Жамбыл облысында сарбаздың өліміне қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қайғылы оқиға 27 қаңтарда болған. Сарбаз Е.Рустемұлының қаза болу себептерінің бірі болған Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлім рота командирінің қызметке салғырт қарауы бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды.
Тергеумен лауазымды тұлғаның жеке құрамның қызметін және әскери қызметшілердің қаруды қолдануын бақыламағаны, сонымен қатар қаза болған сарбаздың қызметтестеріне қатысты билік өкілеттігін асыра пайдаланғаны анықталды.
Қысқа мерзім ішінде қажетті дәлелдер жиналып, қылмыстық іс сотқа қарау үшін жолданды.
Сарбаздың өліміне қатысты басқа да мән-жайларды тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр, тергеу барысы Бас әскери прокуратураның ерекше бақылауында.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы бойынша, алдын ала тергеу деректерінің басқа мәліметтері жариялауға жатпайды.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысындағы сарбаз өліміне қатысты Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасаған болатын.
