Мұғалімдер жазғы демалыста медициналық көмектен қағылып жатыр — депутат

Қаракөз Амантай 13 дек. 2024 16:53 1671

Мəжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің міндетті медициналық сақтандыруға қатысты түйткілі шешілмеген мәселеге тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, мұғалімдер жыл сайын 56 күн еңбек демалысына шығады, бірақ осы кезеңде медициналық сақтандыру жарнасы тек бір рет төленеді. Нəтижесінде, кейбір ұстаздар тамыз айында немесе қыркүйек басында емханаға жүгінгенде, медициналық көмекке қол жеткізе алмай қалады.

“Біз бұл мəселені бұған дейін көтердік. Оны шешілді деп ойлаған едік, бірақ кейбір аймақтарда мəселе əлі де өзекті болып тұр. Ел бойынша 7 500 мектептің мұғалімдері жазғы демалыс кезінде медициналық көмектен қағылып жатыр,” – деді Сүлейменова.

Депутат барлық өңірде бұл мəселені реттеу қажет екенін айтты. Ол мұғалімдердің жазғы демалысында сақтандыру жарнасынан туындайтын қиындықтарды болдырмау үшін тиісті шаралар қабылдауды сұрады.

“Ұстаздардың денсаулығын қорғау – басты міндет. Сондықтан бұл түйінді тез арада шешу қажет,” – деп мəлімдеді Сүлейменова.


Рекомендовать
Последние новости