"Жалақылары 314 миллион". Нұрлан Қоянбаев "Барыстың" кезекті жеңілісінен соң ашуланды

Көркем Алдабергенова 10 окт. 2024 14:51 2902

Танымал кинопродюсер, актер Нұрлан Қоянбаев бюджеттен көп қаржы бөлінсе де ешқандай нәтиже көрсетпейтін хоккейшілер мен велоспортшылар туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz Qaz365.kz-ке сілтеп.

Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазды. 

"Барыс" неше жыл бюджеттен ақша алып жатыр? Неге журналистер осыған мән бермейсіздер? Құрама нәтиже көрсетпейді! Көрші елдің чемпионатында соңғы орында жүр. Миллиардтаған ақша айтысқа немесе көкпарға бөлінсін! Қазақстанда бюджеттен ең көп ақша алатын команда, үйде 1-10 болып ұтылып жатыр", - деп жазды Нұрлан Қоянбаев.

Ол "Астана" велокомандасының құрамы туралы да жазды.

"Астана велокомандасы да жүр жыл сайын бюджеттен ақша алып. Араларында бір қазақ жоқ, нәтиже де жоқ. Құрметті журналистер осыларға мән берейікші", - деп жазды ол.

Айта кетейік,"Барыс" хоккей клубының жаңа маусымдағы ойыншыларына жоғары жалақы беріледі. Ресейлік "Спорт Экспресс" басылымының жазуынша, ең жоғары жалақы канадалық Уилл Бутчер мен Майкл Маклаудқа тиесілі. 

Канадалық қос ойыншы "Барыстың" қалтасын қағатын ең қымбат хоккейшілер. Оларға  60 миллион рубль, біздің ақшамен 314, 9 миллион теңге жалақы төленеді. Дамир Жафяров пен Антон Бурдасов  50 және 40 миллион рубль (262,4 және 209,9 млн теңге) алады.

Легионерлерді есепке алмағанда, қазақстандықтардан ең жоғары Кирилл Савицкийге тиесілі. Ол 125,9 миллион теңгені санап алып отыр. Одан кейін 110,2 миллион теңге жалақымен Роман Старченко тұр. Ал үздік үштікті Кирилл Панюков аяқтады. Оның жалақысы 104,9 миллион теңге. Ең жалақысы төмен – Батырлан Мұратов. Ол  6 миллион рубль (31,4 млн теңге) алады. 

Еске салайық, бұған дейін сенімді дереккөзге сүйенген DALA INSIDE Олимпиададан кейін жаппай "кадрлық тазалау" басталатынын хабарлаған еді.

Париж олимпиадасы аяқталғасын спортқа жауапты мемлекеттік мекемелерде тиісті аудит жүргізілетінін айтқанбыз. Референдум біте сала Сол жағалау осы іске білек түре кіріскен сыңайлы. Майлы құйрығы креслоға желімделіп қалған спорт функционерлері жылы орнымен жылап-сықтап қоштасып жатқаны жайы бар.

Күні кеше Борис Иванищев қызметтен қуылды. Бөкең еліміздегі хәккей сүйерге қауымға өте жақсы таныс. Бюджеттің мойнына мініп алған, бірақ нәтижесі көңіл көншітпейтін "Барыстың" бас директоры.

Париждегі фиаскоға тікелей жауапты Туризм және спорт министрі Ермек Мыржақпаевтың ұзаққа бармасын оқырман алдымен DALA INSIDE-тан естіген еді.

Бізге жеткен мәлімет бойынша Сол жағалау оның орнын басқан Ербол Мырзабосыновқа толық карт-бланш берген. Су жаңа министр спорт саласын асты-үстіне шығарып, толық тазалау жүргізуге тас-түйін дайын отыр.

Ілгерідегі Боря, Борис Иванищевтың қызметінен қуылуы енді-енді көтеріліп келе жатқан дауылдың басы ғана.

"Алдағы уақытта бюджеттің ақшасын еміп, талай жыл бойы бір орында тапжылмай отырған спорт менеджерлері жаппай "тағынан таяды", - дейді осы тұста DALA INSIDE дереккөзі.

"Барыс" демекші, осынау хәккей клубының екі тізгін, бір шылбырын ескі Қазақстанның белді өкілі - Асқар Мәмин ұстап отырғанын білесіздер.

Біздің болжауымызша ауыс-түйістің алды "Барыстан" басталуы бекер емес. Демек, жақын күндері мызғымастай көрінген Мәминге қатысты сауалдар туындауы мүмкін. 

Барыс? Клубты шын мәнінде сіз бен біз "асырап" отырмыз. Былтыр осы клубқа ел қазынасынан 8,5 млрд теңге (!) бөлінген. Ал, нәтиже нөл. "Барыс" биылдыққа 14 ойын өткізіп, соның 12-сінде ойсырай ұтылған.

Толық карт-бланш берілген су жаңа министр клубтың көрсеткіштері үшін екі адам жауапты екенін білетін секілді. Мұның бірі - 2006 жылдан бері "Барысты" басқарып келген ілгерідегі Борис Иванищев пен хоккей федерациясының басшысы - Асқар Мәмин.

Шыны керек, бұған дейінгі ешбір министрдің Иванищев-Мәмин тандеміне тісі батпаған. Бізге жеткен мәлімет бойынша Мырзабосынов тек бұл екеуімен шектелмейді. Ас ішіп, аяқ босатудан өзгені білмейтін басқа да федерация басшылары мен спорт менеджерлерінен соңғы күндері маза кеткен.


Рекомендовать
Последние новости