Күншуақ

Dalanews 28 авг. 2015 10:19 816

«Бастық деген Назарбаев емес пе?..»

Осы жылдың қасиетті Рамазан айының соңғы он күндігі еді. Үйге Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы бастаған ҚМДБ қызметкерлерін шақырып, ауызашар беруді жоспарлап отырғанбыз.

Алланың сыйға берген 5 жасар қызымыз Мәриям ойын баласы болғанмен, біздің ісімізге, әрбір сөзімізге ден қойып, соңынан сұрақты қарша боратады. Алла зейінін арттырсын деп тілейміз. Үйдегілер: «Журналистің қызы ғой... Түсінуге болады», – деп «тергеуші» Мәриямның әкетайын әркез «жұбатып» қояды.

Имамдарды ұдайы қарапайым болуға үндейтін мүфти-хазіретіміз баяғы қарапайым, адамгершілік қалпымен біздің бұл ниет-тілегімізді қабыл алды. Қадірлі қонағымызды күтудің қамын ойластырып отырғанбыз. Орта жолдан Мәриям әдеттегі «тергеушілік» «қызметіне» кірісіп кетті.

– Әкетай, ауызашарға кім келеді сонда?

– Мүфти-хазірет келеді, қызым.

– Сонда оның аты «мүфти», ал фамилиясы «хазірет» пе?

– Ол менің жұмыстағы бастығым, қызым.

– Бастық деген Назарбаев емес пе?..

Осы әңгімені үйге келгенде Бас мүфтиге айтып бердім. Еріксіз күліп жіберді. Рамазанның соңғы күнінде осындай ғибратты басқосу өтті. Мәриям мүфтиге әнін шырқап, тақпағын айтып берді, бәрімізді мәре-сәре етті.

 

«О-о-о-й, әкетай, қыз боп қапсыз ғой...»

Тағы да сол Рамазанның кезі. Бала байқағыш келеді екен. Тебіндеп шыққан сақалым бар болатын. Оны баптап, басып тұрмаса да болмайды. Әйтпесе, көзге оғаш көрініп кетеді.

Діни салада қызмет еткенмен, қоғамдық ортаны да ескеру керек. Көзге көрінер-көрінбес аздаған сақалды баптаймын деп бірде жөнсіз қырып алдым. Көзге біртүрлі көрініп қалды. Түгел қырып тастауға тура келді. Сол қалпы қалдыруға тағы ұят. Екінші қызым 3 жасар Зейнепті үйдің ауласына ойнатуға алып шыққам. Бетіме қарап, бірден байқады да: «О-о-о-й, әкетай, қыз боп қапсыз ғой...» деп, өзінше бағалап, бұл жағдайға нүкте қойды. Ойын баласы да мұны байқаған екен. Не айтарымды білмей, кідіріп қалыппын. Жарасымды сақал ер кісіге көрік беретінін балалар да біледі-ау шамасы.

 

«Ораза айт бітпесінші...»

Рамазан айын аман-есен бітіріп, ораза айтты отбасымызбен тойлап жүргенбіз. Кішкентайларды әбден ойынға «тойдырдық». Тәтті тағамдарын да әпердік. Бәрі ораза айттың қадірін арттыра түсейік деген ниет қой. «Қыздарым, бүгін ораза айт. Бүгін сіздердің айтқандарыңыз болады», – деп қоямыз көңілдерін одан сайын көтеріп.

Батуттың шаңын шығарып, түрлі балмұздақ жеп, кешке үйге қайтып келе жатқан бетіміз. Ораза айттағы көңілді күннен әсер алған Мәриям: «Әкетай, анашым, ораза айт бітпесінші осы. Күнде-күнде бола берсінші», – деп бізден бұл «мәселені» шешіп беруімізді өтінді. «Сіздер ақылды боп, тәртіпті қыз болып жүре берсеңдер, күнде осындай «ораза айт күнін» ұйымдастыра береміз», – деп қоямыз «өтінішін» жерге тастауға ұялып...

Бала көргенімен, жастайынан санаға түйгенімен өмір сүреді. Рухани, ұлттық құндылықтарды кішкентай кезінен бойына дарыта берген жөн. Сонда имани иммунитет қалыптасатыны сөзсіз.

 

«Ей, ішпеңдер, арақ боп қаласыңдар...»

Құдайдың құдіреті. Алла адам баласына ненің жақсы, ненің жаман екенін бала кезден жүрегіне ұялатып қояды. Арақ пен темекіні «кәкәй» деп, су мен шырынды «әйәй» деген талай сәбиді көрдік. Жуырда осындай жағдайдың тағы біріне куә болдық.

Кезекті демалысты пайдаланып, 10 жыл оқып, қызмет еткен әсем шаһарымыз Алматыны сағынып, отбасымызбен қалаға қыдырып барғанбыз. Астана бізді өзіне тез баурап алғанмен, Алматының жөні, орны бөлек екен. Туысқандарды зиярат етіп, аз-маз демалған соң Елордаға қайтар күніміз де жақындады. Бауырым Жұмабек вокзалға шығарып салатын болды. Балалар үшін жолай дүкеннен шырын, сусын, т.б. заттар алып берді. Кішкентайларға шырын, ал маған бөтелкедегі «буратиноны» ұсынды. Мәриям бірден: «Әкетай, ол не? Арақ па?» деп сұрақты төтесінен қойса бола ма? Осы сөзден кейін шөлмекті ауызға алуға ұялады екенсің. Ондай бөтелкені көрмеген 3 жасар Зейнеп қызым Мәриямнан кейін іле-шала: «Ей, оны ішпеңдер, әтпесе арақ боп қаласыңдар», – деп, «насихатын» айта жөнелді. Иә, күлмекке жақсы. Арақ боп қаласыңдар дегені – жаман боп қаласыңдар дегені ғой. Періште тілек. Бала тілі – бал дегені осы.

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі           

 

 

Рекомендовать
Последние новости