Ұшақ апаты: Путин зардап шеккендерге көмек жіберетінін мәлімдеді

Қаракөз Амантай 25 дек. 2024 16:54 465

Ресей президенті Владимир Путин Ақтау маңында болған әуе апатына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қаза тапқандардың отбасы мен жақындарына көңіл айтамын. Жарақат алғандардың тез сауығып кетуін тілейміз. Қазақстан Президентімен келісе отырып, Ақтауға Ресей ТЖМ-нің медициналық мамандары мен қажетті жабдықтары бар ұшағы жөнелтілді”, – деді Путин Ленинград облысында өтіп жатқан ТМД елдері көшбасшыларының бейресми саммиті барысында.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке көңіл айтты. Ол Маңғыстау облысында Әзербайжанның әуе жолдары ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері мен жолаушылардың қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.

“Орны толмас ауыр қайғыға ортақтаса отырып, Сізге, қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына және барша Әзербайжан халқына көңіл айтамын. Менің тапсырмаммен Қазақстан Үкіметі мемлекеттік комиссия құрды. Комиссия құтқару операциясы аясында тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына қажетті көмек көрсетеді”, – делінген жеделхатта.

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында ұшақ апатқа ұшырады. Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі ұшақ Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан.  


Рекомендовать
Последние новости