Жаңаөзендегі ереуіл: ҚазМұнайГаз төрағасы Саймағанбетовтың дөрекі әрекетіне түсініктеме берді

Қаракөз Амантай 26 нояб. 2024 10:21 714

“ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің айтуынша, “ӨзенМұнайГаз” басшысы Жанболат Саймағанбетовтың наразылық білдірушілермен даулы сөзге келуі олардың агрессивті әрекеттерімен байланысты болған. Хасенов бұл жағдайға қатысты пікір білдіре отырып, ереуілшілер басқа қызметкерлерді де өздеріне қосылуға мәжбүрлемек болғанын, осының салдарынан Саймағанбетов ашуға бой алдырғанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Асхат Хасенов бейнероликтің толық нұсқасы жарияланбағанын атап өтіп, Саймағанбетовтың әрекетін ақтамайтынын, бірақ оның жұмысшыларды қорғауға тырысқанын жеткізді.

“Жаман сөз айту, әрине, дұрыс емес. Бірақ оған дейін бірқатар оқиға орын алды. Ереуілшілер ғимаратқа кіріп, қызметкерлерді заңсыз наразылыққа қатысуға күштеп көндіруге тырысты”, – деді Хасенов парламентте сөйлеген сөзінде.

Оның сөзінше, Саймағанбетов жұмысшылармен басшы ретінде емес, қарапайым азамат ретінде сөйлескен. Осы кезде ол эмоцияға ерік беріп, өзін ұстай алмаған.

“Оқиға барысында әйелдер мен қыздарға қысым көрсетілді. Дау осындай жағдайдан туындады. Әрине, біз бұл мәселені ескере отырып, қажетті шаралар қабылдадық. Басшылық қызметте жүргендер компанияның ішкі тәртібі мен этикасын қатаң сақтауы керек. Болашақта мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін бар күшімізді саламыз”, – деді “ҚазМұнайГаз” басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Хасенов “Өзенмұнайгаз” кәсіпорнының Бұрғылау басқармасы жұмысшыларының ереуілден кейінгі жағдайы мен олардың жұмысқа қайта оралу мерзімі туралы пікір білдірген еді. 

БАҚ өкілдері ереуілге шыққан жұмысшылардың талаптары орындалмаған жағдайда олардың болашағы қандай болатынын сұрады.

“Қазіргі деректерге сәйкес, ереуілге қатысқан 160 адамның 19-ы жұмысқа оралды, ал 141-і әлі шыққан жоқ. Жалпы алғанда, “Өзенмұнайгазда” 4770 қызметкер бар, олардың ішінде 4630 адам жұмыс істеп жатыр. Біз жұмысшыларға ешқандай нақты мерзім қойып отырған жоқпыз, тек түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Оларға акцияның заңсыз екенін айтып, міндеттерін толық орындауға шақырып отырмыз”, – деді Хасенов.

Сонымен қатар журналистер ереуілге қатысушылар жұмыс берушінің тарапынан қысым көріп жатқанын мәлімдегенін айта отырып, соған байланысты ішкі тексерулердің жүргізіліп-жүргізілмей жатқанын сұрады.

“Қысым көрсету жағдайлары тіркелмеген. Бұл туралы ресми түрде мәлімдеймін. Біз ашық диалог режимінде жұмыс істеп, күн сайын қызметкерлермен кездесулер өткізіп келеміз. Бір ғана мекемеде 37 бірлестік пен 3 ірі кәсіподақ бар. Жұмысшыларға өз міндеттерін орындау қажет, ал егер қандай да бір ұсыныс немесе ескерту болса, біз оларды талқылауға және шешуге әрқашан дайынбыз”, – деп жауап берді Хасенов.


Рекомендовать
Последние новости