Қазақстан мектептерінде жыныстық сауатқа арналған арнайы сабақтар әзірге енгізілмейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет кулуарында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстардың жиілеп кетуіне байланысты министрден мектептерде жыныстық тәрбие сабақтарын енгізу мәселесі туралы сұрақ қойылды.
“Менің ойымша, ең алдымен ата-ананың жауапкершілігін арттыру қажет. Мұндай тақырыптар әрдайым отбасында қозғалуы керек деп есептеймін. Сондықтан біз арнайы ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтарын аштық. Ол жерде психологтар ата-аналарға балалармен қалай сөйлесу керек, оларды қалай тәрбиелеу қажет екенін түсіндіреді. Ең тиімді әрі дұрыс жол – ата-ананың өзі бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауы. Әрине, мектеп те бұл жауапкершіліктен тыс қалмайды. Бірақ бар жауапкершілікті мектепке артып қою дұрыс емес деп ойлаймын”, – деді министр.
Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға бағыт-бағдар беріп, қажетті кеңес ұсынуға дайын. Алайда мектептерде арнайы жыныстық тәрбие сабақтарын енгізу мәселесі әзірге күн тәртібінде тұрған жоқ.