Әлеуметтік желіде Қонаевта жаңа жылдық безендіруге 148 млн 528 мың теңге бөлінгені және атқарылған жұмыстардың техникалық құжаттамаға сәйкес еместігі туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты Қонаев қаласының әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Осыған байланысты Қонаев қаласының әкімдігі мердігер компания тәуелсіз аудиттерге жүгінгенін хабарлайды", - деп хабарлады әкімдік.
Әкімдіктің мәліметінше, аудит нәтижесіне сәйкес, кемшіліктер анықталса, әкімдік тарапынан мердігерге қатысты тиісті шаралар қабылданады.
"Қалалық ТҮКШ және ТҮИ бөлімінің мемлекеттік тапсырысын орындауға портал арқылы "Жасыл қала Қонаев" ШЖҚ МКК таңдалған. Аталған мекеме орталық алаңға шырша, Д.Қонаев ескерткіші маңына 2025 мерекелік жазуын, түрлі ойыншықтар орналастырып, №5 жағажай аумағын безендіріп, парк, көпір, қалаға кіреберістегі стела мен аллеяларды жарықтандырған, мерекелік ойыншықтар қойған. Мемлекеттік тапсырысты беру кезінде тек Жаңа жылда ғана емес, жыл соңына дейін нысандардың жарықтандырылып, көрікті болуы есепке алынған", - делінген мәліметте.
Мемлекеттік тапсырыс тек Жаңа жылдық мерекелер үшін емес, жыл соңына дейін қаланың көрікті болуы үшін есепке алынғаны атап өтілді.
Әкімдіктің айтуынша, №5 жағажай туристік тартымдылықты арттыру мақсатында безендірілген. Қойылған шағын сәулеттік нысандар “Жасыл қала Қонаев” мекемесінің балансында қалып, келесі жылы да пайдаланылады. Жыл соңында безендіруге арналған мемлекеттік тапсырыс тек қосымша әрлеу жұмыстарын қамтиды.