Қазақстандық танымал рэпер Qurt-тың (шын аты – Дамир Қойшыбаев) әйелі Аружан Қойшыбаева әлеуметтік желі арқылы күйеуін тұрмыстық зорлық-зомбылық жасады айыптады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аружан Instagram парақшасында денесіндегі көгерген жерлерді көрсететін суреттерді жариялап, 27 маусымда таңғы сағат 10 шамасында күйеуі белбеумен бір сағат бойы соққыға жыққанын жазды. Оның айтуынша, бірінші белбеу сынып қалғаннан кейін ол басқа белбеумен ұруын жалғастырған.
"Пәтерден шыға алмадым. Содан кейін айғайлап, көмек сұрай бастадым. "Көмектесіңіздер, құтқарыңыздар, өлтіргелі жатыр" деп айқайлағанымды көршілер естіп, мені құтқарды", – деді ол.
Аружан бұған дейін болған жағдайларды жарияламағанын, себебі күйеуіне сезімі болғанын айтты. Алайда, оның айтуынша, Дамир істеген ісіне өкініш білдірмеген.
Ол барлық дәлелді құжаттап, полицияға ресми арыз жазуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Алайда Qurt пен достары оған қысым көрсетіп, шағымнан бас тартуға мәжбүрлегенін де жасырмады.
"Ол достарымен келіп, мені видеоға түсіріп, ешқандай шағымым жоқ деп айтқызды. Қазір кейбіреулері мені қорқытып жатыр. Адвокат жалдау үшін көмек керек", – деді ол.
Сонымен қатар, Аружан өзінің жүкті екенін де айтты.
Астана қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 27 маусымда тіркеліп, құқықбұзушы уақытша ұстау бөлмесіне қамалған. Оған қатысты қорғаныс ұйғарымы шығарылып, әкімшілік іс сотқа жіберілген.
Алайда сотта тараптар татуласқан. Полиция бұл іс бойынша қосымша тексеріс жүргізіліп жатқанын және қажет болған жағдайда қылмыстық іс қозғалатынын хабарлады.
Айта кетейік, 24 жастағы Дамир Қойшыбаев Qurt лақапатымен танымал. Ол Скриптонит, Truwer және 104 секілді белгілі рэперлермен бірге жұмыс істеп, тыңдармандар арасында танымалдылыққа ие болған.