Мемлекетке қарыз "Нұрбанк" БЖЗҚ-ға да қарыз болып шықты, ал ҚНРДА кімнің жағында?

Кәмшат Тілеухан 24 апр. 2025 13:40 211

"БЖЗҚ" АҚ проблемалы эмитенттерден зейнетақы активтерін қайтару бойынша жұмыстар жүргізуде. Осы ретте жуырда қор жасаған мәлімдемеден оншақты эмитенттермен арада сот процесі жүріп жатқаны да белгілі болды. Солардың бірі – "Нұрбанк" АҚ, деп хабарлайды Dalanews.kz.

БЖЗҚ-да проблемалық эмитенттер қалай және қашан пайда болған?

Алдымен осы сауалды тарқатып, жауап іздеп көрелік. Қор ұсынған мәліметке сәйкес, проблемалық эмитенттер – бұл қаржы құралдары бойынша дефолтқа жол берген және олар бойынша өз міндеттемелерін орындауды тоқтатқан компаниялар. Мұндай жағдайда инвесторлар төлемдерді белгіленген күннен кешіктіріп алуы немесе оларды толығымен жоғалтуы мүмкін. Проблемалық активтердің негізгі бөлігі БЖЗҚ-ға 2014 жылы барлық зейнетақы активтерін біріктіру шарасы аяқталғаннан кейін өтті.

Содан бері БЖЗҚ алдында өтелген зейнетақы активтері бойынша берешектің жалпы сомасы 37,37 млрд теңгені құрады. Оның ішінде "Имсталькон" АҚ – 2,8 млрд теңге, "Абди Компани" АҚ – 208 млн теңге (купондық сыйақыны өтеу), "КСМК-2" ЖШС – 7,76 млн теңге (өндірістік атқару аясындағы берешек қалдығын өтеу), "Төрт-Құдық" тау-кен байыту компаниясы" АҚ – 32,8 млн теңге (өндірістік атқару аясындағы өтеу), "РЭМИКС-Р" АҚ – 103,06 млн теңге (өндірістік атқару аясындағы өтеу) қарызын өтеген.

Осылайша 2025 жылғы 15 сәуірдегі жағдай бойынша бағалы қағаздар және екінші деңгейлі банктердегі (ЕДБ) салымдар бойынша борыштарды қоса алғанда, 15 проблемалы эмитенттің берешек зейнетақы активтерінің қалған жалпы сомасы 61,61 млрд теңгені құрады.

Ал талап-арыз жұмысы/ атқарушылық іс жүргізу жүзеге асырылатын эмитенттер қатарына мыналар кіреді: "РЭМИКС-Р" АҚ, "ҚазМұнайХим" АҚ, "Астана-Жылжымайтын мүлік" АҚ, "Mineral Resourses of Central Asia" АҚ, "Төрт-Құдық" тау-кен байыту комбинаты" АҚ, "АПК-Инвест" корпорациясы" ЖШС, "ҚазЭкспортАстық" холдингі" АҚ, "REAL-INVEST.kz" Қаржы компаниясы" АҚ,"Атамекен-Агро "АҚ және "Нұрбанк" АҚ.

"Эмитенттердің бұл тобының номиналды құны бойынша қалған берешегінің сомасы 40,64 млрд теңгені құрайды. Қазір "Эксимбанк Қазақстан" АҚ, "Қазмұнайхим" АҚ, "Астана-Жылжымайтын мүлік" АҚ ("Астана-Қаржы"АҚ) лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары бойынша үш қылмыстық істің мерзімдері тыйылды. Тергеу органдарының сотқа дейінгі тергеу мерзімдерін тоқтату аталған эмитенттердің лауазымды тұлғаларын іздестіру ("Эксимбанк Қазақстан" АҚ және "Қазмұнайхим" АҚ бойынша) және халықаралық тергеу тапсырмасын құзыретті органдарға ("Астана-Жылжымайтын мүлік" АҚ ("Астана-Қаржы"АҚ) жолдауына байланысты жүзеге асырылды", делінген қор мәліметінде. 

БЖЗҚ-ға қарыз "Нұрбанк" жайлы не белгілі?

БЖЗҚ жариялаған қарыздар 10 компания ішінде Нұрбанктің де аты аталады.  

Қор 2024 жылдың соңында аталған банкті сотқа берген. Онда да  2022-2023 жылдары артықшылыққа ие акциялар бойынша дивидендтер төлеуді талап еткен. Талап қою сомасы - 240,8 млн теңге және өсімақы - 25,8 млн теңге.

Өз кезегінде Нұрбанк 2023 жылғы сәуірдегі ҚНРДА қаулысына сілтеме жасай отырып, дивидендтерді төлеуден бас тартты. Ал бұл қаулы арқылы реттеуші орган балансында мемлекеттік көмек ақша бар банктерге өз акционерлеріне дивидендтер төлеуді шектеуді талап етеді. Яғни, мұндай табысты бөлместен бұрын екінші деңгейдегі банк алдымен мемлекеттен алған көмек ақшаны қайтаруы тиіс. Одан кейін де өзіндік капитал көрсеткіші жақсы болса, бұған рұқсат етіледі.

Осылайша Нұрбанк артықшылыққа ие акциялар бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдады, яғни банк мемлекеттік көмек ақшаның бір бөлігін де қайтара алмай отырғанын әрі өз пайдасын мемлекеттік көмек ақшадан ажырата қарастырмағанын желеу етіп. Ақырында, 2025 жылы ақпанда Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты банк 2022 жыл үшін 120 млн теңгеден аса соманы төлеуі тиіс деп шешті, ал талап қоюдың қалған бөліктері қанағаттандырылмады (сот шешімінің күшіне енген-енбегені белгісіз).

"Ручная экономика" телеграм-арнасына берген түсініктемесінде Нұрбанк "егер олар реттеушінің талаптарын орындай алып жатса, дивидендтерді де төлейтінін" айтқан, бірақ мерзіміне қатысты нақты ештеңе айтпаған.

"Нұрбанк артықшылыққа ие акциялар бойынша дивидендтерді төлеуден бас тартпайды. 2022 жылға есептелген артықшылыққа ие акциялар бойынша дивидендтер ҚНРДА-ның №21 (2023 жылғы 27 сәуірдегі) қаулысының талаптарын орындау кезінде толықтай көлемде төленетін болады", – деп түсіндірді Нұрбанктегілер.

2020 жылы 26 ЕДБ-нің ішінде 14 болып тұрған шағын эмитент ретінде Нұрбанк 2017 жылы Данияр Ақышев қолға алған Ұлттық Банктің сауықтыру бағдарламасы аясында көмек ақша алған. Ол кезде орталық банк төрағасы Ерболат Досаев болып тұрған. Сөйтіп Нұрбанк 2032 жылдың сәуіріне дейін, жылдық сыйақы мөлшерлемесі  4%-бен 46,9 млрд теңге жеңілдетілген қарыз ақша алады.

Осы жағынан алғанда, мемлекеттік көмек ақшаны дереу мемлекетке қайтаруды күйттеген болып, ҚНРДА акционерлерге ғана емес, БЖЗҚ-ға да дивидент төлемеуді бұйыра, аяқ-асты банктер жағына шығып отырған секілді көрінеді. Сырт көзге олигархтарды, банк қожайындарын жазалау секілді көрінетін бұл шараның, міне осындай да томпақ тұсы бар.

Айта кетсек, Нұрбанктің 2022 жылғы табысы  5,7 млрд теңгені, 2023 жылы - 7,7 млрд теңгені, 2024 жылы – 13,2 млрд теңгені құрады. Банк қожайыны - олигарх Рашит Сәрсеновтың ұлы Эльдар Сәрсенов. Forbes журналының мәліметінше, бұл отбасы "Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкері" тізімінде 9-шы орында әрі байлығы 970 миллион долларға бағаланады. 

Бұған дейін сайтымызда "Өкіртіп табыс тапса да мемлекеттен алған қарызын қайтармай жүрген қай банктер" деген мақала жарияланған болатын. 


Рекомендовать
Последние новости