Мен неге байымаймын?

Dalanews 30 янв. 2016 09:43 887

– Осы мен неге байымаймын? – деп сұрадым.


Сонда Жүрегім былай айтты:
– Сіз тапқаныңызды іркіп жинамайсыз, демек байымайсыз.


Сіз тұрақты кірісіңізден артық ақша табуға талпынбайсыз, демек байымайсыз.
Сіз жинасаңыз да оны капиталға айналдырмайсыз, ақша табуға ақша салмайсыз, демек байымайсыз.
Сіз тіпті кейде ақша туралы көп ойлауға мәжбүр болсаңыз да, бәрібір нақты кіріс кіргізетін іске тым аз барасыз, демек байымайсыз.
Сіз барлық қабілетіңіз бен біліміңізді кіріс кіргізбейтін, пайда бермейтін іске жұмсап жүрсіз, демек байымайсыз.
Сіз адамдарды өз клиентіңіз етуге тырыспайсыз, тым көңілшексіз, демек байымайсыз.
Сіз нақты жағдай туралы тез ойлай алмайсыз, тез есептей алмайсыз, тез істей алмайсыз, тез өзіңізді көрсете алмайсыз, демек байымайсыз.
Сіз тым романтиксіз, тым ақынжандысыз, демек байымайсыз.
Сіз тым философсыз, тым догматиксіз, демек байымайсыз.
Сіз қаржылық тәуекелге тым аз барасыз, бизнестік қарыз алмайсыз, демек байымайсыз.
Сізде пайда беретін жаңа идея жоқ, болса да бұлдыр бірдеңе, демек байымайсыз.
Сіз айналаңыздағы базарды зерттемейсіз, сізде менеджменттік сана кем, сізде бизнес жоспары деген атымен жоқ, демек байымайсыз...
– Егер осының бәрін орындасам байимын ба?
– Әрине, не ексең соны орасың, – деді ол. – Бірақ ол кезде сіз қазіргідей болмауыңыз да мүмкін, тіпті сіз ендігі жерде сіз секілді болмауыңыз да мүмкін. Мұны сіздің үрейіңізден де байқауға болады және осы үрей себебінен де байымайсыз.
– Ендеше, өзім болмайтын іске ұрынып қалмай тұрғанда бұл сұрағымды доғарайын. Ал, өзін таба алмай жүргендер болса баюды сынақ етіп көрсін, бәлкім, өзі сонда шығар.


Хайдар АЛПЫ



Рекомендовать
Последние новости