Мәдениеті өскен ел – өркениетке көшкен ел

Dalanews 21 мая 2024 14:58 3445

Қай кезеңде болмасын мемлекеттің даму сатысында мәдениеттің, өнердің, әдебиеттің орны ерекше. Өйткені мәдениет пен өнер – қоғам келбеті, ұлттың діңгегі, адамзат баласының рухани азығы, сарқылмас байлығы, асыл қазынасы.

Ел руханиятының, қоғамның қозғаушы күші мәдениетте екенін қойнауы қатпар қарт тарих талай дәлелдеп берді. Елдің өткені мәдениетпен біте қайнасып, ұлт өнерімен үндесіп жатыр. Әр ұлт өзіне ғана тән, ешкімге ұқсамайтын болмыс-бітімін даралап, өзіндік тарихын айқындайтын мәдениеті болады. Мәдениет арқылы ұлттың бет-бейнесін, рухани болмысын, парасат-пайымын көреміз. Дамыған ел ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, әдебиетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен мақтанады. Сөйтіп тек өзінің төл мәдениетімен әлемге танылады. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Демек, мәдениеті өскен ел - өркениетке көшкен ел.


Айта кетерлік, 2013 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығына сәйкес, 21 мамыр -Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні деп бекітілген болатын. Содан бері еліміздің барша өнер, мәдениет қызметкері кәсіби мерекесін дәл осы күні атап өтеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі – мәдениет қызметкерлерін қолдау деген сөз. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Құлақтан кіріп бойды алар тәтті әуен мен күмбірлеген күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би, рухани байлық сыйлайтын театр, кітапхана бәрі де осы мәдениет ұғымы аясында бірігіп, елге қызмет етіп келеді. Еліміздің атын шығаратын да – мәдениет пен өнер. Мәдениетке серпін беру шындығында да қажет»,- деген еді.

Сала мамандары соңғы жылдары елімізде музей, мәдениет, әдебиет, өнер саласы мен кітапхана ісіне көп көңіл бөлініп, мәртебелі мамандық иелеріне мемлекет тарапынан салиқалы қолдау көрсетіліп келе жатқанына ризашылықтарын білдіріп, әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Райхан Имаханбет, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры:
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі 1993 жылы ұйымдастырылып, 1998 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ұлт ұстазының 125 жылдығында ресми түрде ашылды. Өкінішке қарай, сол кезеңнен кешегі мемлекет балансына алынғанға дейін жеке қордың меншігі ретінде тіршілік етіп келді. Қоғамға танымал болғанымен, оның ахуалы көш ілгерілейтіндей жағдайда емес еді. 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алматы қаласының меншігіне беріліп, 2021 жылы 13 қазанда мемлекет қарамағына өтіп, мемлекеттік мәртебе алды.

Содан бері жағдайымыз оңалды. Бұрын әмбебап Ахмет атам сияқты жалғыз өзім бар жағына жетуге үлгертіп жүрсем, қазір 13 штат бөлінген, оның үшеуі - техникалық қызметкер, екеуі - ғылыми қызметкер, екеуі - экскурсия жетекшісі, екеуі – қараушы, бөлім меңгерушісі, өзім Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі ретінде елге қызмет етіп келе жатырмыз.
Қасым-Жомарт Кемелұлының үлкен қолдауының арқасында 2022 жылы ғалымның 150 жылдығын мерекелеу қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі күрделі жөндеуден өтіп, 1998 жылы берілген жанындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы саябаққа еңселі ескерткіш қойылды. Оған Мемлекет басшысы өзі келіп, ресми ашылуын ел алдында үлкен қошеметпен салтанатты түрде атап өтті. Осы кезге дейін қоғамдық негізде болған менің жұмысымның көбі еленбей келсе, қазір «ҚР Мәдениет саласының үздігі» деген төсбелгі алдым.

Ахмет Байтұрсынұлының өміріне қатысты құжаттар қайта жаңғырды. «Ғасыр саңлағы» атты әдеби туынды жұртшылықтың назарына ұсынды. Одан бөлек көптеген құжаттар қайта зерттеліп, Ахмет Байтұрсынұлының он екі томдығын шығардық. Қазір ұлт ұстазының альбомын жинақтап шығарудамыз. Осының бәрі мемлекеттің үлкен қолдауының арқасында атқарылып жатқан іс-шаралар. Бүгінгі күні мезейдің жанында ашылған Ахметтану оқу орталығы республиканың түкпір-түкпіріндегі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептермен тығыз байланыста жұмыс істеп отырмыз. Ғалымның 150 жылдығына орай елдегі 43 мектеп пен көптеген көшеге Ахмет Байтұрсынұлының аты берілді. «Ұлт ұстазы» деген алты сериалы телехикая түсіріліп, көрермен назарына ұсынылды. Өткен жылы қоғам қайраткерінің күреске толы тағдырының мәлім де беймәлім қырларын паш ететін «Соңғы үкім» деп аталатын толықметражды тарихи драма түсірілді, 23 мамырдан бастап отандық кинотеатрларда аталған көркем фильмнің премьерасы көрсетіледі.

Байғали Есенәлиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер: Құрметті мәдениет пен өнер саласындағы әріптестерім және осы мәдениет пен өнерді бағалайтын Қазақ елі! 21 мамыр –мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Жер бетіндегі барлық ресурстардың таусылатын кезі болар, немесе бірін-бірі алмастырар. Көмір таусылса, ағаш болар, ағаш бітсе газ болар, көгілдір отын қоры сарқылса мұнай болар. Бірақ ешнәрсе орнын алмастыра алмайтын нәрсе бар, ол – мәдениет пен өнер. Адамзат барда өнер мен мәдениет бар. Сондықтан да ұлы халқымыздың өнері әлемдік мәдениеттердің алдыңғы қатарында болуын шын жүрегіммен тілеймін.
Ақпаратқа сүйенсек, елімізде 73 театр жұмыс істейді, оның ішінде 39 драма, 11 қуыршақ, 7 – жас көрермен театры, 4 опера және балет театры. Театр саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Алып шаһарда 23 театр жұмыс істейді екен. 2020 жылы елімізде алғаш рет 5 мәдениет ұйымына Президент Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесі берілді.

Ел игілі үшін атқарылып жатқан шаруа өте көп. Мәдениет ошақтарын қалпына келтіру, жаңғырту, жөндеу жұмыстарын жүргізу мемлекет назарында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет, өнер, ғылым, шығармашылық адамдарын ынталандыру үшін «Халық жазушысы», «Халық әртісі» деген атақтарды қалпына келтіремін деп уәде берген еді. Былтыр сол уәдесінде тұрып, жазушыларымыз бен әртістеріміз сол атаққа ие болып, төбелері көкке жетіп жатыр. Мәдениет пен өнердің туын көтеріп жүрген бауырларыма шығармашылық шабыт тілеймін! Өздерінің өршіл рухтарымен халқымызды қуантып, жаңа туындылар жарық көре берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Мереке құтты болсын, бауырлар !

Бақыт Беделхан, ақын, И.Крылов атындағы балалар кітапханасының жетекшісі: Кітапхана – құтхана. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде кітапхана ісін өркендетуге бей-жай қарауға болмайтынын айтып, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін жеткізді. Президент өте дұрыс бастама көтерді. Алматы мен Астанадағы оқырман мәселесіне мән беру және кітапхананы құтханаға айналдыру – өте орынды және кезек күттірмейтін дүние. Бұл Алматы мен Астанаға ғана емес, барлық облыс орталықтарына осындай дүние болуы керек. Айта кетерлік, Алматыда 27-28 кітапхана бар. Оның өзі ұлттық идеологиялық негізде емес. Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы мен С.Бегалин атындағы қалалық балалар кітапханасынан басқа не бар? Ұлттық кітапханамыздың өзінің аты жоқ, заты жоқ. Бұдан басқа қалада кітапханалардың көбінің де аты жоқ, тек нөмірмен белгіленген. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын.

Кітапхана – ұлттық идеологияның негізі. Сондықтан әрқайсысына ақын-жазушылардың атын беріп, идеал тұлғаға айналдыруымыз керек. Б.Соқпақбаев атындағы кітапхана, А.Байтұрсынұлы атындағы ұлттық кітапхана, Ыбырай Алтынсарин атындағы кітапхана деген сияқты біздің ұлы тұлғаларымызды тұғырына қондырып, ту қылып көтере білуіміз керек. Атақ-даңқ үшін емес, ұрпақ тәрбиелеу үшін қажет. Сол кезде оған жан бітеді. Жастар да мақтанышпен, үлкен жауапкершілікпен қарайды. Президентіміз «мемлекеттік идеология», «дәстүрлі идеология» деп қадап айтты. Бұл өте өзекті, дер кезінде көтірілген мәселе. Менің қосарым, кітапханаларға ұлылардың атын беріп, тұлғаларды идеал тұта отырып, ұрпақ тәрбиелейтін мектеп құру керек.


Гүлмира Нәлібай, «Шалқар» радиосының жүргізушісі, журналист, ҚР Мәдениет саласының үздігі: 21 мамыр – отандық өнер саласында талмай, тынбай еңбек етіп жүрген, халықтың әр күнінің әдемі ән, би, күй, керемет қойылымдармен көркем етуіне үлес қосып жүрген мәдениет қызметкерлерінің күні. Соңғы жылдары елімізде осы мерекеге ерекше көңіл бөліне бастағандай. «Осы күнді біз талай жылдар армандадық, күттік» деп өнер адамдарының қуаныштарын бөліскені әлі есімде.


Мәдениет – қоғам айнасы. Адамның рухани байып, шаттықпен шалқып жүруі, халықтың жан дүниесінің таза болуы мәдениет саласында еңбек етіп жатқан жандарға байланысты. Қазір халықтың бос уақыты жоқ. Күйбең тірліктен шаршаған жұрт бір уақыт өзіне көңіл бөліп театрға, қойылымдарға, концертке барса, жан дүниесі тазарып, рахаттанып, мол бақытқа кенеліп, өмірді басқалай сезінуге мүмкіндігі ашылады, бір сергіп қалады. Әсем әуен –адам жанын тебірентетін, ерекше күй кештіретін, көңіл-күй сыйлайтын өзге әлем. Әдетте, музыканы «көңілдің кілті» деп атайды. Әуезді ән мен күмбірлеген күйді тыңдаған адамның шаршағаны басылып, бір жаңа леппен, жаңа деммен күш алып қайтады. Осындай керемет киелі сахнада еңбек етіп жүрген қиын да қызық мамандық иелеріне, әрине, қатты риза боласың. Өйткені, “ән салсаң, жаныңды жеп айт”,- дейді ғой, олар – нағыз еңбектің иелері. Бүгінде мемлекет тарапынан мәдениетке, рухани салаға деген жаңа көзқарас қалыптасып келе жатқанын, өнер адамдарына деген ерекше құрметті байқаймыз. Олардың еңбектері бағаланып жатқанына қуанамыз. Оны біз Үкіметтің, Мемлекет басшысының қабылдаған шешімінен көріп отымыз. Өнер адамының беделі, оның қоғамдағы орны көп нәрсеге қатысты анықталады ғой.

Соның бірі –  25 жыл үзілістен кейін «Халық әртісі» атағы қайта қолға алынды. Өткен жылы Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.

«Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлері Д.Ахимовқа, М.Токарев пен Д.Ақмолдаға, опера әншілері Ш.Әбілов пен Т.Күзенбаевқа, атақты әншілер Р.Стамғазиевке, Д.Құдайбергенге және күйші А.Үлкенбаеваға берілді.
Өнер адамдарының жалақы мәселесі де жолға қойыла бастады. Менің бір айтарым бар, олар мереке күндері демалмайды. Сол кездерде қосымша сыйақы тағайындалса, нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен, өнер адамдары бір күнде бірнеше жерде концерт қоюы мүмкін. Сосын олардың марапатқа ұсынылу жағына да ерекше мән берілсе деген ұсынысым бар. Мұның бәрі үлкен жұмыс, сондықтан да осы салада еңбек етіп жатқан барша өнер иелерін, өнерпаздарымызды, әнші, күйші, бишілерімізді, т.б. көрінбей жүрген режиссер, дыбыс режиссері, суретшілер, сахна безендірушілер басқа да, мысалы, қарапайым ғана есіктің алдында тұратын күзетші қызметкерлерден бастап, сол сахнаның еденін жуатын жандарға дейін мен мерекелерімен құттықтағым келеді!

Нағыз еңбек – Сіздердікі! Әркез шабыттарыңыз шарықтай берсін, шаршамаңыздар! Алла сіздерге төзім, күш-қуат берсін! Жарқырай беріңіздер! Мен журналистика, радиожурналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келемін. Көптеген концерттерді жүргіземін, сценарий жазамын, ұйымдастырушымын. Мен де осы саланың бір адамымын десем, артық айтқаным емес. Сондықтан да, бұл менің де мерекем. Концерт жүргізу барысында мен сондай бір керемет бақытқа бөленемін. Бір концертті ұйымдастыру барысында көрерменнің ықыласын, лебізін естісем, тіпті бақытты бола түсем. Сондықтан да, мереке-мерекеге жалғаса берсін деймін. Осы журналистика және мәдениет саласын қатар алып жүрген еңбегім еленіп, осыдан 5 жыл бұрын “ҚР Мәдениет саласының үздігі” деген төсбелгі алдым. Мұның бәрі қазағымның өнері үшін, қазағымның көңіл-күйі үшін деп ойлаймын.


Рекомендовать
Последние новости