Қазақстанда ұсынылып отырған Конституция жобасындағы бірқатар баптардан «рухани-адамгершілік құндылықтар» деген ұғым алынып тасталды. Бұл туралы Конституциялық комиссия мүшесі, журналист Әділ Балтабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, аталған ұғым Конституцияның 12, 20 және 32-баптарынан алынып отыр. Бұл баптарда сөз бостандығы, адам құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ бейбіт жиналыстар өткізу құқығы қарастырылған.
Әділ Балтабаев Конституциялық комиссия жұмысының алғашқы күндерінен бастап бұл терминге қатысты күмән болғанын атап өтті.
«Біз комиссия ішіндегі алғашқы күндерден бастап бұл ұғымның тым ауқымды екенін айтып келдік. Ол қосарлы түсіндіруге жол ашты, сол себепті қоғамда кең талқылау туындады», – деді ол.
Оның айтуынша, дәл осы белгісіздік азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарына шектеу қою қаупін арттырған.
Комиссия жұмысы барысында Әділ Балтабаев Карлыгаш Жаманкулова, журналист әріптестері және басқа да комиссия мүшелерімен бірге бұл ұғымды Конституциядан алып тастау немесе халықаралық құқық нормаларына сәйкестендіру қажет екенін бірнеше рет көтерген.
«Біз бірізді түрде: не бұл ұғымды толық алып тастау керек, не оны халықаралық құқыққа сай келтіру қажет деп талап еттік», – деп жазды ол.
Нәтижесінде комиссия мүшелерінің уәжі ескерілген.
Енді Конституция жобасында «рухани-адамгершілік құндылықтар» орнына «қоғамдық мораль» (public morality) терминін қолдану ұсынылып отыр.
Әділ Балтабаевтың айтуынша, бұл – халықаралық деңгейде мойындалған құқықтық ұғым.
«Public morality – адам құқықтары жөніндегі негізгі халықаралық құжаттарда, соның ішінде БҰҰ-ның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінде бекітілген түсінік», – деді ол.
Журналист бұл шешімді Конституциялық комиссия жұмысының маңызды жетістігі ретінде бағалады.
«Бұл – диалогтың, кәсіби пікірталастың және дәлелге негізделген жұмыстың нәтижесі. Маңызын асыра айтпай-ақ қояйын, бұл – принципті шешім», – деп атап өтті ол.
Сөз соңында Әділ Балтабаев әріптестеріне алғысын білдірді.
«Алғашқы күннен бастап принципті ұстаным танытып, одан таймаған Карлыгаш Жаманкуловаға және барлық әріптестеріме шынайы алғысымды айтамын. Сондай-ақ Конституциялық комиссия басшылығына тыңдай білуге және конструктивті жұмысқа дайын болғаны үшін рахмет», – деді ол.
