Қазіргі заманда жаһандану мен цифрлық технологиялардың дамуы адамның өмір салтына ғана емес, оның рухани болмысына да елеулі әсер етуде. Осындай ауқымды өзгерістер кезеңінде халқымыздың рухани тірегі – ұлттық құндылықтар мен дәстүрлердің орны ерекше. Бұл туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры, қылмыстық құқық, процесс және криминалистика кафедрасының оқытушысы А.Шәріпова өз пікірін білдірді.
Ғалымның айтуынша, қазақ халқының рухани дүниетанымы ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи тәжірибе мен дәстүрге негізделген.
«Соңғы жылдары жастардың өз тамырын іздеуге, тілі мен тарихына қызығушылығының артуы –кездейсоқ үрдіс емес. Бұл – ішкі қажеттілік, рухани іргетасқа қайта оралу дегенге саяды. Демек, бүгінгі буын өзінің түбін, тегін іздеп жатыр», – деді ол.
Оның пікірінше, қазіргі кезде көптеген қазақы дәстүрлер қайта жаңғыру үстінде. Мысалы, ас беру, үлкенге құрмет көрсету, ұлттық киім кию, дәстүрлі күй тыңдау сияқты құбылыстар қала жастарының арасында да кеңінен таралып келеді.
«Тіпті ұлттық стильдегі үйлену тойлары да сәнге айналды. Бұл – дәстүрдің жаңаша жаңғыруы, оның заманауи қоғамда өз орнын табуы. Ертең ұрпақ осылайша өзінің ұлттық жадын табады», – дейді профессор.
Шәріпова ұлттық тәрбиеге қатысты: «Бала тәрбиесінде жеті атасын білу, үлкенге ізет көрсету, отбасылық байланысқа адалдық – бұлар тек салт емес, тұлғаның мінез-құлқын қалыптастыратын тетік», – деп атап өтті.
Сондай-ақ ол ұлттық өнердің – зергерлік бұйымдар, қолөнер, кесте тігу, терме айту сияқты бағыттардың қайта жандануын да оң құбылыс деп есептейді. Оның айтуынша, бұл халықтың ішкі рухани әлеуетінің әлі де жоғалмағанын, керісінше, жаңа серпін алып жатқанын көрсетеді.
«Дәстүрді сақтау – оны сол күйінде көшіріп қайталау емес. Ең бастысы – оның мәнін, мағынасын түсініп, оны бүгінгі заманға лайықтап ұсына білу. Сонда ғана ол тірі дәстүрге айналады», – деді ол.
Шәріпованың пікірінше, ұлттық құндылықтар – ұлтты ұлт етіп ұстап тұрған рухани тұғыр. Ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызға құрмет – бұл тек өткенге тағзым емес, болашаққа бағытталған қадам. Себебі болашағын танығысы келетін халық, ең алдымен өз тамырын тануы тиіс.