"Машкевичтің көздегені не?". "Қазмырыш" Кремльге жақын олигархқа сатылды

Dalanews 06 сент. 2023 05:05 1355

Саяси тұрғыдан Қазақстанда билік транзиті аяқталғанына біраз уақыт болды.  Ал экономикалық тұрғыдан олай деп айта алмайсың. Өйткені қазір ел экономикасының діңгегі саналатын ірі компаниялардың активтері қолдан қолға өтіп жатыр. Осы аптада еліміздегі трансұлттық компанияның бірі – "Қазмырыш" Швейцарияның Telf AG деп аталатын ірі компаниясына өзінің біршама акциясын сатқаны белгілі болды.

Dalanews.kz агенттігіне жеткен мәліметке сенсек, "Қазмырыш" өзінің 25 пайыз акциясын швейцариялық компанияға сатқан.

Үстіміздегі жылдың маусым айында "Қазмырыштың" қоржынындағы капиталы 357 млрд теңгені құраған болатын. Демек Telf AG компаниясы "Қазмырыштың" қожайындарына 89 млрд теңгені санап беріп, оның 25 пайыз акциясына иелік ету мүмкіндігіне ие болды.

Бүгінде еліміздегі ірі компаниялардың активтерін иеленуде орыстың олигархтары белсенді әрекет етуде. Бұл – еліміз үшін қаншалықты қауіпті құбылыс деген заңды сұрақ туындайды.

Маңдайға басқан компаниялардың қожайындары орыстың олигархтары болуы, елімізді Кремльге экономикалық тұрғыдан біршама кіріптар қылатыны түсінікті.

Біз – бұл мәселені бекерге қозғап отырған жоқпыз. "Қазмырыштың" 25 пайыз акциясын сатып алған швейцариялық Telf AG компаниясы орыс олигархтарын тиесілі құрылым екені жасырын емес.


Telf AG компаниясы 90 жылдардан бері ТМД елдерінде өндірілген мұнай, көмір, металды Еуропа нарығына жеткізіп, саудалаумен аты шыққан компания.

Бұл компания Швейцарияда тіркелгенімен оның негізгі құрылтайшысы, қожайыны ресейлік олигарх Станислав Кондрашов екенін айта кетуіміз керек.

Демек "Қазмырыштың" қомақты акциясы Кремльдің уысына түсті деп нық сеніммен айтуға болады. Өйткені Ресейдің байшы-кештері Кремльдің төрінде отырған Путиннің айтқанымен жүріп-тұратынын бәріміз білеміз.

Осылайша елде "Еуразиялық үштік" деп аталатын Александр Машкевич, Патох Шодиев, Шухрат Ибрагимов өз үлестерін орыстарға сатқанша асыққанын байқауға болады.

Айтапқшы, «Қазмырышқа» осы үшеуі иелік ететіні белгілі. Әрқайсында компанияың 20 пайыздан үлесі бар. Ал "Қазмырыштың" қалған 40 пайыз акциясы ҚР Қаржы министрлігі иелік етеді.


Әзірше "Қазмырыш" компаниясы бұл келісімге қатысты ләм-лим деп ақпарат таратқан жоқ. Telf AG компаниясы кімдердің үлесі сатылғаны жайында ақпарат жоқ. Сайтымыз бұл келсімінің қалай жүргенін назарда ұстайтын болады.

Рекомендовать
Последние новости