Жампоз әнші

Dalanews 24 апр. 2023 05:11 1456

Қазақ әнге құштарлығы ерекше халық. Абай атамыз айтқандай біздің пешенемізге «дүние есі­гін әнмен ашып, жер қой­ны­на әнмен кіру» жа­зыл­ғандай. Бұл аксиома.

«Әннің де естісі бар, есері бар» деп оны бағалай білген. Есті ән әуезді әуенімен, әсерлі сөзімен жүрек қылын тербеп, адам­ды өзіне баурап алатыны рас.

Өз басым осындай ән құдіретіне тәнті болғаным, шынашақтай қана қазақтың қара баласының қазақтың дәстүрлі әндерін шырқау шегіне шығара шырқауы. Шынашақтай ғана қара бала деп отырғаным – Нұржан Қабимолдаұлы Жанпейісов.

          Мен Нұржан інімді сонау студент кезінен білем. Алланың маңдайына жазған бағы болар, Талдықорған педагогика Университетінде оқып жүргенде Жетісудың бұлбұлы атанған, Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышевтің шәкірті атанып, 2 жылға жетер жетпес тәлім-тәрбиесін алыпты. Өзі айтқандай: «халық әндерін және Дәкеңнің төл әндерін Дәкеңнің алдында отырып, өз аузынан үйренген» екен. Менің пайымымда, осы бір кезең Нұржанның ән өнеріне кәсіптік деңгейде ден қойған жарқын сәті болар.

Өнерпаздың өмір өзегіне үңілсем, бала шағынан қолына домбыра ұстап, ән мен күйдің ұйығына бөленген отбасында ержеткені. Қазақ өнерінің өрінде отыз жылдан астам өнер көрсетіп келе жатқан Нұржан інімнің өмірі әнмен егіз өрілген десе де болады. Әкесі Қабимолда ауылдың қарапайым ақсақалы, домбыраның құлағында ойнаған өнерпаз болған, әсіресе Жетісу өңіріне тән қоңыр сазды шертпе күйлерді шебер орындаған екен. Анасы да ауылдың алты аузына жүйрік, той-думанның көрігін қыздырған өнерлі жан болған.

Осы бір жәйт көпшілікке беймәлім. Бұл жәйтті Астана қаласының маңында Қабанбай батырға кесене тұрғызылып (1999 жыл), баба басына тағзым етіп барғанымызда Абдрахманов Камал ағамыздан естідім. Естідім де таңдандым.  Өйткені, генетика ілімінде адамға тән ерекше қасиеттер тұқым қуалаушылық қасиетке ие екені ойыма оралды.

Өнерлі адамды өмірдің өзі екшеп, өзі танытатыны белгілі. Бойға дарыған ерекше қабілет, көбіне, тектіліктен бастау алып, өнер өрісінде кәсіби өріліп, ел-жұртының нәсібіне айналатыны заңдылық. Нұржан інім де осы заңдылық аясында толассыз ізденісі арқылы туа біткен қабілетін ұштап, өнерлі ортада өнерін шыңдап, ән өнерінің төріне өрледі.

Алладан берілген қабілет әдетте бірнеше бағытта көрініс табатыны ғылымға белгілі. Мысалы, тума қабілет, көңіл-сезім қуатымен айқындалатын қабілет және адамның тынымсыз еңбегімен шыңдалатын қабілет. Көбіне, қабілет ортаға бейімдеушілік нәтижесінде шыңдалатыны ақиқат. Адам өзінде жоқты өзгелерге еліктеу, солардан үйрену, оны бойына сіңіру және қалыпты әдетке айналдыру арқылы да қабылдайды.

Отбасында әке тәрбиесімен халықтың дәстүрлі әндері мен күйлерінің әуеніне сусындап, анасының өлеңдерін құлағына құйып өскен Нұржан, үлкен өмір жолына аттанғанда Дәнеш атаның тәлімін алып, қазақ елінің дәстүрлі ән өнерінде өзінің дара болмысын бойындағы осындай қабілеттерінің үйлесуі арқасында сомдай алды.

Мен білетін Нұржан жаны жайсаң, бойында жасандылық жоқ жан. Қарапайым, ашық-жарқын кішіпейіл. Тіршілікте қандай қарапайым болса, сахнада да осы табиғи қасиетін сақтап келеді. Жаратылысына тән сыпайы мінезімен өнердің өріне өрлесе де,  сол қалыбын сақтап келеді. Өмірі әнмен өрілген Нұржанның  рухани әлемінде қарапайымдылықпен қатар ерекше дауысы, талантын шыңдаған қарымды ерік-жігері  керемет үйлесім тапқан. Сондықтан да болар бойында жасандылық байқалмайды, әрдайым ашық жарқын жүргені және аузын ашса көмейінен кәусар ән төгіліп тұрады.

Өзегі талант пен өнерден өріліп, жақсы мінез-қасиеттерді бойына сіңірген адамдық болмысы - Нұржанның өзіндік төл таңбасы. Отбасынан алған тәрбие, өнер дарабозы Дәнеш ағадан алған тәлім Нұржанның адамгершілік қасиетін ұштап, өнер өрісін кеңейтіп, болмыстық даралығына жол ашқандай.

          Ән айтарда домбырасын серпілте тартып, арқаланып кететін әдеті өзіне жарасып-ақ тұр. Жан тәнімен беріле ән шырқағанда  ән ырғағымен бірге теңселіп, тебіреніп кететіні жүрегінің нәзіктігі мен бойындағы өнерінің қуат-күші іспетті. Нұржанның домбырамен сүйемелдеп ән айту шеберлігі, шынымен ерекше. Әсіресе, ән айтпас бұрын, әннің сипатын ашу мақсатында ішкі иірімдерін құлпырта ойнайтатын кіріспе шертпесіне тәнті боласың. Ең кереметі, кіріспе кейде әннің мелодиясына құрылса, кейде өзгеше бір сарында орындалып, ән әуеніне үйлесімді ұласып жатады. Нұржанның жайдары мінезі  «дом­бы­раны саусақ сөйлетпейді, көңіл сөйле­теді» деген Тәкен Әлімқұловтың сөзін еске салады.

Қазақ әндері орындаушылық мәнер-нақышы және шырқау ерекшелігіне қарай Арқа әндері, Кенен Әзірбаев бастаған Жетісу мектебі, Батыс Қазақстан сазы, Алтай әуені, Сыр бойы мақамы болып жіктелетіні баршаға мәлім. Мысалы, аспанға әуелете айту­ мәнеріне қарап Біржанның, бабы­мен қа­лықтап, сұлу әуезбен өрілсе Ақан серінің, асқақтата айтылатын кең тыны­сы­на орай Үкілі Ыбы­райдың әні екенін өнер құрметтеген қауым ажырата біледі. Осы орайда, халықтың қоңыржай сыршыл әндерінен өрілген бірде әуелеп құйқылжитын, бірде бәсеңдей келе қайта төгілте айтылатын сан құбылмалы  өзіндік мәнері бар Дәнеш Рақышевтың әндері Жетісу мектебінің мақтанышы.

Әсем әуен желісімен көркем өрілген ән мәтінінің үйлесімді үндесуі тыңдаушыны баурап алып,  бей-жай қалдырмайтыны қазақ халқына тән қасиет. Әннің құдіреті де осы! Бұл орайда әншінің шеберлігі - әуезді үнін бұлбұлдай құбылтып, ән ырғақтарын жұтындырып, әсем әуенін  домбыра шанағынан шыққан дауыс сарынына үйлесімді шырқауы. Дәнеш Рақышевке тән осындай шеберлікті өз деңгейінде игерген Нұржан - дәстүрлі қазақ әндерінің аясын кеңітіп, оның жаңаша дамуына мұрындық болды.

Ғылыми тұрғыдан алсақ, белгілі бір әуен - сазға айналған дыбыстың  да ұлттық тілінің болатыны белгілі құбылыс. Үнді аруы ән салғанда тек дауыс бояуынан, әуендік жолдарынан үндінің әуені екенін танисың. Бұл қасиеттер ұлттық дыбыстың да, әр ұлтқа тән әуендік сарынның да болатынын, сол ұлттық дыбыстың өз ұлтына көбірек түсінікті тілінің де болатынын аңғартады. Қысқасы, музыканың да ұлттық тілі, төлтума дыбыстан тұратын символы бар.

Осы орайда Жетісу өңірінде қалыптасқан ән сазы сан қилы тарих талқысынан сүзіліп өтіп, халықтың тұрмыс-тіршілігінен туындаған өңірлік болмысын сипаттайтын әуездік сарыны ерек асыл мұра.  Бұл әндерге кең тынысты соны әуез, толқынды ырғақ,  екпіндете келіп мақпал үнді баяу қайырымдарға ұласатын сұлу әуен тән.  Жетісу әндерінің ерекшелігі қазақтың қара сөзімен астасып жатқан ән сөзі мен әуені керемет үйлесім тауып, ерекше нақыш-өрнекпен өрілуі.

Жетісу әндерін ерекше әспеттеп, тыңдаушыларды Жетісу сазымен сусындатқан күміс көмей әнші Дәнеш Рақышев. Әуені ерекше, құрылым-өрнегі күрделі, иірімі мол Әсет әндерінің басым көпшілігін, мысалы, “Кіші Ардақ”, “Үлкен Ардақ”, “Қаракөз”, “Қоңырқаз”, “Мақпал”, “Інжу-мар­жан”, “Қысмет”  тағы басқа да әндерін барша қазақ халқына жеткізген Дәнеш атамыз.  Жетісу әншілік өнерінің өр өкілінің бірі Сәдіқожа Мошанұлының “Ахау, айым”, “Сары бидай”, “Еркем-ай” сияқты көркем нақышымен ерекшеленетін сұлу сазды әндерін де осы күнге жеткізгені баршаға мәлім.

Қазақстанның халық жазушысы Бексұлтан Нұржеке-ұлы «Дәнеш ағаның мұрасы» атты мақаласында: «Дәнеш ағаның ән мектебі – қазақ өнеріне өзіндік үлкен үлес қосқан мол мұра... Дәнеш ағаның өзі де, өлеңі де бұл күнде халық мұрасы» деген әділ баға беріпті. Ең бастысы, өнерге деген сүйіспеншілігімен, еңселі еңбегімен, тынымсыз ізденісімен Әсет Найманбаевтың қазынасын қотарып, Сәдіқожа Мошанұлының әндерін жандандырып, Жетісу өңіріне тән дәстүрлі әндерді насихаттап, Жетісу ән мектебінің іргесін кеңейткен әншілік өнері – қазақ халқының дәстүрлі ән қазынасына қосылған сүбелі үлес.

Мен Дәнеш атаның өзін көріп, қолына су құйып, әнін тыңдап, өнеріне сусындаған жанмын.  "Дәнеш сенімен бірге біздің ән өнерімізге ен байлық келіпті" деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай осы асыл қазынаны әншінің өз аузынан естіп өстім. Талдықорған облыстық радиокешенінің бөлім редакторы Әуелхан Төреханұлы Дәнеш атамен арғы бетте тонның ішкі бауындай араласып, кеңес кезеңінде туған бауырдай етене жақын араласқандықтан, әнші ата біздің үйде жиі болатын. Ағайын бас қосқан жиындарда Дәнеш ата отырыстың көркін қыздырып, қауымның қалаған әндерін орындап, әсте ақжарма ақпейілінен айныған емес. Өмірде де, өнерде де қарапайым жан шаршап тұрса да елдің көңілін қалдырмайтын ақкөңіл еді.

Әрине, адамның көрген дүниесі мен тыңдаған әуеніне қарай танымы қалыптасатыны заңдылық. Жастайымнан Дәнеш атаның орындауындағы Жетісу өңіріне тән әндерге сусындап өскендіктен бе, Дәнеш ата орындаған әндерді естігенде жаным ерекше тебіреніп кетеді. Ол кісі орындайтын дәстүрлі әндер қазақы колоритке қанық. Әсіресе, нөсерлете төгілетін екпін, шүмектеп тамылжыған әуез, серпілтіп сергітетін өр әуен бір сарынға тоғысып, әннің құдіретін асқақтатып, адамды өзіне баурап алады. Осы әндер әуені, әсіресе, маған ерекше ыстық, жүрегімді баурап, сезімімді елітіп,  ән өнерінің терең ұйығына тартып әкетеді.

Талдықорған облысында жаңадан құрылған ғылыми-зерттеу институтына қызметке келгенде /1993 жыл/ Әуелхан ағамыздың үйінде ағайын-туыс жиі бас қосатын. Кезекті бір бас қосуда Нұржанның орындауында айтылған әндерді естіп, қатты толқыдым. Ән радиодан шырқалса Дәнеш ағаның дауысынан ажырата алуым қиынға соғар еді. Мақпал дауыс, сол ырғақ, сол мақам, домбыра қағысы да Дәнеш ағаның мәнері. Міне, құдірет! Әнді түрлендіріп, құйқылжытып, екпіндетіп айта алу әр әншінің қолынан келе бермейтін шеберлік, осы өнерді жетік меңгерген Нұржан ініме ерекше сүйсіндім. Қабілеті болса да, әркімге бұйыра бермес бақ. «Бап шаба ма, ат шаба ма, бақ шаба ма» дегендей,  талант та, қабілет те  үйлесіп тұр. Әсіресе, дауысын баппен ұстауы нағыз өнер.

«Жақсы дауыс – әншінің жарты бақыты» дегендей әншінің даралығын айқындайтын да  дауыс. Әнші өзіне тән дауысымен  көрерменнің есінде қалатыны да заңдылық. Нұржанның дауысы дәстүрлі қазақ әндерінің шебер орындаушысы Дәнеш атаның әуенін еске салып, жаныңды еліктіріп, құлағыңның құрышын қандырады. «Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» дегендей, Дәнеш атадан үйренген Нұржанның ән айту мәнері шеберліктің шыңы десем де болады. Кез келген әнші айта алмайтын кейбір күрделі әндерді өз биігінде орындау Нұржанға бұйырған екен. Мысалы, Әсеттің әні «Қисмет», «Ардақ», «Мақпал», әйгілі «Інжу-маржан», халық әні аталған «Аңшының әні», «Бөпем-ай», «Баянауыл» әндері кең тынысты, иірімі мол, орындаушыдан шеберлікті және сезімталдықты талап етеді.  Нұржан сезімталдықпен, өзіне тән шеберлікпен  өзен ағысындай бірде баяу, бірде екпінді, құйқылжып-құбылған әсем әндердің маңызы мен мәйегін тыңдаушы құлағына мақпал дауысымен құйғанда тебіренбеу мүмкін емес. Ән әуенімен тыңдаушының жүрегін жаулап алу, әннің сәні мен мәнін сезіндіру – Нұржанға тән ән құдіретін құрметтеудің биік шыңы.

Нұржан Жанпейісовтің ән орындау шеберлігін зерделесек, Жетісу өлкесіне тән дәстүрлі халық әндерінің үні, тәлім алған ұстазы Дәнеш атамыздың ән орындау мәнері және дәстүрлі халық әндерін орындап жүрген айтулы өнерпаздардың ән айту сарыны байқалып тұрады. Дауыстары және ән орындау мәнері ұқсас болғанымен,  әрине,  Нұржанның ән орындауы Дәнеш атадан өзгерек. Өз стилі бар. Үлгі тұтса да,  еліктесе де Алладан дарыған талант болар,  әнді өзінше өрнектеп салады. Әндерді орындау барысында өзіндік әуендерінің сарыны басым екені байқалады,  ал мақпал дауысы ән ырғағын ырқына көндіріп, тыңдаушының құлақ құрышын қандырып, өнер сүйген қауымның көңілін биікке жетелеп кетеді.

Дәнеш атамыз тіршілігінде Нұржанның ән салғанын тыңдап: «Жастық шағым қайта оралыпты. Даусыңнан айналайын» деп бата берген екен. Халық жазушысы Бексұлтан Нұржеке-ұлы: «Нұржан – Дәнеш әншінің кенже қозысы... Дәнеш әнінің бүкіл қайырымын, иірімін Нұржан баламыздың бойынан табуға болады» деп бағалайды. Шынымен де, Нұржанның орындауындағы әнге құлақ түрсеңіз, Дәнеш атаның үнін бүгінге жеткізіп жатқандай әсерде қаласыз. Дәнеш ата жинаған дәстүрлі халық әндерінің мол мұрасы болашаққа жол тартқандай сезінесің. Міне, әнші құдіреті! Өйткені, орындаушыдан ерекше дайындықты, әрі шеберлікті талап ететін әндердің тыңдаушыға бұзылмай жетуі – әншінің халық мұрасына деген ерекше құрметі.

Нұржан әншінің тағы бір ерекшелігі - ән шырқағанда әннің табиғатына ендеп, ішкі әуеніне бойлап, жан дүниесімен сезініп айтуы. Сондықтан да тыңдарманын баурап алады. Мысалы, «Аңшының әні», «Баянауыл» және «Ең қызық жастық»  сынды  әндерді айтқанда дауыс техникасымен, домбыраны шебер тартуымен, ән салып тұрғандағы дене қимылымен көрермендерді қыздырып, желпінтіп жібереді. Ән шырқағанда әр сөздің мағынасына тереңдей еніп, жан-дүниесімен сезіне отырып, шабыттана айтады.

Нұржан інімнің тағы бір қыры, тыңдаушыларының көңіл-күйіне ме, әлде шабыты келу орайына байланысты ма, шырқаған әндеріне көбіне домбырамен сүйемелдеуді әрдайым жаңаша түрлендіріп отырады. Өлең шумақтарының арасына әннің болмысына тән қысқа қайырмалар енгізіп, әннің құлаққа жағымды естілуіне ерекше мән беретін қасиеті. Әншінің осы қыры Дәнеш атадан алған тәлімі ме, әлде өзі енгізген жаңалық па, оны өнер зерттеушілері екшеп жатар. Менің айтпағым, Дәнеш ата өмірінің соңғы жылдарында інісі Әдепхан Төреханұлының 50 жылдық мерей тойы қарсаңында ақынның «Сағынышым ұларым» өлеңіне ән шығарып, оның екі шумағын радиодан өзі орындаған еді. Мұрағаттан алып, өңделген осы әннің Нұржанның орындауындағы құлпырғаны маған ерекше әсер етті. Әннің шырқалу көркемдігі әншіден екенін ескерсек, осы әнді орындау алдында домбырамен қайырған шертпе-кіріспесі мен әр қайырмасын тұйықтағанда орындалатын сүйемелдеуі ән табиғатымен керемет үйлескен. Осы әннің «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясына енуі де кездейсоқ емес-ау. Осы әнге жасалған музыкалық кіріспе «Нұржанның төкпесі» деп аталса да жарасымды. Өйткені, Нұржанның домбыра шерту шеберлігі әнге ажар беріп, табиғатын ашып тұр.

          Әрине, қазақта ән де, сазгер де көп. Дегенмен, халық есінде мәңгілік жаңғырып тұратын есімдер саусақпен санарлықтай. Өйткені, ән орындаудағы өзіндік өрнек-нақышымен, қайталанбас әуенімен халықтың асыл мұрасын биікке өрлеткен, ерекше үнімен, дауысымен елді әнмен әлдилегендер ғана ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып, халықтың құрметіне бөленері хақ. Ақан сері, Біржан сал, жаяу Мұса, үкілі Ыбырай, Әсет және басқаларының жолын жалғастырған Дәнеш ата осындай тұлға еді. Дәстүрлі халық әндерінің көкжиегін кеңейткен, Жетісу сазы мектебінің іргесін бекіткен Дәнеш атаның тәлімін алған Нұржан Жанпейісов осынау ұлы әншілердің туындыларындағы қайталанбас қазақы нақышты жаңғырта, жарқырата отырып, өзіндік өрнекпен толықтырып, ән өнеріне жаңаша леп әкелді десем артық болмас. Ең бастысы, Нұржанның орындауындағы дәстүрлі әндерді бүгінгі жаңа ұрпақ жылы қабылдап, бойына сіңіре алды. Міне, әнші құдіреті! Талантқа тағзым етіп, өнерге құрмет көрсеткен елдің сүйіспеншілігі – әнші өнеріне берілген баға, әрі Нұржанның абыройы.

Осы биікке Нұржан өзінің ерінбейтін еңбек сүйгіштігімен, өнерге деген ерекше жанашырлығымен, әр әнді орындағанда өз тарапынан қойылатын талаптарымен қол жеткізді. Талантын еңбекпен ұштап, ұдайы ізденіс үстінде табандылық танытып, ерік-жігерін қайрап, дауысын баптап, домбыра шерту техникасын шыңдап, әншілік өнердің өзіне тән кемелдік келбетін сомдады. Ән шырқау кезінде домбырамен сүйемелдеуді жетілдіру үшін күйлер орындап, күйге тән иірімдерді игеріп, домбыра шерткенде саусақтарынан ән сауылатын техниканы ән орындау барысында үйлесімді пайдаланып жүргенін білемін.  Бұл әдіс Нұржанның шығармашылық ізденісіндегі тағы бір қыры.

Нұржан Жанпейісовтің тамаша қасиеті - адами болмысы жақсы әдетпен, үлгілі әдеппен әдіптелген. Әр шығармашылығына сыни көзқараспен қарау, ізденіс үрдісін ұдайы жалғастыру және басқа да әдеттері Нұржанға тән кішіпейілділікке, үлкенмен де, кішімен де тіл табысқыштық сияқты үлгілі әдепке ұласып жатады. Отыз жылдан астам өнер өрінде жүрген Нұржан інімнің біреумен дауыс көтеріп сөйлескенін, қырғиқабақ болғанын көрген емеспін, естімедім де. Кереғар немесе қағыта сөйлегендердің сөзіне мән бермейтіні және оларға беретін жауабы жымиып қана бас шұлғып кете беруі Нұржанның мәрт мінезін айғақтай түседі. Осындай көркем мінезімен өнердегі көптеген әріптестерімен етене араласып, ағайын-туыспен де ара жігін үзбей келе жатыр. Өтініш айтсаң, елпектеп, уақытпен санаспай жақсылықтың бел ортасында жүргені. Нұржанның осы қыры кісі талғамайтын кішіпейілділіктің арқасы.

          Өнерде дәстүрлі ән саласының саңлағы атанған Нұржан өмірде «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. Жаратқаннан адам баласына берілген жақсы қасиеттер, өнері мен өнегелі істері үйлестікпен сомдалған сабақтастық осы «сегіз қыр» деген түсінікті аша түседі. Осы тұрғыдан, Нұржанға тән жақсы қасиеттердің әр қайсысы сырлы азаматтың бір қыры, әр қыры жан-жағына нұрын шашып, болмысын толыстырып, жан дүниесінің рухани  байлығына ұласқандай.  Өнерлі адамның халыққа танылуы да осы жақсы қасиеттердің адам бойында тоғысуынан болатыны хақ, сондықтан да қазақ мақтағанда сегіз қырлы деп әспеттеген.

Нұржан Жанпейісов ініміздің адамгершілігін ұштап, өнердегі ізденістің көрігін қыздырып, ұстаздық жолға бой ұрғанын жасампаздықтың алғышарты дер едім. Сырт көзге сабырлы қалпы ішкі күш-қуатының молдығын, болмысында сыпайылықтың басымдығын адақтағандай. Өнердегі тынымсыз ізденісі «бәрін игерсем, бәрін білсем» деген ниетпен өрілген. Әркімнің бақ талайы өзінен деген халықпыз ғой, өнерге деген жанашырлығымен, адамдарға деген адалдығымен және өнері мен еңбегіне сүйенген Нұржан, өмірдегі өз соқпағын салып келе жатқан өнерпаз жандардың жампозы.

Осы мақаланы жазу барысында Ықылас Дүкенұлы атындағы Ұлттық аспаптар мұражайында өткен /2016 жыл/ концерт-лекция есіме оралды. Концертке баға берген жиында сөз алған өнер зерттеушісі «Қазақтың дәстүрлі әні фольклор ғана емес, ол қазақтың ұлттық классикалық өнері» деген тамаша ой айтып, осы өнерді дамыту үшін «шәкірт тәрбиелеумен қатар, әр орындаушы кітәп жазып қалдырса тамаша болар еді» деген пікір айтқан еді. Нұржан осы айтылған ойдың үдесінен шыға алды.

Сонау 1994 жылы Талдықорған қаласы Дәнеш Рақышев атындағы № 3 мектеп-интернатынан бастау алған Нұржанның қарапайым ұстаздық қызметі бүгінгі таңда республикалық деңгейде кәсіби жалғасын табуда. Нұржанның басшылығымен Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде Дәнеш Рақышев атындағы арнайы әншілік сынып ашылып, шәкірттер легі тәрбиеленуде. Т. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында кафедра меңгерушісі қызметін атқарумен қатар бір мезетте академия жанындағы Дәнеш Рақышев атындағы сыныпта шәкірттерді баулуға да уақыт таба алғаны қандай. Осы игі істер Жетісу сазының озық көрінісі Дәнеш мектебін дамытуға қосқан Нұржанның ерен еңбектерінің бір парасы.  Әншінің дәстүрлі әнге деген,  ұстазына деген адалдығы және өнерге деген тазалығының бір сыры осында жатыр.

Шығармашылық тұрғыдан ұстаздық қызметпен қатар ән өнеріндегі ізденістері әсте толастаған емес. Радио мекемесінің шаң басқан мұрағатында «Алтын қорда» сақталған әндердің ішінен дәстүрлі қазақ әндерінің үздік үлгілерін қайта тірілтіп, форматын түзетіп дегендей, ұмыт бола бастаған әуендерді насихаттауға зор еңбек сіңіріп келеді. Дәнеш ағаның 80 жылдық мерей тойы қарсаңында /2006 жыл/ «Алтын қордан» Дәнеш аға орындауындағы 51 әнді өңдеп, заманауи үнтаспаға түсірді, оның 26 - сы Дәнеш ағаның төл әндері еді.  Дәнеш ағаның 90 жылдық мерейтойына орай 60 әнді жинақтап, оны өнер зерттеушісі Мұрат Әбуғазыға нотаға түсіртіп, ән жинағы кітәбіне топтастырды.

Жинақтың аты «Саясында алманың» аталуы да адамға ой салады. Еріксіз есіңе Дәнеш атаның: «Алманың саясы атажұртымның саясы болып сезілді. Еміреніп келген мені, елім алақанына сап аялады» деген жүрекжарды сөзі түседі. Қырықтың қырқасына ілінбеген «дүр жігіт» шағында шыққан бұл әннің шоқтығы биік, сұлу екені даусыз. Ән мәтінінің қызға деген махаббатпен, еліне деген сүйіспеншілікпен өрілуі және алма бағының жұпар иісімен астасып жатуы, әнші сезімінің әсем сазбен көмкерілуіне ұласып кеткен. Адам жүрегін тербейтін осы әнді тыңдағанда, дәстүрлі халық әндерінің сарыны бұзылмай, бабалар үні мен адам арманының сазы үйлесім тапқандай әсер аласың. Нұржан шырқаған нұсқаға құлақ салсаңыз, тұтас халық театры ән айтып тұрғандай үн естисің. Осы жинақты қолға алғанда Нұржанның ұстазына деген құрметіне, өнер алдындағы адалдығына тәнті болдым.

Бүгінде ұршықтай иірілген заманда өнерді бағалап, өзгенің жетістігіне өзінікіндей қуанатын адам сирек. Осы жағынан Нұржан інімнің атқарып келе жатқан игі істері кейінгі буын жастарға өнегелі үлгі. Дәнеш ата орындаған 115–тей әндерді шашпай-төкпей жинақтап, оны үнтаспаға түсіріп, халыққа насихаттауда зор еңбек етті.  Әрине, бұл игілікті іс. Өнерді бағалаудың эталоны. Осы орайда, менің әкем шығарған «Жайлау» әні Нұржанның қолдауымен нотаға түсті, эфирге де шықты. Жетісу өңірінің қоңыржай әуенімен өрілген әнді Нұржанға дейін тек әкем өзі орындап жүретін. Нұржан осы әнді өңдеп, өзінің мәнерімен шырқағанда ән түрленіп шыға келді.   Ән айту үшін «әнді жүректен өткізіп, жүрекпен түсіну керек» екенін сонда ғана жете түсіндім. Осылайша, жақсы әнді бағалай отырып, өзгенің өнерін тыңдаушыға жеткізе білу Нұржанның өнерге деген адалдығын айғақтайды.

Нұржан Жанпейісовтің өнерлі екенін, ізденімпаз екенін, ұстаздық өнерді игергенін айта келе, мәдениетті адам екенін атаған жөн.  Мәдениетті адам деп қарым-қатынаста қарапайым, өзгелерге сыйластықпен қарайтын, ешкімнің көңілін қалдырмайтын, өзгелердің пікірімен санасатын адамды айтатыны белгілі. Осы орайда, Нұржанға адамның көңіліне қаяу түсірмеуге тырысатын сыпайылық тән. Ал, адамның кісілік қадір-қасиетін ізгілік деп қабылдасақ, мінезі сыпайы, жүріс-тұрысы жинақы, ниеті түзу, өзі ұстамды, әрі байсалды Нұржан інім ізгі адамдар сапынан ойып тұрып орын алады.

Ізгіліктің бір көрінісіне тоқталсам, жазушы Тұрсынғазы Әлпейісов ағамыз әкесінің табылып, тірі екенінен хабар алған сәтте «Аңсау» атты өлең жазады. Дәнеш ата тірісінде осы өлеңге мақамы дәстүрлі әндерге үндес ән жазып,  радиодан орындаған екен. Әкесіне деген сағынышы жүрегін кернеген Тұрсынғазы аға, інісіне осы әнді орындап беруіне қолқа салады.  Болмысынан бауырмал Нұржан осы әнді мұрағаттан іздеп тауып, Дәнеш Рақышевтің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында үнтаспаға түсірді. Бас қосқан жиындарда осы бір ерекше ән Нұржанның орындауында  ғана айтылатын. Бұл ән әкеге деген сағыныштан қораланған сыздауықтың аузын ашатын, қуаныш-күйініші аралас көңіл күйді жеткізетін әуезді,  әрі әуені бөлек ән.

Нұржанға тән жақсы қасиеттердің тағы бір парасы ол үнемі ізденіс үстінде жаңашылдыққа ұмтылады. Жаңашылдыққа құлшынысы «өзгеден артық болсам деген ниет емес, жақсыны, жаңаны игерсем» деген ниетпен атқарылатыны. Ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында «Әнді сүйсең, менше сүй» атты жеке концерті өтті. Осы концерттің жаңашылдығы мол. Біріншіден, академиялық концерт өтті. Екіншіден, алғаш рет сахнадан Абай атамыздың «Мен боламын демеңдер» деген өлеңіне жазылған әкесінің әні орындалды. Үшіншіден, дәстүрлі халық әндері «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. Төртіншіден, оркестрдің сүйемелдеуімен «Ұлбике мен Күдерінің айтысы» сахналанып, әнмен айтылды. Осы жаңашылдықтың өзегі Нұржан Жанпейісовтің тынымсыз ізденісінің жемісі.

Нұржан Жанпейісовтің өнерге деген құштарлығының ұйымдастырушылық қабілетімен ұштасып жатқаны да жарасымды. Ұлттық телеарналар ұйымдастырған «Алтыбақан», «Ауылдың алты ауызы», «Жетісаз», «Қазақтың 100 әні» және Алматы телеарнасының «Інжу-маржан» бағдарламаларының бел ортасында жүргенін айтсаңшы. Сонау 2009 жылы Қазақконцертте жүргенде өткізген жеке шығармашылық кеші, Ықылас атындағы Ұлттық аспаптар мұражайында өткен «Әсет пен Дәнеш» атты лекция-концерті, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында, «Ғалымдар үйінде» және «Әнді сүйсең, менше сүй» атты концерттері халықтың ерекше ықыласына бөленіп, дәстүрлі әндердің өміршеңдігін дәлелдеді. Дәнеш атаның домбырасын салтанатты түрде  «Ықылас атындағы Ұлттық аспаптар мұражайының» төріне жайғастырып, шәкірттік парызын да  атқарды.

Елудің белесіне енді іліксе де, үдесі зор шығармашылықтың мол үлесіне кенелді. «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясына 15 әні, Ұлы Британия /Лондон/ мемлекеті шығарған «Қазақ сахарасының дәстүрлі музыкасы» жинағына 5 әні енді. Ж. Елебеков атындағы байқаудың  /1998/, «Жаңа ғасырға – жаңа ән» байқауының /2000/, «Шабыт» халықаралық фестивалінің /2000/ лауреаты және Ә. Қашаубаев атындағы байқаудың бас жүлдесін иеленді. Париж қаласында өтетін ұлттық дәстүрлі музыкалық фестиваліне екі дүркін қатысты. Гастролдік сапармен Қытай халық республикасына /2002/, Моңғол еліне /2005/, Оңтүстік Корея еліне және Ресей қалаларына барып, концерттер қойды. Толассыз ізденісінің жемісі – репертуарында 300-ден аса әндер жинақталған. Көбіне, халықтың дәстүрлі әндері, Дәнеш ата орындаған әндер және басқа да композиторлардың шығармалары қамтылған. Бұл Нұржан інімнің қазақтың дәстүрлі ән өнерін дәріптеген еңселі еңбектерінің бір парасы.  Жалпы, Нұржан Жанпейісов ән өнерін құрметтеген бас қосулардың ұйытқысы, сері жігіттің осы қыры оның өнерге адалдығының айғағы.

Дәстүрлі қазақ әндері мектебінің орындаушыларын дайындап жүрген Нұржан «сэнсэй» деген де атаққа ие. Жапондар мұғалім  мен дәрігерді ерекше құрметтеп, «сэнсэй» деп атайды, жапондар үшін құрметті титул. Жапон халқының тумасы Такахаши шәкірт ретінде Нұржаннан   сексенге жуық ән үйреніп, ұстазын құрметпен «сэнсэй» атапты. Генетика ғылымында қазақ пен жапон ұлтының гендері ұқсас келетіні жайлы деректер бар. Сондықтан да болар, өздерін қарапайым ұстайтын жапон елінің өкілі 80-ге жуық қазақ әндерін екі жылда үйреніп алыпты. Такахаши газетке берген сұхбатында: «Домбыра әуенінде адамды елтітетін ғажайып күш бар. Ән айтқанда шабыттанып кетемін. Әсіресе халық әндері арқаны қоздырады» депті. Жапондық өнерпаздың қазақ әндерін шырқауының арқасында дәстүрлі қазақ әндерінің орындалу аясы кеңейді, қазақ халқының төл өнері әлемдік сахна төріне өрледі.

Иә, мәдениет қайраткері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әншілік өнердің жампозы, профессор Нұржан Жанпейісов хақында айтылар жүрекжарды лебіздер көп. Осы мақалада «Ер жасы елудің» белесіне көтерілген Нұржан Жанпейісовтің адами қасиетіне қысқаша шолу жасалды.  Алда Дәнеш аға игерген алпыстың асқары тосып тұр. Алла бұйыртса, әлі Нұржан інім туралы айтылар, жазылар әңгімелер толастамас. Өйткені, болмысы ерек азамат жайлы қалай толғансаң да жарасады.

Ұстазындай қарапайым, мақтау мен мадақтауға арбалмаған парасатты жанды мерей тойымен құттықтай отырып, шығармашылық еңбегіне шалқар шабыт, толағай табыс тілеймін. Өмір деген бәйгеде өнер мүддесінің үдесінен шығып келе жатқан жүлдегер ініме шыңдала бер, бабыңда бол демекпін. Жүйрік болдың ба, жүлдені бермеу – азаматтың серті.

 

Айбын ТӨРЕХАН, профессор

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости