"Жұрт жаман әдеттеніп алған". Сарапшы несие бойынша даулы дәйекке қатысты өз ойын айтты

Кәмшат Тілеухан 08 апр. 2025 14:01 1003

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банк "халықтың асыра несиелендіруі" мәселесімен 2023 жылдың наурыз айынан бастап айналысып келеді. Инфляцияның ауыздықтауға келмеуінің бірден бір себебі ретінде орталық банк – осы асыра несиелендіру мәселесін атайды. Онда да кепілсіз тұтынушылық несиелер үлесі көбейіп кеткенін айтып, дабыл қағады. Ал жуырдағы бизнеспен кездесуінде Мемлекет басшысы проблемалық борышкерлер санының арту ықтималдылығы мен ақшаны экономикаға бағыттау қажеттігіне байланысты мұны "маңызды саяси мәселе" деп те атады. Алайда қаржы институттарының бұған айтар қарсы дауы бар. Тіпті, олардың дәлел ретінде алға тартқан цифрлары елімізде несиесін төлей алмай, қиналып жүргендерің қарасы көп емес екенін танытады. Сонда кімнің айтып отырғаны дұрыс, кімдікі бұрыс? Dalanews.kz осы сауалға жауап іздеп көрді.

Алдымен дәлелді цифрларға көз жүгіртіп көрелік. Мәселен, Finprom.kz 2024 жылдың IV тоқсанында мақұлданған кепілсіз несиелер бойынша өтінімдер үлесі несиелердің басқа түрлерімен салыстырғанда ең азын құрайды: барлық өтінімдердің тек 29,5% -ы, деп жазады.

Тұтастай алғанда, несиелеу түрлері бойынша қазақстандық банктерде мақұлданған өтінімдердің үлесі бойынша жағдай мынандай:

  • ірі кәсіпкерлік субъектілерге бөлінген несиелер - 60,3%;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне бөлінген несиелер - 41,2%;
  • кепілдігі бар тұтынушылық несиелер — 35,9%;
  • ШОБ-қа берілген несиелер - 33,1%;
  • ипотека — 31,2%;
  • кепілсіз тұтынушылық несиелер — 29,5%;
  • автонесиелендіру - 18,5%.

Бұл деректер халықтың "асыра несиелендірілгендігі" туралы дақпыртты жоққа шығарады.

Сондай-ақ Ranking.kz Халықаралық валюта қоры мен Халықаралық есеп айырысу банкінің (BIS) әдістемесі бойынша қарастырғанда да Қазақстанда анау айтарлықтай халық "кредитке батпағанын" жазады.  Сөйтіп олар үй шаруашылығындағылардың қарыздары мен несиелерінің көрсеткішін ЖІӨ-ге шағып, қарастырып көріпті:

"Сонымен, Қазақстанда үй шаруашылықтарының қарыздары мен несиелерінің ЖІӨ-ге шаққандағы көрсеткіші 2023 жылы небәрі 15,2%-ды құрады екен. Жалпы, біздің еліміз әлемдегі ең төменгі несиелендіру мәнге ие 15 елдің қатарына кіреді. Мысалы, Ресей Федерациясында бұл көрсеткіш 22,19%, Қытайда 63,67%, АҚШ 72,9%, Канадада 102,21%, Швейцарияда 126,5%-ды қамтиды екен" деп жазады Ranking.kz.

Қаржыгер-маман Расул Рысмамбетов бұл цифрлармен белгілі бір деңгейде келісетінін айтады. Алайда маман бұл арада мәселе цифрларда емес, жылдан жылға Қазақстан азаматтарының несиеге деген құштарлығының артуында екенін баса айтады.

"Несие алып, қарызын төлей алмай жүргендер туралы мәселе қозғалып отырған жоқ бұл арада. Осыны дұрыс түсіну керек. Меніңше, мәселе – несие алудан тартынбай, керісінше соған әбден арқа сүйеп алушылардың қарасының көбеюінде. Бұрын аса қажеттілік кезде ғана алса несиені (негізі, дұрысы сол), қазір оған да қарамайды адамдар, оңды-солды ала береді. Әдетке айналдырып жіберген оны. Содан оны төлеу үшін жанталасып екі-үш жұмыс істеуге мәжбүр болады. Әйтеуір, жаппайды емес, алған несиесін әупірімдеп жүріп жабады. Ал қазір ғаламдық экономиканың рецессиясы деген сөз болып жатыр. Яғни, экономика қарқыны баяулайды дейміз. Сәйкесінше, айналымдағы ақша азаюы мүмкін. Мұндайда жұмысына сеніп жүргендер қысқаруға ұшырап, жалпы жұмыссыз қалса не болады?.. Проблемалық несиенің көкесі сол кезде болады. Сондықтан реттеуші орган алдын ала қамданып, тізгінді тарту керектігін ескертуде. Бірақ бұған құлақ аса қоятын банктер де, адамдар да көрінбейді. Мәселе осында", - дейді ол.

Расында, Ұлттық Банк инфляцияға әсер етіп жатқан несиелендіру қарқынын басу үшін де базалық мөлшерлеме қатты көтерді. Несие қымбаттады. Инфляция шарықтауда. Бірақ, несиеге деген сұраныс төмендей жатыр. Банктер де тартынып жатқан жоқ: жаңа депозиттердегі ақшаны несиеге бағыттап, өзіндік капиталын өсіруге жанталасып бағуда. Капиталдағы ақша несиелік емес құралдарға салынуда. Тағы да банктер пайдада. Ал Ұлттық Банк тәуекелі төмен құралдарға банктер салған қаражаттар бойынша пайыздық төлемдерді төлеу үшін қайта-қайта ақша басып шығарып, экономикадағы инфляциялық әсерді қосымша үдете түсуде. Осы жағынан алғанда,2026 жылғы 1 сәуірден бастап коммерциялық банктер орындауы тиіс талап - капиталдың секторлық контрциклдық буферін енгізу заңдылық па деп те санаймыз. Бұл буфер банктердің белгілі бір несие сегменттерінде тәуекелдерді жинақтауына жол бермес үшін қажет екені баса айтылады.

Бұған дейін сайтымызда "Ұлттық Банк басшысының кеңесшісі базалық мөлшерлемені төмендету неге қауіпті екенін түсіндірді" деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ осы сипаттағы "Базалық мөлшерлемені сынаған Құсайынов тағы да мәлімдеме жасады" деген материалмен де таныса отырыңыздар.


Рекомендовать
Последние новости