Жалған брокерлер дәуірі. Алаяқтарға ұрынып қалмау үшін не істеу керек?

Dalanews 25 мая 2023 09:35 1247

Қазақстан инвестициялық бумды бастан кешіруде. Елімізде қарапайым жеке азаматтардың да қор нарығында инвестициялауға деген қызығушылығы артып келеді. Өкінішке орай, оны алаяқтар да тез түсінді. Сондықтан бұл нарықта алаяқтарға ұрыну тәуекелі күрт көбейген деп жазады Dalanews.kz. 

 Ең алдымен «қор нарығы» дегеніміз не екенін айту қажет.

 Қор нарығында құнды қағаздар бойынша сату мен сатып алу операциялары жүзеге асады. Инвесторлар бұл сауда-саттықты арнайы ұйымдастырылған сауда алаңында - қор биржасында өткізеді. Яғни биржа сатып алушылар мен сатушыларды біріктіреді. Әр қор биржасының нақты ережелері, шарттары, қатысушылары, құнды қағаздар тізімі мен жұмыс кестесі бар.

Қазақстанда екі қор биржасы жұмыс істейді. Олар - Қазақстан қор биржасы (KASE) мен "Астана" халықаралық қаржы орталығына қарасты AIX биржасы.


Биржада сатып алушы, немесе сатушының атынан жұмыс істеуге өкілеттілігі бекітілген тұлға (заңды тұлға) брокер деп аталады. Операциялар брокер арқылы жүреді.

Әлемдегі тенденцияға орай, жылдан-жылға Қазақстанда да биржа арқылы инвестициялауға қызығушылық артып келеді. Қаржылық сауаттылық деңгейі өскен сайын, азаматтар да өз қаржысын тиімді инвестициялық құралдар арқылы көбейтіп, одан классикалық банк депозиттерінен көбірек пайда табуға болатынын түсіне бастады.



Жеке инвесторлар санының артып келе жатқанын Қазақстан қор биржасының 2023 жылдың бірінші тоқсаны бойынша нәтижелерінен байқауға болады.

Орталық депозитарийде жеке тұлғаларға ашылған шот саны омнибус шоттарды қосқанда 1 миллионнан асып кеткен.


Егер сіз инвестициямен айналысқыңыз келсе, брокерді қалай таңдау керек? Нағыз брокер мен алаяқты қалай ажырата аламыз?

Лицензия


Еліміздегі қаржы нарығындағы қатысушылардың қызметі мен операцияларды Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі (қысқаша – ҚНРДА), ал Astana International Exchange (AIX) биржасының қатысушыларын Astana Financial Services Authority, AFSA қадағалайды.

Сәйкесінше, біздегі брокерлік жұмыс лицензияланатын қызмет түріне жататындықтан, брокерлерде ҚНРДА-ның не болмаса AFSA-ның  лицензиясы болуы тиіс. Ал ол лицензия жалған емес пе, шынымен берілген бе, оны ҚНРДА сайтындағы Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға берілген, қайта ресімделген лицензиялардың тізілімінен тексеруге кеңес береміз.

Сонымен қатар AFSA-дан лицензия алған компаниялар тізімін AIX биржасының сайтында көруге болады. Егер брокер лицензиясын көрсеткісі келмесе, сылтау айта бастаса – сіз алаяқтарға кезіктіңіз деген сөз.

Тым жоғары кірістілік


Нағыз, кәсіби брокерлер сізге нарықтан жоғары кірістілікке еш уақытта уәде бермейді. Егер сізге мұндай ұсыныстар түсіп жатса, онда бірден сезіктенуіңіз қажет.

Алаяқтар көп жағдайда адамның психологиялық әлсіздігіне, аз уақытта көп пайда табамын деген үмітіне жұмыс істейді.


Мысалы, жылына 40-50% кірістілік алу шын мәнінде мүмкін болса да, оның үлкен тәуекелдері бар.

Нағыз кәсіби брокер алдымен өз клиентінің табыстылық және оның мерзімі бойынша талап-тілегін біліп, соған сай инвестициялық стратегия әзірлейді. Клиент стратегияны мақұлдағаннан кейін ғана, соның аясында инвестициялау жүзеге асырылады. Олардың ішінде консервативті, яғни кірістілігі көп болмаса да, тәуекелі аз стратегия, кірістілік деңгейі мен тәуекелі теңдестірілген жоспар, немесе жоғары кірістілікке қол жеткізу үшін тәуекелі жоғары стратегиялар кездесіп жатады. Барлығы клиенттің мақсатына байланысты.

Кез-келген уақытта, кәсіби брокер мүмкін жағдайлардың барлығын алдын-ала ескертеді..

Ресми келісім-шарт, рейтинг, ашық ақпарат


Нағыз брокер заң талабы бойынша сізбен келісім-шартқа отырады. Ал алаяқтар оған көп назар аудара бермейді. Бұл ретте, адамды алдау үшін алаяқтар да жалған келісім-шарт жасауға баруы мүмкін. Бірақ біркүндік фирмалар үшін, ондай құжаттың құны бір тиын.

Нағыз брокерлерде лицензиялар, тарифтар, инвестициялық идеялар, кеңсе мекенжайлары, құрылтайшы құжаттар, байланыс нөмірлері, басқа да қажетті ақпараты бар ресми сайттар болады.


Ірі, беделді брокерлерде S&P, Moody’s, Fitch сынды халықаралық рейтинг агенттіктері бекіткен рейтингі болады. Олар қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған биржалардың лицензияланған мүшелері болып табылады.

Кейбір кәсіби брокерлер ұдайы қор нарығының арнайы жүлделерін иеленіп жатады. Мысалы, отандық KASE, AIX, немесе FEAS cияқты халықаралық ұйымдар, жыл сайын белсенді брокерлерді арнайы жүлделермен, номинациялармен марапаттап отырады.

Лицензиясы бар кәсіби брокерлердің еліміздің ірі қалаларында ресми өкілдігі мен кеңселері бар. Оған еліміздің әр түкпірінен әлеуетті инвесторлар барып, қажетті кеңес, ақпарат ала алады.

Ең бастысы, ресми брокерлер өздерінің қаржылық есептерін жариялап отырады. Және брокерлік шотқа клиент қаржысын тек банк арқылы қабылдайды. Ал алаяқтар қаржыны күдікті әдіспен, яғни біреудің картасына немесе басқа да бейресми жолдар арқылы жолдауды сұрайды.

Қорыта айтқанда, жалған брокерлерді анықтау үшін мынадай белгілеріне зер салыңыз:


Сенімді брокерде келесідей кейс болады: 



  •  қызмет түрлеріне сәйкес реттеушіде лицензияның барлық түрі бар;

  •  биржа тізімінде тіркелген;

  •  халықаралық агенттіктер бойынша өз рейтингі бар;

  •  қаржылық есептілікті жариялайды;

  •  биржалардың рейтингіне қатысады;

  •  ресми байланыс арналары, нақты кеңселері, байланыс орталығы, жеке менеджерлер штаты бар;

  •  корпоративтік веб-сайттағы ақпаратты үнемі жаңартып отырады;


қор нарығының тәуекелдері және оны тыныш түрде азайту жолдары туралы үнемі ескертеді, жылдам және жоғары табыстылыққа кепілдік бермейді;


  •  банк арқылы толықтыру арқылы делдалдық шоттарға қаражат қабылдайды;

  •  қор нарығының тәуекелдері және оны мейлінше болдырмау немесе азайту жолдары туралы үнемі ескертеді, жылдам және жоғары табыстылыққа кепілдік бермейді;

  •  делдалдық шоттарға қаражатты банк арқылы қабылдайды.


 

Егер сіз инвестор болғыңыз келсе, барынша көп сұрақ қоюға қысылмаңыз. Күдіктеңсеңіз, ақпаратты барынша көбірек тексерген жөн. Инвестиция жасап жүрген таныстарыңыздан, интернеттен, әлеуметтік желіден көбірек ақпарат жинаңыз. Егер сізге психологиялық қысым жасалып, тездетіп ақша жіберуіңізді талап етіп жатса, ондай шешімнен бас тартыңыз. Өзіңізге ойлануға барынша көп уақыт алыңыз.

Ең бастысы, тек ресми ақпаратқа сеніңіз. Мысалы, ҚНРДА өз сайтында лицензиясыз қызмет немесе қаржылық пирамида белгілері анықталған субъектілердің ➡️ тізімін жаңартып отырады. Онымен міндетті түрде танысып шығыңыз.

Рекомендовать
Последние новости