Кемелділікке ұмтылу...

Dalanews 14 сент. 2022 06:23 1239

Әдеткі тәртібім бойынша, сенбі күні үйдің маңайындағы мешітке барып, Құран оқытып, имамдарға көкейімде жүрген сұрақтарымды қойып, біраз сырласатын әдетім бар еді.

Кезекті сенбі күні... Мешітке өзге діннің өкілдері кірді (орыс қыз бен корей азаматы). Ерлі-зайыпты жұп екен. Ислам дінін қабылдап, шариғат жолымен неке қидырып, мұсылман отбасы атанғысы келетіндіктерін айтты.

Осы бір көрініс мені таңқалдырмай қойған жоқ. Өзге сенімнің өкілі саналы түрде сенің дініңді қабылдауы жүрегіме қуаныш сыйлады. Ақыры олардан не үшін және кім үшін мұндай қадамға барғанын сұрадым:

Корей азаматы: «Мен бар өмірімді ғылымға арнаған адаммын, көптеген зерттеушілердің жұмысын оқыдым. Танымал француз зерттеушісі Жак Ив Кустоның Ислам дінін не себепті қабылдағанын оқыған болатынмын. 1962 жылы Атлант мұхиты мен Жерорта теңізінде зерттеулер жүргізген екен. Олардың сулары мыңдаған жылдар бойы өзара Гибралтар жағалауында ұштасып жатыр. Ондай жағдайда ғылыми тұрғыдан теңіз бен мұхит суларының атомдары араласып, фаунасы мен флорасына өзгерістер енгізуі тиіс болатын. Алайда іс жүзінде ешқандай өзгеріс жоқ. Суларды көрінбейтін шекара бөліп тұрғандай. Зерттеушіні бұл жағдай қатты қызықтырды. Ол оның жауабын табуға барын салса да түк шықпапты. Бір күні профессор Морис Букайганы жолықтырып қалған кезде, ол Жак Ив Кустоға жауабын мұсылмандардың кітабы Құраннан ізде деп кеңес берген екен. Ол Құраннан іздеген сұрақтарының жауабын тауып, қатты таңырқаған. Осыдан кейін ғалымның көзі ашылып, исламға бет бұрыпты. «Қазіргі ғылымды он төрт ғасыр артқа тастаған Құранға ант етейін, ол – Аллаһтың хақ сөзі», – деп капитан Кусто «Біз неге мұсылман атандық» деген кітабында өзі туралы жазады. Осы кітапты оқып бітірген сәттен бастап, Ислам дінін зерттей бастадым. Ең алғаш «Фатиха» сүресін жаттадым, әрі сол сүрені жақсы көремін. Демек, көкірегімде сәуле пайда болып, жүрегіме иман қона бастады. Мұсылман досым, қымбат әшекей тастармен көмкерілген ағылшын тіліне аударылған Құран сыйға тартты. Бұл сыйдың ендігі қадірін білемін. Бұл сыйды мен үйімдегі ең құрметті жерге қойдым.  Бүгін сәті түсіп, аяулы жарыммен толықтай Ислам дінін қабылдаймыз деп шешім қабылдадық. «Кемел адам» болғымыз келеді (күлді), кешіріңіз нағыз кемшіліксіздік Аллаға ғана тән емес пе?! Біздікі тек кемелділікке ұмтылу ғой» - деп сұрағыма жауап берді.

Расымен де, нағыз кемелділік, мінсіздік Аллаға ғана тән. Өзге ұлт өкілінен «Кемел адам» болуға тырысамын деген сөзі мені өте таңқалдырды. Жер әлемінде адамзат баласы өмір сүргелі бері «нағыз адам», «кемел адам», «толық адам» сияқты түсініктер пайда бола бастады. Адам кемелділігі неде? Мұсылмандар үшін үлгі тұтатын ең кемел адам - Алланың елшісі Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарымыз болған. Корей азаматының осы «Кемел адам» сөз тіркесінің толық сезініп, түсінгені ғой... XXI ғасыр – ақпарат ғасыры болғандықтан, қу дүние адамдарды құрдымға жіберіп жатады. Адамдар жалған өмірден барынша  дүние, дәулет, мансап, атақ-даңқ алып қалғысы келеді. Бұлардың бәрінен жалыққан адам түбі рухани азық іздей бастайды. Санасы мен жүрегіндегі дерттен тазару үшін адамдарға Исламның руханилығын түсіну қажет. Адамдар Исламға жан тыныштығын, өмірдің мәнін іздеп келеді. Мұсылман – тек ішіп-жеу үшін немесе артында ұрпақ қалдыру үшін ғана өмір сүрмейді, ол алдына биік мақсат қойып, соған ұмтылатын адам. Бүгінгі іріп-шіріген қоғам құндылықтарынан бас тартып, өзін де, өзгелерді де мәңгі ескірмейтін рухани байлыққа бастайтын адам.

Корей азаматының жүректен шыққан сөздері, жүрегіме жетті деп айта аламын.  Құран Кәрімде: «Алла кімді тура жолға салғысы келсе, оның көкірегін (яғни көңілін иман нұрымен нұрландырып) Исламға айқара ашады», – делінген («Әнғам» сүресі, 125-аят). Алла сүйген құлына ғана осындай иман береді. Осы жұптың тәубесін Алла қабыл алып, мұсылман етті. Адамға бұдан артық бақыт бар ма? – деген ойлар менің бойыма ерік жігер беріп, қайраттандыра түсті!

 

Сарсенгали Ботагөз Жасұланқызы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Философия және Саясаттану факультетінің Қазіргі заманғы исламтанулық зерттеулер мамандығының 1 курс докторанты

Жетекшісі: Шағырбай Алмасбек Дүйсенбекұлы

Рекомендовать
Последние новости