Маңғыстауда «Адай тарихы» кітабының тұсаукесері өтті

Dalanews 25 дек. 2021 07:26 1001

Ақтауда облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әнес Сарайдың «Адай тарихы» кітабының тұсаукесері өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға Әнес Сарайдың жұбайы Алтыншаш Жағанова, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов пен өңірдің зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылары қатысты.

Әнес Сарай өзі көзі тірісінде баспаға әзірлеп кеткен жаңа еңбек көне тас дәуірі мен Алашорда кезеңі аралығындағы Маңғыстау өлкесінің тарихын қамтиды. Онда Әнес Сарай қазақ хандығының елеулі оқиғаларына, адай руының ұрпақтарына, адайлардың басқа рулармен қарым-қатынасына тоқталады.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев шараға қатысушыларды жинақтың тұсаукесерімен құттықтап, Әнес Сарайдың қазақ әдебиетіне қосқан елеулі үлесін атап өтті.

– «Адай тарихы» еңбегі адай руы жайында ғана жазылмаған. Онда миллиондаған жылдар бұрын қазақ жерінде орын алған оқиғалар кезең-кезеңімен кірістірілген. Өткенді ұлықтау-өскендіктің белгісі демекші, жас буынға Отанының тарихын, халқының дәстүрін білу шарт. Бұл орайда Әнес ағамыздың еңбегі өлшеусіз. Жаңа жинақ – ел руханиятын дамытуға қосылған тағы бір шығарма, – деді Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, Әнес Сарай қазақ тарихына қатысты бұрын айтылмай, айналысқа түспей жүрген ғылыми деректерді зерттеп, «Еділ-Жайық» трилогиясы, «Исатай мен Махамбет», «Асылдың сынығы», тағы да басқа әдеби еңбекті жарыққа шығарды. Ол «Еділ-Жайық» романы үшін 1992 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болған. 2021 жылдың ақпан айында белгілі жазушы Әнес Сарай дүние салды.

Рекомендовать
Последние новости