Мақтааралда спартакиада басталды

Dalanews 09 нояб. 2018 15:06 1140

Бүгін Мақтааралда ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында спорттың 5 түрінен «Ұландар достығы ұлт бірлігіне ұласады» атты спартакиада ойындары басталды. Аудандағы этномәдени орталықтарынан құралған командалар кіші футбол, волейбол, арқан тартыс, үстел теннисі, армрестлингтен жарысуда.

Спартакиаданың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында 90 түрлі іс-шаралар өтіп жатқанын атап өтті. Соның бірі – бүгінгі спартакиада.

«Құрметті жарысқа қатысушылар! Мақтааралдың тарихы да, кешегі ерлік күресі де, адамдарының қайтпас қайсарлығы мен мұқалмас жігері де барлығы біздің есімізде. Сіздер еңбегімен танымал болған құрыш қолды аптал азаматтардың ұрпағысыздар. Бүгінгі іс-шараны өткізудегі мақсат – жастардың арасында бұқаралық спортты насихаттай отырып, дені сау, рухы мықты, жаһандық бәсекелестікке төтеп бере алатын жас ұрпақты тәрбиелеу. Болашақта киелі Мақтаарал ауданының мерейін асқақтататын Сіздерсіздер! Сондықтан, бүгінгі жарыста белсене ойын көрсетулеріңізді сұраймын» - деді Алтын Күнтуқызы.

Жиында сөз алған аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Суннат Кенжебаев спартакиадаға қатысушыларға сәттіліп тілей отырып, жарыстың ережелерін түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, спартакиаданың төрешілерін таныстырып, жарыстың әділ өтуі үшін тәртіп болуы керектігін айтты.

Айта кетейік, спартакиадаға ауданға қарасты 2 кент пен 9 ауылдық округтегі этномәдени орталықтарынан оннан аса командалар қатысуда. Жарыстың нәтижесі туралы алдағы уақытта хабарлаймыз.



Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости