Жетісу облысы мен Қытайдағы Іле-Қазақ автономиялы облысы арасындағы қарым-қатынас жанданады

Dalanews 29 июн. 2023 06:27 1629

Жетісу облысы мен Қытайдағы Іле-Қазақ автономиялы облысы арасындағы ынтымақтастық байланыстар жанданады. Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Талдықорғанда қытайлық делегациямен кездесуі барысында бірнеше маңызды құжаттарға қол қойылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жетісу облысына ҚХР Шыңжаң – Ұйғыр автономиялы районының Іле-Қазақ автономиялы округі парткомының хатшысы Ян Сюли бастаған делегация арнайы келді. Қытайлық тараппен кездесуге облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен бірге оның орынбасарлары, бірқатар басқарма басшылары, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының басшылығы  қатысты.

Жиында облыс әкімі алдымен ресми қонақтарға жылы лебізін білдіріп, оларға облыстың стратегиялық бағыттары мен инвестициялық мүмкіндіктері жайлы баяндап берді.

- Біздің жер жанаты Жетісуға қош келдіңіздер! Өздеріңізбен бүгін жүздесіп отырғанымызға қуаныштымын және келгендеріңізге алғысымды білдіремін. Бүгінгі кездесу екі тараптың байланыстарын одан әрі жетілдіруге оң ықпал етеді деп ойлаймын. Жетісу облысы - инвестициялық мүмкіндігі зор аймақ. Өңірде 5 стратегиялық бағыт бойынша, атап айтқанда агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көлік және логистика, туризм, баламалы энергетика және өнеркәсіп, оның ішінде жер қойнауын пайдалануды дамыту салаларына жаңа инвесторлар тарту, өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру жұмыстарын жүргізіп келеміз, - деп атап өткен Бейбіт Исабаев осы салалардың әрқайсысына қысқаша тоқталып өтті.

Соның ішінде «Қорғас» шекара маңы аймағының мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. Облыс басшысы өз сөзінде қытайлық компанияларды өңіріміздің әлеуетті салаларына, яғни өңір экономикасына инвестиция салуға шақырды. Мұндай инвестицияның екі жақты ынтымақтастық аясын кеңейтудегі маңызы елеулі болмақ.

Өз кезегінде Іле-Қазақ автономиялы округі парткомының хатшысы Ян Сюли Жетісу облысының ауыл шаруашылығына, соның ішінде тамшылатып суару технологиясын енгізуге, жылыжай шаруашылығын дамытуға үлес қосуға ниетті екендіктерін айтты. Сол сияқты өнеркәсіп, туризм салаларында да бірлесіп көп жұмыс жасауға болатынына тоқталды. Және шекаралық бекеттердің өткізу қуатын арттырудың мүмкіндіктерін қарастыру мәселесін де атап өтті. Қорыта келгенде мұның барлығы екі өңірдің экономикасын дамытуға ықпал ететін бастамалар екенін жеткізді.


Жиын соңында қос тарап бірлесіп, бірнеше құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстанның Жетісу облысы мен ҚХР Шыңжаң – Ұйғыр автономиялы районының Іле-Қазақ автономиялық облысы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы шекті келісімге Жетісу облысы әкімінің орынбасары Ернат Бәзіл мен Іле-Қазақ автономиялық облысы Үкіметінің атынан Кенжехан Далелбек қол қойды.

Сонымен бірге жетісулық делегацияның осы жылдың мамырында Қытайға барған сапарында Қорғас қаласында өткізілген бірлескен жиынның хаттамасына да қол қойылды. Және де жиын соңында екі тараптың өзара ынтымақтастық байланыстарының нақты қадамдарын талқылайтын жұмыс тобы құрылып, оның құрамын бекітілді. Енді екі жақты қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған нақты компаниялар тарапынан қолға алынатын нақты жобаларды іске асыруды осы жұмыс тобы үйлестіретін болады.

Жалпы Іле-Қазақ автономиялы облысының делегациясы кешеден бері «Нұр жолы» өткізу пунктінің, «Қорғас» АЭА қызметімен, Панфилов ауданының ауыл шаруашылығының аяқ алысымен танысып көргенін атап өту керек.

Рекомендовать
Последние новости