Бүгін Мәжіліс депутаттары Сенаттың "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға енгізген түзетулерімен келісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сенат ұялы байланыс операторларына алаяқтыққа қарсы ішкі жүйелер құруды және рұқсат етілмеген трафикті бұғаттауды, сондай-ақ жалған қоңыраулар шалынған абоненттік нөмірлерді бұғаттауды және олар туралы ақпаратты Ұлттық банктің Алаяқтықпен күрес орталығына беруді талап етуді ұсынды.
Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен кредиттік бюро арасында әскери қызметшілерді міндетті әскери қызметке шақыру туралы ақпарат алмасу тәртібі туралы қағидалар күшейтілетін болады. Әскери қызметшілерге несие беруге тыйым салу олардың міндетті әскери қызметке шақырылуы туралы ақпарат кредиттік есепте көрсетілгеннен кейін күшіне енеді.
Бұған дейін Сенат депутаттары аталған заң жобасын Мәжіліске қайтарған болатын. Құжат нормалары бәсекелестікті арттыру және банк секторына инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасауға, сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын дамытуға, қаржылық қолжетімділікті арттыруға, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қимылдардың жолын кесуге бағытталған.