Жасыл энергетикаға көшуге не кедергі?

Dalanews 24 авг. 2022 04:09 1993

Әлем елдері жасыл экономикаға бет бұрғалы қашан. Себебі, баламалы энергия көздерін дамыту адамзаттың сапалы өмір сүруіне, экологияның бүлінбеуіне әкеледі. Алайда, Қазақстан жасыл энергетикаға көшу концепциясын 2013 жылы қабылдаса да, нақты шараларды соңғы жылдары ғана қолға алып жатыр.

Бүгінде еліміз жасыл энергетикаға көшу бойынша алдына мақсат қойып, жаңартылған энергия көздерінің үлесін 15 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Өйткені, қазір бұл көрсеткіш небәрі төрт пайызды ғана құрайды. Сәтін салса, жаңартылған энергия көздері 2030 жылы 10 пайызға,  2050 жылы 50 па­йызға жетуі мүмкін. Ал 2060 жылы Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге міндеттеме алды. Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл энергия көздерін негізгі көз деп санауға болмайды. Өйткені, елімізде үш жүз жылға жететін көмір қоры бар. Ал оны өндіру, тасымалдау жағы да арзанға түспейтінін ескеру керек.

Осыдан бес жыл бұрын Қазақстанда «Болашақтың энергиясы» атты ірі халықаралық көрме өткен болатын. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген мамандар жасыл экономикаға көшу идеялары мен шешімдерін ұсынып, талқыға салды. Мұнда тек елімізде ғана көмірді белсенді түрде пайдаланып жатқаны, электр энергиясының 70 пайызы қара отыннан өндірілетіні айтылды. Мамандардың айтуынша, бүгінде жұмыс істеп тұрған жылу электр стансаларының тозығы жетіп, ресурсы әлдеқашан таусылған.

Осы тұрғыда «QAZAQ GREEN» ЖЭК қауымдастығының директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапеновтің сөзінің жаны бар. Ол Қазақстан үкіметінің болашақта қай мәселеге көңіл бөлуі керектігін айта келе, Энергетика министрлігінің 2035 жылға дейінгі энергетикалық баланс құжатын қабылдағанын тілге тиек етті. Оның пікірінше, алдағы 10-12 жылдан кейін көмір зауыттарының шамамен 30 пайызы энергетикалық баланстан шығуы керек. Себебі, Қазақстан 2035 жылға дейінгі жоспарға сәйкес, жасыл энергетикаға көшіп, оған қоса 6,5 гигаватт жасыл энергия көзі мен газ өндіруді қолға алуы қажет.


Алайда, бізде газ жеткілікті ме? Кейбір дерекке сенсек, келер жылдан бастап ішкі нарықта көгілдір отын тапшы болады деген болжам бар. Ал дәл қазір жаңа энергия көздерін салудың да тиімділігі бола қоймас. Мамандар мұның бәрі тарифтің өсуіне әкелетінін жасырмайды. Айта кету керек, Қазақстанда баламалы энергия көздерінің 140-тан астам нысаны бар. Оның 43і жел электр станциясы, 53-і – күн, 40-ы су және бесеуі биоэлектрлік. Алдағы уақытта оларды көбейту жоспарланып отыр.

ҚР Энергетика министрлігінің жаңартылған энергия көздері нысандарын енгізу және мониторингі басқармасының басшысы Дәулет Закарьяновтың айтуынша, 2025 жылға дейін қуаттылығы 860 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 49 нысанын пайдалануға беру көзделген. Әрине, бұл қосымша жұмыс орнының ашылуына, жасыл электр энергиясын өндіруге, сондай-ақ нысандарды салу жоспарланған аймақтарға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Яғни, Қазақстан баламалы көздерге басымдық берсе, қоғам жаңартылған қуат көздерін пайдалануға біртіндеп көшетіні сөзсіз.

Тәуелсіз сарапшы Олжас Байділдиновтің айтуынша, елімізде үш жүз жылға жететін көмір қоры бар десек те, үкімет атом электр станциясының салынуына басымдық беруі қажет. «Әлемде, соның ішінде Еуропада, Қытайда көмірді тазартатын технологиялар бар. Бұл көмір стансалары қала орталығында орналасса да, қоршаған ортаны ластамайды. Мәселе  тарифтің құбылмалығында», – дейді сарапшы.

Жасыратыны жоқ, Қазақстан энергия көзінің 70 пайызын көмір арқылы алып келді. Әлгінде мамандар сонау кеңестік кезеңнен бері жұмыс істеп келе жатқан жылу станциялары қондырғыларының ескіріп, таяу арада істен шығатынын бекер айтқан жоқ. Бұл Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігінің төменгі деңгейде екенін көрсетеді. Ал бірден жасыл экономикаға секіріп өту де оңай шаруа емес. Тіпті, бұл энергетикалық дағдарыс мәселелерін шешіп қана қоймай, тарифтерді көтеруге де әкелетінін ескерген жөн. Бірақ заман талабы – жасыл энергетикаға көшу. Сондықтан алдымыздан қандай қиындық пен кедергі шықса да, жаңартылған энергия көзін дамытуға ел болып, қоғам болып бірауыздан атсалысу қажет.

Рекомендовать
Последние новости