Жыл басынан бері шетелде іздеуде жүрген 264 қылмыскер Қазақстанда ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы төрт айында ҚР ІІМ Қылмыстық полиция департаментінің үйлестіруімен аумақтық полиция департаменттерінің жедел қызметкерлері түрлі қылмыс жасағаны үшін шет мемлекеттердің ішкі істер органдары іздестіріп жатқан 264 адамды ұстаған.
Мәселен, Жамбыл облысында Өзбекстан Республикасының 48 жастағы азаматы қолға түсті. Тергеу деректеріне сүйенсек, ол биыл ақпанда Ташкент облысында отбасылық жанжал кезінде әйеліне ауыр дене жарақатын салып, оның өліміне себепкер болған.
Сондай-ақ Түркістан облысында 2003 жылдан бері кісі өлтірді деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген 71 жастағы ер адам ұсталып, қамауға алынды.
Алматы қаласында мемлекетаралық іздеуде жүрген өзбекстандық азамат та қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2012 жылы Чирчик қаласында азаматтық некедегі әйелін ұрып-соғып, буындырып өлтірген.
Оған қоса, Жамбыл облысында Қырғызстан азаматы ұсталды. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылы Ресейдің Липецк қаласында танысын пышақтап өлтірген.
Сонымен қатар ІІМ хабарлауынша, Қазақстан тарапының сұранысы бойынша шетелде 57 қылмыскер анықталып, ұсталған.