Жолдау бәсекеге қабілетті экономиканың басым бағыттарын анықтады

Dalanews 03 сент. 2023 07:47 1003

Жаhандану кезеңінде бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие болатын мамандарды даярлау өте маңызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жаңа жолдауында ұлттық экономиканың салаларын терең өңдеуге көшу бағыттарын дамытуға, су және көлік  министрліктері құрылатынын атап көрсетті.

Президент жолдауында көтерілген мәселелер Тұрақты дамудың барлық 17  бағытын қамтыды.

Жолдауда негізінен құрлықтың экожүйелерін және су ресурстарын ұтымды пайдалану, климаттың өзгеруі, инклюзивтік өсу және экономикалық өзгерістер, жаһандық серіктестік, ресурстарды жұмылдыру, технологиялар, әлеуетті арттыру, сауда мәселесіне басымдық берілді.

Жолдауда көрсетілген жоғары оқу орындарындағы білім сапасын әлемдік деңгейге сай жетілдіру қажеттілігін өмірдің өзі талап еткенін айта келе, Президент біздің болашақ дамуымыз білім саласында инновация жетістіктерін кеңінен пайдалануға  байланысты екенін баса айтты. Әсіресе білім беру саласындағы көптеген өзгерістер жоғары оқу орындарындағы күрделі де шешімін күтетін ғылыми мәселелерді анықтап берді. Жолдауда соның орнын толықтыруды ұсына отырып, даярланатын мамандардың  оқуына, үздіксіз білім алу және ғылым  жетістіктерін кеңінен ұлттық экономикаға енгізудің тетіктерін жетілдірудің маңыздылығына тоқталды.  Қазіргі кезде басқарудың заманауи әдіс-тәсілдерін меңгерген мамандарға деген қажеттілік күннен-күнге артып келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бүгінде  Қазақстанда ғана емес, шетелдік университеттер қатарында да бәсекеге қабілетті екенін мойындатып отыр.

Жолдауда қойылған нақты міндеттер ҚазҰУ-да бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың жаңа білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Қазірдің өзінде университеттің Менеджмент кафедрасында Болон үдерісіне сәйкес, әлемдік сұраныс талаптарына сай келетін үш деңгейде білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Осы бағдарламалар нәтижесінде бүгінгі таңда университет шетелдің жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан және де білім беру бағдарламасы стандартына сай, білімгерлердің шетелде өз білімін шыңдауға мүмкіндік беріп отыр.

Студенттер, магистранттар, докторанттар АҚШ (Вашингтон), Италия, Нидерланды, Польша, Ресей (РУДН), Чехия мемлекеттерінің университеттерінде білім алмасу бойынша академиялық тағылымдамадан өтуде. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және  ғылыми-техникалық жобаларын гранттық қаржыландыру конкурсында 75 жобаны университетіміз жеңіп алды, соның ішінде Менеджмент кафедрасының ғалымдары үш жобаның авторлары болып отыр.

Экономика және бизнес жоғары мектебінде теориялық және қолданбалы пәндерді оқыту университеттік білім берудің академиялық дәстүрлі рухында жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Университет деңгейінде жоғары білікті кадрларды даярлаудың үздік отандық дәстүріне сүйене отырып, факультет мемлекеттік қызмет үшін кадрлар даярлаудың әлемдік жетекші орталықтарының стандарттарына сәйкес келетін студенттердің  құзыреттіліктерін қалыптастыруға ұмтылуда.

Менеджмент кафедрасының профессор-оқытушылары Мемлекет басшысының ел экономикасын жан-жақты талдап, дамудың стратегиясын көрсеткен жолдауын қолдай отырып, оны іске асыру бағытында жүйелі жұмыстар атқара бермек.

Оңалбек АБРАЛИЕВ, Менеджмент кафедрасының профессоры, экономика ғылымының докторы 

 

Рекомендовать
Последние новости