Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) "2024-2025 жылдарғы әлемдік экономика және Қазақстан экономикасы бойынша болжамдар мен дамулар қорытындысы" атты талдауды жариялады. Оған сәйкес, келер жылы да ұлттық валютаның қысымға ұшырау ықтималдылығы жоғары, деп жазады Dalanews.kz.
2024 жыл барысында әлемдік экономика өсімі бойынша болжамдар жоғарылау тұрғысында қаралды.
"ХВҚ-ның жаңартылған болжамына сәйкес (2024 жылғы қазан айындағы), ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша әлемдік ЖІӨ өсімі жыл басындағы болжанған 3,2% -дан 2 2,9% -ға төмендетілді. Осыған ұқсас көрсеткіш келесі жылы да күтіледі, яғни әлемдік экономиканың өсімі 3%-дан жоғары аймақта тұрақтайды", деп хабарлайды ҚҚҚ талдау орталығы.
Бұл ретте Қазақстан экономикасының өсімі бойынша ХВҚ-ның 2024 жылға арналған қазан айындағы болжамы бір жыл бұрын болжанған (4,6%-дың орнына 3,5%) көлемнен шикізат бағалары және Теңіз мұнай кен орнындағы өндірісті ұлғайту мерзімінің кешеуілдеп жатуына байланысты төмендеді.
"ҚР экономикасы салалары бөлінісінде мұнай өндірісінің төмендеуіне байланысты тау-кен өнеркәсібіндегі (24ж11айы: +0,1%) қарқынның баяулағаны байқалады (-2%), ал 2024 жылы Қазақстан экономикасының негізгі драйверлері болып көлік (+8,1%) сауда (+8,2%) құрылыс (+10,3%) және ауыл шаруашылығы (+13,4%) сияқты салалар болып табылады", делінеді талдауда.
Егер 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында бүкіл әлем бойынша қаржылық жағдайлардың синхронды түрде жақсаруы байқалса, ал соңына қарай бірқатар дамушы елдердің, соның ішінде Қазақстан, Бразилия және Ресей Федерациясының орталық банктері ұлттық валюта бағамдарының құлдырауына және инфляциялық процестердің күшеюіне қарсы шара ретінде базалық мөлшерлемелерді көтерді.
Федеральдық резерв желтоқсан айындағы отырысында АҚШ–тағы жоғары инфляцияның сақталуына (2% - дық таргетпен 2,7%) және еңбек нарығының тұрақтылығы мен жалпы экономикалық өсімге байланысты 2025 жылы монетарлық саясатты жұмсартуға аса сақтықпен қарау керектігін ескертті. 2025 жылға арналған базалық мөлшерлемені төмендету бойынша күтілген төрт реттің орнына екі рет төмендету болжанады, онда да 25 б.п. бойынша.
Ақ үйдің жаңа әкімшілігінің протекционистік саясатқа ден қоятыны, бұл инвесторлардың тәуекелдік активтерге (қор индекстері, дамушы елдердің активтері), шикізат нарығына және әлемдік экономикаға деген қызығушылығына теріс әсер етуі мүмкін екені де бажайланады.
"Мұндай сценарий теңге бағамына түсетін қысымды сақтап, Қазақстанның ЖІӨ динамикасын бәсеңдетуі мүмкін. Соған қарамастан, ХВҚ болжамы бойынша, 2025 жылы ҚР экономикасының өсімі Теңіз кен орнындағы мұнай өндірісі көлемінің ұлғайтылуы есебінен 4,6% -ды құрайды. Өз кезегінде ҚР ҰЭМ 2025 жылы ЖІӨ-нің 5,6%-ға дейін өседі деп болжап отыр", - дейді сарапшылар.
Жалпы, ҚҚҚ бағалауы бойынша әлемдік экономикада төбе көрсетуі ықтимал қауіп-қатер легі көп. Олардың ішінде мемлекеттік қарыздың жоғары деңгейі, дамушы елдердегі валюталық тәуекелдер, ЕО елдерінің экономикаларындағы рецессия, ірі қаржы конгломераттарының дефолттары, протекционизмнің артуы, әлеуметтік және геосаяси тұрақсыздық, табиғи және техногендік катаклизмдер бар.
"Мұның бәрі әлемдік экономиканың өсімін бәсеңдете отырып, монетарлық жағдайлардың жаһандық тұрғыда қатаюына әкеліп соғуы мүмкін. Осыған қарамастан, 2025 жылы Қазақстанда мұнай өндірісінің ұлғаюы болжамына (2024 жылдың қорытындысы бойынша 87,8 млн-нан 97,2 млн тоннаға дейін), жоғары бюджеттік шығыстарға және ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға байланысты экономикалық өсім тіркеледі деп күтіледі".
ҚР ҰЭМ болжамына сәйкес, 2025 жылы тауарлар экспорты 82,3 млрд долларды, импорт – 63,1 млрд долларды құрайды. Бұл ретте ағымдағы шот тапшылығының күтілетін өсімі 6,4 млрд долларға дейін ұлғаюы мүмкін, сарапшылардың пікірінше, бұл ұлттық валюта бағамына қысым түрінде ықпал етуші негізгі факторлардың бірі болып қала бермек.