Бірінші сыныпқа қазірдің өзінде 27 мыңға жуық бала қабылданды. Оның ішінде 57%-ы мемлекеттік тілде білім алатын болады. Құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Оның сөзінше, жыл сайын мемлекеттік тілде оқуға деген сұраныс артып келеді. Бүгінде мегаполистегі барлық оқушылардың 51%-ы қазақ тілінде білім алып жатыр.
«Мысалы, 1990 жылы мемлекеттік тілде бар-жоғы 11 мың ғана оқушы оқыған болса, биыл олардың саны 177 мыңға жақындады. Яғни бұл көрсеткіш табиғи түрде 16 есеге өсті», – деді Сайфеденов.
Спикердің айтуынша, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы баласының оқу тілін өз қалауы бойынша таңдауға құқылы. Қолданыстағы нормативтік ережелерге сәйкес, мектептер қызмет көрсету аймағында тұратын барлық балаларды қабылдауға міндетті, ал жаңа білім беру мекемелерін ашу барысында оқу тілі қоғамдық сұранысқа қарай анықталады.
«Соңғы 12 жылда Алматыда 24 жаңа мектеп ашылды, соның 19-ы немесе 80%-ы – мемлекеттік тілде білім береді. Сонымен қатар, «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында ашылуы жоспарланған 12 мектептің 9-ы қазақ тілінде болады. Мұның бәрі ата-аналардың сұранысына байланысты», – деп атап өтті Білім басқармасының басшысы.
Брифинг барысында айтылғандай, басты басымдық – халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, қолайлы әрі қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыру.