2025 жылы қазанда Қазақстанда инфляция 12,6 пайызға жетті. Қымбатшылық турасында қоғамда түрлі пікір бар. Соның бірі - маркетплейстердің әсері туралы пікір. Алайда сарапшылар мен халықаралық зерттеулер бұл пікірді жоққа шығарады. Бұл туралы ranking.kz сарапшылары тарқатты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Маркетплейстер инфляцияны емес, бәсекені арттырады
Қазір онлайн сауда - Қазақстандағы бөлшек сауданың небәрі 14 пайызы. Оның ішінде маркетплейстердің үлесі одан да аз. Демек, сарапшылардың пікірінше, инфляцияға әсері шектеулі.
"Керісінше маркетплейстер бағаның ашықтығын арттырып, кәсіпкерлер арасында бәсекелестікті күшейтеді. Бір тауарды бірнеше сатушыдан салыстыра алу тұтынушыға тиімді баға таңдауға мүмкіндік береді, ал бизнес өкілдері бағаны көтерудің орнына сервисті жақсартуға тырысады", - деп жазылған мәліметте.
Бағаны ұстап тұратын факторлар
Онлайн сауда дәстүрлі дүкендерге қарағанда шығынды азайтады: ғимарат жалдамайды, қызметкерлер және делдалдар саны қысқарады. Бұл баға көтерілуіне тосқауыл болады.
"Сонымен қатар, маркетплейстердің жеңілдіктері, акциялары және промокодтары баға қысымын азайтып, тұтынушыларға тиімді ұсыныстар жасайды", - деп жазылған мәліметте.
Халықаралық зерттеулер не дейді?
Сарапшылар Еуропалық орталық банк пен Польша Ұлттық банкі жүргізген зерттеулерге сүйенген. Мәлімет бойынша электрон сауда инфляцияны баяулатады.
-
Онлайн транзакциялар үлесі 1%-ға артқанда инфляция шамамен 0,03%-ға төмендейді.
-
2004–2024 жылдар аралығында электрон сауданың дамуы баға деңгейін орта есеппен 10%-ға төмендеткен.
Қорытынды
"Маркетплейстер бағаны өсіретін емес, керісінше тұрақтандыратын факторға айналып отыр. Онлай сауда инфляцияны үдетпейді, ол бәсекелестікті арттырып, нарықты ашық әрі тиімді етеді", - деп түйіндеді сарапшылар.
Қысқасы, "маркетплейстер - бағаның жауы емес, тұтынушының досы", - дейді дереккөз.
