Қызылорда облысында жасанды интеллект арқылы 151 қылмыс ашылды

Қаракөз Амантай 25 дек. 2024 09:50 408

Облыстық прокуратура алаяқтық қылмыстарының алдын алу үшін "IT ТERGEU" жобасын әзірледі. Олардың мәліметінше, бұл жоба жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін сот-тергеу тәжірибесінде тиімді қолдануға бағытталған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жобаға облыстық бюджеттен 85 млн теңге бөлінген.

"Бағдарлама көмегімен 749 қылмыстық іс бойынша 1074 ұялы телефон нөмірі тексерілді. Нәтижесінде 151 қылмыс дерегі ашылып, 62 күдікті ұсталды, сондай-ақ 2 киберқылмыстық топ, 52 дроппер мен хабар-ошарсыз кеткен 91 адам табылды", — дейді ведомство.

Қазіргі уақытта интернет алаяқтық бойынша 264 қылмыстық істің 78-і сотқа жолданып, көрсеткіш 29%-ке артты.

"Банктер мен микроқаржы ұйымдарына қатысты 52 істің күмәнді есепшот транзакцияларын тоқтату үшін анти-фрод орталығына сұраныс жолданды", — дейді прокуратура.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда әкімдерге өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге көмек көрсету үшін жасанды интеллект (ЖИ) технологиясын енгізу жоспарланып жатқаны туралы жазған едік.

Informburo.kz мәліметінше, бұл бастама “Отбасының цифрлық картасы” жобасы аясында жүзеге асырылмақ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, бұл бағдарламаға қазірдің өзінде 6 миллионнан астам отбасының деректері енгізілген.

“Азаматтардың өтініштері мен ақпараттары ауқымды деректер базасына біріктіріледі. Осы деректер негізінде жасанды интеллект өңірлердегі әлеуметтік мәселелер бойынша талдау жасап, шешу жолдарын ұсына алады”, – делінген хабарламада.

Өз кезегінде премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге ЖИ қолдану жөнінде ұсыныстар берді.

“Өзекті ақпараттарды апта сайын автоматты түрде жіберіп отыру қажет. Әр әкім жұмыс орнында отырып, өз өңіріндегі мәселелерді көріп, талдай алуы тиіс. Бұл ЖИ-дің нақты пайдасы – қолмен жасалған талдау көп уақыт пен ресурс талап етеді, ал ЖИ оны жылдам орындайды. Оны “интеллект” деп атайды, бұл да “адам” секілді, тек жылдам жұмыс істейді”, – деп атап өтті Бектенов.

Айта кетейік, биыл ақпан айының басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ЖИ дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыруды тапсырған болатын.

Шілде айында Қазақстан үкіметі жасанды интеллект технологиясын экономиканың түрлі салаларына енгізу жөнінде стратегиялық құжат қабылдады. Сарапшылардың айтуынша, ЖИ қолдану 2030 жылға қарай жаһандық ЖІӨ-ді 14%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар үкімет ЖИ-ді енгізудің басым секторларын анықтады. Олар:

• Мемлекеттік басқару;

• Мұнай-газ, тау-кен, энергетика, көлік және логистика салаларындағы табиғи монополия субъектілері;

• Су ресурстарын басқару және ауыл шаруашылығы.


Рекомендовать
Последние новости