Стратегиялық міндетіміз – IT мемлекетке айналу

Dalanews 03 сент. 2023 07:45 1032

Қазіргі кезде әлемде және көрші елдердегі әлеуметтік-экономикалық, геосаяси жағдайдың қиын кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауы үлкен тарихи маңызға ие. Негізінен, халық бұрынғы жолдаудан өзгеше болуынан қатты үміт еткен болатын.

Біздің байқағанымыз, құрғақ сөз емес, ел болашағын елең еткізетін өткір мәселелер мен ұлт болашағына арналған жоспар болып табылады. Оның негізгі мазмұнында экономикалық, әлеуметтік, білім, тәрбие, ғылым, экология, демографиялық, өнеркәсіп т.б. мәселелерді шешу бағытын құрайды. Яғни дүниежүзіндегі ахуалды талдай отырып: «Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды.

Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс», – дейді. Демек, жалаң пайыздық өсудегі жалған деректер емес, шынайы халықтың әлеуметтік және тұрмыс жағдайын жақсарту қажеттігі нақты айтылды.

Сонымен қатар халықтың арасында проблемаға айналған атом электр станциясы туралы: «Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом электр станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады.

Алайда көптеген азаматтар мен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», – деді Президент. Демек, елдің проблемасы сын сағатында тұрғанда халықпен ақылдасып, «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, елдің мүддесін жоғары қойып, шешу жолын ұсынуы шынайы демократиялық тұрғыдан үлкен маңызға ие деп білеміз.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде тараған және қоғамда резонанс тудырып отырған жасөспірімдерге зорлық-зомбылық үлкен проблемаға айналды. Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді, зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек екенін баса айтты. Сонымен қатар: «Ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн», – деді Президент. Яғни балалардың қауіпсіздігін  жалпыұлттық деңгейде қолға алуды ұсынды. Бұл мықты шешім, себебі балалардың қауіпсіздігі ол ұлттың болашағы болатын тұлғалардың, елдің қауіпсіздігі деп білеміз.

Жолдаудағы білім саласына қажетті ең маңызды мәселе «сапалы білім» беру туралы, интернеттің жылдамдығы мен мұғалім кадрлардың біліктілігі де назарға алынды, яғни: «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет. Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлық ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек», – деді. Мұның астарында орта білім мазмұнында түйткілді мәселені дер кезінде шешпесек, ол мемлекеттің дамуына кедергі болатыны сөзсіз деген ой жатыр. Себебі сапалы білімнің арқасында ЖОО-ға білікті, талантты оқушылар қабылданып, болашақта білікті мамандар қалыптасып шығады.

Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында, күнкөріс деңгейі мен жалақы туралы: «2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңге болады. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Жалпы, еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкімет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуі керек», – деп тапсырды Мемлекет басшысы жолдауда. Яғни қоғамдағы әлеуметтік саланы күшейтіп, жалақыны көбейтіп, халықтың жағдайын жақсарту қажеттігі баса айтылды. Қазіргі кезде әлемде өркениетті елдердің даму көрсеткіші ІТ саласындағы жетістіктерімен көш ілгеріліп бара жатқаны да жолдауда негізге алынды. Атап айтар болсақ: «Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз», – деген болатын. Сондықтан цифрландыру мен ақпараттық қоғамның алғышарттарына тоқталып, оның болашағына зор мән берілді.

Жолдау соңында Президентіміз ұрпақ тәрбиесіне қажетті, маңызды ұлттық тәрбиеге мән беру керектігі туралы: «Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «толық адам» ілімінен бастау алатын «адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын адал азамат болса, әділдік орнайды», – деп, елдің әрбір азаматының халқымыздың тәрбиесін, патриоттық сезімін нығайтып, адал болуын меңзейді.

Абай ДҮЙСЕНБАЕВ, Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті, педагогика ғылымының кандидаты

Рекомендовать
Последние новости