Антикордың бұрынғы басшысы Талғат Татубаев ұсталғаны расталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл ақпаратты Бас прокуратура растады.
"3 шілдеде Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігінің 1), 2) тармақтарында көзделген қылмысты (азаптау) жасады деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы басшысы Т.М. Татубаев ұсталды", - деп жазылған хабарламада.
Қазір соталды тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Elmedia басылымының дереккөзіне сүйенсек, Талғат Татубаевқа "БТА банк" қызметкерлеріне қатысты азаптау тәсілдерін қолданды деген ауыр айып тағылып отыр. Бұл дерек бұрыннан бері құқық қорғаушылар мен адвокаттар тарапынан көтеріліп келе жатқан, банк активтері үшін болған қақтығыс кезеңіндегі ірі істің жалғасы болуы мүмкін. Татубаев осы іс аясында азаптау әрекеттерін ұйымдастырушы немесе қатысушы ретінде тергеліп жатқаны айтылған.
Бұл іс Бас прокуратура жанынан құрылған арнайы ведомствоаралық тергеу тобының бақылауында. Сондай-ақ, дереккөздің хабарлауынша, прокуратура мен құқық қорғау органдарында қызмет атқаратын Қожамжаровтың басқа да жақын серіктері Татубаевты қамаудан босатып алуға әрекеттеніп жатқан көрінеді.