Мемлекеттік арнадағы түрік сериалдары қысқарады - Аида Балаева

Dalanews 24 авг. 2020 12:35 1026

Жаңа маусымда мемлекеттік телеарналарда сериалдар мен ойын-сауық мазмұнындағы бағдарламалар азаятын болады, олардың орнына қазақстандықтарға мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы көрсетілмек. 

Мемлекеттік телеарналарда  жаңа маусымда түрік сериалдары әдеттегіден аз көрсетіледі. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты деп хабарлайды Dalanews.kz sputniknews-ке сілтеп.

Қазақстан президентінің телерадиокешені министр Аида Балаеваның сұхбатын жариялады. Ол жерде министр жаңа маусымда телеарналарда қандай өзгеріс болатынын айтты. Балаева министр лауазымына тағайындалғаннан кейін мемлекеттік телеарналардың жұмысына қатысты көптеген ұсыныс пен сын-пікір айтылғанын мәлімдеді.

"Азаматтардан арналарда ойын-сауық пен сериалдардың көп көрсетілетіні жайлы көптеген шағым түсті. Осыған байланысты жаңа маусымнан бастап шетелдік ойын-сауық мазмұнды бағдарламалар мен сериалдарды сатып алуды 30%-ке қысқартамыз деген шешім қабылданды. Алайда түрік сериалдарын түгелдей алып тастауға болмайды. Бір аудиторияның қамын ойлап, екінші аудиторияны елеусіз қалдыра алмаймыз.  Бір аудитория оны қалап, күтіп отырады. Апаларымыз әр сериал кейіпкерінің тілеуін тілеп отырады. Солармен бірге қуанып, бірге мұңаяды. Ол аудиторияның мүддесін таптай алмаймыз", - деді Балаева.

Министрдің айтуынша, енді телеарнадан отандық өнім көбірек көрсетілетін болады. Елдің әлеуметтік-экономикалық өмірін, мемлекеттік органдардың қызметін, сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың іске асырылуы көрсетілетін бағдарламалар көбейеді деп күтілуде.

"Пандемия экономикалық жағдайға әсер етті, сондықтан біз "әл-Фараби" телеарнасын іске қосудан бас тарту туралы шешім қабылдадық. Бұған дейін екі жаңа арнаның іске қосылатыны хабарланды. Бұл бастама жағдай оңалған уақытқа шегеріліп отыр. Қазір қолданыстағы арналардың мазмұнын жақсарту туралы шешім қабылданды. "Еларна" мәдени-білім арнасы ретінде жұмыс істейді. Сондай-ақ, Kazakh TV арнасына ребрендинг жасалады", - деді Балаева.


Отандық сериалдар мен деректі фильмдерді экранға шығару мақсатында "Қазақфильмнің" негізгі серіктесі болу да министрліктің жоспарында бар.

Сонымен қатар Балаева министрлікте мемлекеттік тапсырыс жүйесіне талдау жүргізілгенін айтты.

"Қазір мемлекеттік бағдарламаларды кеңірек жария етуге, талдау материалдарын көбірек жасауға бағытталған нақты пікірлер бар. Бұл мемлекет саясатын кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді. Белгілі бір бағдарламаларға немесе бастамаларға қатысты сараптамалық пікір әрқашан маңызды. Келесі жылдан бастап жаңа форматта жұмыс істейміз", - деді Балаева.

Рекомендовать
Последние новости