Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили 2022 жылдан бері жатқызылған Тбилисидегі клиникадан шығарылып, қайтадан «12-нөмірлі түзету мекемесіне» (Рустави түрмесіне) жеткізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол жазасын жалпы тәртіппен осы жерде жалғастырады. Бұл туралы 12 қараша, сәрсенбі күні Грузияның Арнайы пенитенциарлық қызметі Facebook парақшасында хабарлады.
Жазбада Саакашвилидің қазіргі денсаулық жағдайы «қанағаттанарлық» деп көрсетілген, сондықтан оған стационарда емделу «қажет емес» делінеді. Сонымен қатар, пенитенциарлық қызмет саясаткердің жеке дәрігерінің шешіміне сілтеме жасаған.
Саакашвилиге қатысты қылмыстық істер
Экс-президент 2021 жылдың 29 қыркүйегіне қараған түні Грузияға қайтып оралған. Тергеу мәліметінше, ол Грузияның Поти портына «Вильнюс» кемесімен жасырын келіп, жүк көлігінің ішіне тығылған. Саакашвили 2 қазандағы сайлауда билеуші «Грузин арманы» партиясына қарсы дауыс беруге шақырып, Facebook-ке видео жариялаған. Кейінгі видеосында халықты наразылыққа шығуға үндеп, сайлау фальсификациялары болуы мүмкін екенін айтқан. Полиция мен арнайы қызметтер 1 қазанда оның қайда екенін анықтап, Тбилисидегі жүк көлігінің жүргізушісінің пәтерінен ұстап, қамауға алған.
2021 жылдың қазанында Саакашвили түрмеде аштық жариялап, оны 50 күн ұстады. Ол аштығын тек Гори қаласындағы әскери госпитальға реабилитация үшін ауыстырылғаннан кейін тоқтатты. Алайда 2022 жылдың 21 ақпанында түрмеге қайта оралған соң тағы да аштық жариялады. Бұл жолы 20 күнге созылды. 12 мамырда жағдайы нашарлаған соң ол түрмеден Тбилисидегі «Вивамеди» жеке клиникасына ауыстырылды. Ол жерде жеке палатада күзетпен жатты. 2023 жылдың 31 қаңтарында Украина Жоғарғы Радасының депутаты Елизавета Ясько Саакашвилидің жағдайы тым ауырлап, реанимацияға түсті деп мәлімдеді. Алайда клиника бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Қазір Саакашвили депутат Валерий Гелашвилиді соққыға жыққаны және банк қызметкері Сандро Гиргвлианидің өкілдерін кешіріммен босатуы ісі бойынша алты жылдық жазасын өтеп жатыр. 2025 жылдың 12 наурызында Тбилиси қалалық соты оны бюджеттен 9 млн лариді (шамамен 3 млн еуро) ысырап ету ісі бойынша тағы тоғыз жылға соттады. 17 наурызда сол сот оған мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қосымша 4,5 жыл жаза қосты. Жазаларды ішінара біріктіргеннен кейін саясаткердің жалпы түрме мерзімі 12 жыл 6 айға жетті.
