрыс, – дейді, тамсана бас изеп. – Даналық шешім. Өткен тарихта жауды екі рет Москваға дейін жетектеп әкелдік. Француздарды шыға бере, немістерді дәл іргеде талқандадық. Алматыны Қытайға беру де дәп осындай ұтымды стратегия. Бұдан соң, Қаскелеңде, немесе Ұзынағашта біржола қиратамыз. Тек бұл қытай сол беті Москваның бергі жағынан бір-ақ шығып жүрмесе...» «Молчать!» – Тоқтат! – деп ақырады полковник, сөз мәнісін енді ғана аңдап. «Қаладағы ұрыс: қорғаныс және қарсы шабуыл» тақырыпты сабағымыз одан әрі жалғасады. Міне, шамасы 1960 жылдан бастап, Алматының оқтай түзу, бір қиырынан екінші шетіне созылатын даңғыл көшелерін бітеу, аралықта жаңа құрылыстар салып, бүткіл шаһарды тұйықтау – әлдебір архитектуралық қателік емес, советтік озық әскери стратегиядан туындаған, жоспарлы жұмыс екен. Бар қызығын енді көріп отырмыз. Сырттағы жау түгілі, мына, машина басқан заманда, іштегі өзіміздің еркін қозғалуымыз қиынға айналды.


Қытымыр әскери оқудан соңғы, қиындығы одан кем түспейтін ауыр салмақ – міндетті ауылшаруашылық жұмыстары. Екінші курсты бітірген жазда, ауылдағы екі айлық барақат демалыстан соң, амалсыздан Алматыға оралдым. Әбіш келмей қалған. Яғни, жалғыз өзім. Жалғыз болғанда, басқа балалар түгел. Бақыт, Тұрғанбай, Марат, Дидарбек... Август айының басында бүткіл университет студенттері қатарында Тың өлкесіне аттандырылған едік. Басқалар сияқты, біздің факультетке де, тауар вагондарынан құралған тұтас бір состав бөлінді. Әрбір вагон ішінде екі қатар тақтай сөрелер орнатылған. Қамалған қойдай, қатарласа, қабат-қабатымызбен жатамыз. Вагонның орта шені, сырғытпалы қақпа тұсы азғана кеңіс, желдеп, топырлап отырамыз. Жылжуымыздан тұруымыз көп, Алматыдан Көкшетаудың қаласына дейін бес күн жүрдік. Мен үшін Сары-Арқаның төріне бойлай енген, өзгеше бір әлем ашылып еді. Сырлы, қасіретті. Жаңа жерлер, жаңа бір уайым-қайғы. Мойынтыдан соң, Балқаштың батыс қапталын жағаладық. Бұдан ары – салқар дала. Бекет атаулының бәрі қаптаған орыс. Ақмола шегіне ілінген соң мұң мен шер қалыңдай түскен. Ежелгі жұртыңның елесі де қалмаған. Мүлде басқа бір әлем. Сұлтанмахмұттың «Жазғы қайғысы» ойға оралады


«Бетіңді қайыстырып орыс басқан,


Тітіреп қаһарынан жер мен аспан...»


Сұмдық қой. Отарлық қыспақтың ең ауыры біздің басқа түсіпті. Жерің мынау. Жұртың анау. Болашақта ешқандай саңлау жоқ сияқты.


«Ал енді, бізге келген заман қандай?


Заманға қарсы тұрар шамаң қандай?


Басқаның көкжелке боп тепкісінде,


Талайсыз неден болдың, аһ сормаңдай!!.»


Басын мұнарлы бұлт емес, көгілжім қайғы басқан Көкшетау көрінді. Бұдан соң,  орман, аласты, дөп-дөңгелек, көрікті көлге толы байтақ өлкең. Қолыңнан шығып барады. Бәлкім, біржола айрылдың...


Әсері ауыр еді. Еңсе басқан, естен айырған. Сол жылы ғана емес, қаншама заман бойы, түн баласында алағызып ұйықтай алмайтын едім. Қайран ел, қайран жер!..


Алматыға оралғаннан соң, бұдан кейін де, әрқилы жаулау, отарлау, бақытсыз жағдаяттар нәтижесінде жер бетінен жойылып кеткен халықтар тарихына ден қойдым. Себеп, салдарын тексергем. Осы, құрып біткен жұрттардың нашарлығынан емес, сырттан келген зорлықтың аяусыз өктемдігі, кенеусіз қиянаттан екен. Күні кеше ғана, халқыңның басым бөлігін жалмаған ашаршылық ұйымдастырылды. Енді міне, үстіңе жүз мыңдап төгіп жатыр. Біздің қазақ өлі мен тірінің арасы, ажал құзының жиегінде тұр екен... Не қайран бар?.. Сәтімен ұшырасып, Көкшетауда қолға түскен өзгеше бір кітапты неше қайыра сүздім. «Индонезия обвиняет» – «Индонезия айыптайды». Сукарно. Туған жұртының азаттығы жолындағы күрескер және еркіндік замандағы алғашқы президент. Данагөй, кемеңгер кісі еді. Ел-аралық саясат жөнімен, артын ойламаған өкіметтік нұсқау бойынша орыс тіліне аударылып басылған бұл кітаптағы жүрек-жарды толғам, негізгі түйіндер – түгелдей ұлттық ояну, және азаттық жолындағы күрес тәсілдері байыпталған бағдарлама болатын. Бұдан соң, осы жылы өткерілген Бүкілодақтық халық санағының нәтижесіне ден қойдым. Бірер жылдан кейін, бұрнағы заманды қоса таразылаған жинақты кітабы да шыққан еді, енді әлемдік демография ғылымына бойладым. Оның ішінде тарихи демография. Адамзат шеруі, ғасырлар бойғы халықтар керуені өз алдына. Ақыры, емескі үміт сәулесі көрінген. Әлі де тұзымыз таусылмаған сияқты. Бүгінгі жалпы саның қаншама кемісе де, тым аз емессің. Қазақстан шегінде ғана үш миллионға жуық. Ендеше, өсеміз, өнеміз. Осы байтақ жердің бір пұшпағы, мәселен, Оңтүстік өңірде болса да, өзіміздің нәсілімізді сақтап қаламыз. Ол үшін... Қазіргі кезде саған қарап тұрған ең басты мәселе – халқыңа өзінің тарихын таныту, ежелгі рухын әйгілеп, ұлттық санасын көтеру екен. Осы жолға бет бұрдық. Бар ғұмырымызды бәйгеге тіктік. Тәптіштеп, тіпті, термелеп айта бергеннің өзінде әлденеше кітаптың жүгі. Соның біразы өткен қаламгерлік қызметімізде жүзеге асқан да сияқты.


Бұл жолғы әңгіме – Әбіш екеуіміз туралы еді ғой. Сөз аяғын бұрмайын. Мен орыс басқан Ақмола-Қызылжар-Көкшетаудан ата жұртымның аруағын арқаланып, жаңа бір мұрат тапқандай едім. Ендігі мақсат айқын, қайткенде жассың. Бар болашағың алда.


Қоңыр күзде тағы да тауар вагондарына тиеліп, Алматыға оралдық. Әбішпен жаңа көргендей, қуана табысып едік. Ауылда анасы ауырып, қасынан шыға алмады деген анықтама ала келіпті. Тиянақсыз ілгішек. Өзіне оң қарайтын декан Амандосовқа барып, кеңшілік алған екен. Стипендиясы орнында, бірақ жатақхана берілмейді. Ал мен беріп тұрған жатақтан бас тарттым. Оңаша,жайлы, ең бастысы – өзімізге жаққан пәтер үйіміз күтіп тұрған.


Осы үшінші курс – 1959–1960 жылдар тоғысындағы күз бен қыс және көктем – шын кәмелетке жаңа толған жиырма жас – Әбіш екеуіміздің қаламгерлік болашақ ғұмырымыздағы таңбалы белес болды дедім. Және шын мәнісіндегі кемел, келісті дәурен. Қалыптасқан сақа студент қана емес, факультет аясындағы ең көрнекті жігіттер саналсақ керек. Менің баспасөздегі жария көрінісім кемшін болғанымен, кеудем тым жоғары. Бүткіл әлем әдебиетін жете таныдым деп білем. Өз ұғымымда жазуым да  біршама дәрежеге жеткен. Екінші курстың ақырында сәулетті Самарқандқа, Орта Азия, шын мәнісінде жүмлә Еуразия университеттері студенттерінің ғылыми конференциясына барып, «Абай және Шығыс әдебиеті» деген тақырыпта баяндама жасап, мақтау естіп, атаулы грамота алып, марқайып қайтқам. Университеттің сегіз факультетінен ірікті сегіз бала барып едік. Бәріміз де абыройлы болдық. Оның ішінде менен екі-үш жас үлкен, экономфактың төртінші курсының студенті, болашақта Ғылым Академиясының президенті, доктор, профессор, академик Кенжеғали Сағадиев бар. Үшінші курста жазу қалыпты жүйеге түсті, жария жағдайым алға баспаса да, еңсем көтеріліп, бар жағынан байсал тауып едім. Ал Әбіш бар тараптан өтімді. Жазғандары тоқтаусыз шығып жатыр. Ең бастысы – 1959 жылдың ақыры, қысқа қарай шағын көлемді, түр-тұлғасы өзгеше, көркемдігі келісті «Махамбет» атты поэма жазып шыққан. Сол кездегі ұғым ғана емес, қазіргі сенімім бойынша да, бұл – қазақ әдебиетіндегі өзгеше құбылыс еді. Сұлтанмахмұт пен Мағжаннан – 1991 жылғы желтоқсан, тәуелсіздік күніне дейінгі кезеңде ұлттық сананы әйгілеген, ұлт азаттығы идеясын көтерген жалғыз жыр. (Мәжит бектің алыс шет елде қалыптанған шығармалары бізге кейінірек жетті.) Айналасы бір аптада тәмам қылып еді. Мен үшін үлкен қуаныш болды. Қашанда ең жақын, сырлас досымның бар табысына өзімнен әрмен мерейленер едім. Мынау – кемел шығарма, классика дедім. Қазақтың өр рухы көрініс тапқан, қарулы зорлық пен рухани қысас – «патшаның жирен қолы» жаныштаған отарлық жағдай әйгіленген, трагедиялық емес, қаһармандық әуездегі өзгеше серпін. Шағын көлемді, бірақ айрықша салмақты, кемел туынды.


Әбіш университеттегі «Әдеби бірлестік» аталатын белсенді жас жазармандар үйірмесін басқарады. Мен факультет студенттерінің Ғылыми қоғамының төрағасымын. Сонымен қатар, Бірлестіктің «Шағала» аталатын қабырға газетінің редакторы. Өзімізше Жазушылар одағының жастар бөлімшесі деп білетін Бірлестік ай сайын дерлік қатарымыздағы талапкер ақындардың өлеңдерін талқылап, қызу жиын өткізеді. «Махамбетті» көп алдына тартпадық. Әбіш әуелгі кезеңнен өтіп кеткен, өз ортамызда үлкен ақын саналады. «Шағала» газетінің кезекті санына шығардық. Тиесілі мәтіндері түгелдей мәшіңкемен басылған, көлденеңі бірер метр, ұзындығы екі құлаштан астам әдеби газетіміз кең дәліз – деканатқа қарсы, қазақ әдебиеті кафедрасымен жапсарлас қабырғаға ілінетін, бел ортасы, ең көрнекті тұсында жарқырап «Махамбет» поэмасы тұрғаннан соң, бұрынғыдан да мәнді, айдынды көрінеді. Бүткіл қазақ бөлімі жапырлай оқып жатыр. Әбішті бұрыннан білетін, айрықша бағалайтын өзіміздің жігіттер түгел ғажап қалды. Басқа курс балалары да жаппай таңырқап, көбінің ақылына сыймай, бірақ мейлінше мойындап, жақсы пікірге тоқтаған сияқты. Әрине, әлемге танылуға жақын, үлкен қуаныш. Алайда бұл – біздің ғана ұғым екен. Арада екі апта өткенде, «Шағалаға» қарама-қарсы қабырғаға факультеттің ресми «Филолог» газеті ілініпті. Қақ ортасында, тақырыбы қара бояумен қолдан жазылған көлдей мақала бірден көзге шалынады. «Махамбет» поэмасы – ұлтшыл сандырақ» деп аталған екен. Бастан-аяқ әшкерелеу. Ешбір сөзі есте жоқ, бірақ нақтылап айтпасақ та белгілі болса керек. Әдебиеттегі идеясыздыққа, жадағай идеясыздық емес, буржуазиялық пасық ұлтшылдыққа қарсы күреске үндейді. Біздің советтік университетте осындай зиянды, қаскөй шығарма жазылуы – аса қатерлі құбылыс депті. Алып тұрған көлемі талданып отырған зиянды поэмадан әлдеқайда үлкен, зәрлі мақаланың соңына қырағы автордың есім-сойы нақты жазылыпты. Бір курс төмен оқығанымен, бізден екі-үш жас үлкен, алғашқы өлеңдері баспасөз бетінде көріне бастаған, арынды, бұзақылау жігіт, ілкіде ғана, Карл Маркс көшесіндегі букинистке бара жатқан жолым, заманында абыройлы, кейінде ішімдікке әуес, ашаң-жарғақ қарт ақынмен бірге арақ ішіп отырғанын көргем. Кейінде әжептәуір атағы шықты, содан соң,  отбасындағы азғындығы үшін жазаға кесіліп, төрт-бес жылғы қапастан кейін, әлдебір туысы – құзіретті партиялық қызметкердің күшімен бостандыққа шыққан және беті бүлк етпей, Жазушылар одағы мен баспаларда шалқақтап жүруші еді. Жиырмадағы балаң студент, жаңа бастаған талапкер кезінің өзінде әдебиеттегі «азғындыққа» қарсы күрескен кісінің ақиқат бейнесін таныта түсу үшін айтып отырмын.


Біз жақсы білеміз, советтік қоғамда кез келген кісі саяси бақылау астында. Әсіресе жастар жағы. Университетте, әрбір оқу тобында бір, немесе екі-үш тыңшы бар. Әскерден өткен, немесе жұмыс істеп келген, ұстамды, сенімді, сақа жігіттер. Шамасы белгілі. Партиялық тұғыры берік, жекелеген оқытушылар тағы тұр. Және әрқайсы өз бетімен десек те, жоғарыда бәрін біріктіруші, бағыттаушы, басқарушы мекеме тұр. КГБ. Атаулы мақала арнайы тапсырмамен жазылды деп ойламаймын. Советтік жалақор қоғам қалыптастырған әлеуметтік құбылыс – шын азғынның өзінің ынта-жігері. Бәкім, жалпыға ортақ, үйреншікті тәсілдер арқылы, бойы озық тұрған Әбішті қазіргі және болашақтағы бақталасы санап, әу бастан сүріндіру, алдына талқы қою. Қайткенде де, «Шағаладағы», шын мәнісіндегі отаншыл поэма да, «Филологтағы» әшкере мақала да ескерусіз қалмаса керек. Кейінгі бір көлденең жазбаларда осыдан соң Әбішті анда-мында шақырыпты, дабыра Жазушылар одағына жетіпті дегендей сөздерге ұшырастым. Жаңсақ дерек. Тәрізі, поэманың кітапқа шығар тұсындағы талқы болар. Мен айтып отырған кезде төтенше әңгіме туған жоқ. Бірге тұрып, бірге жүрміз, менің естімей қалуым мүмкін емес. Әйткенмен, Әбішті саяси полицияның сезіктілер есебіне қосуы күмәнсіз. Бірінші курс, комсомол жиналысындағы ұлтшылдық дау-дамайдан соң, жалғыз Әбіш қана емес, сол хикметті бастаушы болған менің өзім де, дәлелді, байыпты сөйлеген Нұрмахан және тағы  бірнешеуіміз санатқа кірсек керек. Атаулы, қатаң шара қолданылмауы – заманның біршама тынышынан және үлкендердің жаба тоқуымен қатар, осының бәрі балалық, уақыт оза келе басылар желік саналуы дер едім. Сонымен, «Махамбеттің» дауы аяқсыз қалды. Қарымта жауап беруді қажет таппадық. Кеселді тақырыпқа назарды күшейту ғана емес, көпе-көрнеу ақымақшылық болар еді. Жалалы газетіміз де қысылып-қымтырылмай, біздің «Шағала»–«Махамбетіміз» де айылын жимай, келесі сандары шыққанша, екі ай бойы өз орны, сол қалпында тұра берді. Біз қанша дүрдисек те, Әбішті құдай қақты дер едім. Осы орайда айта кетейін, сол, әлде келесі жылы, орыс бөлімінің орысша «Филолог» газетінде Рапопорт дейтін студент қазіргі заман поэзиясы туралы мақала жазады, көркемдік үлгісі ретінде «белгілі совет ақынының» бір шумақ өлеңі мысалға келтірілген екен; бұл, есімі аталмаған ақын осы кезде бар тараптан айыпталып жатқан Пастернак болып шығыпты. Ал, кетті. Ию-қию дабыл, ойбай, аттан. Әлбетте, КГБ-ның тікелей қатысымен, университет партия ұйымы және деканат тарабынан қатаң айыпталып, Рапопорт оқудан қуылды; кейінде, орыс филологиясын бітірген жігіттерден естуімше, екі-үш жылдан соң кешірім алып, әйтіп-бүйтіп дипломын қорғаған екен, бұдан соңғы кезеңде Сібір, Байқал жақта облыстық газеттерде қызмет атқарыпты, әлбетте, қуғын-сүргін тоқталмаған, ақыры, мезгілінен бұрын дүниеден өткен сияқты. Міне, осындай заманда өмір сүрдік. Сақтықпен қатар сәтті тағдыр бұйыруға керек еді.


Бұл кезде Әбіш біршама өлең жазып тастаған. Барын іріктеп, шағын жинақ әзірледі. Көркем әдебиет баспасына ұсынбақ. Баспа қабылдау үшін әуелі Жазушылар одағының мақұлы қажет екен. Талқылау және оңды пікір. Соған орай, осы алғашқы жинағы одақтың поэзия секциясына тапсырылды. Екі-үш апта өтті ме, бірер ай озды ма, талқылауға шақырыпты. Әбішпен бірге Сейтжанов Бақыт, Ділдәбеков Тұрғанбай және мен – төртеу болып бардық. Біздің үшінші курсымыз, 1960 жылдың алғашқы, қыс айлары.


Поэзия секциясының бастығы – ақын Саттар Сейтхазин екен. Сонымен қатар Шәміл Мұхамеджанов және, есімде қалмапты, тәрізі, Одақ пен журнал, газет төңірегіндегі үш-төрт жігіт бар. Һәм жас пері Әкім Тарази. Саттар ағамыздың көңілі кең екен.  Осы жақында ғана Мәскеудегі Әдебиет институтын бітіріп келген. Сол замандағы және кейін де ерекше мәртебе – орталық, Мәскеу баспалардың бірінен «Беркуты» деген атпен аударма жинағы шыққан. Болашағы тым жарқын сияқты еді. Көтеріңкі отырды. Бірер ескертпемен қаншама мадақ сөз айтты. Қазақ әдебиетіне дарынды, жаңа бір жас ақын келді, деп түйіндеген. Осыдан соң әлгі, менің есімде қалмаған жігіттер, бастапқы лепесті қостағанымен, таптаурын, сүреңсіз сөйлеген. Бұдан кейін енді ғана көтеріліп келе жатқан және тәп-тәуір өлеңдер жазып жүрген Шәмілге кезек келді. Негізгі пікірі орынсыз сынға құрылған еді, алайда, жинақ жарамсыз деген сөзге бармады. Әбіш осы Шәмілдің лепесіне қатты кейіген екен, үйге келе салысымен, оншақты жол эпиграмма жазып еді, сондағы: қанаты жетпейтін биікті қалай танысын, тобылғыдан асып ұша алмайтын «Торғайдың үрпе-шүрпе балапаны» деген тіркес есімде қалыпты. Әуелгі шешендер тыншыған кезде Әкім Тарази сөзге кірді. Алғаш көруім. Кеудесін кере, байыппен, нық, әрі сенімді сөйлеген. Тұтастай алғанда жоғары бағалады. Алайда, соңғы орамдағы бір сөзі менің жүрегіме зырқ етіп тиген еді. «Осындағы біраз өлеңде айтылып жатқан Африка – шын мәнісіндегі Африка емес, автордың көңілінде басқа бір әуен бар...» – деп қайырып еді. Маған тұпа-тура арандату сияқты көрінді. Айтуға болмайтын әңгіме. Әрине, сөздің түп төркіні – неше ғасырлық құлдықтан соң, енді ғана азаттық алып жатқан Африка емес, отарлық кептен құтыла алмай отырған Қазақ елі. Арада бес-алты жыл өткенде жақын таныстым, көңілімде үнемі күдік тұратын еді, біле келе сейілді, тарқады, шындығында, бізден үлкенірек болса да, отызға жаңа келген, енді ғана жазуға шындап бет қойған Әкімнің лепесі – «Біз де ақымақ емеспіз, бәрін танып, аңдап отырмыз» деген ишара төңірегінде ғана болса керек. Кейін де, әлденендей алалығын, ұлт мәселесінде теріс көзқарасын, тіршілік кешуіндегі арзан құйтырқысын көрмедім, жақсы жазушы ғана емес, зайырлы азамат. Қайткенде де, Әкімнің сол сәттегі екі-ұшты сөзіне талқыға қатысып отырған сыншыларымыздың ешқайсы бойламаса керек. Біз – Әбіштің жауынгер командасы, әуелде пәтуаласып алғанбыз, таразы басы ауып, анық теріске айналса ғана сөзге кірісеміз, әйтпесе мейлінше бейбіт отырамыз деп. Бірер сағаттан асқан талқыдан соңғы қорытынды сөзінде Саттар ағамыз: «Келісті, жақсы жинақ. Сын пікірлер ескерілсін, бірақ осы қалпында барлық талапқа жауап беріп тұр. Жазушылар одағының поэзия секциясы атынан «Көркем әдебиет баспасына» ұсынамыз», – деп түйіндеді,


Әбіш «сын пікірлердің» ешқайсын ескерген жоқ, тағы бірнеше өлеңмен толықтырып, мәшіңкеден қайыра өткізіп, баспаға тапсырған еді. Шамасы – 1960 жылдың наурыз-көкегі. Біздің ұғымда Жазушылар одағы мақұлдаған жинақ тез арада кітап болып шығуға тиіс. Олай емес екен. Баспаның өзіндік рәсім,  құқұғы бар. Әбіштің жинағы арада үш жыл өткенде, университеттен кейін ғана жарыққа жетті. Ілкіде, «Махамбет» қалай болды деп сұрағанымда, Әбіш мейлінше күйініп сөйлеген. «Бүлдірді,  көлеңкесі ғана қалды, – деп еді. – Ең ақырына «Шашағын қызыл тудың желбіретті» деген шумақ қостырды». «Неге келістің?» – деп едім аңтарылып. «Онда мүлде басылмай қалатын болды», – деді күйзеліп. Барын жоққа шығарғанша, баспай-ақ қойса қайтер еді деп айта алмадым. Сөз – тұтас жинақ емес, атаулы поэма турасында ғана болатын. Қаншама заманнан соң, алпысқа толған шағында Әбіш біздің қатарымызда алғашқы болып, бұрынғы-соңғы шығармаларының он екі кітаптық жинағын бастырды. «Махамбет» поэмасы Бірінші томға енсе керек. Әуелгі қалпында келтірді ме, жаңадан үстеме, айырымы бар ма – білмеймін. Бұл кезде ауылдарымыз алыстап кеткен. Маған арнайы сыйламады, өз бетіммен алуға – кітап дүкендеріне де түспеген. Келер жылы ғой деймін, мен он үш томдығымды шығардым. Зәуімен Алматыда бас қоса қалсақ, тарту қылар едім. Сөйтіп, Әбішті білмеймін, мен өзім он екі томдықтың нақты құрамы мен мазмұнынан бейхабар қалған едім. Егер «Махамбет» қалпына келсе, қазірде үңіле оқыған кейбір әдебиетші, сыншылар: «Бастапқысы бұлай емес еді, цензурасыз заманда түзетіп, тәуелсіздік ұранына сәйкес икемдепті», – деп, жазбаса да, ойлап қалуы мүмкін. Жоқ, Әбіштің бұл шағын поэмасы әуел бастан-ақ ұлт ұранды, өзгеше сарынды, ғажайып толғау болатын. Айтпақшы, өлең жинағын баспаға өткізгеннен соң Әбіш мәшіңкеге басылған қолжазбаның үшінші бір данасын маған сыйлап еді. Жазда ауылға ала кеттім. Үй іші, дастарқан басында «осындай дарынды досым бар» деп мақтанбаймын ба. Біраз өлеңдерін оқып бердім. Әжем басын шайқап, тамсанып отырды. Аға, яғни туған әкем (мен шалдың қолында өскем) бастауыш мектепте мұғалім, соғыстан бұрын ҚазПИ-дің әдебиет факультетіне түскен, қазіргі танымы да тәуір, бар мен жоқты қадағалап отырады, Әбіштің өлеңдеріне әбден риза болды. Содан соң сұраған: «Ал, досың осындай екен, сенің өзіңде ол мақтағандай не бар?» – деп. Тосылып қалдым. «Мен өлең жазбаймын, – дедім. – Сын мақала, зерттеулер. Қазір көркем прозаға ден қойдым. Бірер апта демалыстан соң қаптал отырам...» Арада тура жиырма екі жыл өтсін. 1982, қаңтар. Тәтем, яғни туған анам оқыста дүниеден өтті, әлі алпысқа да толмаған еді. Сонда ауылға барып, бар рәсімін атқарып, енді жалғыз қалған әкемізді көшіріп әкетерде, баяғы қолжазба кітап әжем марқұмның шай жинайтын, камзол, көйлектік тәуір маталар сақтайтын сандығының түбінен шығып еді. Ескілікті Құран кітабымен бірге. Жұқалтаң, қатырма, сарғыш папкаға салынған, әрқайсы жеке бетке басылған өлеңдер топтамасы. Әбіштің өз қолына әкеп бердім. Өкінішке қарай, бұл қолжазбалардың ішінде «Махамбет» жоқ болып шықты. Дағдарып барып есіме түсірдім. Ол заманда мәшіңкеге бастырудың өзі біршама машақат, дәл кетерімде қайыра сұрап алып еді, әлдебір қажетіне қарай. Енді ескі жәдігерге айналған сары папканы өзіне тапсырып тұрып: «Махамбет» әуелгі нұсқасында сақталды ма?» – деп сұрап едім. «Өзімде де қалмапты», – деді. Байқауымша, Әбіш авторлық архивіне тым ықтиятты болмаған сияқты. Қолжазбасы жоғалса, қаншалық дәрежеде қалпына келді, әлде әуелгі нұсқа сол беті құрдымға батты ма – тағы да анығын айта алмаймын. Қазір қонысым мүлде алыстап кетті, аталмыш он екі томдықты кітапханадан болса да тауып алып, нақтылауға мүмкіндік жоқ. Менің осы орайдағы бар сөзім – Әбіштің ұлттық мұратты әйгілеген, ең алғашқы классикалық шығармасы туралы риясыз куәлік беру ғана.


Университеттегі біздің курсымыз өте күшті еді. Тіл мен әдебиет бөлімінде – елу, қатарлас журналистикада – жиырма бес, жиыны жетпіс бес студент. (Ақыры тіл-әдебиеттен отыз бес бала бітірдік, журналистикадан жиырма ғой деймін.) Алты-жеті қыз, қалғаны – ұлдар, басым көпшілігі – он жеті, он сегіздің төңірегінде. Кейінгі заманда жаппай қалыптасқан былық-шылықсыз, адал сынақ негізінде іріктелген таңдама балалар. Тек өз арамызда бір жігіт пен бір қыз ғана жақын туыстарының арқасында өтті деп айтылатын, қызымыз – өңді, әрі тәуір оқыды, ұл – ілініп-салынып жүріп, университеттің ақырында мүлде құлап, екі жылдан соң әрең бітірген. Филология факультеті болса, өз қалауларымен түссе, – түгелдей жазғыш. Оқу жаңа басталған кезде бәрі де дүр. Әдебиет теориясынан дәріс оқитын, ол кезде отыздың ішіндегі, жап-жас, білгір, әрі әсем, әсерлі сөйлейтін Зейнолла Қабдолов, арада бір жарым-екі ай өткен соң, кезекті сабағында жалпыға қаратып сұрақ қойып еді. «Бәрің де болашақ әдебиетші, ал енді анықтап алайық. Ақындар, қол көтеріңдер?» – деген. Тіл-әдебиет бөліміндегі елу баланың әлде отыз, әлде отыз бесі қол көтерді. «Проза жазатындар?» – алтау-жетеу. «Әдеби сын?» – үшеу-төртеу. «Драматургия, пьеса жазатындар?» – бір бала. Зекең басын шайқап, кішкентай балалардың ойынын қызықтағандай, жымиып тұрды. Ешбір жанрда жоқ төрт-бес-ақ студент қалып еді. Біздің биязы қыздар және мен. Қыздарға талап жоқ, ал маған қадала қарап, азғана бөгелді. «Ал сіз?» – деген содан соң. Түрімді танып алған. Семинар сабақтарында аса белсенді болсам керек. Осы өткен аптада ғана, «Сюжет және композиция» деген тақырып бойынша баяндама жасап, Лермонтовтың «Біздің заманның қаһарманы» романын талдап, Иса Байзақовтың «Құралайы», «Ақбөпе» мен «Қойшының ертегісін» байыптап, соңғы бөлімде тұтас өлең шумақтарын жатқа айтып әрең тоқтағам. Жалпы, Шортанбай мен Дулаттың қаншама жыр-толғауларын, Махамбет, Шәкерім, Иса, Қасымды, Пушкин мен Лермонтов және басқа да әлем ақындарының тұтас өлеңдері мен жекелеген үзіктерін жадыма тұтқам. Ретіне қарай сыртқа төгіледі. Зекең бұл кезде университет ұстаздығымен қатар, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. Әбішке үйіріліп түсіп, бірден қамқорына алған. Керісінше, менің мұншама білгірлігім мүлде ұнаған жоқ. Әлде басқа бір мінездерім. Әйтеуір өмір бойы теріс қарап өтті. Ол – кейін. Ал қазір тұпа-тура сауал салған: «Поэзия ма, проза ма. Әлде сын ба?» – әуестік қана емес, кекесін аңдадым. «Мен әдебиет тарихынан зерттеулер жасап жүрмін», – дедім. Зекең бір сәт аңырап қалды. «Мәселен?» – деген содан соң. «Абай текстологиясы туралы. Және 30-жылдар орайындағы әдеби баспасөз». Зекең иегін көтерді. «А-а... солай ма...» Болашақ жазармандар төңірегіндегі бар әңгіме осымен бітті. Сабақ әрі қарай жалғасқан. Тек бірімізді біріміз тани түскендей болып едік.


Шынында да. Манағы отыз ақынның он-он бесі республикалық, немесе әрқилы облыстық баспасөзге жол ашқан. Қалғанының да үміті зор, сенімі күшті. Алайда, жаңа жылға жетпей-ақ бәйгенің аяғы созылып кетті. Созылған жоқ, біржола дерлік тоқырады. Біздің арамыздан суырылып, екі жойқын ақын шыққан. Біріншісі – әрине, Әбіш. Екіншісі – Оразбек, әуелде ақын есебінде танылып, кейінде прозашы ретінде қалыптанған Оразбек Сәрсенбаев. Бұлар жазып жүрген өлеңдер, сол кездегі біздің ұғым ғана емес, қазіргі деңгейден қарағанда, қазақ поэзиясының алдыңғы қатарында. Әбіш өлеңдері ойлы, суретті, сырлы болса, Оразбек өлеңдері әсершіл, бейнелі. Бірінші курста ол да пәтерде тұрды. Тастақ қой деймін. Бірде лекцияда көрінбеген соң, ауырып қалды ма деп, Әбіш екеуіміздің іздеп барғанымыз есімде. Әлдебір ұйғырдың үймен жапсарлас, жатаған, қуықтай бөлмесінде тұрады екен. Қыс күні. Бөлмесі жайлы, әрі жылы көрінді. Оразбек шынында да аз-маз тымау тиген, жазылыпты. Жейдесі шолақ, тізеден түскен қазақы кең дамбалмен отыр екен. Әрине, өлең жазып. Жаңа ғана тәмамдаған, үстінен қарап жатқан сияқты. Амандығымыз айтылып бітпестен оқып берді: «Алақай, таң келеді, таң келеді...» Бұдан әрі: «Бетке алып, өңшең бала Мыңбұлақты, – Кетуші ек мініп алып бір-бір атты...» Есімде қалған жыр жолдары осындай. Балалық шақты аңсау, алыста қалған ауылды сағыну. Әдебиет бірлестігінде өлеңдерін талқыладық. Мұндайда мен сыншы болып кетем. Қалған білгіштер де мейлінше тұшыныпты. «Жетіп тұрған ақын», – деп бағаластық. Оразбек осындай болғанда, Әбіштің өресі тіпті биік. Әлгі, біздің отыз ақын, талабының күштілігі, парасат, танымының молдығы кесірге шығып, түгелдей дерлік өлең жазуды доғарды. Кейінде мүлде атаусыз кетті. Кейбірі, толысқан шағында поэзияға қайтып оралды. Мәселен, түркстандық Ахмет Төреқұлов пен тараздық Арғынбай Бекбосынов. Айтбай Рамазанов – әрқилы мақала, әңгімелер жазып жүрді. Өте жақсы бастаған Ыдырыс Дәрібаев екінші курстан соң жағдайы келіспей сыртқа ауысып, сол беті хабарсыз кетті. Және Нұрбатсин Мүлік деген тағы бір азаматымыз. Ақыны бар, өзгесі бар, біраз жігіттеріміз басқа салаларға ойысты. Әдебиет сыншысы Сонарбай Таңқаев философия докторы болды, профессор ретінде көп жылдар ұстаздық жасады. Жалғыз драматургымыз Сейілбек Исаев – белгілі лингвист есебінде танылды, қазақ тіліне қатысты мәнді ғылыми еңбектер жазды, доктор, профессор, институт ректоры дәрежесіне жетті. Сапархан Мырзабеков – ол да филология докторы, профессор, қазақ тілі, оның тума ерекшеліктері төңірегінде құнды кітаптар шығарды. Базарғали Қуатов Батыс өңірде байырғы журналист ретінде мағлұм. Мұхитдинов Мирасбек – танымал методист педагог болды. Фадли Фазли-оғлы Әлиев – кейінде түрік тілінен ұлттық рухқа қатысты бірталай аударма жасады, зерделі мақалалар жазып жариялады. Мен белгілі бір дәрежеде атаққа шыққандарын айтып отырмын. Десе де, университет бітірген кезде әр тарапқа бөлініп, әрқилы жұмыс соңында, тұрмыс пен жағдай тоздырған жігіттеріміздің біразы – ақын, жазушы болмаса да, ғылым қумаса да, қазақ азаматы ретінде өз ортасында игілікті қызмет атқарса керек. Әйтсе де, бұлардың ішінде Ұлытауға кеткен Бақыт Сейтжанов, Қызылордаға қайтқан Тұрғанбай Ділдәбеков, ақмолалық, кейін баспада отырғанда мен балаларға арналған бір кітапшасын шығарып берген Марат Нұрғалиев, университеттен соң көп ұзамай, Сарышаған полигоны аймағында мұғалім болып жүргенде «ақ қан» – лейкемия дертіне шалдығып, мезгілсіз дүниеден өткен, жазушылық жақсы талабы бар Дидарбек Рамаданов – қай-қайсы да, қоғамдық өмірден үлкен орын алуға лайықты жігіттер еді. Сәтсіз ғұмыр кешті демеймін, әйткенмен, талайлары толымдырақ болуға тиіс-ті. Әңгіме арнасынан ауытқып, еске алып отырғаным – жаңа бастаған қаламгер кезіндегі Әбіштің өскен, қалыптасқан ортасы, яғни менің де тақау төңірегім туралы ақпар бере кету.


Университетте бұрын «Үйірме», біз «Бірлестік» деп көтеріп атаған әдеби ұжымдастық болды дедім. Үйірме бастығы – алғашқы бір әңгімелері баспасөзге, оның ішінде айдынды «Әдебиет және искусство» – кейінгі «Жұлдыз» журналына да шыққан Маршал Әбдіхалықов екен. Заманында біршама танымал жазушы болды. Ол кезде соңғы курста оқитын. Келесі күзде Бірлестік бастығы міндеті Әбішке көшті. Филология факультеті аясындағы үлкен мәртебе. Кейінгі және алдыңғы кезеңде қазақ әдебиетіне белсене араласқан атақты қаламгерлердің басым көпшілігі университет қабырғасынан шыққанын ескерсек, филология факультетінің Әдебиет бірлестігі, шынында да алғашқы әдеби мектебіміз есепті. Үміті зор, кеудесі биік, талапкер жас ақындардың өлең топтамалары талқыланады. Әуелгі бір жиынымыз жоғарғы, төртінші, әлде бесінші курста оқитын Рәшит Сәбитов деген жігіттің шығармашылығына арналды. Өлеңдері тәп-тәуір, ара-тұра республикалық газеттерде басылып тұратын. Ақыры үнсіз кетті, кейінгі тағдырын білмеймін. Бізден екі жыл кейін келген Бақтыбек Қозыкеев деген, қаршадай бала болды. Ол да орталық басылымдарға жол ашқан. Мінезі ширақ, қимылы шалт, дарынды жігіт еді. Ақыры, толық өркендей алмай, ерте қиылды, университеттен соң көп ұзамаса керек. Факультетте, Әбіш пен Оразбектің соңын ала, танымал талапкер ретінде, бізден екі курс төмен оқитын Ғарифолла Көшенов деген жігіт бой көрсеткен, бір топ өлеңі ол кездегі дабылды, үлкен ақын Тайыр Жароковтың алқау сөзімен «Қазақ әдебиетінде» басылған. Оны да талқыладық, көтеріңкі беделіне қарамастан, бірталай мін тағылды. Шыны да солай болса керек, кейінде мүлде көрінбеді, батыс облыстардың бірінде газет редакторы қызметін атқарды деп естігенім бар. Бұл кезде бізден жоғары курста Қайрат Жұмағалиев көзге түсе бастаған. «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», тіпті «Жұлдызда» жарияланып жүр. Сөзге сараң, сымбатты, кербез жігіт. Өзін Бірлестіктен жоғары санаса керек, өлеңдерін талқыға салмады және біздің төңірегімізбен ешқандай байланысы жоқ. Бұл Қайрат кейінде белгілі ақын, Әбішпен ақырына дейін етене араласты, менімен де ұзақ жылдар бойы дос-жар, жақсы қатынаста болды. Иә, Үмбетбай Уайдин бар. Түрі балаң, жасы үлкен, өлеңді жаңа бастаған. Ол кезде сықақшы емес, лирик. Кейінде жақсы ақын болған және әрқилы жанрда жазып жүрген Аян Нысаналин де танымал еді. Өз өлеңдерінің талқысы ма, әлде басқа бір реті ме, әлдекімдермен келіспей қиқырайып отырып алғаны есімде. Өтежанның өлеңдері ортаға салынды. Атағы зор. Біз бірінші курста жүргенде топтама өлеңі Қуандық Шаңғытбаевтың алғысөзімен әдебиет журналында жарияланған еді. Әуезі басқа, өзгеше тұрпатты жырлар. Бар бітімі соны, сезімі кіршіксіз, толғамы табиғи. Қазіргі үлкенді-кішілі ақындардың ешқайсына ұқсамайды, тыңнан түрен тартқандай. Арада ай өтпей, Бірлестік назарына түскен. Бұрнағы, Маршал Әбдіхалықовтың басшылығы кезінде. 1958, көктеме болса керек. Кешке арнайы шақырылған Қуандық Шаңғытбаев елбіреп тұрып, ұзақ сөйледі. Осыдан кейін талқы басталған. Біреу сүйінді, алдыңғы үлкен ақынның сөзін қостады, енді біреу нақты талдауға тырысты, бірер жігіт мұндай, қалыпты поэзия ауқымынан тыс, бұза-жарған өлеңдерді әуесқой дәлдүріш деп, мүлде теріске шығарды. Содан соң Қабдеш сөйлеген. Қытайдан келіп оқып жатқан студент, болашақ атақты жазушы Жұмаділов. Ең мәнді, ең нәрлі лепес болыпты. Мадақ орынды, күстана да түсінікті, деді. Өйткені бұл – қазақтың жаңа поэзиясы. Өзі ауылда тракторист екен. Жасы он сегізге енді келген. Өмірді, табиғатты тануы, қабылдауы басқаша, шынайы, нақты. Олқы санаудың жөні жоқ. Таңырқасақ та, сенімсіздік көрсету орынсыз. Пушкин мен Лермонтов өздерінің ғажайып өлеңдерін он алты-он жеті жасында жазған. Өзіміздің Сұлтанмахмұт жиырмаға толмай-ақ өнердің заңғар биігіне шықты. Міне, қазақ әдебиетіне Өтежан Нұрғалиев дейтін үлкен ақын келіпті. Бәріміз үшін мерей, қуаныш болуға тиіс, деп тәмамдады. Нақпа-нақ емес, бірақ ұзын-ырғасы осындай. Сол Өтежан арада жыл өткенде университетке келіп түскен. Бұл екі аралықта «Қазақ әдебиеті» газетінде тағы да бірнеше өлеңі шықты. Енді Әбіш бастаған Бірлестіктің талқысына тартылды. Бұрынғылары белгілі, оның үстіне мәшіңкеге басылған, әлде отыз, әлде қырық бет жаңа өлеңдерін ұсынған. Бәріміздің де ниетіміз оң еді. Алайда, жігіттер жоғары бағадан бастап, бірте-бірте қатаң талапқа көшті. Әуелгі, дәріпті жырларынан соңғы кезеңде жазылған дүниелерінен қаншама мін тапқан. Ізденіс жоқ, табысқа мастанып, тоқырап қалыпты, десті. Мен сөйлемеген сияқтымын. Кейбірі артығырақ кеткенімен, жігіттердің міні мен сыны орынды еді. Атақты Өтежан мойнын тұқырта, алара қарап отырды да қойды. Басылып қалыпты. Мен өзімше жазам, сендер өздеріңше айттыңдар, қайсымыз да өз орнымызда қалайық, деді жауап лепесінде. Ақыр түбі бұл талқы Өтежанның пайдасына шықты ғой деймін. Біраз жылғы дағдарыстан соң, жаңаша серпіліп, үлкен биікке бет қойған, ақыры, өзінің ерекше мінезіне сай, қазақ поэзиясының ауқымын кеңейткен өзгеше өлеңдер жазып жүрді.


Ең белсенді, әрі көп жазатын ақынымыз – Дүкенбай болатын. Кейінде белгілі прозашы Дүкенбай Досжанов. Өлеңдері кеңінен талқыланды, мінсіз емес, бірақ өте жақсы деп бағаланған. Дүкенбай поэзиясындағы негізгі бір тақырып – Әбіштегі сияқты, азаттық алып жатқан Африка екен. Қайтқан құстарға қатысты бір өлеңінде өз атынан: «Жеткізіңдер жігерлі елдің сәлемін!» – дейтін түйінді сөзі бар еді. Яғни, біз де азаттықты аңсап отырмыз, ақыр түбі күресеміз, аламыз деген емеурін. Бұл өлеңнің де сақталуы, басылымы туралы дерегім жоқ, бірақ сондай бір, жүрекжарды толғаудың болуы анық. Бұл Африка әуезі ақыр түбінде Дүкенбайдың өзінің басын жоя жаздады. Бұрнада жазған сияқтымын, бірге оқитын, бірге жүретін Сұлтан Оразалин екеуі, мына, азаттық алып жатқан негр жұрты сияқты, біздің қазақ та өз алдына ел болып, ту көтеруі керек деген тұрғыда листовка – үндеу қағаздар дайындап, үй-үйге таратады. Арада екі күн өтпей Дүкенбай ұсталған. Ең ғажабы – КГБ-да істейтін тергеуші, тексеруші жігіттер ары қарай ушықтырмай, мұндай ақымақшылықты қойыңдар, деп, ақыл, кеңесін айтып, мәселені біржола жауып тастайды. Ал Сұлтанға мүлде қозғау түспепті. Кейінірек айтуынша, онымен және Дүкешпен нақты қатынасымыз бар Төлек екеуіміздің де ізіміз кесілген. Бірақ ешқандай күмән табылмаған. Қайткенде де, ұлттық санасы жоғары және, сөз жоқ, тілектес, сонымен қатар, жанашырлық сезімі, адамдық қасиеті кәміл жас жігіттер шатақты мәселені орта жолдан үзіпті. Қисынсыз десек те, ақиқат, болған жағдаят. Бұл заманда бәріміздің тілегіміз ортақ, бәріміз де жаспыз, талабымыз жоғары және болашаққа сенім зор – қайткенде де жарасымды мәжіліс, отырыстар екен. Бірлестік жиындарына әдетте жиырма-шақты бала қатынасып, соның тең жарымы белсенділік танытады. Белгілі бір ақынымызды бағалау ғана емес, бүгінгі әдеби ахуал, әрқилы көркемдік таным мен көзқарас, қаламгерлік қызмет, оқу мен еңбек төңірегіндегі толғамдар. Бірлестік жиындарын әдетте Әбіштің өзі қорытындылайды. Тауып айтады, нақты айтады, ең соңғы, түйінді тоқтам болып шығатын. Атаулы жиындағы қаншама сөз, өзімізше бажайлы талқыдан кейін, осы және басқа да жігіттердің әрқилы өлеңдері – Бірлестік үні «Шағала» газетінде қабырғаға шығады. Қатаң іріктеуден соң, таңдаманың таңдамасы. Біз үшін ақындық сапар, атақ-абыройдың бастамасы көрінетін.


Бірлестікте  өз  ортамызбен  ғана  шектелмейміз,  ресми, үлкен әдебиет мәселелеріне қол созатын едік. Белгілі жазушылармен кездесу. Өзімізге сеніміміз соншалық, ақыл, ғибрат тыңдау үшін емес, жаңа бір шығармаларын талқылау үшін. Осы үшінші курс, 1960 жылы ғой деймін. Тірі классиктер санатындағы Ғабиден Мұстафиннің «Көзкөрген» атты шағын, естелік кітабы шыққан. Үлкен үмітпен оқып, ешқандай қанағат таппадық. Арнайы кездесуге шақырған едік. Ақсақал келді, отырды. Әуелгі, біршама көлемді талдау сөзді кім айтқаны есімде жоқ. Тәрізі, Әбіш емес, басқа бір жігітіміз. Содан соң, қатар-қатарымен жеті-сегіз бала. Мен көпшіліктің соңын ала сөйлеп едім. Үлкен жазушының жаңа кітабынан іліп алар ештеңе таппадық. Заман да жоқ, адам да жоқ, болашақ жазушының өзі де жоққа жақын. Ғабекең түңілмеді, түнермеді, өңін бермеген байсалды кейіпте бастан-аяқ, үнсіз тыңдап отырды. Соңғы сөзін де жарытып айтпады. Аяғы бар деді ме, әлі де толықтырам деді ме, қысқа әрі мәнсіздеу сөйледі. Әбіш өзіңіз де білесіз, әдебиетте әрқилы пікір болады деген тұрғыда аз-маз жаймашуақтап, студент және қаламға талапкер жастардың шақыруын қабылдағаны үшін рақмет айтты. Ақсақалды сыртқа, машинасына шығарып салдық. Басқаларды білмеймін, ақыр соңында Әбіш екеуіміз де ыңғайсызданып қалған едік. Жігіттердің сөзінде жаңсақ жоқ,  бірақ осының бәрінің қажеті қанша еді деген тұрғыда. Алдыңғылар қайткенде жаңа бір, соны өріске шыға алмайды, шақыруымыз қате болды деген өкініш. Ең бастысы – ақсақалдың соншама сырбаз ұстамдылығы әсер еткен. Бүгінде өзіміз де біразға келдік, сол жастан астық, қандай ортада да дәп осылай отыруымыз неғайбыл. Осы сөздерден соң ойлана қарасам, ақсақал біз айтқан олқы мен кемісті, жетімсіз бен мүкісті түгелге жуық мойындаған, осы қазір емес, бұрнада, тіпті, жазу, сызу үстінде білген, аңдаған, алайда, қыспақ заманда кеңінен көсіліп, еркін ашылуға мүмкіндік таппаған. Шын мәнісінде біз жастық аусар, аңғал серпінмен, бітеу жараның аузын тырнаған сияқтымыз.


Ғабиден ақсақалдан соң, жаңа қазақ әдебиетінің алдыңғы қатарына ұмтылып тұрған Әбдіжәміл Нұрпейісовты шақырдық. Келесі, 1961 жылдың басы ғой деймін. «Қан мен тер» атты, әлде дилогия, әлде трилогияның бірінші кітабы шыққан. Жіліктеп беру, нақты бағасын айғақтау қажет сияқты көрінген. Әдебиет теориясынан дәріс оқитын Зейнолла Қабдоловпен бірге келді. Бұл жолы, өткеннің сабағы бар және күрделі тақырыпқа арналған, аяқ алысы көпке ұнаған роман, жаппай оқып, жұмыла дайындалсақ керек. Әбіш арнайы баяндамашы болды. Жоғары бағалаған, түбегейлі талдаған және шығарманың жетімсіз жақтары, алда ескерілуге тиісті жағдаяттар жөнін де мейлінше қамтыған еді. Біздің көп білетін, өз пікірінде бетке, жүзге қарамайтын жігіттер бұл жолы да тоқтай алмаған. Барын бағалай келе, бірталай мінін де ашып көрсеткендей. Әбекең күлімсірей отырып, әуесқой жүз, ашық көңілмен қабылдады. Ең соңында келесі кітаптар жетіге түсетінін айтып, Әбіштің баяндамасын сұрап алды, бәрімізге де кеңбейіл ризашылық білдірді. Кейінде Зекеңнін аузынан әлденеше мәрте естідік, үлкен жазушы Нұрпейісов жас бала Әбіштің бар пікірін қабыл алған екен, кемістік жақтарын мойындап, шығарманы жақсарта түсу және алдағы бағыт-бағдар тарабындағы пікір, ұсыныстарын түгел мақұл көрген сияқты. Әрнені әсірелей, әдемілей сөйлейтін Зекеңнің: «Әбдіжәміл Әбіштің баяндамасын алдына қойып жазып жатыр», – дегені есімде. Әрине, ақыр түбінде әркім өзінше, өз мүмкіндігінше жазады, бірақ сол бір кездесуде студент Әбіштің айтқан барлық толғамы – қалыптасқан, жасамыс қаламгер Нұрпейісовке айрықша әсер етуі анық.


Бұл – біздің төртінші курс, 1961 жылдың басқы тоқсанында өткерілген жағдаят дедім. Алғы жыл, осыдан үш-төрт ай бұрын қазақ әдебиеті шежіресіндегі өзгеше бір оқиға болды. Басты кейіпкерлері – ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов пен тағы да жаңағы бала – университет студенті Әбіш Кекілбаев екен.


Әлбетте, біздің Әдебиет бірлестігі үшін ең үлкен нысана – Мұхтар Әуезов болатын. Ұлы жазушы ғана емес, өзіміздің университет профессоры, айдынды ұстазымыз. Әуелгі бір-екі жылда ешбір орайы келмеген. Ақыры сәті түсті. Енді, өткендегі жазуымды қайыра баяндап жатпас үшін, дәп сол күні, 26 декабрь, бірақ отыз бес жылдан соң, Жазушылар одағында, Мұхаңның жүз жылдық мерейтойы қарсаңындағы естелік кешінде экспромтпен сөйлеген, магнитофон жазбасы бойынша он үш томдығымда басылған атаулы лепесімнің бір үзігін келтірейін.


«Бірде Әбіш “Бірлестік Мұхтар Әуезовпен кездесу өткізсе, соған орай, алдын-ала сұрақтар дайындап берсек” деген ұсыныс айтты. Сауалдарын өзі ойлап құрады. Мен бірер үстеме жасадым ғой деймін. Кейбірін нақтылауда Қабиболла Сыдықов кеңес қосқаны есімде.


Дайын сұрақтарды Әбіш корпустағы журналистика бөліміндегі машбюроға әкеліп, түртіп отырып баяу басып, бір бет қағазға түсірді. Енді мұны Мұхаңа тапсыру  оңай емес. Ондай кісімен ауызба-ауыз тілдесіп, қағазды беру үшін үлкен жүрек пен батырлық керек еді. Ақыры тәуекелге бел байлап Әбіш Мұхаңа барып сөйлесті. Кафедраға соға қалған бір жолы. Сұрақтарды тапсырдым, жауабын да алдым деп келді. Біз ұстаз өз жауабын ойланып-толғанып асықпай айтады деп ойланғанбыз. Алайда, Мұхаң сұрақтарға жауабын сол арада, қолма-қол жазып қайтарыпты. Біздің Әуезовке сұрақ бергеніміз, ол кісінің жауап қайтарғаны астана басылым орындарында тез тарап кетіпті. “Лениншіл жас” газетінің қызметкері Әбіш екеуіміз тұратын 2-линиядағы пәтерімізге арнайы іздеп келіп, Әбіштің қолындағы Мұхаң толтырған қағазын сұрап әкетті. Арада екі-үш күн өтер-өтпестен Әуезовке Әбіштің дайындап берген сұрақтары, оған Мұхаңның қайтарған жауаптары газет бетінде жарияланды. Әрине, бұл – үлкен оқиға еді. Біз үшін ғана емес, әдебиет үшін. Аз-маз ренжігеніміз, “Лениншіл жастың” өте көп білетін қызметкері, бәлкім редакторы екі жерде Мұхаңа түзету жасапты. Бірі – “Лев Толстой мен Шекспир” деген сөзде Шекспирдің есімін айғақтаған: “Лев Толстой мен Вильям Шекспир...”  Сөйлемнің әуезі бұзылғаны өз алдына, Арыстан Толстоймен қатар аталуға тиіс ұлы Шекспир біреу-ақ қой; оның үстіне Мұхаң ешқашан да Вильям деп, орысша жайдақтап айтпайды, ғылыми әдебиетте және академиялық басылымдарда ағылшынша дыбысталуына сәйкес – Уильям. Екіншісі – стильдік бүлдіріс еді, қазір нақты есімде жоқ, Мұхаңның интервьюін қадағалап оқысам, табар едім. Газет қызыметкері қағазды қайтарып әкеп берді, қазір ұлы Мұхаңның бұл қолтаңбасы Әбіштің жеке архивінде сақталса керек.


Әуелгі әрекет осымен бітті. Біз ретін таппадық па, Мұхаңның орайы келмеді ме, кездесудің сәті түспеді. Бұл – 59-жылдың көктемі болса керек. 60-жылдың күзінде, біз төртінші курстамыз, Әбіш университетте Әуезов кешін өткізсек деген ойын жүзеге асыруға кірісе бастады. Университетті бітірген Қадыр Мырзалиев біз келген жылы танылып қалған ақын болатын. Әбіш екеуіміз онымен жақсы араласып, пәтеріне жиі-жиі барып тұратынбыз.  Үйдің шәйін ішіп көңіліміз жайланатын. Дәмді басылған палау жейтінбіз. Ақын үйінің бір қабырғасына тұтас кітап жиналған. Біз көптігіне таңданамыз, өзіміз де кітап жинап жүргенбіз. Енді кеңес сұрай бардық. Ұзын-ырғасы есімде жоқ. Қадыр біраз ақыл қосты. Кездесуді ұйымдастыруда әдеби Бірлестіктің жетекшісі Зейнолла Қабдолов та бірталай көмек жасады.


Дүкенбай мен Оразбектің, тағы басқа ақындарымыздың, әлі кітабы шықпаған университет жастарының өлеңдері Мұхаң ауқымына аздық ететіндіктен, бұл кезде танымал болып қалған, алғашқы жинақтары шыққан ең мықты ақындардың, ішінде Қадыр да бар, өлеңдерін жинастырып Мұхаңа табыстадық. Әбіш пе, Мұхаңа жақын оқытушылардың бірі ме – нақты кім апарғаны есімде жоқ. Әбіш өзі баяндамаға дайындалды. Ол кезде қазіргідей табақ қағаз біздің қолға түсе бермейді, Әбіш тор көз дәптердің қос бетіне ұзынынан жазып, көлемді баяндама әзірледі.


Сонымен, университет жастарының өміріндегі тарихи күн – 26 декабрь де келіп жетті. Тарихи ғана емес, дәстүрлі күн дер едім. Өйткені, Мұхаң дүниеден көшкеннен соң, шамасы жиырма-жиырма бес жыл бойы сол күні Қазақ университетінде ұлы жазушының құрметіне арналған әдеби кеш өткізу салтқа айналып еді. Бәлкім, біздің бүгінгі, дәл сол күнге жиналған естелік кешіміз бағзыдағы ұлағатты істі қайта жаңғыртар.


1960 жылғы атаулы кешке университеттің бүкіл ұстаздары мен студенттер, астанадағы ақын-жазушылар түгел жиналды. Ілкіде Үкімет үйі болған, қазір Өнер институты, Бас поштамт қасындағы Бас корпустың бұрын мемлекеттік мәжілістер өткізілген сәулетті, акт залы лықа толды. Дәрежесі жоғарылау деген қаламгерлеріміз Мұхаңды ортаға алып, алдыңғы қатарға орналасып жатты.  Дәрежесі төмендеулер олардың артын ала, жан-жағын қоршай орналасуда.


Кешті ұйымдастырып жүрген біздер асып-сасып қатты әбігерге түстік. Мені көзімен іздеген Әбіш жан-жағына қарғыштап: “Мұхтар, Мұхтар!” – деп қайталап шақыра береді. Мұны өзі деп білмесе де, түйеден түскендей қылып атап тұрған соң, Мұхаң қатты қысылған көрінеді. Оны байқамаған Әбіш атымды қайталай айтып, мені іздеуін қоймайды. Бұл ыңғайсыздықты бірден аңғарған Қадыр: “Мұха, Әбіштің Мұхтар деп шақырып тұрғаны өзінің досы. Ол да студент. Бүгінгі кешті ұйымдастырып жүрген жігіттердің бірі,” – деп түсіндіріпті. Мұхаң да сасқанынан: “Фамилиясы кім?” – деп сұрапты жалма-жан. “Мұхтар Мағауин”. “Е, бәлі, аты да фамилиясы да жақсы екен”, – деп қалыпты Мұхаң өзінің қысылуын жуып-шайып. Бұл әңгімені біз кеш біткесін, Қадырдың өз аузынан естідік.


Өзі ақын, өзі сыншы, таланты ерте танылған Әбіштің жақсы, мазмұнды баяндамасы тұсында, жалпы бүкіл кеш барысында Мұхаң өзінің ішкі ризалығын жасыра алмай, жан толқынысын, шәкірттеріне мейірімді ыстық сезімін айқын білдіріп отырды. Бар болғаны жиырма жастағы Әбіш Кекілбаев та Мұхаң назарына осы жолы ілініп еді. Кейін бірнеше жерде, түрлі басқосуларда: “Өткенде жақсы кеш өтті; сонда Бірлестік атынан баяндама жасаған бір студент – аса талантты жігіт екен”, “болайын деп тұрған бала екен” деп Әбішті қайта-қайта есіне алып мақтапты. Бізге әуелде ұзынқұлақтан жетіп еді, кейін ғылыми жетекшім, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың аузынан нақты естідім. Мұхаңның осы кездесу кешіндегі қорытынды сөзі көп ұзамай-ақ “Лениншіл жас” газетіне басылып шықты. Және шағын ақпар берілсе керек. Әбіштің есімі аталған, аталмағаны жадымда жоқ. Алайда, сондағы баяндамасы мәнді, мазмұнды, дайын тұрған сын мақала болатын.  Жоғалып кетпесе, баспасөз бетінен әлі де жарық көргені жөн болар еді.


Сол кеште Мұхаң әдебиет ақсақалы ретінде өз шәкірттеріне, қазақтың жаңа әдебиетіне бата бергендей еді. Мұхаң өнер саласының жүгін арқалаған қазақ жастарынан Шәмші сияқты жас композитор, Қанапия Телжанов сияқты жас суретшілерді атай келе, алғашқы кітаптары ғана шыққан Тұманбай, Сағи, Қадыр ақындардың шығармаларына жеке-жеке тоқталып, оларға талдау жасады. Олардың болашағына үлкен сенім білдірді. Мұхаң атын атаған жас есімдер кейін үлкен тұлғаларға айналып,  мәдениет пен әдебиетімізге сүбелі үлес қосты. Арада қаншама жыл өтсе де, ұлы ұстаздың сонда сөйлеген сөзі өз кезеңінде қалып қоймай бүгінге келіп жетті. Қайыра оқып көрсек, біраз мәселені жаңаша байыптар едік. Мәселен, Мұхаң қазақ сурет-өнерінің бастауы туралы айтқанда, Орал Таңсықбаевтың есімін атайды. Ал біз XX ғасырдағы ұлы суретшімізді тарихымызға енгізуге  әлі күнге ой-санамыз, таным-біліміміз жетпей келеді. Мұхаңның сөзінің ең соңында: алдыңғы буын алдыңғы заманның көп жаманшылығын ала келді дегені бар. Бұдан артық қалай айтпақ. Сол жамандықтан ендігі жас  буын аулақ болса, әдебиетке адалдық, әділдік әкелсе дейді. Бұл сөздерді айтқан кезде Мұхаңның жарты-ақ жыл ғұмыры қалған екен. Басы – бата, соңы – өсиет, бақұл сөз».


Бұл лепестің Әбішке қатысы айрықша. Баспасөз бетінде көрініс таппаса да, оның үлкен дарынын айғақтап, бүткіл өмір жолын белгілеп кеткендей еді.


Университет – біздің жастық жылдарымыз. Негізгі мақсат – оқу, іздену, дәп біз үшін болашақ қаламгерлік ұзақ дүрбелеңнің алғашқы бір, бастауыш кезеңі. Ең үлкен арман да, ең негізгі еңбек те осы бағдарда. Әйткенмен, өмірдің пәндәуи, өзіндік көріністері де бар. Соның ең негізгісі – жастық желік, махаббат әуресі. Біз бес жыл бірге оқып, бірге жүргенде Әбіш өз бетінше ешқашан ешбір қызбен тым құрса бір рет киноға бармапты. Мұршасы келмейді, оның үстіне, мектептің соңғы жылында басы байланған сияқты. Өз ауылында, бір мектеп қабырғасы, тоғызыншы класта оқитын бір қызды қатты ұнатып қалған екен. Бірінші курстан соң елге барып қайтқаннан кейін сөздері бекіп, хат алыса бастады. Біздің көңілде пәк, таза, алғашқы махаббат романтикасы бар. Суретін көріп, кейбір хаттарын оқыған соң, мен де бұл қызды Әбішке лайық деп таптым. Және негізгі қамқоры, жат көзден сақшыға айналсам керек. Әбіш хат жағына салақ болып шықты. «Музадан хат келді», – дейді. Қыздың Клара есімін өзгертіп алған. Ақын атаулының шабыт қайнары – ақ-адал пірі Муза. Жөн-ақ. Хат келіпті. Арада оншақты күн өткенде екінші хат. Кейде үшінші. Әбіш әуелгісінің өзіне жауап қайырмаған екен. «Бұл қызды шын сүйесің бе?» – деп сұраймын. «Жақсы көрем». «Онда неге уақтылы жауап жазбадың? Сен өстіп, күнделікті шаруаңнан аспай, керенау отырғанда көңілі қалып, мүлде суынып... Сол кезде әлдебір ширақ жігіт көлденеңнен сөз салып...» Арғы жағы белгілі. Әбіш хат жазуға отырады. Және сөз соңында, оқудан қолым босамай, аяқсыратып алып едім, Мұхтар ұрысты деп, әзілге сүйеп қоймақ. Музасы менің жөнімді, Әбіш екеуіміздің ара қатынасымызды жақсы біледі, енді арнап сәлем айтады. Бір жолы ғана емес, әрбір хатында. Бұл – біздің екінші курс. Клара сол жылы мектебін бітіріп, қиырдағы Алматыдан әлдеқайда жақын Ақтөбедегі медицина институтына оқуға түсті. Хат алмасу одан әрі жалғасқан. Жазда ауылға барған кездерінде көрісіп, сырласып тұрса керек. Маған айтып келеді. Ағайын-туыстары да байқап қалыпты, анасына да ұнайды екен. Әрине, Алматыда әдемі бойжеткен көп. ЖенПИ түгелімен. ҚазПИ жарым-жартылай. Университет те қызсыз емес. Әбіш бұл жағына қаншама сүлесоқ болғанымен, ерекше көз тартатын. Танитындар дарынды жас ақын екенін біледі. Танымал еместер тағы да ұнасымды қасиетін аңдаса керек. Бірақ Әбіш ешқайсына көңіл бұрмады. Оның үстіне, Музаның қалт еткізбей бағып отырған ақ-адал сақшысы бар. Әйткенмен, өзгеше бірер жағдай. Оқуға жаңа түскен кезімізде Әбіш курстас Л. дейтін  қызымызды ұнатса керек. Аса өңді болатын. Және мінезі биязы, жұғымды. Тәрбиелі отбасынан шыққан. Бұл қыз да теріс көрмес еді, алайда, бірге оқитын, әрі тым жақын, дос-жар Б. деген жігітімізбен жарасып қойған. (Ақыры оған да бұйырмады.) Кейінде Нұрмахан айтады. Әбіш тым тәуір көріп еді, мені сылтау етіп, біздің ауылға дейін іздеп келді. Қыз да кет әрі болмайтын еді, Әбіштің өзі тартынып қалды, Б. досының алдын кесу – опасыз аярлық көрінген сияқты, деп еді. Маған айтылмаған хикаят. Б. – Әбіш екеуіміздің ортақ досымыз, ыңғайсыз көрсе керек. Тағы бір қыз болды, Әбішті айрықша жақсы көрген. Ол да көріксіз емес-ті. К. деген. Менің жерлесім, семейлік. Мен жалпы, қыздар жағына жақын едім. Тілін тез табам. Сыйлас қана емес, сырлас. Ақыры, Әбішке деген, онсыз да байқалып тұрған ынтызарын маған жеткізді. Оның мектептен табысқан қызы бар, дедім. Әрине, жұбатып, еппен айтып. Қайткенде  адам жас кезінде мейірімсіз болады ғой. Жақсы қыз еді. Көзін шылады. Жалғастырып жіберу қиын емес-ті, бірақ амал не. Сөйтіп үмітін үзді. Бірақ екеу-ара, үшеу-ара риясыз достығымыз  бұзылған жоқ. Соңғы курста бұл тәрбиелі, ақылды К. өзіне неше жыл бойы өле ғашық болған ауылдас жігітіне күйеуге шықты. Ер көңілді азамат еді. Әбіш екеуіміз тойларына қатынастық, пәтер үйлеріне барып, әңгімелесіп, шай ішіп тұрушы едік. Арада отыз жыл өткен соң көрдім, бақытты тұрмыс кешкен сияқты, жұбайы облыстық деңгейде жақсы мәртебеге жеткен екен, 1989, Олжас Сүлейменовтың ССРО Жоғарғы Кеңесіне ұсынылған депутаттық сапарымен ел аралаған кезіміз, аудан басшысы ретінде айрықша құрметпен қарсы алып, ілтипатпен өз үйлерінде дастарқан тартқан. Міне, сондай хикая. Кінәсіз пәк, әрі өткен іс болған соң айтып отырмын. Әбіштің өз ортасындағы сүйкімінің бір көрінісі ретінде.


Қайткенде де, студент жастар арасындағы, оқудан кейінгі, баз-базында алға да шығып кететін өзгеше бір мәселе – қыз-қырқын жайы. Негізі – уақытша қызық емес, болашақ жар таңдау жолындағы машақат. Біздің курстағы ең өтімді жігіт – Тұрғанбай Ділдәбеков. Бойы ортадан ұзынырақ, бар бітімі сымбатты, жап-жақсы даусы бар, қазақ әндерімен қатар, Вердидің операларынан ария айтатын. Және тамаша биші екен. Бірақ тұрақты қызы жоқ. Бірде жатақханаға Шет тілдері институтынан екі бала іздеп келіпті. Тұрғанбай осыдан үш ай бұрын, сонда, би кешіне барған екен. Әлдебір қызбен бірнеше рет билейді. Әрине, әзіл-қалжың, бейсауат, жеңіл әңгіме. Сол беті кеткен. Ал байғұс қыз Тұрғанбайды қатты ұнатып қалған екен. Тіпті, қайрылмастай ғашық болған. Үнсіз азап шегіп, уайым, қайғы басыпты. Әуелі қасындағы қыздары біледі. Жұбата алмайды. Содан соң амалсыздан, бірге оқитын, сенімді екі-үш балаға айтады. Жігіттің бар дерегі – Тұрғанбай деген есімі және университетте оқитыны. Және Қызыл-Орда облысынан. Жаңағы жанашыр екі жігіт ай бойы іздеп, сұрастыра жүріп, ақыры тапқан екен. Тұрғанбай жігіттермен бірге шығып, содан соң қыздардың жалғастыруымен қайыра танысады. Алдағы демалыс кешке киноға шақырыпты. Жатақханадағы жігіттеріміз, ести салысымен, ертегілік оқиғаға таңырқап, Тұрғанбайды үгіттей бастайды. Байқап көрейік, депті немқұрайды қалыпта. Марат Нұрғалиев пен Дидарбек Рамаданов, олар да байқап көру үшін, достарына айтпастан, сол сағатқа, сол киноға арт жақтан билет алады. Алыстан бақылапты. Сәл-пәл толықша келген, орта бойлы, әдемі ақсары қыз екен дейді. Қатты ұнапты. Артынан Әбіш екеуіміз де естідік. Тұрғанбай – біздің ең жақын досымыз. Көбіне үшеуміз, кейде Бақытты қосып төртеу болып, оңашаланып жүрер едік. Біз де жаңағы, көрмеген қыздың тілекшісіне айналдық. Жаны таза, құлай сүйіп тұр, тамаша қыз, сен үшін туған, енді айрылма дестік. Тұрғанбай тағы бірер рет киноға барып, содан соң мүлде қарамай кетіп еді. Жүрекке әмір жүрмейді деді, таптаурын болған жайдақ сөзді қайталап. Шын мәнісіне өзінің үлкен бақытынан айрылды ғой деймін. Кейін шын ұнатып, таңдаған жарына үйленген де шығар. Қабілеті зор, білімдар әдебиетші болатын. Басқа бір салада қызмет атқарыпты. КГБ. Университеттен кейін, алты-жеті жыл орайында маған келіп кеткені бар. Әбішпен де қайыра хабарласпаған. Бәлкім, тұрмыс жағдайына байланысты ауысқан төтенше қызмет рәсімі, бізге көрінгісі келмеген. Осыдан он бес жыл бұрын естіген еміс хабарым бойынша, ауыр сырқатқа шалдықты, сал болып, төсек тартып жатып қалды деген. Бәлкім, әуелгі жолынан тайқыған, тек тәуір тіршілік қамындағы әрекетінің ақырғы нәтижесі. Ішің ашиды. Кеудесі биік, мінезі жайсаң, жақсы жігіт еді. Бәлкім, сауығып кеткен шығар, әйтеуір аман болғай. Айттым, Әбіш екеуіміздің студенттік жылдардағы ең жақын досымыз. Обал екен.


Мінез орнықпаған жастық кезең, қыздар ауысып жатады, бірлі-жарым болмаса, әуелден тіл табысып, қосылып кету сирек. Әйткенмен, университет қабырғасында жүргенде үйленіп жататындар да болады. Лина деген, біздің тобымыздағы менен басқа жігіттер түгелдей дерлік ғашық болған сұлуымызды жоғарғы курстағы ер мінезді, аусар, Марат Тоғатаев деген жігіт алып кетті. Сендердің қолдарың жетпеген деп, тойына бізден ешкімді шақырмаған екен. Бұдан соң да ешкіммен қатынаспады, тек кейінірек, әлдеқалай ұшырасып қалғанда, көңілі көтеріңкі екен, қояр да қоймай, «жалғыз адал» мені үйіне апарып, қонақ қылып еді. Университетке бізден кейін келген Өтежан Нұрғалиев келесі, әлде арғы жылы үйленіп тынған. Біздің жігіттер күліп жүрді, Өтежан той алдында қалыңдығына арнап: «Болса да көзің қитар, бетің айғыз, – Екеуміз Қозы-Көрпеш, Баяндаймыз», – деп өлең жазған екен. Тойға шақыру шумақтары да өзгеше. Ол кезде шақыру билеттері фотографияда жасалады, бәрінің бітімі ұқсас: бір жапырақ фото-қағаздың жоғарғы жағында қыз бен жігіттің бірге, немесе жекелей түскен суреттері, астыңғы жағында – шақыру мәтіні және адрес. Өтежанның шақыруы өлеңмен жазылған екен, тағы да қисық-қыңыр: «Шампан, шәрбат, шараптар, ақ арақтар, – Көселер, көк тұқылдар, сақалы ақтар, – Тезірек біздің тойға жиналыңдар, – Біздерге махаббат бар, махаббат бар!» Той – Комсомол, Амангелді көшелерінің қиылысы, шет тілдері институтының бас корпусына тақау жердегі әлдебір министрліктің асханасында болды. Дәстүрлі жағдайдағы студенттер тойы. Өзінің курстас, ауылдас балаларымен қоса, Әбіш екеуімізді шақырып еді. Қалыңдығы – көзі үлкен, аққұба қыз екен, бетінің аз-маз секпілі бар сияқты, «айғыз-айғызы» осы. Иә. Тексере қарағанда, көзінің бір жақ қиығында елеусіз дәнекүсі байқалады. Тұтастай алғанда өңсіз емес. Жарастықпен қосылған екеуі ақырына дейін жұптас болыпты.


Ол замандағы студенттік тойлардың өз рәсім, жүйесі бар. Орталарынан үйленбек қыз бен жігіт шыққан группалас балалар – алды он сом, арты бес сомнан ақша жинайды. Тойдың бар қаражатына жетіп жатыр, жетпесе де тақау. Тойдың өзі дарақы дырдусыз, сыпайы, әрі мәдениетті өткерілер еді. Дастарқан орташа ғана, жұпыны, бірақ жетімді көрінетін. Шампан атылады, столға арақ-шарап қойылады, бірақ аста-төк, кенеусіз емес. Ең үлкен қызық – би: танго, фокстрот, вальс. Ол кезде еуропалық, еркін қимылды билер әдетке ене қоймаған, жалпы жұрт пікірімен есептеспейтін, бірлі-жарым қыз бен жігіттер ғана шетін өнер көрсетер еді. Өтежанның тойы да осындай, жастардың өзгеше бас қосу мерекесі қатарында өтіп жатты. Әуелгі ұзағырақ отырыстан соң музыка ойнап, жаппай ың-жың басталған. Әбіш те, мен де қандай бір биге жоқпыз, алайда сауықшы жұртты тамашалап, жаңадан танысқан жігіттермен әңгімелесіп, көңілді отырдық. Биден соң тағы да дастарқан. Аралықта Өтежан өзінің махаббат емес, табиғат және алыстағы ауыл туралы бірнеше өлеңін оқып, әдеби сыпат берген көңілді той түн ортасынан ауа әрең тарқады.


Әбіш қашанда жақсы киініп, таза жүретін. Айттым, ол кезде жалпы жұрт жарлы-жақыбай, студенттер қауымы да кедейшілікте ғұмыр кешеді. Біздің жігіттердің біразы демалыс күндерінде теміржол вокзалына барып, вагон түсіріп, бір кеште он сом ақша тауып қайтатын. Көпшілігі жарым айда ашқұрсақ жүреді. Киім де түгел емес. Әбіш екеуіміздің жағдайымыз басқашарақ болды дедім. Алғашқы жылы күнделікті сабаққа және кітапханаға ол замандағы студент, жастар арасына кеңінен тараған, вельветка аталатын, ықшам, ыңғайлы, барқыт кеудеше киеміз. Әбіш екінші курстың басында Комсомол мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы сән ательесінен елеусіз қоңыр жолағы бар, сұрғылт, қымбат матадан қонымды тігілген костюм алды. Мен кітапханада жүрсем керек, екеуімізге де қамқор аға есепті Нұрмахан бастап апарыпты. Менің Алматыға келген бетте, қисынсыздан сәті түсіп, Көк базардағы әлдебір шағын дүкеннен сатып алған, кейінірек, Университеттің бірінші күні суретке түскен көксұр костюмім бар еді. Енді сол Нұрмаханның нұсқауымен, әлгі ательеден жаңасын алдым. Келісті қара-көк. Екеуіміздің де костюмдеріміз ең соңғы модамен тігілген. Яғни, жалпы жұрттан ала-бөтен. Кеудесі тарта түймеленіп, тырсиып тұрмайды, шалбарының балағы тар. Ол заманда советтік үлгі – қынама, тар пенжек, далаңдаған кең балақ шалбар болатын. Студенттер қауымының арасында «тар балақ пен кең балақтың», яғни «ескішілдер мен жаңашылдардың» қызу айтысы жүріп жатқан. Ол кездегі жастар да ақымақ емес, бірақ көпшілік қауымның қалыпты пікірі бойынша, жаңаша үлгідегі киімге әуестік – буржуазияшыл азғындық көрінісі саналады. Университетте, институттарда тұтас бір кештер өткізіліп, «тар балақшылар» мен «кең балақшылардың» арасында бітіспес айтыстар  жүріп жатады, оның кейбірінің толық есебі «Лениншіл жас» газетінде тұтас бір бетте жарияланып, тар балақ шалбар – капиталистік, буржуазиялық жат идеялар салқыны ретінде әшкереленеді. Соған қарамастан, бірталай жастар таза еуропалық  үлгіге көшкен. Әбіш екеуіміз өз ортамызда елдің алды болып бұзылдық. Басқа жігіттеріміз де кертартпа емес, бірақ көбінің жағдайлары келмей жатыр. Ақыры, келер жазда Тың өлкесіне барып, азды-көпті ақша тауып қайтқан соң бәрі де бір-бір костюмді болып еді. Әбіш екеуіміз жаңа костюм ғана емес, үйреншікті мода бойынша, балағы қырық-қырық екі сантиметрден келетін, әйелдердің юбкасының етегіндей далиған, шұбала сүйретіліп, жер сыпырып жүретін репетейсіз шалбар атаулының балағын түгелдей қайта піштіріп, тарылтып кидік. Мен тіпті, артығырақ сілтеп кетсем керек, он сегіз-жиырма сантиметрдің орнына он бес-он алты. Асығыста өкшемді әрең өткізіп жатам. Ертелі-кеш көшеге шықпай тұрмайсың. Тар балаққа қоса, аяғымызда табаны бармақ еліден астам, шет елдік қымбат туфли. Жалаңаш жүргеніңдей, жұрттың бәрі таңырқай, үдірейе қарайды, кейде, этажды үйлердің алдынан өткенде, балконда тұрған орыс мұжықтары: «Стиляга! Дармоед!..» – арамтамақ азғын деп балағаттап жататыны бар. Басында тіксінетін едік, ақыр түбінде айналайын есепті қабылдайтын болдық – біздің жаңашылдығымыз, озықтығымыз әйгіленіп жатқандай. Қазірде мүлде сенімсіз, таң көрінгенімен, өмірден өткен жағдай. «Кең балақ» пен «тар балақтың» тартысы – шынында да, қандай бір жаңалық пен уақыты өткен ескілік арасындағы қайшылықтың ең бір жабайы, жұпыны көрінісі. Заман оза келе, бүгінде біздің қазақ қауымы бойға сіңіре алмай жүрген кейбір ғұрыптар мен ой-толғам, шетін ұғымдар да сол «кең балақтың» кебін құшпақ. Әуелгі, дайын үлгіден соңғы кезеңде Әбіш екеуіміз біріне-бірі жалғас жаңа костюмдерді бойымызға шақтап, арнайы тіктіретін болдық. Модельеріміз – Харламова дейтін, жасы қырықты орталаған, толықша, әдемі жойыт әйел болатын. Кейінгі Әбішті білмеймін, менің өзім еуропалық пішімдегі әрқилы костюмдер дүкендерде көптеп және еркін сатыла бастаған 70-жылдарға дейін осы ателье, сол Харламованың қызметіне жүгініп жүрдім. Және, студенттік, аспиранттық жылдарымда, ара-тұра, әр түсті костюмдердің шалбары мен пенжегін ауыстыра киіп, өзгеше кейіпте сән құрар едім. Мақтанып айтайын, мұндай мода Еуропада оншақты жылдан соң ғана қалыпқа енді.


Қазір ойлап тұрсам, Әбіш екеуіміздің студенттік кезеңдегі, бәлкім, жас шағымыздағы ең үздік жылымыз – үшінші курс екен, 1959–1960 оқу жылы. Білім, таным, жазу ғана емес, көңіл-күй, уайымсыз, барақат тіршілік жөнінен алғанда да. Көктемде міндетті емтиханды тағы да мезгілінен бұрын тапсырып, ауылға кеттік. Бұл жолы Тыңдағы шаруашылық жұмыстарына белгіленген межелі уақытында емес, августың ортасында ғана қайтып келмекпіз. Факультет балаларын артынан қуып жетеміз, бірер ай қырманда, немесе құрылыста жұмыс атқарып, жалпы жұртпен бірге санатқа қосыламыз деген есеп. Әйтсе де мен мезгілінен кешігіп, Алматыға айдың аяғында әрең жеттім. Айтқам, біздің үй – Семей мен Жезқазған облыстарының шегіндегі алыс отарда, әкем мұғалім, шалғай аймақта ақшасы тәуір, оның есесіне аудан, совхоз орталығымен қатынас қиын, кездейсоқ болмаса, айына бірер рет қана машина қатынайды, осыған орай пошта қатынасы да үздік-создық, әуелде Әбішпен бірер рет хат алмасқан едік, бұдан соң байланыс үзілді. Қырсыққанда, қайтар жолда көлік күтіп тағы бөгелдім. Оның есесіне, үш айдан астам қымыз ішіп, атқа мініп, тауға шығып, ең бастысы – біраз қағаз шимайлап, арқалап апарған қаншама кітабымды түгел төңкеріп, көңілім тоғайып қайтқам. Алматы тамылжып тұр. Көшесі тап-таза, ауасы көгілдір. Бас поштада Әбіштен ешқандай хабар жоқ екен. Деканаттан біздің балалар Ақмола облысына кеткенін естіп, пойызға отырдым. Атбасарда, студенттер штабына жеткен бетте, алдымнан суық хабар шықты. Пәлен совхоз, шөп жинап жүрген кезінде бір бала ашаға түсіп өліпті. Қазақ филологиясы, біздің курс. Жүрегім зырқ ете түсті. Әбіш ауылынан шықпаған болуға тиіс. Бәлкім, әуелгі сөзіміз бойынша, мезгілінде жетті ме. Қол жұмысы атаулыға қыры жоқ еді. Тумысынан ақсаусақ менен де сорақы. Балалар күліп жүретін. Арғы жылы, бірінші курсқа түскен соң жігіттер жемшөп жинауға жегіледі ғой. Әбіш үйілген шөмелеге ашасын бойлата шаншып, көтере алмай, мықшиып тұрады дейді. Көтеру мүмкін де емес, тұтас бір көпене. Азырақ алу керек дейді ғой үлкендердің бірі. Әбіш ашасын жұқалай салып, бар күшімен көтеріп қалғанда, небәрі екі-үш уыс қана шөп ілінген, екпінімен шалқасынан түсе жаздайды дейді. Тым көп білетін және көбірек сөйлейтін, сондықтан да «Академик» Бақыт Сейтжанов, бар қимылын келтіре, нақты бейнелеп береді. Бір емес, әлденеше рет қайталанған көрініс. Мәз болып күлеміз. Ал Әбіш қашанда бұртиып, өкпелеп қалатын. Енді міне, күлкінің соңы сұмдыққа ұласпаса игі еді... Дегбірім қашты, мазам кетті. Астық тасыған көлденең машиналардың бірімен атаулы совхозға келген бетте студенттерге бөлінді деген жатақ үйге қарай асықтым. Кешкіріп қалған кез. Есік алдына жетер-жетпесте Дидарбек Рамадановқа ұшырасқан едім. Қайдан, қалай келді дегендей, маған таңырқай қараған. Амандық жоқ, «Кім? Кім?» – деп сұраппын. Дидарбек қалың қабағының астынан түнере қарап, қарсы келді де, мені құшағына алды. «Бейсен...» – деген, тұншығыңқы дауыспен. Бір сәт оқыс жеңілейіп, келер мезетте өзегім өртенгендей болды. Қисынсыз қаза рас екен. Бейсен... Орта бойлы, тағыршақтай сары жігіт еді. Жасы отызға шыққан атпал азамат. Біз үшін міндетті әскери оқуға қатынаспайды, арнайы училище бітірген офицер екен дейтін. Аса ұстамды, биязы. Қандай да жоғарғы мектепке мүмкіндігі бола тұра, филологияны таңдаған. Жазу жағын білмеймін, қайткенде де қатаң әскери қызметтен жеріп, бейбіт тыныш мұғалімдік жолын қаласа керек. Енді міне... Машинаға шөп тиесіп жүрген екен. Үстінен алып тұрады. Бір мезетте, жиектен ысырылған шөмелемен бірге, тайып құлапты. Қолындағы ашасы бір бүйірінен қадалып, бүйрегін қақ жарып, ішек-қарнын талқандап кеткен. Өз қолымен жұлып тастап, бетін басып, етпетінен түсіп жатты дейді. Көп ұзамай жан тапсырған. Жігіттердің бәрі де қашан қайтқанша естерін жинай алмай жүрді. Мен барған күннің алдында ғана қалбалақтап жеткен туыстары мәйітін алып кеткен екен, ертеңіне кешке асханада жетісі деп нан ауыз тиіп, ересек жігіттердің бірі аят қайырып, еске алыстық. Кейін де ойдан кеткен жоқ. Әсіресе, университетті бітіріп, тұтас курсымызбен атаулы ескерткіш сурет жасатқанда.


Шет жағасын айттым, алдыңғы жылы Тыңға барғанда бұдан да өткен сұмдық бола жаздаған. Бір емес, әлденеше жігітке зәбір, жарақат, бәлкім қаза, ал қыздарға былапыт зорлық. Әбіш екеуіміз тіл-фольклор экспедициясында жүргенде. Бәрімізді де құдай қақты дер едім. Ақмола, Көкшетаудың бірі. Біздің балалар демалыс күнгі кино, оған жалғас би кешінде көрші бригададан келген орыс механизаторларымен байланысып қалады. Айналдырған үш-төрт қызымызды кезегімен шақырып, билеп қана қоймай, анайы, оспадар мінез көрсетеді ғой. Ақыры, қыздардың бірін далаға сүйремек болады. Әлбетте, төбелес шыққан. Орыс жігіттері таяқ жеп, кейін қайтады. Арада үш күн өткенде, тапа-тал түсте бір машинаға тиеліп келіпті. Жиырма шақты содыр. Қолдарында шынжыр, кастет және темір таяқтары бар екен. Біздің балалар түскі үзілістен соң, қырман басында отырған. Аналар машинадан төгіле түсіп, кәдімгідей ұрандап, тұра ұмтылды дейді. Біздің жігіттердің саны шамалас, тайсалмай кірісіп кетеді. Абырой болғанда, бидай күрейтін, сабы ұзын, басы жалпақ ағаш күректері бар. Бастаушы, ұйыстырушы көсемдері – Нұрмахан. Қарсы ұран салады. «Аттан, Аруақ!...» Ұзын бойлы, иықты, қайратты Сапархан Мырзабеков: «Күректің қырымен!..»– деп айқайлап, шабуылшы бұзықтарды мойыннан, иық пен сирақтан ұрып жайпай бастады дейді. Университеттің ауыр салмақтағы чемпионы Марат Тоғатаев деген боксер жігітіміз, құр қолмен ұрып құлата берді дейді. Қалған жігіттер де қарап қалмаған. Қолда күрек, қарымдары ұзын. Ақыры, бес-он минутта шайқас тәмам болады. Орыстар тым-тырақай шегінеді, төртеу-бесеуі жығылған, сұлаған күйі орындарынан тұра алмай қалыпты. «Біз жеңдік, жаралы бұзықтарыңды алып кетіңдер!» – дейді Нұрмахан. Алайда, бар шаруа осымен бітпесі анық. Алматыға қайтуға бір апта ғана қалған. Жігіттер үнемі сақ, жиын отырады. Ақыры, ертең кетеміз деген жексенбіде, түн түсе, үш тараптан бірдей аңдыздаған үш машинаның жарығы көрінеді дейді. Бас қолбасы Нұрмахан түгелдей ағаш, темір күректермен қаруланған әскеріне қуат беріп, таймай соғысуға үндейді. Бәрін күргейлей қатарға тұрғызып, ең алдыға Фадли Фазли-оғлы деген қоңқамұрын түрігімізді шығарыпты. «Сен жер-әлемді жаулаған ер түріктің тікелей ұрпағысың, қалғанымыз саған қарап соғысамыз!» – дейтін көрінеді. Қатер үстіндегі қалжың. Ал Фадли момын жігіт, қорқып дір-дір ететін көрінеді. Ақыры, тым тақау тұс, жарығы өшпеген машиналарынан түсіп, үш тараптан бірдей уралаған, кемі жетпіс-сексен орыстың айқай-сүреңі шыққанда, жігіттер түршіге бастайды. Шынында да, қызыл қырғын келе жатыр. «Ал кеттік, мыналар төрт есе көп!..» – дейді әлдекім, шептен шығып. Қатар бұзылды. Жиырма шақты жігітіміз, артта үрпиісіп тұрған төрт-бес қызды жетелей сүйреп, жау шапқынынан тысқары қарсы бет – жылғалы өзен жаққа тым-тырақай қашыпты. Тіпті, одан әрмен кетеді. Орыс бұзықтары бригада тұрағын басып алып, үй-үйді, бұқпа-қалтарысты түгел тексеріп, ешкімді таба алмайды. Қазақ студенттерінің қалай қарай кеткені аңдалып тұр, жардан түсіп, жылғаның жағасына жетіп, одан әрірек бес-он қадамда тоқталады. Түнгі тымықта бар даусы естіліп тұрды, дейтін еді Марат Нұрғалиев. Тізелей кешіп, судан өткен алдыңғылары: «Жүріңдер, ұзап кеткен жоқ, тез!» – деп қанша айтса да, кейінгі көпшілік аттап баспады, «Убьют, на х...» – аямайды, өлтіреді деп, тынымсыз балағатпен шектелді, бұл орыстың беті бір қайтса, мүлде сағы сынып, екінші қайтара баспайды екен, дер еді. «Өткендегі таяқты ұмытпапты, белгісіз қараңғыда бойлап іздеуге қорықты», – дейді, осы оқиғаның басы-қасында болған Оразбек Сәрсенбаев. «Сені білмеймін, бәлкім, қашудың өзін намыс көрген, қапелімде ары емес, бері жүрген епетейсіз Әбіштің қолға түсіп қалуы әбден ықтимал еді», – дейтін. Кейінде, арада қырық-елу жыл өткенде, тың игеруші ерлер мен жергілікті қазақ арасындағы көп қақтығыстың бірі ретінде, сол, нақты, деректі қалпында қағазға түсірем деп жүруші еді. Бүгінде марқұм, жазып үлгерді ме, әлде біз естіген ауызекі әңгіме есебінде қалды ма, білмеймін. Біздің жігіттер тұтас бір жыл бойы, тіпті, одан кейін де, осы, үлкен трагедияға ұласуы мүмкін оқиға төңірегінде қаншама әзіл әңгіме айтып жүрді. Кімнің бастап, шептен шыққаны. Әлде Базарғали. Әлде Бақыт. Жоқ, Фадли. Қалғанының қалай қорқып, қалай зымырағаны, аулақтап барып, сабан үйген маяға жасырынғаны, бірінен бірі үркіп қашқаны, енді бір жігіттердің табаны жерге тимей зымырап, ертеңіне Атбасардың іргесінен әрең қайтқаны... Жастықта бәрі қызық, бәрі күлкі.


Күзде, бүткіл курсымыздың басы қосылды. Міндетті науқаннан тыс қалған Әбіш деканатта «жатақхана берілмесін» деген жарлыққа ілініпті. Онсыз да жатақхана сұрамайтын. Мені де, тұрмыс-жағдайы тәуір деп, тек тиесілі стипендиямен қалдырған екен. Тіпті жақсы болды. (Келесі жылы жазда екеуіміз де азат, біржола ауылда қалған едік.) Қажетсіз жатақханамен қатар, осы 1960, қоңыр күз, төртінші курстың басында Әбіш екеуіміз бір жарым жыл тұрған жайлы пәтерімізден айрылдық. Балалары келді ме, әлде басқа жаққа көшпек пе, қабыл алмаған. Тақау маң, 1-линиядан жаңа пәтер таптық. Қабат-қабат екі терезесі де күңгірт, жетім бөлме. Темір болса да жайсыз төсегі жоқ, екі бұрышында екі мақта матрас. Ортада жапырайған жаман стол, жалғыз орындық. Оның үстіне, кеш батып, сағат он болар, болмаста ішкі дәліздегі тетігін басып, жарығымызды өшіріп тастайды. Ол аз болғандай, қандала шықты. Екі-аптаға толмай, азып-тоза бастадық. Мен тақау төңіректен жағалай есік қағып, жаңа пәтер іздеп көріп едім, ешбір қисыны келмеді, артық-ауыс бөлмесін жалдайтын орыс көп, бірлі-жарым татар мен ұйғыр да бар, бірақ ешқайсы бос емес. Бір күні кітапханада Төлекке ұшырасып қалдым. Бүгінде белгілі жазушы Тілеуханов. Жағдайымды айтқам. Өзім де іздеп барайын деп жүр едім, Рымғали екеуіміз Панфилов паркінің іргесінде, тамаша пәтер таптық, баяғыда Фурманов тұрды деген тақтасы бар, соның екінші қабаты, енді бір орын сыйысады, бізге көш деді. Рымғали Нұрғалиев, Төлек үшеуіміз мектепте бірге оқып, бірге бітіргенбіз, бұл екеуі болашақ жазушы ең алдымен өмірді тануы керек деп, ауыл шаруашылығы институтына түскен, ақыры ондағы оқулары ұнамай, ілгерінді-кейінді университеттің филфагына жетіп еді. Мен Әбішті тастап кете алмаймын ғой, дедім. Арада бірер күн өтті, өтпеді, Әбіштің мектептес досы, математик Ораз Телемгенов деген бала келді. Өткенде ортамызға алып, біраз уақыт бірге тұрғанбыз. Мінезі кең, дарқан жігіт. «Жағдайларың нашар екен, – деді. – Біз үш адамдық тәуір пәтер таптық. Лебен екеуіміз». Бұл Лебен де маңғыстаулық болатын. «Мұхтар екеуімізді сыйғыза аласыңдар ма?» – деді Әбіш. «Бір-ақ кісілік орын бар... Төсек сыймайды». «Екі кісіліктен қойса ше?» – Ораз қысыла бастады. «Мен шешпеймін ғой. Үй иесі...» «Мен шешейін», – дедім. Әбіштің өзі де жақсы танитын Төлек пен Рымғалидың жағдайын айттым. Мен сонда кетейін, сен мұнда бар. Басқаша амал жоқ, дедім. Әбіш екеуіміз осылай бөліндік. Әлбетте, тек жатын орнымыз ғана. Әйтпесе, жұбымыз жазылғанымен, арамыз ажыраған жоқ. Барысып, келісіп, өзара қатынасып, университетте және басқа да жағдайларда үнемі ұшырасып, бұрынғыша әңгіме, кеңес құрып жүрдік.


Осы төртінші курста, 1961 жыл, наурыздан бастап екі айлық тәжірибе кезеңіне шықтық. Біздің атаулы мамандығымыз – филолог һәм қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы. Ендігіміз – педагогтық дәрістер. Бұл кезде санымыз азайған – қырық бала түп көтеріліп, Ұзынағашқа бардық. Сондағы орта мектепте оқу үрдісін ұғынып, өзіміз де кәдімгідей сабақ беріп, болашақ мұғалім ретіндегі әуелгі қабілетімізді танытуға тиіспіз. Яғни, нақты өмірлік тәжірибе. Алғашқы күні бытырай жайылып, жатын орын іздеп кеттік. Әбіш, Сонарбай үшеуіміз әлде бойдақ, әлде әйелінен ажырасқан, орта жастардағы жалғызбасты татардың үйінен тәуір бір бөлме таптық. Таза, кең. Әуелгі кешті көңілді, жақсы өткіздік. Үй иесі шақтаулы болса да, дәмді дастарқан жасады. Ол заманда біздің ортада әлдебір той, жиын кештер демесек, ішімдікке әуестік ұшырамайды. Татар ағамыздың да шетін мінезі жоқ екен. Жадырап отырып, татарша өлең, жырлар айтты, ақыры жүйкесі босап, көзіне жас алып тоқтады. Сонарбай жұбатып жатыр, Әбіш екеуіміз ыңғайсызданып қалған едік. Өмірден қиындық көрген кісі сияқты. Бірақ тез жадырады. Жалпы, бұл пәтердегі жағдайымыз жаман болмайтын сияқты, ең бастысы – тыныш.


Ертеңіне мектепке жиналдық. Сөйтсек, бізден екі-үш күн бұрын ЖенПИ – Қыздар институтының бір топ бойжеткені келіп түскен екен, бұлардың тәжірибе сабақтары басталып кеткен. Біздің деканаттың шалалығы, немесе, мектеп басшылары екі жаққа қатарынан келісім берген. Қайткенде де бір мектептке сыймайтын едік. Бастап келген оқытушыларымыз мәселенің мән-жайын анықтамақ болып, Алматыға аттанды. Біздер әзірше ешқандай шаруасыз қалдық. Қол бос, міндет жоқ. Тіпті жақсы болды. Бұл Ұзынағашта, Ресей испериясы Қазақ Даласын шетінен түре, біржола отарлай бастаған заман – 1860 жылы қырғын соғыс болған. Қоқан хандығының Алматыны және бүткіл өңірді кәпірлерден оп-оңай тазартпақ желікпен шұғыл аттанған жиырма мыңдық қосыны орыстың небәрі сегіз жүз әскерінен қирап жеңіліп, түгелге жуық харап болған. Бұдан соң Қазақстанның байтақ түстігін, одан әрі жүмлә Орта Азияны түбегейлі жаулауға жол ашылып еді. Ауыл іргесі, биік қырқа басында сондағы қолбасы подполковник, кейінде инфантерия генералы, Жетісу өлкесінің губернаторы Колпаковскийге арнап орнатылған биік обелиск андағайлап тұр. Біздің жігіттер басына барып, түкіріп, тепкілеп қайтпақ еді, қия беткей езіліп жатқан балшық екен. Көтерілу мүмкін емес. Ұзынағаштың өзінің Алматы–Ташкент трассасының өткелегі саналатын орталық даңғылына ғана енсіз, жолақты асфальт төселген, қалған барлық жер – көшелердің бүтін бойы, үйлердің арасы жалқын батпақ, машина тайғанақтай жүріп өткен жол бойы көлкіген лайсаң. Соған қарамастан, біздің жігіттер жаңа қыздармен танысып, тіпті, келесі күндерде киноға шақырысып, әжептәуір жапырласып қалды. Ең бастысы – әрқилы, таусылмас қалжың, жеңіл ойын. Ұлдар бірін бірі қағытып жатады, қыздарға қырындап, екіұшты әзілдер айтады. Жігіттерді сырттай таныстырып, қилы-қилы мінездеме жасайды. Тұрғанбай екеуіміз ғой деймін, Сонарбайды нысанаға алдық. Болашақ философ Сонарбай Таңқаев. Қашанда салмақты кейіпте, сөзі аз, мінезі ауыр. Бұл Сонарбай деген үйленіп қойған жігіт, дестік. Мына маңғаз түріне қарап, алданып қалмаңдар, нағыз донжуан. Қыздар соған сенді. Ал біз өзіміздің жігіттерге де айтып, мәз боламыз. Және басқа да қызықтар. Кейінірек, Алматыға барып қайтқан жексенбі күндерінің бірінде мен «Жаңылысу» деген жеңіл әңгіме жаздым. Бас кейіпкердің әуелгі қарібі өзгерген – Омарбай. Бірақ бәрі керісінше. Әуелде қыздар маңғаз, салмақты жігіт деп, сыртынан мақтайды, тіпті, бір бойжеткен жақсы көріп қалады. Ақыры, бұл маңғаздың үйленіп қойған жігіт екені мағлұм болады. Бұдан соң жаңағы қыздар «ақымақ, сезімсіз топас» деп сөгуге тиіс. Біздің балалардың арасында өзара қалжың, кейде мінез ерекшелігіне құрылған, көбіне-көп әлденеден көтермелейтін, немесе мазақтап қағытатын қызғылықты әңгімелер мол болатын дедім. Соның кездейсоқта қағазға түсіп қалған бір көрінісі ғана. Алайда, біздің Ұзынағашта іш пысқан, солқақтаған бос жүрісіміз көпке созылмады. Төртінші, әлде бесінші күні қыздарды сол бастапқы қыстақта қалдырып, түп көтерілдік. Әбіш, Сонарбай үшеуіміздің аз-мұз өкінішіміз бар. Еркін әзілдескенмен, мүлде жұғыспаған қыздар емес. Пәтер иесіне бір айлық жатын орын және таңғы шай, кешкі асымыз үшін он сомнан отыз сом берген едік. Енді бәрін емес, үштен екісін қайтаруды өтінгенде, манағы ағамыз түгелдей азық-түлікке жұмсап қойдым, қолда қалмады деп безерді. Ол кездің есебінде әжептәуір ақша десек те, Әбіш екеуіміз үшін орны толмас шығын емес, ал Балалар үйінде тәрбиеленген, артынан ешқандай көмек келмейтін Сонарбайға обал болды. Бүкіл курсымызбен Қаскелеңге түсіп, онда да жатын пәтер тапқан соң, бар шығынын көтеріп алмасақ та, қадарынша көмек жасауға тырысқан едік. Бұл жолы бізге Бақыт пен Тұрғанбай қосылған. Мектепте бастауыш класта сабақ беретін мұғалималардың бірінің, алды ашық, биік шатырлы үлкен үйінің кең бөлмесі. Ұяң, ашаң жүзді, өте мәдениетті әйел екен. Оқу жасына жетпеген екі-үш баласы бар, күйеуі – тақау төңіректегі совхоздың бірінде тәуір қызмет атқаратын сияқты, ертемен кетіп, кеш келеді, демалыс күндері біздің балалармен «дорақ» карта ойнайды. Биязы мұғалима бізді мектеп директорының айтуымен қабылдаған, ештеңе алмаймын, деді. Алмағаны тұрыпты, орайымен, ара-тұра асқа шақырады. Ал біздің бөтен-бастақ ісіміз жоқ. Өте жайлы, тыныш болды. Ақыры, кетерде апайға әлдебір сувенир сыйладық қой деймін.


Мен үшін күнделікті тіршілікте Қаскелең өте қолайлы болып шықты. Алматымен аралық жақын – жол қатынасы бөгеліссіз, жарты сағатқа жетпейді, автобустың бір тарап билеті әлде отыз бес, әлде қырық тиын. Демалыс күндерін, нақты тәжірибе сабақтарынан бөтен барлық уақытымды Алматыда өткердім. Оқу және жазу. Бір жолы келсем, жалпы жұрт мәз-мәйрам, адам – оның ішінде совет адамы алғашқы болып космосқа шығыпты. Гагарин ғой баяғы. Масат пен мақтанда шек жоқ. Мен өз ауылымда қуатты атом, сутегі бомбаларының бастапқы жарылыстарына да куә болғам, одан күшті не бар, ештеңеге таңырқамас едім, жөн екен, ғылым-білімнің даму жолындағы бір кезең, соншама ес шығардай ғаламат емес. Біздің балалар да жұрт қатарлы масайрай қойған жоқ. Бұл уақыт, бұл жерде де ең бастысы – педтәжірибені тезірек өткеру, одан да мәндісі – жадап-жүдемей, үйреншікті Алматыға оралу болатын. Ол заманда студенттің қарны ашпай тұрмайды. Біреуі емес, бәрі дерлік және қатарынан әлденеше күн. Осындай жағдайды байқаған Зекең – кезекті сапарымен студенттерін көріп, сабаққа қатысып, байқастап қайту үшін арнайы келген Қабдолов, автобусқа шығарып салған балаларға бес сомдық көк қағаз ұстатыпты. Қарны ашып жүрген бес баланың бір күндік, екі реткі тамағы. Және қалтамда келген бары осы ғана деп, кешірім сұрағандай болыпты.


Қаскелең қыстағы да Ұзынағаш сияқты аудан орталығы. Бірақ мұнда бәрі басқаша. Көшелерге түгелге жуық тас төселген. Тұрғын үйлері де келісті – рет, тәртібімен орналасқан, түгелдей дерлік шатырлы. Шығыс шетте әсем, айдынды Мәдениет сарайы бар, өткен, әлде арғы жазда Қазақфильм осы ғимаратта «Біздің сүйікті дәрігер» деген кинокомедия түсіріп әкетіпті, негізгі рольде Ермек Серкебаев ойнаған, басқа да белгілі артистер, ең үлкен жаңалығы – Шет тілдер иснтитутынан Рая Мұхамедиярова дейтін қыз қатысқан екен, кейінде Ғабит Мүсреповтың жары болған белгілі актриса. Мәдениет сарайынан басқа да екі, үш қабатты ғимараттар бар. Оның ішінде аудан басшылығының кеңсе үйлері. Міне, осының бәріне керісінше, орта мектеп үйі тым қораш екен. Аудандағы ең басты, орталық мектеп қой. Ауласы шағын, жер жетпегендей, қысып салынған. Бүткіл мектеп үйінде кең, жарық жалғыз-ақ бөлме бар – директордың кабинетіне жалғас мұғалімхана. Оқу тұтасымен екі кезекте, соның өзінде балалар сыйыса алмай, көбіне-көп бір партада үшеуден отыр. Әр кластағы оқушылар санының артығынан ғана емес, оқу бөлмелерінің мөлшерден кеміс тарлығынан. Ең кереметі – әрбір класс жеке-дара емес, біріне бірі жалғас екі бөлмелі, яғни, бір есіктен кіресің, жапырлап, пәленбай бала отыр, қақ жарып, төрге, екінші бөлмеге өтесің, онда басқа бір, сен іздеген класс. Балалардың дабыры, мұғалімнің сабағы, – бәрі-бәрі екі тарапқа бірдей, анық естіліп тұрады. Әуелде көп пәтерлі тұрғын үй болған ба дерсіз. Менің туған ауылым Шұбартау – артта қалған шалғай аудан есептелетін, аудан орталығы Баршатас – шикі кірпіштен қаланған, шатырсыз, тоқал тамдар, көбіне ешқандай көше тәртібін сақтамай, іркес-тіркес, үйме-жүйме орналасқан, аула арасында мал өріп жүретін нағыз түкпір, бірақ ашық, өр жақта, кең алаңның қақ төрінде орналасқан мектеп үйі – аумақты, еңселі, әрі айдынды; осы, аудан шегіндегі жеті-сегіз жүз бала таңертең – бір кезекте ғана оқитын ең негізгі мектеп қана емес, колхоз, совхоз орталықтарындағы бастауыш, жеті жылдық мектептердің үйлері де төңірегінен оқшауланып, андағайлап тұрар еді. Ал мұнда – ең қадірсіз мекеме сияқты. Жалғыз мен ғана емес, Қазақстанның әр қиыры – шығыс пен батыс, түстік пен терістіктен келген жігіт-қыздарымыздың бәрі де қайран қалған.


Тәжірибе дәрістері басталып кетті. Әуелде осы мектеп мұғалімдерінің тіл, әдебиет сабақтарына қатынастық. Содан соң, кезек-кезегімен, өздеріміз де сегізінші мен оныншы кластар арасында сабақ өткізе бастадық. Пән мұғалімдері бірнешеу. Орнықты, байырғы оқытушылар. Біздің балалар, әрине, түгелге жуық білімдар, асау. Сонымен қатар, мәдениетіміз, қазақы ғана емес, замандық рухани бітіміміз де келісті болатын дер едім. Әлбетте, пәнді білу мен сабақ өткізу – екі басқа нәрсе. Қиындықтар болмай қалған жоқ. Алайда, бәрі оңымен өтіп жатқан. Ақыры, тоғызыншы, оныншы кластар сабағында шатақ шықты. Әдебиет оқытушысы – қырмасақал, қартаң кісі екен. Жоғарғы білімді, «Республикаға еңбегі сіңген», әлде «Халық ағарту қызметінің үздігі» деген тұрғыдағы атағы бар. Әуел бастан-ақ біздің өркеуде жігіттерді ұнатпай, анау-мынау, бөстекті ақыл айта беретін еді. Онысы сол ескішіл сарын – советтік патриотизм мен отаншылдық, партиялық әуезге айрықша мән беру. Және қандай жағдайда да бекітілген программа, мектеп оқулығының шегінен асып кетуге болмайды. Бұларын елеген ешкім жоқ. Ақыры, біз нақты дәрістер өткізіп, педтәжірибеден атаулы баға алуға көшкенде, мүлде қарысты. Ешкімнің ешбір сабағы ұнамайды. Біздің ұғымда кемістігі болар, кемтігі жоқ, бәрі де жақсы, тіпті жоғары дәрежеде. Алайда, жетекші мұғалім ешқандай дәлел, уәжге тоқтамайды. Бақытқа үш қойды. Тұрғанбайға үш қойды. Мені де солай қарай сүйремек еді, үлкен дау шығып минус төртке көтерді. Ақыры Әбішке кезек келген. Өте жақсы, қызғылықты өткізді. Ал талқы кезінде бұрынғы әуен. Бұрынғыдан да төмен. Әбіш айтар сөзі таусылып, қызара тұқырып отырып қалып еді. Біз таласа кезектесіп, кірісіп кеттік. Мипаздап сөйлегеніміз шамалы, бірақ ешкім әдептен аспаған. Тұтас бір ай бойғы барлық қыжыл сыртқа шықты. Ақыры, сіз – ана заман, біз – мына заман, қайткенде тіл табыса алмайды екенбіз, ендеше, сіздің педагогтық тәжірибе жетекшісі ретіндегі қызметіңізден бас тартамыз деген түйінге тоқтадық. Біздің қатаң шешімді Бақыт пен Тұрғанбай мектеп директорына хабарлады. Және дәп сол күні, даудан соң келе қалған Манасбаев дейтін танымал доцентімізге мағлұм қылдық. Деканатқа хабарласып, бізге басқа бір мектеп, немесе осы мектептің өзінен басқа бір мұғалім тапсын. Момын адам еді, шошып кетті. Мектеп директорына кіріп, барлық жағдайды білсе керек. Және сол күні біздің бар сөзімізді тиесілі жеріне жеткізген екен.


Ертеңіне түс ауа филология факультеті профессор-оқытушылар құрамының тең жарымына жуығы Қаскелеңге келіп төгілді. Факультет деканы Тауман Амандосов, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Мәстура Сармурзина, тіл кафедрасынан Ыбырайым Маманов пен кешегі Манасбаев, әдебиетшілер – Белгібай Шалабаев пен Зейнолла Қабдолов және тағы екі-үш оқытушы. Мектептің мұғалімдер бөлмесіне үлкен жиналыс шақырылды. Директор, завуч, тілші, әдебиетші һәм басқа да беделді мұғалімдер. Біздің қырық бала түгел сыймайды, бүлік бастаған және айрықша белсенді оншақты бала бардық. Деканымыз Тауман Амандосов өткен соғыста бір аяғын берген, тәжірибелі маман журналист, әділ, әрі қатқыл кісі еді, өңі сұрланып, дауыс көтермесе де, тым ауыр сөйледі, университетке, факультет атына сөз келтіріппіз, педагогтық практика үстінде болашақ мұғалімнің мінез, этикасымен сыйыспайтын басбұзар әрекетке жол берілген. Мұндай деген болмайды. Тәжірибе сабақтарын осы мектепте аяқтау шарт. Ол үшін біз республикаға еңбегі сіңген қарт ұстаздан және мектептің бүткіл мұғалімдер коллективінен кешірім сұрауға тиіспіз. Ал осыншама бүлікке кімдер ұйытқы болды – анықтаймыз, тиесілі шара қолданылады... деп тәмамдаған. Біздің айтарымыз әзір еді, енді өкпе емес, ыза-ашуымыз қабындап, әрең шыдап отырмыз. Алайда, сөз тимеді, бұдан әрі Мәскен апай жалғап кеткен. Толықша келген, көрікті әйел еді. Бұл кезде жап-жас, отыздың ішінде. Кейінірек ЖенПИ-де ректор болды, мәдениетті, парасатты кісі. Бірақ осы жолы апайымыз алдыңғы әуенмен кетті. Есте қалған бір сөзі: «Сендер төртінші курсқа шықтық, енді жетілдік, жеттік деп ойлайтын шығарсыңдар. Бірақ бұл – өмірдің басы ғана. Қашанда асып-таспай, шектен шықпай, өмір сүрген ортаның талап, тәртібіне сай жүріп-тұруға үйрену керек», – деді. Яғни, әуелгі екі ұстазымыздың әуезіне қарағанда, біздікі – басбұзарлық, үлкендер не қылса да көне беруіміз керек екен. Енді сөз тоспай сөйлеуге тура келген. Алдынала келісіміміз бойынша, ең әуелі – Бақыт Сейтжановты шығардық. Ішіміздегі ең ұстамды жігіт. Бұрнада атап айтқанымдай, өте көп біледі, бірақ кейде көбірек сөйлеп кететіні бар, соған орай өз ортамызда «Қыртология ғылымдарының академигі» деген құрметті атаққа ие болған. Бұл жолы біршама қысқа, нақты, әрі дәлелді сөйледі. Содан соң қызу қанды Базарғали. Одан кейін дәйекті Тұрғанбай. Байыпты Сапархан. Салмақты Сонарбай. Біздің жігіттердің бәрі де алғашқы екі ұстазымыздың барлық айыптау сөзін негізсіз деп тауып, осы мектепке келгеннен бергі кертартпа жағдаят атаулыны, әсіресе, бізге жетекшілік жасаған қарт мұғалімнің бүгінгі үлкен әдебиет туралы түсінігі ескіргені және біздің бәрімізге деген теріс көзқарасы мен сабақтарымызды әділетсіз бағалайтыны туралы қатты айтты. Әбіш екеуіміз ең соңғы, шешуші резерв ретінде артқа қалғанбыз. Енді сөйлемесек те болатын еді, алайда, бітімсіз майдан бері төңкеріліп, біздің пайдамызға ойысқан кезде мен де, барлық сөздің қорытындысы есепті, түйінді, қысқа тұжырым жасадым. Мектеп мұғалімдері ғана емес, арттан жеткен ұстаздарымыз да дағдарып қалған. Қателігін түсініп, кешірім сұрайды, осыншама ауыр десанттан соң қорқып басылады деген студенттері мүлде көтеріліп кетті. Іс аяғы шатаққа айналып, бітіспес жағдайға ойысып бара жатты. Міне, осы кезде... Зейнолла Қабдолов сөзге кіріскен. Әуелі бұл, Абай атындағы Қаскелең орта мектебінің республикадағы ең озық, ең үздік мектептердің бірі екені, біздің факультет таңдап тапқан, жыл сайынғы сәтті тәжірибе ұйытқысы екені, мұндағы мұғалімдердің бәрінің жоғарғы деңгейі туралы ойқастап өтті. Содан соң біздің жігіттерді, әзірше сөйлемей, бірақ тұншығып, әрең отырған Әбіштен бастап, жаңа ғана сөйлеген, Бақыт, Базарғали, Тұрғанбай, Сапарханды, тіпті ешқашан ешбір лепесімен ұнамаған мені де қосып, түгелдей білімдар, оқымысты, ертеңгі қазақ әдебиетінің айтулы тұлғалары болатын жас ақын, жазушылар деп, жағалай мадақтап шықты. Ендеше, азғана дау, дау емес, еркін пікірталас неден туындады? Тәжірибе сабақтарының бүгінгі заман талабына сай, ең жоғарғы деңгейде өтуі үшін. Бұл тұрғыдан алғанда, республиканың еңбек сіңірген мұғалімі Пәленше-екеңнің қатаң талап қоюы орынды. Біздің жігіттердің білім деңгейі жоғары, сабақ өткізу үрдісі де ойдағыдай, мәні мен құны, өткеннен өзгешелігі – жаңа деңгей, жаңа биікке ұмтылуында. Сонымен қатар, жаңалық атаулының жолы күрделі, және жастардың өсу жолында балалық аусарлық, азды-көпті кінәрат болмай тұрмайды, бірақ тұтастай алғанда, өршіл талап қашанда мақтауға, мақұл ғана емес, мейлінше қолдауға лайық. Ендеше, кім де кімнің бұра тартатын жөні жоқ, келіспейтін, керісетін, қиыс, қиғаш жағдаятты көрмей тұрмын... Не керек, түйеліні шөгертіп, аттыны жерге түсіретін шебер тілді, әрі тапқыр психолог Зейнолла ағамыз бар даудың түйінін тарқатып берді. Қырыс мұғалімнің де, оған қарсы тентектердің де буындары босапты. Екі тарап та өздерінің артық кеткенін мойындады. Әуелі қарт мұғалім біз сияқты дарынды балаларына тек қана жақсылық тілейтінін айтып, елбірей сөйледі, ақыры көңілі бұзылып тоқтады. Біз де жуасыдық – жаппай бітім. Бар шаруа орнына келді. Көп ұзамай Қаскелеңмен де қуана-қуана қоштасқан едік.


Арада аз-кем емес, тура қырық жыл өтсін. Біз әуелде бас тіреген, әзіл-қалжыңды төрт-бес күн өткерген Ұзынағашта отырмын. Әрине, көшелер тазарған, үйлер көрнекі, баяғы жұпыны қыстақ енді кіші-гірім кентке айналған, тек қыр басындағы Колпаковский ескерткіші ғана қаз-қалпында тұр. Тіпті, бұрынғыдан да еңселене түскендей. Қазақстандағы орыс қауымының айрықша қамқорлығында, оңдап, өңдеп, жаңартып, жақсартып қойды деседі. Мүмкіндік болса да, баруға зауқым соққан жоқ. Тағы қырық жыл, елу жыл өтер, өзінен-өзі тозып, жермен-жексен болар. Қазір бұл кенттегі тұрғылықты жұрттың басым көпшілігі, тіпті түгелге жуығы – қазақ. Менің мұнда келісім – бағзыдағы Құнанбай қажы әулетінің келіні, Арғын-апа деген атақ алған, балалары бар жағынан жетілген үлкен жеңгеміздің ауылдас ағайын-туғанды шақырған үлкен дастарқаны құрметіне. Менімен қарама-қарсы отырған, интеллигент кейіпті, иман жүзді ақсақалға үй иелері тарабынан үлкен ілтипат жасалып жатты. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзін оқытқан ұстаз екен. Тақауда әлдебір кездесуде алтын сағат байлапты. Мен көңілі жарасты үлкен ақсақалдармен әзілдесе беретін әдетімше, әрнеден қағыта бастадым. Неге көк төбелі үй салып бермеген. Аяз бидің ертегісіне ұқсап кеткен жоқ па... Бәрі бар екен. Сондай, зор мәртебелі кісінің елеп-ескергені үшін рақмет. Жақсы оқыды ма, деп сұрадым. Өте жақсы оқыды. Онда институтқа неге түсе алмай қалған? Ақсақал шынымен қысыла бастады. Оқуға түскен, содан соң, өмірбаянында жазғандай, өзі бас тартқан. Ол заманда партияның алдымен еңбек тәжірибесінен өту керек деген ұраны болды... Егер партиялық нұсқауды тыңдамай, бірден оқып кетсе, не болатын еді? Онда бүгінгі жағдайымыз қазіргіден әрмен өрлеп кетуі мүмкін бе?.. Ақсақал мүлде абдырады. Ақыры, салауат сұрағандай болды. «Мұхтар шырағым, мен сенің ағаң боламын, – деді. Туған ауылым – Шұбартаумен шектес, Ақтоғай ауданы, дадан тобықты. Ал сені бала кезіңнен білем. 1961 жылы көктемде сол мектепке, педагогтық практикаға келіп едіңдер. Әбіш Кекілбаев екеуің, тағы біраз баламен. Сонда мектепті төңкеріп кете жаздадыңдар. Дау талаптарың орынды болатын. Мен – тарих мұғалімі, сабақтарыңды көргем жоқ, бірақ соңғы талқысына қатыстым. Басқа жігіттердің қайсы кім болғанын білмеймін, бәрің де ірі, ал Әбіш екеуіңнің ерекше талайларың бірден танылып еді...» – деп тоқтады. Мен жеңілдім. Ағамның қолын алып, ризашылық танытқан едім.


Сол педагогтық тәжірибе кезеңіне жалғас, Әбішке тікелей қатысты, өзгеше бір оқиға. Біз жоғарғы кластарға сабақ бергенбіз. Тетелес сыныпта айрықша әдемі бір қыз болды. Балалықтан кетпеген, бойжеткенге жетпеген, бірақ бар тұрпаты өзгеше, уылжып тұр. Сирек сұлу. Айрықша бекзат. Жүрген жүрісі, отырған отырысы, ұяң болса да, сабақ кезіндегі еркін жауаптары, көз қарасы мен зифа бойы бұл баланың өзгеше пешенесін әйгілегендей. Бәріміз де – үлкен аға, тілектес әпке ретінде сүйіне қарайтын едік. Осы бала, сәбилік жас көңілімен Әбішті жақсы көріп қалыпты. Қазақ он үште – отау иесі деген, ал он төрт – қайткенде балиғат жасы. Бізге қаншама балаң көрінсе де, алғашқы махаббат сезімінің оянар мезеті. Әбіш әуелде аңдады, аңдамады, біздің қыздарымыз байқап қалыпты. Таңырқай қызығып, жеңіл қалжыңдап жүретін. Ақыры шынға айналды. Арада азғана уақыт өткен соң Әбішті өзі іздеп келіпті. Жалғыз Әбіш емес, тағы да бір ағаларын көргісі келген. Қасында ересектеу, әлде туыс, әлде дос қызы бар. Қайдан тапқанын білмеймін, әйтеуір ұшырасқан. Әбіш екі баланы зоопаркке апарып, балмұздақ әперіп, содан соң демалыс паркінде, күнұзақ алдандырып жүріп, автобусқа шығарып салыпты. Елбіреген бала, адамның жаны ашиды деп еді, бар жағдайды айтып. Әлбетте, маған ғана. Мен қатты толқыдым. Шығыс дастандары, қазақ эпосындағы қыз бен жігіт хикаяларын еске салып, ешқандай оғашы жоқ, десем керек. Алайда, арада үш жыл өткенде бұл бала мектебін бітіріп, бой жетіп, теңдессіз қалыңдық болып шығады деп айта алмадым. Менің өзімнің кандидатурам бар. Жастық шақта, тіпті, ересек заманның өзінде үш жыл – өте ұзақ уақыт, дүние неше мәрте құбылуы мүмкін. Оның үстіне, үлкен жігіттің кәмелетке жетпеген мектеп оқушысымен бейкүнә жағдайда болса да, соншама уақыт бойы ара-тұра кездесіп жүруінің, тіпті, хат-хабар алмасуының өзі ешқандай қалыпқа сыймаса керек. Десе де, өмірде не болмайды. Дүдәмал, бірақ ықтимал жағдай. Небәрі үш жыл. Әзірше бәріміздің де басымыз бос. Бүгін-ертең үйленгелі жатқан ешкім жоқ. Рас, ілкіде Тұрғанбай айтқандай, жүрекке әмір жүрмейді. Керісінше, Әбіш сол жүрекке өзі әмір берген сияқты. Қайткенде де романтик болмай шықты. Кешегі Тұрғанбай да, бүгінгі Әбіш те. Сонымен, бар хикая тәмам болған. Қыз, әрине, көп ұзамай-ақ біржола жетілді, бой түзеді. Бірақ тақаудағы үш-төрт жыл орайында қайыра кездеспеген сияқты. Арада жиырма-жиырма бес жыл озғанда, алыста қалған заман, бұрнағы, жаңа бастау кезімізді еске алып отырғанда, әлдеқалай сұрап едім. Сол қыздың тағдыры не болды екен деп. Әбішке мағлұм шықты. Қазір Алматыда тұрады, күйеуі – біршама танымал ақын, деді. Есімін айтты. Біз құралпас, көлденең жұртпен араласы жоқ, біртоға жігіт еді. Ептеп ішетінін байқағам, бірақ салынған маскүнем емес. Үлкен атаққа жетпесе де, балалар әдебиеті тарабында мәнді, пайдалы еңбек етіп жүрген қаламгер, мектеп оқулықтарына енген... Одан бері де ширек ғасыр. Жігітіміз жеті-сегіз жыл бұрын дүниеден өткен сияқты. Ал қызымызды бұрнада, бір рет қана әлдеқалай, сыртынан көргем. Кешкілік, қатарлас үйлерден қонақтан шығыппыз. Екі жақта екі машина күтіп тұр. Ақынымыз мені көріп, бұрылып келіп сәлемдесті. Ал қызымыз – бойы ортадан биік, тәкаппар бейнелі, түр-тұлғасы келісті әйел болыпты. Алысырақ және қырын тұрғандықтан бет-бейнесін аңдай алмадым. Бірақ ұзақ заман өзінің жастық өңін сақтаған шығар деп ойлаймын. Және ақырына дейін әуелгі тұрмысынан айнымаған. Қайткенде де, қалам иесін іздеп тауып, күйеуге шығуы – баяғы балалық шақтағы арманның елес-көлеңкесі сияқты көрінеді маған. Кейін көкірегінде қандай қаяу, дық қалды – білмеймін. Бүгін Әбіштің өзі де жоқ. Өткендегі бейкүнә, бірақ толқымалы, мұңды әңгіменің ең соңғы куәгері – мен ғана. Біржола ұмытылмасын деп, қағаз бетінен ірікпедім.


Әбіш университеттің соңғы, бесінші курсында күзге салым «Қазақ әдебиеті» газетіне жұмысқа тұрды. (Кейінгі ғұмырбаяндық, ресми анкеталарда жазылмаған.) Бұл кезде атаулы кітабы шықпаса да, біршама танымал ақын. Және әлуетті, білімдар әдебиет сыншысы. Біздің бір досымыз, ақын Оразбек Сәрсенбаев үшінші курстың басында қатты сырқаттанып, ауыр операциямен бір бүйрегін алғызып, екідай қалыпта аулына қайтқан. Хал-жағдайы өте төмен, әлдебір туысы алып кетіп еді. Жарым курсымыз болып пойызға шығарып салдық. Шара, Нұрғайша, Раушан, Несіп, Сара дейтін қыздарымыз көздеріне жас алған. Жігіттер де қатты толқыды. Оның ішінде мен әсіресе. Енді аман-есен көреміз бе, көрмейміз бе деген қатерлі сезім. Сол Оразбек бір жылда ес жиып, келер жылы оңалып, біз бесінші курсқа өткенде оқуға қайтып келді. Әлбетте, үзіліп қалған үшінші курсына. Не стипендия жоқ, не жатақхана жоқ. Әке-шешесінің тұрмыс жағдайы тіпті нашар болса керек. Артынан көк тиын келмейді. Жұмыс жасап жүрсе де студенттер есебіндегі Әбіш өзіне тиесілі стипендиясын берді. Бір ай, жарым ай емес, тұтас бір жыл бойғы. Старостамыз – Сонарбай. Межелі күні Оразбек біздің курстың басқа балаларымен бірге алып тұрады. Жатын орны да оңай шешілді. Бұл кезде Төлек екеуіміз Строительная – қазіргі Мұратбаев, Комсомол-Төле би көшесінен бір жарым квартал төменде, еңселі, көк төбелі үйдің кең бөлмесінде тұрамыз. Пәтер иесі – ұйғыр әйелі бар, балалары ұйғырша сөйлейтін, орта жастардағы қазақ. Айлық ақымызға ол кездің есебінде әжептәуір ақша – жиырма бес сом төлейміз, енді соны отызға көтеріп, тағы бір жолдасымызды алайық деп көндірдік. Біз Төлек екеуіміз он екі жарым сомнан, ал Оразбек Әбіштің стипендиясы есебінен бес сом шығаратын болды. Ішіп-жемі түгелдей дерлік біздің есебімізден. Ауылдан жәшік-жәшігімен сауқат аламыз – сүрленген ет. Өткен жазда үйленіп үлгерген Төлек жаңа жылда үйіне барып қайтып, тұтас бір серкенің етін қақтап әкелді. Оразбек лекцияға сирек қатынайды, қуырдақ қуырып жеп үйде жатады. Онысы салмақ емес. Басқасы. Ішкі ағзасы толық оңалмаса керек, қысқы суықтың өзінде бөлменің ауасын жиі тазартуға тура келетін. Тыпырлап жазатын, әрі қадалып көп оқитын Төлек екеуіміз үшін қосымша қиындық туған. Тыныштық, оңашалық тұрғысында. Әйтсе де, біздікі – әншейін нәрсе. Бұл арада айтпағым – Әбіштің жолдасқа адал, мәрт мінезі, кеңдігі. Адам баласында артық ақша деген болмайды. Әбіш газеттегі жұмысына жалақы һәм қаламақы алады – қанша тапса да, тиесілі, айлық стипендияның жиырма сегіз сомы – әжептәуір қаражат. Алыс ауылда кәрі шешесі бар, басқаны былай қойғанда, екі айлығына тамаша костюм сатып алар еді. Жомарт қолды, дарқан Әбіш әзірше баспасөз бетін көрмеген Оразбектің үлкен әдебиет майданындағы жолын ашты. Әуелде «Жұлдыз» журналын басқарып отырған Әбдіжәміл Нұрпейісовпен жалғастырды. Осы кезде «Қазақ әдебиетінде», кейінірек өзі ауысып барған «Лениншіл жаста» өлең, жырларын үздіксіз және молынан жариялады. Өнердің қай саласында да біреуді біреу қолдайды, көтереді, қадарынша көмек жасайды. Әсіресе, бастапқы серпілу кезеңінде. Табиғи жағдай. Алайда, маған осының бәрінен студенттік стипендияның салмағы басым көрінеді. 80-жылдардың ішінде ғой деймін, бірде Оразбек маған өзінің Әбішке деген өкпесін айта бастады. Өкпе емес, реніш. Және қаншама кінә артпақ. Тіпті, жоқтан араздасып қалған сияқты. Мен ақырына дейін тыңдамадым. Сенікі дұрыс емес, дедім. Кезінде саған даңғыл жол ашқаны, сүйегені, қолдағаны өз алдына, ауылдан арып-аршып келген кезіңде жылдық стипендиясын байлап бергені есіңде ме? Ешқашан ұмытуға болмайтын, ешқашан есесі толмайтын жақсылық. Оразбек тосылып қалды. Көп ұзамай Әбішпен қайтадан табысқан. Менің өзім де, тұтас он бес-жиырма жылға созылған реніштен соң Оразбекпен жаңадан жалғасқан кезім еді. (Араздық себебі – қаншама дау-дамайдан соң, ежелгі жыраулар туралы еңбегімді ресми түрде қорғау қарсаңы, тура үш күн бұрын, «Лениншіл жаста» етектей, жалалы мақала басылған. Бұл жастар газетінің тиесілі бөлімінің меңгерушісі – Әбіштің, одан соңғы Жұмекеннің орнына жақында ғана келген Оразбек болатын. Оспадар мақала тікелей әдебиет тарихы туралы емес, менің «солақай сыншылық» еңбегім, «Қазақ әдебиеті» газетінің мен басқарып отырған сын бөлімінің «ғаділетсіз, бүлдіргіш әрекеті» туралы. Мақсат түсінікті еді. «Үрит-соқ, мына жігітті жібермеу керек!..» Бірақ ойдағыдай нәтиже бермеген. Мен сол күні қатты түңілдім, кейінде, жылдар бойы ренішім тарқамады, Оразбек жоғарыдан түскен жалақор мақалаға тоқтау сала алмады деп. Сөйтсем, бұл – кілтипанның бергі жағы екен. Арада тағы да жиырма жыл өткенде, осы арандатқыш мақаланы басқа емес, Оразбектің өзінің жазғаны және жекелей ынта-жігерімен өткелектен өткізгені мағлұм болды және ілгері, кейінде мен туралы тағы қаншама ұнамсыз сөз – келеңсіз жағдаят ежелгі досымның өз қолымен жарияға шығарған Күнделік кітабының қыртыс, бұқпасынан танылып қалған еді.)


Әбіш әдебиет газетінде бір жылдай ғана жұмыстап, «Лениншіл жасқа» ауысты. Университет тәмамдалған. Мен аспирантураға түскем. Әуелгі жылым – кандидаттық минимумдар тапсыру машақатымен, берекесіз өтті. Келесі жылы еңсем жазылды, ғылыми ізденістер белгілі бір бағыт-бағдар тапқан. Енді Әбішпен кейде көрісіп, көбіне телефонмен хабарласып тұрдық. Күзде, тәрізі, редакцияға арнайы іздеп барғанымда, бізге үлкен сын мақала жазуға қалайсың, деп сұрады. Қазіргі қазақ әңгімелерінің жинағы шығыпты. «Замандастар» деген атпен. Ғабит Мүсреповтен бастап, Сайын Мұратбековке дейінгі аралықтағы көзі тірі жазушылардың таңдама туындылары. Менің уақытым тапшы еді. Алайда, қызғылықты тақырып. Арада бір апта өтер-өтпесте апарып бердім, он үш бет қолжазба. Бөгеліссіз басылды – 20.ХІ.1963. Сол қалпында дерлік. Тек Сафуан Шаймерденовтың әңгімесіне мін тағылған тұсы әжептәуір жұмсартылған екен. Және мақаланың тақырыбы кітап атына сәйкес өзгертілген. Мен Әбішке реніш айтып едім. Күмілжуіне қарап, редактор қаламының табы екенін аңдадым. Кейін кемісі қалпына келтірілді, әуелгі тақырыбы «Қазіргі қазақ әңгімесі» болатын, енді осы тақылеттес тағы бір мақалалар қатарласқаннан соң, 1999 – «Тасқа басылған қолжазбалар» жинағында және 2002 жылғы Он үш томдықта өз ауқымына сәйкес «Әңгіме өрісі» деген жаңа ат қойылды.


Осы жазда, мен ауылда жүргенде Әбіш алыс Маңғыстаудан кәрі шешесін көшіріп әкеліпті. Астананың тау беті, Горный гигант аумағынан пәтер жалдаған екен. Ол заман үшін әжептәуір сәулетті мәдениет үйінен төменірек, сол жақ қапталдан. Әбіштің қызметіне телефон соғып, адресін білгем, Академия архивіндегі күндік жұмысымды тәмамдап, екінті шамасында бардым. Ауласы кең, алды ашық, шатырлы, ықшам ғана қазақы үй екен. Әбіш те жұмыстан жаңа ғана келген. Шешемізге сәлем бердік. Кимешегін оқшырайта тартқан, салқын жүзді кісі екен. Өмірде көрген тауқыметі көп, тілек-арманы – жалғыз ұлын жеткеру, ақыры бар мұраты орындалғандай, байсал сабыр бар. Әбіш таныстырғанда маған құлдырап түспеді. Кімге болсын сын көзімен қарайтын кісі сияқты. Үйде Жұмекен де жүр екен. Әбіш арқылы сырттай таныспын. Жаңа бастаған жақсы ақын. Болашақта әйгілі Нәжімеденов. Шайға отырдық. Әңгімеміз онша өрістеп кетпеді. Мен ғана сөйлесем керек. Тәрізі, Маңғыстау жайын сұрап, өз ауылымның жағдайын айтып. Кәкір-шүкір әңгіме. Нақты есімде жоқ. Әбіш жымия күліп, ара-тұра жауаптасып отырды. Шешеміз үнсіз. Жұмекен сөзге араласпады. Ақыры, шайдың аяғы жиналып бітпестен, Әбіш орнынан тұрып, анасын асықтырды. Үйдегі, әлде қыз, әлде ұл тағы бір-екі баламен Мәдениет үйіне кеткен. Қызықты ойын, немесе концерт. Мені де шақырып еді, ермедім. Жұмекен екеуіміз қалдық. Есік алдында ошақ көтеріліп, қазан асылған. Жұмекен астына от салып, еттің көбігін алып, күйбеңдеп жүр. Менімен сөйлесуге құмарлығы байқалмаған. Өзара әңгіме тумады. Мен азғана бөгеліп барып, есен-сау айтып, автобус аялдамасына беттедім. Көп ұзамай хабарласқанда, Әбіш мені қайыра шақырмады. Менің уақытым да, ықыласым да жоқ еді. Кейінірек бір кездескенде күліп айтқан: шешеміз үйге келіп-кеткен жігіттердің әрқайсына мінездеме беріп отырады екен, анау – алай, мынау – былай, ал сені сопы сияқты екен, өзінің мұрты да бар деп сыпаттады деп. Бұл сөз маған ұнаған жоқ.


Келер жылы қыстың басы, әлде көктемде мемлекеттік пәтерге қолы жеткен. Жаз ортасында үйленіпті. Баяғы Муза – Кларасына. Ол да оқуын бітірген екен. Алдыңғы жылы Әбіштің өзі Ақтөбеге барып қайтқан. Маған тиесілі әңгімесін баяндап еді. Болашақ қалыңдығына қандай сияпат жасағаны нақты есімде жоқ, тәрізі, әлде алқа, әлде жүзік, бірге оқитын ең жақын екі қызына екі қолшатыр әпердім деп еді. Ендігі жылы отау көтеруге сөз байласыпты. Алты-жеті жылға созылған махаббат хикаясы өзінің ақырғы түйінін тапқан. Әрине, менің достық пейіл, тілектес қуанышым риясыз еді. Елдегі, ес жиып, қымыз ішкен жазғы демалысымнан келе сала іздеп бардым. Әбіштің Жазушылар одағынан алған пәтері – Панфилов көшесінің Калинин, қазіргі Қабанбай батырмен қиылысқан тұсы, түстік-шығыс қапталдағы парфюмерия дүкенінің сырты, бірінші қабатта екен. Әбіш көрер көзге қауқалақтап қарсы алғанымен, өзімнің бұл үйде онша қалаулы кісі емесімді бірден аңғардым. Шешеміз салқын қабақпен қараған, жас келіншек, бұрын суретінен таныс Клара да, әлденеге абыржыған кейіпте. Бәлкім, үй-іші болып, басқа бір жаққа қонаққа, немесе театрға барғалы жатыр ма. Әлде мейман күтіп отыр. Мен тізе бүктім бе, бүкпедім бе, үлкен кісіге келіні қайырлы болсын айтып, келінге бақыт тілеп, Әбішті құшақтап, арқасынан қағып, асығыс жағдайымды білдірдім. Осы, және өткендегі – екі реткі де қазақы қолайсыз, пенделік жағдаяттан соң, Әбіш екеуіміздің тұрмыстық қатынасымызға сына қағылғандай еді. Отбасындық аралас болмады – отбасы дейтіндей, мен әзірше бойдақ аспирантпын, Әбіштің үй-ішімен қайыра жалғаспадым. Тек тұрмыстық жағдаят емес. Кейінде ойлап қарасам, әлденендей көлденең ілгішек жоқ, бұл кезде жаңа орта, жаңа дос, мансапты, атақ-дәрежелі, жанашыр ағайын тапқан Әбіштің өзі менен алыстағысы, бала кезден бергі азды-көпті ықпалымнан біржола құтылғысы келгендей екен. Енді ғана емес, бұрынырақ басталған түйткіл. Алайда, сырттай қарағанда, өзара ықылас, пейіліміз өзгермеген сияқты. Тым жиі болмаса да, хабарласып тұрамыз. Хабарласқанда, менің мекен-тұрағым да, басқа жағдайым да тиянақсыз, зәуде телефон шалам. Мақалаң бар ма? – дейді. Жоқ. Үлкен зерттеумен отырмын. Тұтасымен бітірген соң. Әлдебір үзіктерін, немесе жаңа сын мақалалар. Театрға барасың ба? – деген бір күні. Қазақ драмасында жаңа бір спектакльдің қабылдануы. Бардым. Кейінде тағы екі-үш қайтара. 1963–1964 жылдың қысқы сезоны. Тәрізі, жаңа пьесалар, анығы – жаңа қойылымдар. Асқар үшеуіміздің басымыз қосылды. Асқар Сүлейменов. Ортасынан жарып шыққан жас пері, өткір сыншы, білгір әдебиетші. ҚазПИ-дің аспирантурасын жақында ғана бітірген, «Жұлдыз» журналында әдеби сын бөлімін басқарады. Сол жолы ма, одан бұрынырақ па, Әбіш арқылы ма, өз бетімізше ме, қалай танысқанымыз есімде жоқ. Әйтеуір Әбішпен бірге, Әбішсіз де жиі кездесіп тұратын едік. Енді әлдебір спектакльдердің ресми қабылы. Жаңа пьеса, немесе ескі пьесаның жаңа қойылымы. Сахнада – артистер, толық ойын, сыни, ресми көрініс. Партерде небәрі жиырма шақты кісі – көрермен емес, сыншы, сарапшылар. Ойыннан соңғы талқылы жиынды Әлжекең – заманындағы белгілі жазушы ғана емес, атақты драматург Әлжаппар Әбішев басқарады. Екі-үш ауыз кіріспе сөз айтады да, «Ал, жігіттер – Әбіш, Асқар, қайсың бастайсың?» – деген сауал тастайды. Бөгеліс жоқ. Не Асқар, не Әбіш төгіле сөйлеп кетеді. Әуелі драмалық шығарманың өзі, ерекшелігі мен жетістігі, кемшілігі, содан соң актерлар ойыны. Әбіш байыппен, жан-жақты талдай, аса сыпайы, әрі ұғынықты, өтімді сөйлейді. Асқар бірден тереңге кетеді, мадағы – сараң, сыны – өткір және ешқандай талас, дау-дамайға орын қалдырмайтындай дәлелді. Екеуі де шешен еді. Бірінен бірі өткен. Алайда Әбіш баз-базында кісінің көңіліне қарайтын сияқты. Ал Асқар ешкімді аямайды. Бір жолы тәп-тәуір атаққа шығып жүрген, осы ретте басты рольде ойнаған актердің бар мінін, бар кемшілігін дәл тауып, батырып айтқаны сондай, кеудесі көтеріңкі, тәкаппар мінезді жас жігітіміздің ұнжырғасы түсе сүмірейіп, жыларман болғаны есімде. Бүйрегі бұрып тұрса да, Әлжекеңнің өзі бастап, ешқандай уәж келтіре алмады. Спектакль қабылданған, бірақ негізгі рольден бастап, бүкіл труппа әлі де бірталай ізденуі қажет екен. Әлбетте, Асқар мен Әбіш бастап береді, бұдан соңғы драматургтер мен театр сыншыларының барлық сөзі осы ауқымнан шығар еді. Көлденең қонақ ретінде менің де көңілге түйгендерім бар, жаспыз, кейде делебең көтеріледі, неге сөйлейді деп ешкім тежеу салмас еді, бірақ менің міндетімнен тысқары, ең бастысы – мәнді, мазмұнды сөз түгелдей айтылып кеткен. Үшеуіміз басқа жағдайларда да кездесіп жүрдік. Әдебиет төңірегіндегі таусылмас әңгіме. Әдетте Асқар екеуіміз дауласамыз. Көбіне батыс әдебиетінің жаңа үлгілері төңірегінде. Әбіш күле тыңдап жүреді де қояды. Әуелде, Әбіштің бойдақ кезі, үшеуіміз Киров пен Мир көшелерінің қиылысындағы пельменханаға, немесе Главпочтамптың іргесі, КазГУ-дің бас корпусының сыртындағы шынылы кафеге барамыз. Асқар әдетте әуелгі мәзіріне бір стақан – екі жүз грамм қаймақ алады, үстіне екі шай қасық қант салынуы керек. Тым тойымды екен. Бұған мен де үйрендім. Жалпы, ас-су жағына үшеуіміз де кірпияз екенбіз. Бірге бас қосқан кездерімізде, ара-тұра әлдебір ресторанға бас сұққанда да, арақ-шарап деген атымен болмайтын. Әбішпен қатарлас Асқар да Жазушылар одағынан үй алған. Комсомолдан төменірек, Мир көшесінің батыс қапталынан, бұл да ауасы кең екі бөлме. Алдағы жазда ол да шешесін көшіріп алған екен. Екеуіміз көбіне «Жұлдыз» журналының редакциясында кездесеміз. Яғни, мен іздеп барам. Әбіш мені «Лениншіл жасқа» жалғастырып жаздырған мақалада қазіргі қазақ әңгімесі төңірегінде айтылмай қалған сөз бірталай екен. Енді орнымнан қозғалып кеткен соң, үлкен жұмысымды екі-үш аптаға тоқтата тұрып, 1963–1964 жылдар тоғысында «Жанр табиғаты» деген атпен көлемді мақала жазғам. Асқарға мейлінше ұнады. Алып-қосары, ескертпесі жоқ. Алайда, кезегі кешіккен. Мен ай асырып, арнайы барам. Бұрынырақ түскен мақалалар да іркіліп тұр, дейді. Содан соң дәп іргедегі үйіне ертіп апарады. Айтоты шешеміз әзірлеп қойған екеуара шағын, дәмді дастарқан. Көбіне лағман, немесе салма. Тағы да таусылмас әңгіме. Ақыры, жазға қарай журнал басшылығы ауысып, Асқардың өзі де жұмысынан кетті. Менің мақаламды қол қойып, журналдың кезекті саны – бас редактордың орынбасарының қолына табыстаған екен. Ақыры өтпей қалды. Бір жарым жылдан астам уақыт озып, негізгі шаруамнан босаңсыған кезімде ежелгі досым Қалдарбек Найманбаевтың ықыласымен «Лениншіл жаста» ықшамдалған нұсқасын шығардым, кейінде толығымен жарияланды. Бұл кезде Асқардың өзі де қияметі көп, қайыры аз әдеби сыннан біржола аулақтаған еді. Есімін жаңғыртып отыруым – Әбіш екеуінің ешбір әдеби жазба, шежіре таңбаға түспеген өзгеше қызметіне байланысты. Бәлкім, Асқар турасында кейінірек, арнайы жазармын. Бұл жолғы куәлік – екеуінің топтан озған білгір шешендігімен қатар, өзара ежеттес, айрықша достық қатынасына байланысты. Асқар Әбішке бір кездегі менен де жақын болып кеткен екен. Мінездері мүлде үйлеспес еді. Рухани туыстық, көзқарас бірлігінің нәтижесі.


Осы бір жыл – қатарлас әдебиетші жігіттердің шаңырақ көтеру науқаны болыпты. Жазда Әбіш үйленді дедім. Жаз соңы, әлде қара күзде Асқар да қосағын тапты. Қалап қосылған Алтыншашын ілкіде Ақмолада көріп едім. Бұл кезде әуелгі бір әңгімесі «Жұлдызда» шыққан. Білімдар, өр мінезді қыз екен. Қыстың басы, желтоқсанда Рымғали шаңырақ көтерді. Жаңа жыл, қаңтарда мен де үйлендім. Әлбетте, Әбіш алдымен шақырылған; Асқар мен Алтыншаш та санаулы достар қатарында тойымызға қатынасып еді. Кейін Құрманғазы көшесіндегі Жазушылар ауылында, тым қатты араласпасақ та, сыйлас, тату көршілер болдық. Балаларымыз ес білгеннен бірге ойнап өсті. Асқар мен Алтыншаш, әжелерінің демеуімен мәпелеген екі перзент – ақылды, сұлу қыз бен парасатты, дарынды ұл – қатарынан озып, жетілді. Сол кездегі біздің жасымыздан баяғыда өтіп кеткен.


Айтылмыш кезең – 1964–1965 жылдар тоғысында менің Қазақ хандығы дәуірінде жасаған ақын, жыраулар туралы зерттеуімнің мәнді, салмақты негізгі бөлігі жазылып қойған. Сол кездегі жүйкенің беріктігі ме, әлде өзіме артықша сенім бе, анығы – жырмыштамай, алаңсыз көңілмен, тұтастай бітіріп алғаннан соң ғана баспасөзге ұсынған ұтымды деп санасам керек, Қазтуған, Доспамбетті де, Шалкиіз бен Шал ақынды да, «Лениншіл жаста» отырған Әбіштің алдына тартпадым. Қай-қайсы да апта өтпей басылып шығуы анық еді. Иә, әдебиет тарихындағы мүлде белгісіз тұлғалардың бір-екеуі жарияға шыққанан соң-ақ тынышым бұзылады, кейінгі жұмысқа кеселі тиеді деп шамаласам керек. Есеп дұрыс еді. Қатесіз. Алайда, мен жұмысымды түгелге жуық еңсеріп, енді басылымдар жайын қамдамақ болған кез – көктемге қарай Әбіш жастар газетінен кетіп, Мәдениет министрлігіне жауапты қызметке ауысты. Әбіштің орнына Жұмекен келген. Бұл кезде тым жақындап кетпесек те, етене таныспыз, жақсы ақын ғана емес, абзал азамат екені аңдалған. Әйткенмен, тартынып қалдым. «Лениншіл жасты» екінші, үшінші кезекке қойған едім. Ақыры, тамыз айының басында жолым ашылды. Біткен үлкен жұмыстың қорытынды бір айғағы – ежелгі заман жыраулары туралы жинақты, көлемді мақалам бас редактордың орынбасары, Нығмет Ғабдуллиннің алқауымен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Алдында ғана әлдеқалай кездескен Жұмекенге  шаруамның шет-жағасын айтқан едім, үлкен ықылас білдірген. Енді әдебиет газетінен соң іле-шала, осы тамызда және қыркүйектің басында екі мақаламды қатарынан жарыққа жеткізді. Мен қайткенде де қараңғыда, тұйық жағдайда жұмыс істеген адаммын, ақыры, жаңалыққа толы, аса мәнді зерттеудің алғашқы көріністері жарияға шыққанда Әбіш қатты қуанды. Қадарынша көмек жасамақ. Соның әуелгі бір көрінісі – Қазақ теледидарының әдебиет бөлімімен жалғастырғаны. Өмірбаяндық «Мен» дилогиясында  атап жазғам, 1965, 14 октябрь, Тұңғышбай Смағұлов дейтін жігіт жасаған мәдениет программасы бойынша көгілдір экранға шығып, Қазтуған, Шалкиізден басталып, Ақтамберді, Бұқар жырауға жалғасатын ежелгі жыраулар – қазақ әдебиетінің түп тамыры туралы, кеңінен толғаған едім. Бұл он бес минуттық дәйекті сөз – менің өмірімдегі ең бір сәтті, бетбұрыс оқиға болыпты. Қазақтың хандық дәуірдегі ұлы жырауларының айрықша құмарлықпен дабылдаған, жеткере талданып, жатқа айтылған ғажайып жырлары, осы хабарды кездейсоқта тыңдап отырған Ғабит аға Мүсреповке айрықша әсер етіпті. Екі-үш күн өтпей мені іздетіп тауып, әдебиет газеті сын бөлімінің меңгерушісі қызметіне орналастырды және «Жұлдыз» журналында үлкен мақаламның жариялануына нұсқау берді. Алдымнан қытымыр, қатаң болса да, кең жол ашылған. Белгілі мөлшерде Әбіштің шарапаты дер едім. Сол күні Әбіштің сілтеуімен телеэкранға шықпасам, қармаланып жүріп әйтеуір бір нәтижеге жетер едім, бірақ дәп осылай, төтесінен емес. Мәдениет министрлігінің репертуар бөлімін басқарып отырған Әбіштің, арада екі жыл өтпей, тағы да қол жалғағаны бар. Ол заманда көп тойдың бір тармағы – атаулы банкет. Диссертация қорғап, ғылыми дәрежеге ұсынылған кісі, міндетті түрде дастарқан жаюға тиіс. Өзіңді демеу, қамқор ағайын, жақын жұртыңа алғыс есепті. Мен қаншама машақатпен бар бөгесіннен өтіп, диссертация қорғалатын нақты күн белгіленген соң, Әбішке телефон шалдым. Солай да солай. Жөн-ақ. Жөні дұрыс болғанда бір кілтипан бар. Банкет үшін бес-алты жүз сом ақша керек. Ертең хабарлас, деді Әбіш. Ертеңіне советтік классика қатарындағы, шынында да шебер жазылған, алайда, оралымы қиын бір драмалық шығарманы аударуға шарт жасасты. 800 сомға. Бір аптада бітіріп, алып бардым. 48 сомы – табыс салығы, министрлік кассасынан 752 сомды қолма-қол санап алып едім. Ол кезде дүниенің ақшасы. «Алматы» ресторанының Көк отауында алпыс кісіге арнап жасалған аста-төк дастарқанға осы мол ақшаның 500 сомы толығымен жетті.


Арада бір жарым ай өткенде, 1967, 30 апрель күні Ілияс Есенберлин «Жазушы» баспасына директор болып келді. Жалғас екі күндік мереке өтер-өтпесте, 3 май күні мені бас редактордың орынбасары қызметіне алып еді. Ол заманда, саяси әдебиетке арналған «Қазақстаннан» соңғы жалғыз баспа, қазақ руханиятының барлық мәселесі осы «Жазушыға» тіреліп тұрған. Әдебиет баспасының үшінші төресі, шын мәнісінде, Есенберлиннен кейінгі, өкімді екінші тұлға, ол кезде өте үлкен қызмет саналады. Бірер күн өткенде Әбіш менің кабинетіме арнайы келіп, елжірей құшақтады. Міне, енді бірлі-жар мақалаң емес, үлкен кітабың да шығады, одан арғысы тағы бар деп, мейірлене қуанған. Сөзінің соңында: біздің қатарымызға да үлкен мансап жетіпті, ендігі заман басқаша болмақ, деп еді.


Тағы бір жыл өтер-өтпесте, төтенше жағдайда Әбіштің өзінің басына қара бұлт үйірілді. 1968, жазға қарай әскер қатарына шақырылыпты. Біз 1962, университетті бітірер жылы Советтегі бірталай жоғарғы мектеп, оның ішінде біздің ҚазМУ-дегі әскери кафедра да таратылып, міндетті екі айлық жаттығуға бармай-ақ, запастағы офицер атағын алғанбыз. Әскер қатарынан біржола босаған есепті. Бірақ арада төрт-бес жыл озғанда, техникалық, сирек мамандықтар бойынша екі жылдық нақты қызметке шақыра бастаған екен. Қатардағы жаяу әскерге ешқандай талап жоқ. Енді, аяқ астынан Әбішке сұраныс түсіпті. Айтпақшы, осыған ұқсас кеселді жағдай бұрын да болған. 1962 – университетті бітіріп жатырмыз. Мен –аспирантураға ұсынылдым. Тағы бір талапты жігіттеріміз әр жерден тиесілі қағазбен Алматыға, немесе өздері қалаған жерге жолдама алып жатыр. Әбіш өзі тоғыз айдан бері қызмет атқарып жүрген «Қазақ әдебиетінен» сұраныс әкелді. Алайда... университеттің ректор бастаған жұмысқа бөлу комиссиясы қарысып отырып алыпты. Әбіш Кекілбаевтың Маңғыстауға қайтуы шарт, ол жақта тіл және әдебиет пәнінің мұғалімдері  жетіспей жатыр. Біздің деканымыз бар, кафедра меңгерушілері, тағы басқалары бар, бұл Кекілбаевтың жаңа шығып келе жатқан дарынды ақын, танымал сыншы екенін айтып, мінеки, республикалық әдеби газеттің өзі қалап отырғанын алдыға тартып, қаншама өтінсе де, университеттің ректораты мен партиялық басшылығы мүлде қатайып, бетінен қайтпайды, тиесілі протоколға Оқу министрлігі, Маңғыстау облысына деген таңба басыпты. Әбіш бірер апта күйініп жүрді, біз де дағдардық. Ақыры, айға жуық, ұзақ уақыт өткенде бәрі де орнына келген, әлбетте, газет редакторы, Жазушылар одағының басшылығы араласып, тым жоғарыдан нұсқау түсіртіп. Осы жолғы әскер жөні де соншама қисынсыз. Ешқандай реті жоқ. Әдепкі ақыл-ой таразысына салғанда. Шындығында, табиғи жағдай. Бұл кезде советтік тәртіп аясында, басбұзар қылығы болмаса да, ерекше талайымен ғана емес, қоғамдық еркін ой, жаңаша жазу-сызумен көзге түсе бастаған жастарды диссидент ретінде қудалау рәсімге айналған. Айыбы айқын ба, жоқ па, есеп емес, түрмеге жабады, жындыханаға отырғызады, әзірше қапасқа бұйырмағанын атаусыз тұсау – әскер қатарына жібереді, одан бергісін тынымсыз тергеуге алып, қорқытып, үркітіп қояды. Мен Әбіштің екі реткі жағдаятына да КГБ-ның тікелей қатынасы бар деп білем. Әуелгісінде бала ғой деп, және ешқандай ілгішек, сылтау болмағандықтан, орта жолдан тоқтады. Енді, бұл бала пәле болып бара жатқан соң, берік шеңгелге түсірді. Осы, арғы астарын ойламасақ, ешқандай қисыны жоқтай көрінеді. Шындығында, заңды, мұқият жоспарланған, қатесіз қимыл. Бұл кезде Әбіштің республикаға белгілі әжептәуір атағы бар, ең бастысы – тақау төңірегі мықты. Әуелде таңырқап, содан соң реніш, кейіс үстінде кезекпе-кезегімен, тыпырлай бастайды ғой. Ақыры дүрмек тобымен  жапырлайды. Ол заманда аса беделді Мәдениет министрі Ілияс Омаров. Асау мен тентекті майда сөзімен майыстыратын Зейнолла Қабдолов. Қай кезде қандай мәртебелі басшыны оп-оңай арбап алатын Әбдіжәміл Нұрпейісов. Біз естімеген тағы қаншама алпауыт. Ең соңында – Қазақстан Орталық партия комитетінің ғұзырлы хатшысы Саттар Имашев. Ешқандай нәтижесіз. Көктем және ұзақ жаз бойғы жүрек қозғалған тынымсыз дүрбелеңнен соң, қара күзде, шаңырағында екі сәбиі бар, кәрі шешесі қолына қарап отырған, қайткенде де міндетті әскери қызмет жасынан тысқары Әбіш айдалып кете барды. Келесі жылы қырғын соғыс болған Жалаңашкөл. Өзінен сұраған емеспін, Қытай майданынан бұрын ба, кейін бе, Алматының түбі, 72-разъездегі әскери бөлімге ауыстырылған. Отты шекарадан аулақтады дегенмен, қатер аузында. Мен әуелден-ақ Әбіштің істі болғанына қайран қалып едім. Шақырылуы емес, қайткенде азат болмауы. Тәрізі, әуелгі қорғаушылар бірбеткей әскери комиссариатпен қатқыл сөйлескен, жағдайды жеңілдету орнына қиындатып алған, кейінде ауыр артиллерия іске қосылғанда, запастағы офицердің барлық құжаты тиісінше толтырылып, Москваға кетіп қалған. Менікі – жорамал, бірақ мүлде қисынсыз емес. Тәптіштеп отырғаным, келер жылы, бұл да төтесінен, өзім де әскер қатарына шақырылғанда, менің жалғыз қамқоршым, бар мәселені алдынала байыптап, жедел, әрі нақты қимылдаған Ілияс аға Есенберлин кесапат түйінді оп-оңай шешіп беріп еді. Қайткенде өте ауыр жағдай. Кездейсоқ, немесе арнайы келетін қауіп-қатер өз алдына. Жаңадан, тынымсыз өрлеп келе жатқан Әбіш тақаудағы екі жылғы бар жазуынан айрылды. Алдыңғы толқыныс, кейінгі тыныс жайын айтпағанда. Кемі үш жыл деп қойыңыз. Жүрекке, жүйкеге түскен салмақ қаншама. Оның үстіне бұл Әбіш әскер қызметі тұрыпты, күнделікті, жай шаруаның өзіне қыры жоқ, пәруайсыз жан еді. Басқа түскен соң амал не, шыдауға, көтеруге мәжбүр. Әбішті әскери қызметінің екінші жылы, 1969, желтоқсанда кездейсоқтан көріп едім. Соғыс империясы тұрақты запастағы жас, жасамыс «офицер» атаулыны тыныш отырғызбайды, жыл аралатып, тым құрса екі-үш жылда бір рет әскери оқу, жаттығуға шақыратыны бар. 72-разъездегі құрамаға, патриоттық дәріс тыңдау, соңынан автомат атуға барып едік. Қалт еткен бір үзілісте үстіне шұбатылған сұр шинель киген Әбішті көріп қалдым. Әскер штабына әлдебір шаруамен келген екен. Құшақтадым, арқасынан қақтым, бұл да бір мектеп, бәлкім, кейінгі бір шығармаңда пайдаға асар деп жұбатқандай болдым. Әбіш қатайып алыпты, зорлана жымиып, есен-сау айтысты. Ақыры, екі жылын толық атқарып, 1970 – қара күзде аман-есен оралып еді. Аман-есен. Бірақ осы, қисынсыздан атқарған екі жылдық қатал тәжірибе Әбіштің кейінгі бар ғұмырында, бір сәт те ұмытылмаса керек. Айтты, айтпады, басыма түспесе де кәміл сезінем – пәндәуи тіршілікте ештеңеге ыңғайы жоқ Әбіш бұл екі жылдық әскер қызметін ауыр азап астында өткеруі күмәнсіз. Және дәп осы жағдай – ел аман, жұрт тынышта атаусыз түрме «салдатқа айдалуы» – оның алдағы бүткіл өміріне қоңыр көлеңке түсірді, теріс ықпал жасады. Менің байқауымша, Әбіш шыққан Жанай, Қоқым әулеті замана туғызған әрқилы қиындық, тауқымет көргенімен, атаулы репрессияға ұшырамаған. Атасының, алдыңғы әке, ағалары, жақын жұрағатының айдалуы, қазаға кесілуі, ақыры аман өтсе де, советтің қызыл террордың зардабын тартуы – қаншама қайғы, қасірет әкелгенімен, кейінгі ұрпағының өмір жолында өзіндік тәжірибе сабағы қызметін атқармақ. Егер мүлде езіліп, жанышталып қалмаса, жаңа ұрпағының көзі ашылады, қоғамға деген көлденең, төтенше, сыни көзқарасы қалыптасады, қандай зұлматқа да әзір, ештеңеге таңырқамайды. Көңілі көлеңкесіз, ниет-пейілі таза, қазақтың отарлық жағдайын кәміл пайымдаса да, советтік идеологияны біржола тәрік етіп үлгермеген Әбіш өзінің басына төтеннен түскен зілмауыр салмақ – қапас тұтқыннан соң, мына, коммунист-балшабектік режим астындағы адам атаулының дәрменсіз ахуалын, кез келген жағдайда қысасқа, пәлеге, жалаға ұшырау мүмкіндігін көзімен көрді, басынан өткерді. Ендігі, ықтимал зұлматтан құтылудың, тіпті, қаламгерлік қызметтің кеңінен өріс табуының бірден-бір амалы – үлкен мансап қана деген ұғымға тірелсе керек. Сол жолға түсті. Әзірге көрнекі зардапсыз, қажетті ғана емес, пайдалы қызмет. Содан соң, уақыт оза келе, жазушылық еңбектің өзі биік мансаптың көлеңкесінде қалады. Ақыры, менің көзқарасым тұрғысынан алғанда, отыз, қырық жылдан соң үлкен трагедияға ұласқан жағдаят.


Әзірше бәрі де орнымен. Айдаудан аман-есен келді. Бірер ай тынымнан соң, Қазақфильм киностудиясының әдеби сценарий тарабындағы бас редакторы болып бекіді. Өзіндік ерекшелігі болғанымен, бұл да шығармашылық қызмет. Әйтсе де тым ұзақ, бес жылдай отырыпты. Бұдан соң, атақ-абыройы мол, қамқоршы, қолдаушылары да зор – Жазушылар одағына, әдеби журналымыз бен газет басшылығына ұмтылса керек еді. Жоқ, өзінің қалауымен қатар, жоғарының нұсқауы – Қазақстан компартиясы Орталық комитетіне жауапты қызметке тұрды. 1975 жылдың қара күзі. Осы кезеңге дейін Әбіштің ең таңдама шығармалары – ұтымды әңгімелер мен тақырыбы соны повестері жазылып болған еді. Енді ЦеКа – партиялық мәртебе. Осы 1975 жылдан, аралық 80-жылдар соңындағы, Жазушылар одағының екінші хатшысы, оған жалғас Тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамының төрағасы қызметін атқарған үш-төрт жылды есептемесек, үнемі билік төңірегінде, ат үстінде болыпты. Өмірінің ең соңғы төрт-бес жылына дейін. Онда да өкіметке жалғас, қанаттас, тілектес, бейресми қайраткер есебінен шықпады.


Замана ырқы, уақыт пен жағдаят ықпалы десек те, әркім өзінің қалауына қарай өмір сүреді. Коммунистік өкім құлап, сөз полициясы – саяси цензура жойылып, тәуелсіздікке жеттік, енді еркін жазуға жол ашылды деген кезде Әбіш қаламгерлік қызметін іркіп, мемлекеттік мансап жолын біржола таңдады, көп ұзамай, парламент төрағасы болып сайланды. Біз қатарлас, қанаттас жасаған ұзақ ғұмырымызда ешқашан бір-бірімізге ала қағаз тарабында кеңес берісіп, дүниауи өмірде ақыл ауысып көрген емеспіз. Алайда, дәп осы жолы, өз үйімде, шай үстінде еріксіз аузымнан шығып еді. Апыр-ай, Әбіш бекер барды-ау, енді жазуы қайда қалады, деп. Сонда шашы қысқа, ақылы ұзын әйелім айтып еді: оның есесіне бала-шағасын қамтамасыз етеді, деп. Қытымыр заман туғызған қатаң кесім. Сонда мен, бір шеті өзіме тиіп жатқан сөз, мүлде ширығып: «Қазір кешегі завхоз бен завсклад та қамтамасыз етіп жатыр, Тәңірі таңдап бұйырған дарын өз орнымен жұмсалуға тиіс!..» – деп едім. Ақиқаты сол. Әрине, бұрнағы саяси-идеологиялық, партиялық қызмет те, кейінгі, тәуелсіздік замандағы әрқилы мансап та Әбіштің жан-жақты дарынын біржола тұсап, жойып жібере алған жоқ. Алайда, мейлінше тежеді. Негізгі күш-қуатын басқа тарапқа аударды. Есебі, қаламгерлік қызметі бар жұмысының, асса ширек, әйтпесе, бестен, оннан бір мөлшерін ғана қамтыды. Әлбетте, бастапқыда, Орталық партия комитетінде жүргенде бар жазуы ешқандай бөгеліс, машақатсыз баспаға өтіп тұрды. Төтенше сын айтылмауы тұрыпты, атақ-абырой, мадақ-қошамет рәсімді, міндетті қалыпқа түсті. Кейінгі егемен өмірдегі дәріп пен марапат одан әрмен асып төгіліп жатыр. Бәрі де орынды екен. Алайда, көлденең қызметте зая болған ондаған жылдар есесіне тым құрса тағы бір роман, тіпті, екі хикаят, ең ақыры үш-төрт әңгіме жазылса қайтер еді. Біраздан соң, қаламгер үшін ең үлкен мансап, айрықша марапат дегеннің өзі не?.. Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов совет жазушыларының ішінде алғашқы, таңдама үшеудің бірі болып, Шолоховпен қатар, Леоновпен қатар Лениндік сыйлық алды. Кезінде керемет, бүгінде не құны бар? Жазбай-ақ қойсын, өкімет пен партияның райын табам деп жариялаған мақала, айтқан сөздерін бүгінгі заман тұрғысынан бағаласақ қалай болар еді? Тіпті, сол кездің өз деңгейінен. Мәселен, 1959 жылы, Ғылым академиясында өткен Ежелгі мұралар туралы атаулы конференциядағы қорытынды сөзі. Қазақ әдебиеттану ғылымын тура отыз бес жылға кері шегеріп кетті. Ескілікті көтермей-ақ қойсын, үндемей қалуға, мұншама терісқақпай сөйлемеуге болатын еді ғой. Ең ірі деген тұлғалардың өзіне ғұмыр кешкен заманы, ұзаса – келесі кезең төреші. Мен өкіметке жақын жүрген, билікке араласқан кезіндегі Әбіштің кейбір оғаш істерін қазбалағым келмейді. Онсыз да өмірінің соңғы кезеңі уайым, қайғыға толы болған сияқты. Сондықтан өзім тек жақсы жағынан ғана білетін Әбіш – негізінен екеуіміздің жас күндегі сырлас дос, жасамыс замандағы сыйлас, қанаттас, егде шақтағы тілектес жағдаяттарымызды ғана байыптап отырмын. Артта қалған мүмкіндігіме орай, міндетімді өтеп, аманатымды атқару үшін.


Зәуінде жұмыс орны, қызмет жағдайы, мекен, тұрақ жөні, әрқилы көңіл ауанымен созылып, сиресе де, Әбіш екеуіміздің ғұмыр бойғы ара қатынасымыз бұзылған емес. Тек бір-ақ рет, керіспесек те, келіспей қалған жағдайымыз бар екен. Мен баспада, Ілияс Есенберлиннің ғұзырында қызмет атқарып жүрген кезде. Қай заманда, қай халықта да, әдеби ортада әрқилы топтар құрылады. Көзқарас бірлігі, көркемдік таным, өнердің, ұлттың болашағы туралы бағыт-бағдарға байланысты, немесе, жеке бас мүддесі алға шығып, әбден ұсақтаған жағдайда. Ілекең баспаға келіп, тақау төңірегіне дарынды жастарды топтап, тек өз еңбектері ғана емес, ежелгі тарих, ескілікті мұраға қатысты соны серпінге дем беріп, бүткіл қазақ әдебиетіндегі жаңғыру кезеңіне жол ашқан кезде, оған қарсы пәрменді, ұйымдасқан шабуыл басталды. Қозғаушы күші – өздерін Мұхтар Әуезовтен соңғы кезеңде жетекші, негізгі тұлғалар санайтын үш-төрт жазушы және соларға ерген тобыр, тірек қуаты – Орталық партия комитетінде, идеологиялық хатшы Имашев пен бөлім бастығы Есенәлиев. Бұлар әу бастан-ақ мені айрықша қырына алып еді. Үнемі пәле-жала іздеген тіміскі. Төтенше күмән. Ақыры «Алдаспанның» апатына ұласқан кесапат. Әзірге ештеңе шықпаған, бірақ жүйкеге тиетін тынымсыз түртпек. Тәрізі, сондай күндердің бірі. Әйтеуір менің тарынып отырған бір шағым. Жұмыс кабинетіме әлдеқалай Әбіш келе қалды. Бұрыннан отырды ма, үстімізге кірді ме, кім екені есімде жоқ, қатарлас тағы екі-үш жігіттің басы қосылыпты. Көңілсіздеу, қысыр әңгіме басталған. Ақыры мен, кешелі-бүгінгі келеңсіз бір жағдайды еске түсірсем керек, «сенің ағаларың...» деп қалыппын. Әбіш тарс ашуланды. Ашу емес, кейіс. Бірақ мен тоқтамадым. Белгілі бір кісілердің жұрт тынышта саяси пәле іздеген жаулық ниеті туралы айтсам керек. «Оларға менің қаншалық қатысым бар?!» – деді Әбіш, мүлде ширығып. «Менің Есенберлинге қатысым сияқты, – дедім. – Осындай да ағаң бар деп айтшы, мен ашуланбаймын». Жігіттер сөзге араласпай, дағдарып қалған. Сонымен тоқтадық. Қайткенде, Әбіштің реніші орынды, менікі дұрыс емес еді. Кешірім сұрамасам да, сөзімнің ақырын жуып-шайған сияқтымын. Бейбіт тарадық. Бұрнағы татулығымызға көлеңке түспеген, әлденендей алалық тумаған сияқты. Келесі кездесулерде қайтадан жарасып кеттік. Бірақ менің көңілімде кінәлі түйткіл қалған еді. Әлі күнге ұмытқам жоқ.


Ілкіде айтқанымдай, Әбіш ауылдағы анасын көшіріп әкелген, жаңа үйленген, менің өзім әлі орын таппаған кездегі қолайсыз қарбалас, ауыр жолдың алғашқы кезеңіндегі аз-мұз дағдарыстан соң, үй-іші, отбасымызбен араласа бастаған едік. Ежелгі жыраулар мұрасы сәтімен мақұлданып, ғылыми атаққа жеткеннен кейін ең алдымен Әбішті, онымен қоса Жұмекенді және күнделікті қатынасып жүрген Рымғали мен Сұлтан Оразалинді, жас келіншектермен бірге қонаққа шақырдым. Кешелер Әбіштің өзі тұрып кеткен Горный гигант аймағы, аталмыш мәдениет сарайынан біршама төмен, Яблочная көшесіндегі жалдамалы пәтерімізге. Ол кезде тәбәрік жөнін құнттамаймыз, бізге қарағанда білігі артық Әбіш ұзыншақ, кертпе қырлы, хрусталь ваза әкеліп еді. Кейінде қаптаған көп шынының арасында жоғалыпты. Қандай да мүкәмалға ескерткіш деп қарамайсың, өмірің таусылмастай көрінеді, сақтап қою керек еді. Дабырласып, мәз болып ұзақты күн бойы, жақсы отырдық. Менің ауылдас, ежелгі достарым Рымғали мен Сұлтан Әбішпен студент кезімізде, мен арқылы танысқан, енді мүлде жақын кісілер болып шықты, кейін өмір бойы сыйласып өтсе керек, әсіресе Ақмола ел астанасына айналғаннан соң, бір шаһарда тұрып, риясыз араласқан тәрізді. Кезінде Ғабит Мүсреповтен бастап, Ілияс Есенберлинге дейінгі аралықтағы ірілер туралы қайталанбас, мәнді сұхбат-кинохикаялар қалыптаған Сұлтан, Әбіштің жетпіс жылдығында аса мазмұнды, деректі фильм түсірді деп естідім. Шынында да, ұзағынан сақталатын, өшпейтін тарихи ескерткіш.


Мен Ілияс аға Есенберлиннің ғұзырында, баспада отырған кезде Әбіштің әуелгі бір классикасы – «Дала балладалары» жеке кітап болып басылып шықты. Онсыз да шығатын кітап дегенмен, әр еңбектің өзінің сәтті жол-сапары бар. Арада көп ұзамай, мен жаңадан ашылған әдеби альманах, келесі жылдан бастап ай сайын шығуы жоспарланған, және жаппай жазылу жүріп жатқан (алайда партия алпауыты Саттар Имашев көлденең зорлықпен жолын кескен) «Жалын» журналында отырғанда, «Шыңырау» атты повесін алып келді. Мен – бас редактордың міндетін атқарушы (ақыры бекімей қалдым), Төлен – проза бөлімінің меңгерушісі, – екеуіміз жарыса оқып, мейлінше сүйінген едік. «Мына «Шыңырау» – осы уақытқа дейін жазған барлық шығармаларыңның ең биік шыңы», – деп едім өзіне. Қолма-қол терімге жібердік. Шынында да, күні бүгінге дейін, ең үздік туындыларының қатарында.


Әбіш әскер қатарынан оралғаннан соң, біршама томаға-тұйық ғұмыр кешкен. Басқаны білмеймін, екеуіміздің араласымыз тағы да сиреді. Әртүрлі жағдайда ұшырасқанымыз, зәуде бір телефонмен хабарласуымыз болмаса, баяғыдай етене араласымыз жоқ. Сол кезде арамызды суытпаса да, менің әжептәуір өкпеме себеп болған бір жағдаят туралы айта кету қажет сияқты. Көңілде кір қалмас үшін. Киностудия – үлкен өндіріс орталығы. Әбіш – әдеби сценарийлер коллегиясының бас редакторы. Мен ол заманда драматургия саласына да қалам тартуға үмітті едім. Әлемдік сахна хикаяларын, ежелгі гректен бастап, Шекспир мен Ибсеннен өтіп, Метерлинк, Чеховқа дейін түгел оқып тауысқам. (Кейін, сахнадағы әр сөзің сүзгіге түсіп, қысқарып, құбылып, бұзылып жататынын аңдаған соң, бұл жанрдан жерідім.) Арнап жазбасаң да, көркем проза саласы, ондағы диалог, полилог, монолог бітімін жетілдіру үшін қажетті мектеп. Хош. Енді Әбіш Қазақфильмге барғаннан соң, киносценарийге көңілім кетті. Бұрнада бұл студияда Әкім Тарази бас редактор болған. Әкімнің ең жақын достары – Сайын, Асқар, Қалихан, толық және қысқа метражды, көркем, деректі, немесе басқадай фильмдерге әрқилы сценарийлер жазады екен. Бірлі-жарымы өтеді, өтпегеннің өзіне, алғашқы шарт негізінде әжептәуір ақша алады. Есебі, әуелде болашақ сценарийдің жобасы ұсынылмақ, коллегия тарабынан мақұлданса, атаулы шарт жасалады, келешек қаламақының жиырма бес пайызы мөлшерінде ақша беріледі. Онысының өзі екі-үш мың, ол заманның есебінде қыруар қаражат. Содан кейін, сценарийдің жарым жыл, бір жыл мөлшерінде ұсынылған толық нұсқасы жарамсыз танылған жағдайдың өзінде әуелгі, аванс ақша автордың қалтасында қалмақ. Менің Әкіммен қатынасым жақсы, алайда, өз тарабымнан сценарий ұсына қалсам, қатты қиналар еді, Сайын мен Қалиханның қатарынан кезек тиюі неғайбыл. Тәрізі, бұл кезде менде ондай ниет болмаса да керек. Ал Әбіштің тұсындағы жағдай басқаша. Өзімен кезекті бір кездесуде айттым, солай да солай, сценарий ұсынсам, ретіне қарай көрерсің, деп. Әбіш күлді. Әкеле бер, деген. Арада бірер апта өткенде болашақ кинофильм сценарийінің әуелгі жоба-нұсқасы да дайын болды. Қажетті мөлшерде, жиырма бетке тақау. Жаңадан шығарылған ештеңе жоқ, «Қара қыз» бен «Көк мұнардың» негізінде қалыптап едім. Үйіне, Әбіштің өз қолына апарып бердім. Әрине, барлық уақытта ақша керек, әйтсе де мен үшін шешуші жағдаят емес. Немкеттіге жақын, қаламға салмақ түсірмейтін, ақыры пайдаға шығуы мүмкін, пәндәуи әрекет.


Арада ай өтті, бәлкім, екі-үш ай. Ақыры, Киностудиядан арнайы хат алдым. Бланк қағазға басылған, ресми жауап. Сценарийдің жобасы іске жарамайды, дейді. Тым жадағай, арзан, таптаурын болған («банальный») сюжет екен. Қабыл алуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Орысша, қайрылмас, қысқа үкімнің соңына қол қойған – әдеби редактор С.Елубаев. Ол кезде алғашқы шағын кітабын ғана шығарып үлгерген Смағұл. Ең ғажайыбы – мені халтурщик дәрежесіне түсіріп отырған Смағұлдың, әдебиетке жолын аштым демейін, алғашқы әңгімесін жарияға шығарған – ендігі «банальный» жазарман – осы мен едім. Кездейсоқта алдыма келген орайымен емес, «Жазушы» баспасы жас прозашылар туындыларын жинақтамақ кітапқа, КазГУ-дің Әдебиет бірлестігімен хабарласып, сұрап алынған оншақты әңгіменің ішінен таңдап тапқам. Әрине, Смағұл маған міндетті емес, алайда, «Қобыз сарыны» мен «Алдаспанды» шығарған, «Тазының өлімі» мен «Бір атаның балаларын» жазған, біршама танымал ағасына сыпайырақ сөйлеуіне болатын еді. Сыпайыңыз не, рас, ол заманда жаппай сыналып жатқан, шын мәнісінде өзім күні бүгінге дейін мақтан ететін «Көк мұнар» – «банальный» бірдеңе болып шығыпты. Мені мойындамаған шығар, жаңа бастаса да асқақтап тұрған шағы болар – мәселе Смағұлда ғана емес-ті. Мен Әбішке қатты ренжідім. Ашу үстінде бір жапырақ қағаз жазып едім. Тағы да үйіне апарып тастадым. Мен сенің өз қолыңа тапсырдым, енді соңымыздан келген балаға ерік беріпсің, өз аузыңмен айтсаң нетер еді, қисыны келмейді, киностудияның жағдайы күрделі десең, ешқандай өкпе жоқ еді деп. Артық сөз айтылмады. Әбіш сол беті жауапсыз қалған. Қисынды уәж таппады ғой деймін. Шындығында, теріс жауапқа ешқандай қатысы болмауы да мүмкін. Киностудиядағы жұмыс ауыр, бей-берекет. Менің жазбаларымды көп сценарийдің қатарына тіркеп, артынан ұмытып кетуі де мүмкін. Қайткенде, дәп осылай, дөрекі түрде жаз деп нұсқау бермесе керек. Артынан, сабама түскен соң, осылай ойладым. Ал бала Смағұл көп ұзамай, қарымды қаламгер ретінде танылды, жастық шақтағы бір желігі шығар, кейінде біліс болдық, Прагада, «Азаттық» радиосында менің баламмен қатарлас қызмет атқарған кезінде қалтқысыз араластық, жақсы жазушы ғана емес, оңды жігіт екен, тек бір ғана қолайсыз жағдаят – осында жазылып біткен соңғы кітабын «Жұлдызға» ұсынбақ екен, бұл кезде менің құлағым тосаң тарта бастаған еді, әңгіме-кеңес үстінде анық естімесем керек, әкеле ғой деп айтпаппын, кейін, кітабы шыққанда, маған – журналға неге бермедің дегенімде, өзіңізге айтқам, біздің үйде қонақта отырғанда, шырай танытпадыңыз деді; өте ыңғайсыз жағдай, таңдама «Жұлдыздан» жақсы шығарманың беті қайтқаны жоқ еді, кейде сұрап та алатынбыз.


Шындығында, мүлде ойластырмауға, жазылмауға, ұсынылмауға тиіс, соған орай тиесілі сыбағасын алған сценарий хикметінен соң, көңілде азғана дық қалғанымен, ай өтіп, жыл толмай Әбіш екеуіміздің қатынасымыз бұрнағы арнасына қайта түсті. Бала кезден біте қайнасқан, талайлы тағдырымыз бар, араздаса, айрылыса алмайды екенбіз. Өткен балалық, жастық ғұмыр селбестігі ғана емес, тілектес, қанаттас қаламгерлік қызмет. Қазақтың үлкен әдебиетінің бүгіні мен болашағы төңірегіндегі орайлас мүдде. Ортақ достар, оның ішінде екеуімізге бірдей етене Төлен бар. Кездеспей тұрмайсың. Кездескенде, киностудиядағы төрт-бес жылдық үрдіс қызметінен соң Әбіш Қазақстан компартиясы Орталық комитетіне ауысқан. Бұдан соң да әрқилы мансапта. Енді қызмет жағдайына қарай, бейсауат жүрмейді, біздің жазушылар қауымы, оның ішінде аға ұрпақтың бірінен соң бірі келіп жатқан алпыс, жетпіс, сексен жылдық мерейтойларының дулы дастарқанына да бармайды. Еркін отырыс – өз үйлерімізде. Онда да тым жиі емес. Осы жылдарда бірер рет Әбіштің, екі-үш реттен Төлен мен біздің үйлерімізде, әдетте үшеуден-үшеу, әрине, бәйбішелерімізбен бірге, бас қоссақ керек. Төлен домбыра тартады. Ғажайып күйлер. Біздің қауымда Жұмекен және Жүсіп Қыдыров тамаша домбырашы болды деседі. Өзім тыңдап көргем жоқ. Ал мен білген Төлен – нағыз дәулескер күйші еді. Ол кезде құнттамаған, кейінде таспаға жазылды ма, жазылмады ма, білмеймін. Орайы келген соң, қыстырма әңгіме. Бізден төрт-бес жас үлкендігі бар, алайда заманы бір Бек Тоғысбаев айрықша сырбаз әнші болды. Әйгілі Жүсіпбек Елебековке қарайлас, бірақ қоңыржай, өзіндік әуез. Біржан, Ақан, Әсет. Кезінде радиоға жазылған. Аңырап тұрады, жалпы қазаққа кеңінен танымал. Өз шаңырағында, ортақ мереке, тойларда талай рет тыңдадым. Абай әспеттеген сырлы, толқымалы, керемет әндер. Содан, Жазушылар одағында «Әдебиетті насихаттау бюросы» деген болды, қаламгерлер ел аралайды, кездесулер өткізеді, нәтижесінде алыс ауылдарға дейін тірі жазушыны көріп, бір марқайып қалады, ең бастысы – осындай әрбір саяхат-сейілден соң біздің жігіттер де көп ақша табады, бір сапар – 450-500 сом десіп жүрді, менің өзім қатынасып көрген емеспін. Бек, өзі қатарлас жазушылармен шыққан әрбір жолы, қай ауылға барса да, таныстыру үстінде жұрт «Бұл кісіні білеміз, пәленбай әнші ғой» дейді екен және кездесу соңында міндетті түрде ән салуын сұрайды. Бекең, әуелде қызық көргенімен, кейін әбден жүйкелеп, мен әнші емес, жазушымын деп қырсықса керек. Ақыры, Алматыға қайтқаннан соң, бір жолы қазақ радиосына арнайы барып, барлық дауысын өшіртіп тастапты. Сөйтіп, ғажайып әнші Бек Тоғысбаев қазақ өнерінің тарихынан біржола сызылды. Артық санап, дара бекітпек жазушылығы қаншалық дәрежеде – ол басқа әңгіме. Мен өзім осындай әнші болсам, анандай домбырашы болсам, жер-көкке сыймас едім. Тіпті, жазушылығыма тетелес дәрежеде алға тартар едім.



Мен сияқты, Әбіштің де ешқандай төтенше өнері жоқ. Біздікі – дастарқан басындағы қара әңгіме. Әбіш студент кезінен-ақ әзіл, анекдоттың шебері болатын. Әрқайсымыздың әлсіз, осал жеріміз, мінез ерекшелігін тап басады да, күлкілі, зілсіз әңгімеге айналдырады. Әуелгі жатақханада, кейінгі сабақ, серуендер кезінде Оразбек туралы, Бақыт пен Тұрғанбай, мен туралы қаншама қалжақ хикаясы болып еді. Бір-екеуін айттым. Көбісі есте қалмапты. Мен туралы анекдоттары – әдетте қыз-қырқынға қатысты, көшеде көлденең ұшырасқан әлдебір өңді бойжеткенмен танысам деп сәтсіздікке ұшырауым төңірегінде. Әрқилы мазмұндағы өзара әзіл әңгімелер кейінгі ересек, тіпті, қарасақал кезімізде де тоқталмады. Сондай әзіл-қалжыңның бірі. Қонақтасып жүрген кезіміз. 80-жылдардың басы болса керек. Күн жексенбі, түс ауған шама. Әбіш пен Төлен біздің үйге келе жатыр. Кенеттен бұлт қаптап, қалың нөсер басталды. Сонда мен терезеден қарап тұрып: «Апыр-ай, қазақтың нөмір екінші, нөмір үшінші жазушылары жаңбыр астында қалатын болды-ау», – деп едім. Біздің әйел айтты: «Сенің қалжыңың бітпейді, Әбіш бәрін де көтереді. Енді осы жолы, төріңде отырған кезде, «Қазақтың нөмір бірінші жазушысы – сенсің » деп, көңілін аулап отыр», – деді. «Олай болмайды, – дедім. – Менің қолымнан келмейді. Өйткені, бұл бірінші, екінші, үшінші орынды белгілеп, бекітетін – мына жаңбырды жауғызып тұрған ақсақалдың өзі!» Көп ұзамай, Әбіш пен Төлен де келді, бәйбішелерімен бірге. Таксимен жетіпті, әрі қолшатыр ұстаған. Мен дастарқанға отырар-отырмаста жаңағы әңгімені қаз-қалпында қайталап айтып едім. Екеуі де мәз болды. «Келесі жолы сол жоғарыдан бекітілген заңды өзің өзгертіп, бізді төртінші, бесіншіге жібермесең болғаны», – деген Әбіш күліп.


1972 жылы, Төлен, Әбіш, мен үшеуіміздің тұңғыш балаларымыз – Әбіштің ұлы Әулет, қалған екеуіміздің қыздарымыз – Қарлығаш пен Үміт Алматыдағы N12 – жалғыз қазақ мектебінің бірінші класына барды. Және үшеуі де, он жыл бойы бірге оқып, бірге бітіріскен. Әрине, ата-аналар жиналысы бар, басқа да әрқилы шаралар; ортақ мерекелер де атаусыз қалмайды, өзімізден бұрын әйелдеріміз үнемі кездесіп тұрса керек. Жалпы, күнделікті, дүниауи тіршілікте азаматты жақындататын да, алыстататын да – зайыптары ғой. Біздің әйелдер сыйлас, білістен ұзап кете алмады. Әбіштің Кларасы мен біздің Бақытжамалды айтам. Әбіш екеуіміздің университетте жүрген кездерімізде әрбір хатында маған сәлем айтып тұратын Муза-Клара Әбіштің босағасын аттап, Алматыға келгеннен соң, мені бұрын танымаған, енді мүлде ескермейтін шырай көрсеткен. Әбіш екеуіміз алыстағамыз жоқ, бірақ ең жақын адамдарға тән, үй-ішіндік етене аралас та орнамаған. Әбішке ақырына дейін адал, сенімді қосақ болған Клара, бәлкім, өз жұбайының қызмет жағдайы артық, жазушылығы да озық деп білген шығар. Алайда, достық – теңдес дәрежемен өлшенбейді. Сірә, басқалар ығып тұратын, әуелде артықша құрметтеп, кейінде табына отырып сөйлесетін Әбішпен жалпы жұрттан бөтен, еркін, көтеріңкі, баз-базында, өзім де білем, өктем сөйлейтін мінезім ұнамаған шығар. Қайткенде де кеткен заман, өткен іс. Бала кезімізде соншама жақын болған, енді одан әрмен түсінісе, туыса түсуге тиіс Әбішпен арамызда салқындық емес, алыстық емес, бір қалыпты байсал қатынас орнауының бір кілтипаны ретінде айта кету орынды санадым.


Әбіштің жалпыға ортақ мейірбан мінезі, жақын жұртқа жанашыр пейілі көпке мәлім. Орталық комитетте бірге қызметтеп жүргенде Төлен айтар еді: Әбіш соншама көтерімді, соншама кішіпейіл, алдына келген жұрттың бәрінің тілегін орындауға тырысады, ал қызметтес жігіттердің қай-қайсына да ақыл, кеңес қосып, тіпті, тиесілі ресми жазуларына дейін түзеп, жетілдіріп беруден жалықпайды деп. Мен идеология тарабында шешуші қызметте отырған Әбіштің алдына барып, телефон шалып, әлденендей көмек, қолдау сұраған емеспін. Мәселен, бөгеліп жатқан кезекті кітабымды баспа жоспарына енгізу тарабында. Және басқа да жағдаяттар болмай тұрмайды. Бұл кезде Ата-Қазақтың ежелгі ақындық мұрасы жинақталған «Алдаспан» антологиясының әйгілі жанжалы өтіп кеткен. Өзгесінің бәрі әдепкі тіршілік аясында. Жоспардан биыл қалсаң, мүлде ұстап тұра алмайды, келесі, әлде арғы жылға ілінесің. Әбіш сыртымнан қолдап жатқан шығар, тұпа-тура сәбетім түскен емес. Тек бір рет қана Төленге салмақ салғаным бар. Желтоқсан оқиғасынан соң баспадан кеткен кезімде жаңа директор менің жоспарда тұрған кітабымды қатардан шегеріп еді, орнына келтіріп берді. Бұл кезде Әбіш басқа қызметте, баяғыша отырса, ол да дәп солай жасар еді. Барлық уақыттағы риясыз қатынасымыздың көрсеткіші ретінде айтып отырмын.


Желтоқсаннан соң дүние алай-түлей болып кетті. Бұл кезде Жазушылар ұйымында екінші хатшы болып отырған Әбіш әрқилы жиын, шаралардың бел ортасында жүрді. Сондай мәжілістердің бірінде сөйлеген, ізінше, ұлттар достығына арналған жинақта басылып шыққан бір сөзі маған түрпідей көрінген еді. Октябрь революциясына дейін қазақта біртұтас ұлттық мәдениет болмады деген. Кездескенде айттым: «Егер Маңғыстаудың ойында, әйгілі зираттар емес, неше жүз шақырым иен шалғай, қу далада әлдебір қисайған, жетім құлпытас тұрса, соның бетіндегі өрнек – қазақтың үш мың жылдық, бірегей мәдениетінің көрінісі болып табылады», – дедім, одан әрі қазбалағам жоқ. Жоғарыда айтсам керек, жалпы біз Әбіш екеуіміз бұрын да, кейін де бір бірімізге ақыл, кеңес салып көрген емеспіз. Әдепкі тіршілік кебі түгілі, әдебиет төңірегінде. Бұл жолғысы – амалсыз серпілген сөз еді.


Әйткенмен, бір-екі шетін жағдай. «Аласапыран» «Жұлдызда» басылып жатыр. «Үркер» кітап болып шығыпты. Ежелден-ақ өзара автограф әдетімізге енбеген. Сатып алдым. Үйге келген соң, жайланып оқымақ болып, бірінші бетін аштым. Әбілқайыр хан құмалақ салып отыр. Бөгелмей, Әбішке телефон соқтым. Құттықтаймын, қайырлы болсын! Содан соң: «Әу, Кекілбаев, мына құмалағың теріс шығыпты ғой. Қайткенде бұлай түспейді, – дедім. Әбіш аңырап қалды. – Бұршақ па, жүгері ме, қырық бір тас алып, қайыра тартшы, өзің де көресің», – дедім. Әбіш күмән ба, кейіс пе, құмыға бөгеліп еді. «Ештеңе етпейді, – дедім. – Менен басқа кім көріп, кім біліп жатыр. Жаңа басылымында түзей саласың». Кейінде оңдаған болуға тиіс. Келесі жағдай. Екінші кітап «Елең-алаңды» Баспаком маған төлемді рецензияға берді. Авторын айтпаймыз, сіздің есіміңіз де бүркеме болады, деген. Сондай бір, қалыпты рәсім бар еді. Маған бәрібір. Әбіш екені бесенеден белгілі. Ол да менің жазуымды кәміл таныса керек. Хош. Сонымен, отыз бес баспа табақ қолжазбаға он бес бет рецензия жаздым. Бірлі-жар ескертпем – зиянсыз, ұсақ-түйек, анау-мынау, негізінен романдағы ұлттық байламдарды жаба бүркеу тарабында. Күмәнсіз мақұл. Сонымен қатар, нақты бір дәйектеме. Роман эпиграфына «Экклезиастан» әйгілі бір үзік алынған екен. Пайдаланған түпнұсқа мәтін аз-мұз жаңсақ болған сияқты. Менде «Экклезиастың» жеке қалыбы да, «Библияның» толық нұсқасы да бар еді, қажетті түзету жасадым. Кейінірек, кітап әлі шықпай тұрғанда, «Экклезиаст» қалай болды деп сұрап едім, күлді, сенің жазғаныңды бірден таныдым, деген. Қайталап айтайын, әдетте үлкен жазушылар бір-біріне ақыл, кеңес бермейді, тек тілектестік, түйінді баға ғана айтылмақ, мен келтірген екі ретте де көркемдік ақау емес, әркімде ұшырасуы мүмкін техникалық елеусіз кінәрат туралы сөз болған.


Әбіш байлаулы қызметтерде жүрген заман, Алматыда, әрқилы жағдай, әдетте, аса жиі болмаса да, Төлен үшеуіміздің отбасыларымызда кездесіп тұрдық дедім. Әрине, тек қонақта ғана емес. Есте қаларлық осындай бір оқиға, 1990, әлде 91 жылы Маңғыстауда, алаштың әйгілі ақыны Қашағанның мерейлі басына күмбез көтерілуіне байланысты болды. Бұл кезде менің үлкен қызымды ұзатқан құдам Болат Қасымжанов Ақтауда, Технологиялық институтта сабақ береді, доцент, әлде декан. Енді бұрнада қол жетпей жүрген Маңғыстауды төрт-бес жыл қатарынан, қысы-жазы, еркін араладым, Үш жүз алпыс екі әулиенің бірер жүзін танып, ең ұлықтарының басына тәуап еттім. Әлемдік дәрежедегі ғажайып ескерткіштер. Әбіштің туған ауылы мен оқыған ауылында болып, өлкенің өткен заманына қатысты қаншама тарихи әңгімелер мен аңыз, жырларды тыңдадым, байырғы қазақтың қадір-қасиетін тани түскендей болдым, сонымен қатар, Әбіштің дүниеге келген, өскен, адам ретінде қалыптасқан ортасы туралы да толымды мағлұмат алдым. Үштаған ауылында Асқар деген шежіре қарттан Әбіштің Адайдан басталып, Жанайдан өтіп, Кекілбайға тірелетін жиырма екі атасының есім-жөнін жазып алған едім, Алматыда қалды, орайы келсе, кейінірек осы жазбалардың бір жеріне тіркеймін. Бүгінгі, отарланған Маңғыстау мен отаршылдық кезеңі басталған ХІХ ғасыр – екі дәуірді қатарластыра сыпаттайтын, Досан батырдың көтерілісі, Қырық орыстың қырғыны, және басқа да оқиғаларды қамтитын роман жазбақ едім. Тіпті, айдаудағы Тарас Шевченко және жанкешті қаһарман Балуан Нияз туралы хикаяттар жоспарланған. Заман мен жағдай ырық бермей, іске аспаған көп дүниенің қатарында қалды. Айта берсек, әңгіме көп. Әбішке, оның туған өлкесіне қатысты болған соң еске алып отырмын.


Сонымен, қасыма бәйбішемді ертіп, Қашаған ақынның тойына бардым. Осыдан бір жыл бұрын басына тәуап етіп, іргесі көтеріліп жатқан күмбез және алдағы үлкен той туралы «Жұлдызда» арнайы мақала бергізіп едім. Енді ел азаматтары арнайы шақырту жіберген. Күтіп отырған, алдан шыққан құдамыздың үйіне емес, қарсы алған жігіттер бастап әкелген мейманханаға түстік. Люкс номер. Шұғыл дастарқан – шұбат, қазы-қарта... Ертеңіне мерекелік салтанат басталған. Әуелі  айдынды Мәдениет сарайында, Қазақстанның шар тарабынан, тіпті, іргелес Түрікпеннен келген құрметті меймандар, қала халқы бас қосқан алқалы жиын. Келесі күні ұлан-асыр тойдың өзі. Теңіз жағасындағы көрікті жас шаһармен іргелес, кең далаға тігілген, кемі жетпіс-сексен ақшаңқан киіз үй. Әрқилы ұлт ойындары, қырық шақырымдық, айналма, аламан бәйге. Мені атақты желаяқ, ССРО чемпионы, әлемдік олимпиадалардың қазақтан шыққан алғашқы күміс медальді жүлдегері, Әмин Тұяқовпен бір киіз үйге бөлген екен. Бұдан бұрын жекелей таныстығым жоқ еді, осы өңірдің тумасы, сырбаз азаматпен жақсы жарасып отырдық, әйелдеріміз де бірден шүйіркелесіп кеткен. Әлбетте, айрықша сый-сияпатты дастарқан, ән мен күй, одан да ғажабы – халқымыздың елеулі ұлдарына деген аста-төк көңілі, риясыз сыйластығы. Сәулелі, ұмытылмас сағаттар. Содан, кеш батып, түннің бір уағында біз отырған үйге сырттан тағы екі жігіт келді. Біз Әмин екеуіміз мұнда емес, солардың дастарқанында болуға тиіс екенбіз. Мұндағылар орта жолдан бұрып әкетіпті. Жағалай сұрастырып, іздеп тапқан беттері. Үй иелері кәдімгідей дауласып жатыр. Әлде тізімде екі жерде жазылдық, анығы, біздің жігіттердің айтуынша, бұлардың еншілі меймандары келмей қалған. Ақыры, азғана әзіл, базынадан соң, Әмин екеуіміз, екі бәйбішемен бірге жаңа үйге ауысқан едік. Мұндай өзгеше ортада шаршау, талығу жоқ, түн ортасынан асқанша сауық құрдық. Бәріміз бірдей қарға тамырлы қазақ дегенмен, Әбіштің ауылының ескілікке жақын, нағыз қазақы мінезі мен дарқан көңілі, мейман күту ғана емес, алаштың азаматын сыйлауы өзгеше екен. Ел-жұртының өз ортасынан шыққан Әбішті айрықша қасиет тұтатынын бұрын да білуші едім, осымен нешінші мәрте, бірақ жекелей қонақ емес, ұлан-асыр той үстінде көрген соң, бұл құрметтің себеп, салдарын да кәміл танығандай болдым. Әбіштің озық тумысына сәйкес, ұлттық тамырдан қол үзбеген қазақы тектілік. Үшінші күні ұлы мереке күмбез басында жалғасты. Маңғыстаудағы Ата-Қазақ зираттары – халқымыздың салт-дәстүрі ғана емес, озық өнері мен рухани қасиетінің де ең бір көрнекі, өз тарабында теңдесі жоқ көрінісі ғой. Ақынның атына лайық, халқына лайық мәңгілік ескерткіш – осы тойдың ең басты нәтижесі, түйінді қорытындысы болатын. Күмбезді ашу салтанатынан соң іргелес далаңға тігілген қонақ үйлерге қарай беттедік. Әмин екеуіміз тағы да біргеміз. Тиесілі кісілеріміз бастап жүрген.


Кешегі жаппай дырду, бәйге мен мейман бөліс кезінде Әбішті көрмеген едім. Әлдебір мәртебелі қонақтармен бірге жүрсе керек. Жаңа, күмбез басында ұшырастық, амандастық, одан артыққа мұрша келмеген. Енді, өзімізге бөлінген үйге қарай беттегенде, әлдебір кісі келді. Әбекең мені өзі отырған үйге шақырыпты, бізбен бірге болсын деп. Әбіш менімен Алматыда да хабарласпаған. Қанша дегенмен, ауыл иесі, бұл жақта да бірден көрінбеді. Мен табиғатымда кінәмшіл, өкпешіл адам болсам керек. Әрине, жақын санаған кісіге. Рақмет, біздің өзіміздің еншілі үйіміз бар, дедім. Шақырушы кісіміз амалсыздан кері қайтты. Күмбезді зират пен қонақүйлер тігілген аралық – әжептәуір жер. Сол кезде алып-ұшып Әулет келді. Әбіштің үлкен ұлы. Шілдеханасында болмасақ та, мектеп, бірінші кластан жақсы білетін Әулет. Нақты сөзі есімде жоқ, көкесінің атынан шақыра келген. Мен сол бетімше манағы сөзімді айтып едім. Әулет аңырып үлгермеді, біздің әйел кіріскен: «Ау көкесі, сені Әбіш емес, мына балаң шақырып тұр ғой!..» – деді. Кейде, Қожа-Насыр атам айтпақшы, әйелдің де ақыл тауып кететіні бар. Енді жығылмасқа амал жоқ. Баражақ үйіміздің иелерінен рұқсат, кешірім сұрадым. Көріп тұр, амалсыз иліккенімді. Өкініште болса да, жапырласып қалды. Мына Әминнің бір өзі он кісіге татиды деп, онымен де ризашылық айтыстым. Өкінішке қарай, бұдан соң, мына қарбалас заманда Әминмен қайыра жалғасудың сәті түспепті.


Біз келсек, мұндағылар жаңа отырып жатыр екен. Иманғали бар, тағы бір, мен жөн-жосығын білмейтін мансапты кісілер. Жастары үлкен ақсақал, әрі құрметті мейман ретінде, Әбіш екеуіміз қатарласа, төрдің төбесінде жайғастық. Ырду-дырду емес, кемел дастарқан, келелі кеңес. Ән мен күй. Бәрімізге ортақ өткен той, ақын мерейі туралы еркін сөйлесіп, жарасып, жақсы отырдық. Иманғали бауырыммен де дәп осы жолы жүзбе-жүз танысып, алғаш рет тілдескен едік. Ертеңіне санаулы кісі, тікұшақпен Бекет-Атаның басына барып түсіп, тобымызбен тәуап еттік. Бұл да бір, адамның есінен кетпес, әсерлі, әрі қызық дәурен екен.


Бұдан соңғы кезеңде Әбіш мемлекеттік қызмет саласында қатты көтерілді. Тіршілікке пайдасын білмеймін, жазуына өлшеусіз зиян келтіруі анық. Ерікті-еріксіз түрде өкіметтің сөзін сөйлеу, жоғарыдағы бір кісінің райын аңдау, оған жалғас тағы әлденеше кісінің қыбын табу өз алдына. Сонымен қатар, барлық уақытта Әбіштің тақау төңірегі, жолдас-жораларына жәрдем, көмегі көп болды ғой деп ойлаймын. Қадарынша, ешкімнің де өтінішін жерде қалдырмаса керек. Жақынға жанашыр көңіл, жалпыға кеңшілік мінез нәтижесі. Бұл кезде егемен елімізде жаппай заңдастырылған коррупция, арам қалта өз алдына, ешбір, тіпті, ілгішек-күмәнсіз, оп-оңай мәселенің өзі тікелей пара, немесе тамыр-таныс, ағайындық жалғастық болмаса, оңымен шешілмейтін. Мен мектепті алтын медальға бітірген, Шет тілдер университетінде үздік оқып жүрген екі баламды Болашақ бағдарламасына өткізудің ешқандай жолын таппадым. Тіпті, қайда, қалай қабылданып жатқанының өзі құпия. Ақыры, Жоғарғы білім министрінің орынбасары, ізгілікті Шәмшә Көпбайқызы Беркімбаеваның ықыласымен, кенже ұлды, бұл кезде үлкен ұл қызмет атқарып жүрген Чехияға, Прага университетінің дайындық курсына жеткіздім. Мақтанып айтайын, келер жылы, шет елдік екі жүз елу талапкердің ішінде үш бірлік, бір екілік, яғни үш бес, бір төрт алып, жалпы тізімде қатарынан төрт бес алған босниялық серб баласынан кейін екінші болып, Еуропадағы ең ежелгі Карл университетіне түсті. Ал қызыма ешқандай жол табылмаған. Ақыры, Абылай хан университетін үздік бітірді. Міне, осы кезде, Қазақстан оқу орындарын қызыл дипломға тәмамдаған елу бала Англияға бір жылдық оқуға жіберіледі екен дейтін хабар естідім. Анық сөз. Амал жоқ, Әбішке қолқа салып едім. Сол күні, арада екі сағат өтпей, үйге телефон соғыпты. Біздің бәйбішеге. Иманғали кеткен, енді жаңа ғана келген министр Қырымбекке айттым, Мұхаң ертең хабарласып, баланың қажетті құжаттарын әзірлеп берсін, деген. Ертеңіне, сағат тоғыздан өте, қабылдау бөлмесіне телефон шалмаймын ба. Мен пәленбай деген ағаңыз болам, министрдің өзі хабарлассын деген екен, маңызды шаруам бар еді, деп. Секретарь қыз – қазақы, тәрбиелі бала екен, «Жарайды, аға, қазір қосамын» деді. Күтіп тұрмын, бірер минуттан соң қызым дағдарған қалыпта, кешіріңіз, дәп қазір босамай жатыр екен, деді. Бірер сағаттан соң хабарласыңыз. Межелі уақытта тағы да жағдайы жоқ, бір жаққа кетіп барады. Түстен кейін – жиналыс үстінде. Мен әуелгі телефоннан соң-ақ күмән алғам. Алайда, ертеңіне тағы да хабарластым. Арғы күні және. Енді қызым шынымен абдырады. Айтар сылтауы да таусылған. Бірақ мен тоқтай алмадым. Тура бір апта бойы, күніне бір рет қоңырау шалып тұрдым. Кейінде хабарласпады, білмедім деген сөз туындамас үшін. Өзімнің аты-жөнімді қайталап, министр бүгін де босай алмай жатқан шығар, деймін. Бишара қыз «Иә, иә...» деп, менен тезірек құтылуға асығады. Енді, айныма досының әрекеті туралы Әбішке қайыра тілдесуді намыс көрдім. Сонымен, жарты жыл өтсін. Астана – Ақмолаға көшті. Мен әлдебір мерекелік жиынға барған едім. Біздің шеф – Баспаком министрі, парасаты мен саясаты теңдес Алтынбек Сәрсенбаев. Жазушылар одағынан небәрі алты адам: бір орыс, бір жойыт, бір неміс және үш тараптан үш қазақ тізімге ілінген екен, соның бел ортасы болып. Үлкен, салтанатты кеш. Үзілісте Әбішті көрдім. Шұрқырап амандасты. Бірден-ақ: «Бала оқып жүр ғой, Лондонда, анада әлдеқалай еске түскенде сұрап едім, Қырымбек айтты», – деді. Мен – өте тәрбиелі, мәдениетті кісімін. Бірақ дәп осы жерде өзімді ұстай алмадым. Қазақша жіберіп алсам керек. Содан соң айттым, Лондонда оқып жүр, ағалары ақша жинап, сондағы бір төлемелі курсқа жіберген, ал министріңнің жағдайы... манағы пұшайман оқиғаны баяндап берген едім. Ақыр соңында тоқтай алмай, бұл – алыстағы мені елемегені емес, жақындағы сені қорлағаны, деппін. Әбіш қап-қара болып кетті. Сол мезетте тағы біреулер келіп амандасып, сөзіміз үзіліп қалған. Онсыз да тәмам хикаят. Менің Әбішке кінәм жоқ еді. Өтінішімді бірден қабылдады, уәдеге сенді, ақырында сөзі жерде қалса, жамандығынан емес, тапсырған кісінің суайт, арамдығынан. Бұдан бұрынырақ ойлағам, Әбішті араға бекер салдым-ау, деп. Ақыры солай болды. Мен бұл кезде «Жұлдызда» отырғам. Жалғыз және орталық әдеби журналдың бас редакторы. Қаламын сыйлаған жазушы үшін бұдан үлкен қызмет жоқ. Ал ел билеушілердің көзқарасы тұрғысынан алғанда, құның – есіктегі жалшыдан төмен. Бәлкім, Әбіш осы жағын бәрімізден бұрын аңдап, басқа бір тіршілік жолын қалаулы ықыласпен таңдаған шығар.



Бұл Әбіш қандай мәртебелі қызметте жүрсе де, ең алдымен жазушы еді. Біздің әдебиетші қауым ортасында. Жалпы жұрт ұғымында. Ал кез келген қаламгердің өзіндік бағасы бар. Пенделік пайым ең мықты дегендерін өзара салғастырып жатады. Өткен ғасырдың соңғы он жылдығы мен жаңа ғасырдың басындағы әдеби сын Әбіш екеуімізді даралап, қатар атайтын. Әуелі Кекілбаев, одан соң Мағауин. Керісінше болып көрген емес. Соның өзінде, әуесқой жұрт, шалағай әдебиетшілер тарабынан қайсы артық, қайсы кем дегендей дүдәмал сауалдар туса керек. Және өнер атаулымен жағаласа жүретін өсек-аяң: бақталастық, қызғаныш, көре алмаушылық туралы лақап. Атап айтайын, Әбіш әуелден кең еді, парықсыз дарақылығы жоқ, бәлкім, іштей өзін ешкімге теңгермесе де, кісімсіген кекірт мінезден аулақ. Жас кезінен жұлдызы жарық болды. Ал мен қашанда өзіме айрықша сенімдімін, кімнен болса да оқуым артық, жазуым биік деп білдім. Тіпті, жиырма-жиырма бір жаста жазған алғашқы әңгімелерімнен кейін өзімді қазақ прозасының алдыңғы қатарына шықтым деп санадым. Арада ширек ғасырға жуық уақыт өткенде әйгілі Ғабит Мүсреповтың өзі осылай деген. Кейінгі, «Тазының өлімінен» соңғы кезеңді айтпай-ақ қояйын. Ілкіде жазылған және жарияға шыққан «Қобыз сарынын» есепке алмағанда. Әбіш екеуіміз тел өстік. Алғашқы, елеулі шығармаларымызды қарайлас мезгілде жаздық. Рас, Әбіш ақын ретінде атаққа тезінен жетті, сыншы ретінде де менен бұрынырақ танылды. Және мен әдебиет тарихымен архив кеміріп отырған кезде проза саласында өндіртіп жазды. Алайда, әу бастан-ақ екеуіміздің ара қатынасымыз риясыз еді.  Сүйініш және тілектестік. Өзара «жарыс», әлденендей бақастық болған жоқ. Әркім өзінше нық екен. Әркімнің де досы туралы ұғымы жоғары екен. Бұрын да бір айттым ғой деймін, өнер адамдарының қилы тағдыры туралы, 1978 жылы жазылып, көп ұзамай басылып шыққан «Көкбалақ» романында: «Шын кемелге күншілдік жат», – деп жазған екем, жеткен биіктен қараған, бұрнадан қалыптасқан ұғым. Қызғаныш – өзіне күмәнді, бәкене жазармандарға ғана тән кінәрат деп білем. Және шалағай жұрттың сырттан тон пішуінің көлеңкелі көрінісі.


Осы ретте, 2004, әлде 2005 жылы аса қолапайсыз жағдаят болды. Маңғыстауда шығатын, бірақ бүткіл республикаға тарайтын, жаңылмасам, «Үш қиян» аталатын газетте үлкен мақала басылыпты. Әбіш көтере мадақталады. Онысы жөн. Бұдан кейін мені Әбішпен салғастыра келе, мейлінше кемітуге тырысыпты. Жазушылығы да, басқасы да шамалы, дейді. Мейлі. Бұдан да сұмдығы – іші тар, қызғаншақ. Тағы сол сияқты төтенше толғамдар. Есімде қалғаны – өмір бойы тыраштанып, Әбішке жете алмай келе жатыр, іші толып, ызадан жарылғалы жүр, депті. Мен жөнінде не айтылмаған. Ол кезде, одан бұрын және күні бүгінге дейін. Ал анау – бүткіл республика шегінде, орталық және аймақтық барлық басылымдар бетінде маған қарсы қызыл науқан жүріп жатқан кез еді. Үйреншікті жағдай. Алайда, мына лепестің ерекшелігі – өмірі шәй деспеген, қанаттас шығып, қатарлас келе жатқан Әбіш екеуімізді салғастыруы және осыншама бәлекет сөз айтылуы болатын. Мен газет мәтіні қолға түскеннен соң, тағы бірер апта аял қылдым. Қамқор інілері, сөз жоқ, бұл мақаланы Әбішке жеткізді. Ендеше, осы газет бетінде, немесе өз тарабынан арнайы жауап беруге тиіс. Болмады, көрінбеді. Осыдан соң мен жалалы мақаланы сол қалпында, өзім басқарып отырған «Жұлдыз» журналында жарияладым. Айта кету керек, маңғыстаулық інілердің шамына тиген жағдаят – осыдан біраз бұрын біздің журнал бетінде Әбіштің әлдебір шығармасына қатысты сын пікір айтылған екен. Қазіргі қазақ прозасы туралы мақалалардың бірінде. Тіпті, есімде жоқ; әлбетте, журналға жіберер алдында оқыдым, аталмыш мін орынды ма, орынсыз ба, айтарлықтай мәні жоқ, асса екі-үш сөйлем, бірер шумақ. Менің өмір бойы, тіпті, дәп осы тұста көріп келе жатқан құқайым бұдан он, жүз есе: әріптес жазарман қауым әрбір жаңа шығармамды түрпідей көреді, арыдағы «Көк мұнар» романы және басқа да хикаяттар тұрыпты, беріде, қаншама атаққа жеткен заманда жазылған ғұмырбаяндық «Мен»-нің дауы неше жылға кетті, бұдан кейінгі, Шыңғыс хан турасындағы мақалалар соңы бітіспес ойбай-аттанға ұласты. Парламент депутаттары, академиктер мен «Халық қаһармандары», еңбек ардагерлері үсті-үстіне, берісі Баспасөз министрлігі, арысы – республика президентінің өзінің атына талап пен ғарызды қардай боратып жатыр, қатарлас «Қазақ әдебиеті», жоғарыдағы «Егемен Қазақстан», аралықтағы «Жас Алаш», ең аяғы «Алматы ақшамы» мен облыстық газеттерге дейін жапырлай сөгіп жатыр – не болды? – түк те болған жоқ, қылшығымыз қисаймай, қаламымыз мүдірмей, шалқып, толқымасақ та, қалыпты жағдайда күн кешіп келеміз. Ал классик жазушы ғана емес, мансапты қызметте отырған Әбіштің атына, орынды болар, орынсыз болар, бір ауыз тілек, сын айту – қылмысқа парапар сұмдық екен... Сонымен, өзімді балағаттаған, бейәдеп қана емес, түйсіксіз, сауатсыз мақаланы журналыма сол қалпында басып шығардым. Мен Әбіштен тағы да әлденендей сөз күтіп едім. Егер біздің ауыл демейін, менде ауыл жоқ, ата-баба моласы мен кіндік кескен қоныстың тозған жұрты ғана бар, ауылдас емес, тілектес, анығы – ығымда саялаған жігіттер, менің көлеңкемде жүрген әлдекім Әбіш туралы осындай талпы сөз айта қалса, сол сәтінде сөгіс жасап, қолма-қол Әбіштің өзінен кешірім сұрар едім. Ал Әбішім тырс етпеді. Кейінірек ойладым, Әбіштің мемлекеттік бағдардағы шаруасы көп, алғашқы мақаланы алған жоқ, кейінгі басылымды көрген жоқ. Мына жақта өз бетімізбен тыпырлап жүрген – біз ғана. Шынында да көп ұзамай, әлгі «Үш қиян» – Маңғыстау тарабынан тиесілі жауап болды. Ол жақтағы, ауыл-үйдің туын ұстаған талапкерлер әуелде қатты дағдарған екен. Өзін сөккен мақаланы қайыра басатындай, мына Мағауиннің есі ауысып кеткен бе – деп. Интернетке шыққан жалғас мақаладан оқыдым. Дәп солай. Алжасып, шатысқан. Әйтпесе ақылға сыймайтын іс. Арада азғана уақыт өткенде, көптеп көмектесіп, ойлана-толғана келе, даналық қорытынды жасапты. Мағауин өзінің қателігін мойындап, барлық ианат, балағатты қабыл алып, амалсыздан журналына басып отыр! Сонымен қатар, зәресі ұша қорқып, Әбіштен кешірім сұрағаны! Жалғыз Әбіш емес, жалпы жұрт, қазақ қауымының алдында ақталмақ! Міне, осындай керемет. Атаулы мақала, – газеті тозар, жоғалар, интернеті өшер, мүлде ұмытылар, кітап болып түптелетін «Жұлдыздың» бетінде біржола сақталып қалмақ. Өте дұрыс жасадым деп ойлаймын. Бұл ретте де Әбіштің жеке басына өкпе, кінәм жоқ. Нақтысын білмегеннен. Анығы – жаңағы жалалы мақаланың өз ішінде тұр. Кімнің кім екені кейінге мағлұм болмақ.


Әбіш Ақмолада, мен – Алматы, жыл сайын жазда, екі-үш айға шет ел – алыс Прагадағы балама демалысқа кетем. Осы, Алматыда отырған кезімнің өзінде Әбіштің жолы түспеді. Манағы, астана ауысқан салтанатты кештен соң мүлде ұшыраспадық. Неше жыл бойы. Көңіл алалығы емес, жер шалғайлығы. Бар хабарымызды сырттай білісіп отырсақ керек. Ауылдас інілері ұран салған қолайсыз жағдайдан соң да менің көңілімде кірне жоқ еді, бәлкім, Әбіш бәрін біле тұра менімен тілдесуді артық көрген шығар, реніш айтады деп именуі де, бірақ мен қайткенде кінәламас едім.


Бұл кезде жәреуке ағайындары Әбіш үшін тым жойдасыз көрген бір ауыз ескертпеден жүз есе салмақты, ауыр айып, жала мен пәле республикадағы барлық басылымдар арқылы менің басыма үйіліп төгіліп жатты. Бір күнде бес-алты газетке қатарынан шыққаны бар. Бір емес, әлденеше рет. Омай!.. Сол күндердің өзінде менің жазуым тоқталған жоқ. Жүйкенің айрықша мықтылығынан емес. Берік сенімнен. Бұрынырақ айтқаным бар: бізге соқтыққан адамның өзінің соры қайнайды деп, бізге күйе жақпақ болған кісінің өзі қарабет болады деп. Дәлме-дәл есімде жоқ, әйтеуір жазылған, басылған сөз. Мағнасы – менің тарабымнан нақты қарымта шарт емес, ертең болмаса арғы күн, келер заман бәрін орнына қоймақ. Және бір лепесім: «Өнерде, әдебиетте қашанда көп ит емес, көк ит жеңеді», – дегем. Сені қалай күстана қылса да, өткендегі барыңа нұқсан келмейді. Жалған мен жалаға мән бермесең, көңіліңе кіреуке түспейді, игілікті жұмысың одан әрмен жалғаса бермек.


Маған қарсы өкіметтік «Егемен Қазақстаннан» бастап, республикалық барлық ресми және бейресми баспасөз бетінде тура бес жылға созылған әшкерелеу науқанының сыртқы, ең түйінді нәтижесі – 2006 жыл, 6 қараша күні өзім тура он сегіз жыл, үш жарым ай басқарған «Жұлдыз» журналынан кетуге мәжбүр болдым. Кеткем жоқ, тым құрса сырттай сыпайылық сақтамай, дөрекі қалыпта кетірді. Бір апта бұрын Баспасөз министрлігінен келген өкіл «Ұзақ отырып қойыпсыз» деген жалғыз-ақ сылтау айтып еді. Яғни, өзім тіленіп, арыз жазуым керек. Жоғарыда менен әлдеқайда ұзақ отырған кісі бар дедім, ешбір илікпей. Енді қатқыл жарлық берілген. Өкіметім мен партиям, олардың айтағындағы жандайшаптар түйсіксіз, берекесіз, жаппай науқан жасап, мұншама жанықпаса да болатын еді. Әдеби журнал – Кеден басқармасы емес, Салық жинау орталығы емес, бірақ ешқандай пайда түсірмесе де, кеудесі биік кісі отырған соң, сенімсіз, бәлкім, айрықша зиянды көрінсе керек. Хош. Алдын-ала қауіптенсе де, дәп осы сәтте дағдарып қалған редакция қызметкерлеріне риза-хош айтысып, қолымда жұқа портфелім ғана бар, шығып жүре бердім.


Кейінде бір айтқанымдай, егемен өкіметім мен туысқан партияма ешқандай өкпем жоқ еді. Халқыңа жат пейіл, сен үшін жау демейін, көлденең, бейсауат құрылымға қандай уәж, кінә болуға мүмкін. Мені тура бес жыл бойы, оның ішінде соңғы он екі ай тынымсыз қаралап, жер дүниеде жоқ пәле-жаланы үйіп-төгіп жатқанда, қазақтың тым құрса бір азаматының, ара түспесін, бұл қалай деп айтпағанынан түңілдім. Егер біздің ортамыздағы қандай да тұлғаға қарсы менің басымнан өткеннің оннан біріндей қысас жасалып жатса, мен үндемей қалуды өз бойыма ар көрер едім. Әлдекімді аяғаннан емес, әділет үшін де емес, өзімнің атаққа шыққан алаш азаматы деген атаусыз мәртебеме көлеңке түсірмес үшін. Әлбетте, мені жақтырмады деп те ешкімге кінә тақпаймын. Алайда, бұдан бұрын да айтсам керек, мен мұндай ортада өмір сүре алмайтын едім. Елден біржола кетуге бел байладым.


«Бөрі арығын білдірмес», – деген. Арада үш-төрт күн өткенде атаулы жиынға бардым. Мемлекеттік сыйлықтар комиссиясының алғашқы мәжілісі. Бұрнағы Мәдениет министрлігінің ғимараты. Екінші қабатқа көтерілгенде, мәжіліс залының есік алдында жақсы көретін інілерімнің бірі Баққожа Мұқай мен Серік Негімов дейтін әдебиетші тұр екен. Әлдекімдерге жаққан, енді дәрежесі кем болса да, мәртебелі комиссия мүшесі тәрізді. Баққожамен әдепкідей жылы амандастық. Содан соң Негімовке қарап тұрып айттым: «Қазақ әдебиетінің» өткен санында менің ғұмырбаяндық дилогиямды жамандапсың. Мен ғана емес, «Жұлдызда» басылған Қабдеш Жұмаділовтың, Бекежан Тілегеновтың, Әзілхан Нұршайықовтың да естелік кітаптарын терістейсің. Танымың, көзқарасың солай екен дейік. Алайда, қазаққа мемуар жанрының керегі жоқ, зиянды деген не сөз? Осындай түсінікпен қалайша әдебиетші болып жүрсің?» – дедім. «Ит – ашуын тырнадан» емес, былғаныш науқанның соңғы бір көрінісіне берілген баға. Содан Баққожа екеуіміз ішке кірдік. Алдымыздан Ханбибі шығып еді. Есенғараева. Жақсы ақын, сонымен қатар, халқы үшін пайдалы қызмет жасап жүрген мәдениет қайраткері. Мемсыйлыққа ұсынылған тізімде барын білем. Жөнімен, сыпайы амандасып, атаулы кітабын жазып берді. Дәп осы сәт қана емес, үлкенге ілтипат үшін ұсынылған кітапқа қандай автограф жазылуы мүмкін? Көтерме сөз, артық-кемді құрметке толы лепес. Ханбибі қарындасым қысқа қайырыпты: «Аға, алтын басыңыз аман болсын!» – дейді. Бар пейілі, тілегі мен құрметі осы бір ауыз сөзге сыйған. Және менің көңіл ауаныммен сәйкес келеді. Өмірімде аға-бауыр, іні-қарындас тарабынан естіген ең ғажайып лепес дер едім. Өкінішке қарай, Ханбибі толық дауысқа жетпей, іріктеуден өте алмай қалды. Бірақ бұдан ақындығына көлеңке түспесе керек.


Тағы екі апта озғанда, Мемлекеттік сыйлықтар комиссиясының қорытынды мәжілісі шақырылған еді. Кім екені есімде жоқ, қатарлас жігіттердің бірімен тұрғам. Кенет арғы тараптан Әбіш көрінді. Мені бірден аңдамай, аралық жігітпен амандасты. Содан соң ғана көрген. Мен қол беріп едім, арсалаңдап құшағына алды. Маған сұраулы жүзбен қараған. Бәрі жақсы, дедім. Осы кезде Серік аға Қирабаев келіп еді. Амандықтан соң: «Мұха, бұл қалай болды?» – деді кейісті жүзбен. «Эмиграцияға кетем!» – дедім. Әбіш аңтарылып қалып еді. Келер мезетте бәрімізді  мәжіліс залына шақырған. Әбіш арамызда болмады, тәрізі, басқа бір шаруалармен жүрсе керек. Әбіш екеуіміздің ең соңғы көрісуіміз екен. Арада ай өтпей, 2006, 28 декабрь күні мен бәйбішеммен бірге Орталық Еуропа – Прага қаласына келіп түстім. Елден біржола кеткен эмиграцияның басы. Сегіз жарым жылдан соң Америкаға өтіппін. Бар сапардың соңы болмақ.


***


2015, 11 желтоқсан. Әбіш фәни дүниеден көшті. Бірге бастаған, қатарлас жасаған қайран Әбіш. Бар ісіне Тәңірі таразы. Ғазапты жер бетінде жетпіс алты жыл және бес күн ғұмыр кешіп, бақиға кетті. Қаншама жыл бойы алған барлық атақ-дәрежесі, марапат пен мадақ, жұлдызды сөлкебайлар түгелдей жоққа айналған. Артында күнделікті, үздіксіз, тынымсыз, беймаза қызмет астында жүріп, қалт еткен шектеулі уақыт, ұйқысыз түн, аралық демалыс күндері, жарым ай, үш-төрт апталық тыным кездерінде, байлау мен құрсаудан босаған дарқан көңілмен, баянды ақ қағаз бетінде тізбелеген шығармалары ғана қалды. Әдепкі өмірде – ұл мен қыз, немерелер. Және, үлкен есепте – қара орман халқы. Пендесінің де, тұлғасының да нақты, түпкілікті бағасы – келешек үлесінде.


30.VІІ – 20.VІІІ.2016,


Роквилл, Мэриленд, АҚШ.

"Жұлдыз" журналы, желтоқсан

Рекомендовать
Последние новости